XIX ғасырдың ортасында, яғни, 1843 жылы Парижде француз драматургтері Ф.Дюмануар мен А.Эннеридің «Испандық ақсүйек» («Дон Сезар де Базан») атты пьесасы Парижде қойылды. Мұнан кейін аталған шығарма дүниежүзілік классикадан өз орнын алған қомақты шығарма ретінде әлемнің әйгілі театрларында әйгілі актерлердің сомдауымен кеңінен қойыла бастады. Сөйтіп, француз драматургтері осы шығарма арқылы бүкіл Еуропа жұртшылығын театрға ынтық еткен деседі. Ал, қазақ театры тарихында бұл шығарманың сахналануы алғаш рет. Маритана мен Дон Сезардың тамаша махаббаты жайындағы бұл «Испандық ақсүйек» спектаклі Ресейде алғаш рет 1856 жылы орыс тілінде Мәскеудің Кіші театрында қойылған. Ал, «Дон Сезар де Базан» деген атпен алғаш рет В.Комиссаржевский атындағы Ленинград драма театрында 1949 жылы Владимир Кожичтың режиссерлығымен көрермен назарына ұсынылған екен.
ҚОЙЫЛЫМ АЛДЫНДА
Спектакль басталмас бұрын, шығармашылық ұжым журналистермен жүздесті. Кездесуде француз драматургтері Ф.Дюмануар мен А.Эннеридің «Дон Сезар де Базан» комедиясын сахналаудағы режиссердің мақсаты, онда таңдалып алынған образдар, қойылымның бүгінгі заманмен үйлесімділігі, спектакльге дайындық барысында орын алған қызықты жайттар сөз болып, режиссер Әубәкір Рахимов пен актер Жоламан Әміров журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Шетел туындысын ұлт менталитетіне сай шебер жеткізу режиссерге жүктелетін міндет. Ал, сол шығарманы көркейту, көрерменге ұғынықты етіп жеткізуде актерлердің шеберлігі маңызды. Аталған спектакльде шығарма оқиғасының жеңіл әрі көрерменге түсінікті болуы үшін режиссер Әубәкір Рахимовтың барын салғандығы көрініп тұр. Ал, комедия жанры жеңіл жанр деп есептелгенімен, ондағы айтар ойдың түсінікті, ойынның көрерменге нанымды шығуында актерлердің еңбегі ерекше. Шығармадағы негізгі салмақ та соларға түскен. Кәсіби шеберлікпен рөлді сомдап қана қоймай, классикалық шығарманы жоғары деңгейде орындау, кәсіби бишілермен тең дәрежеде биді қою үлкен жауапкершілікті талап етері анық. Және жастардың сол үдеден шыққандығы көрініп тұр. Режиссер де аталған қойылымның театрдағы көп жастардың мүмкіндігін көрсететінін айтып қалды.
Әубәкір РАХИМОВ,
қойылымның режиссері:
– Бүгінгі таңда театрымыздың 70 пайызы жастар. Сондықтан, мен алдымен бұл шығарманы жастар үшін, солардың көп мүмкіндігін көрсетуге арнап қойдым десем артық айтқандық емес.
САХНА ШЫМЫЛДЫҒЫ АШЫЛҒАНДА
Көрермен сахна шымылдығы ашылғаннан XIX ғасырдағы оқиға ортасына еніп кеткендей әсерде болғаны сөзсіз. Сахнадағы декорация еріксіз сол заманға жетелейтіндей. Суретші талғамының талапқа сай келуі, қойылымға сай музыка үйлесімділігі көрерменді өзіне бірден баурап әкетеді.
Қойылым оқиғасының желісі де қызық әрі тартымды. Сыған қызы, көше бишісі Маритана жастармен жүрген ойын-сауық алаңында Испан королінің көзіне түсіп, назарын аударады. Алайда, мұны сол корольдің әйеліне ғашық екіжүзді, сатқын әрі зұлым сарай министрі өз пайдасына шешуге жанталасады. Бірақ, оның ойлағаны жүзеге аспайды. Міне, осыдан әрі өрби түскен оқиға ешкімді де бейжай қалдырмайды.
Дон Сезар де Базан – тумысынан ақсүйек, еркін өмір кешкен, қашанда әділеттің туын адал көтере білген, өжет те сарбаз рыцарь, әрі сүйкімді, әрі сезімге берік граф. Болмысынан жекпе-жекті қалап тұратын, алдына келгенмен айқаса кеткісі келетін қызуқанды мінезі бар. Ашық-жарқын, той-томалақтың ортасынан табыла кететін сауықшыл жастардың қатарынан. Сол сауықшылдығының кесірінен әкеден қалған бай мұрадан айырылады. Әлсізге қорған боламын деп өлім жазасына дейін кесіледі. Өлім жазасына кесіліп бара жатса да, мойымай, қиындыққа қасқая қарсы тұра алатындығымен көзге түседі. Бірақ, ғайыптан тайып, ол жазадан құтылады. Сөйтіп, күндердің күні көше бишісі Маритана сұлуды кездестіріп, ессіз ғашық болады. Маритана жеңіл мінезді, тәкаппар жан. Сол мінезімен де ол ақсүйектің жүрегін жаулайды. Атақ-мансапты жеңіл жолмен иелене қалғысы келетін қасиетке ие. Сондай-ақ, спектакльде қара басының қамы үшін жағымпаздық, өтірік көлгірсушілік қасиеттер де суреттеледі. Ол, әсіресе, корольдің айтқанымен жүріп, айдауына көнетін корольдік құсхананың бас күтушісі Маркиз Дон Монтефиероның бойынан ерекше байқалады. Сайқымазақ кейпіндегі оның рөлі көрерменді еріксіз күлкіге жетелейді. Ал, аталған образды сомдау бақыты ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрысовқа бұйырыпты.
Басқа қойылымда кездесетін махаббат жолындағы күрес бұл шығармада да айқын көрініс табады. Өзгелер сияқты испандық ақсүйек те сүйгеніне қол жеткізу үшін барын салады. Сөйтіп, шығарма сәтті махаббат хикаясымен аяқталады. Дон Сезар де Базан рөлін актер Ғалым Оспанов сомдаса, Маритана кейпінде – Ботагөз Жақыпбекова.
Жалпы, спектакльде көңіл тебірентер сәттермен қатар, көрерменді күлкіге қарық қылатын көріністер де жетерлік. Адал, арлы, батыл әрі батыр жандардың бойындағы барлық игі қасиеттерді көрсетуге талпынған шығарма тақырыбы қай заманда да өзектілігін жоғалта қоймасы анық.
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Еркін ЖУАСБЕК,
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының директоры:
– Аталған шығарманың күрделілігі өз алдына, таласты-тартысты оқиғаларға толы. Еркін өмірді аңсайтын, тез байып кетуді қалайтын жастар үшін шығарманың берері мол. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, ақсүйектер әулетінен шыққан Дон Сезар де Базан әкесінен қалған бай мұраға өзінің аңқаулығының, ашықауыздығының кесірінен ие бола алмай қалады. Жалпы, спектакль идеясы бүгінгі пендеуи тірліктермен астасып жатыр деуге де болады. Адам бойындағы жағымсыз қасиеттер, оның ішінде, көреалмаушылық, жағымпаздық, сатқындық, бір-бірін орға жыққысы келіп тұратын жандардың да өмірде кездесетіндігін дәлелдеп берді.
Бүгінгі жастар үшін классиканың да айтары бар. Шын мәнінде жеңіл өмірге ұмтылу, тез атаққа жетудің соңы неге апарып соқтыратынын шығармада көрермен Маритана арқылы ұғынды деп ойлаймын. Соңында Дон Сезар сияқты қолдаушысы, қорғаушысы, сүйгені болмаса, оның өмірі қалай өрбитіндігі беймәлім еді.
Аида ӘШІМЖАНОВА,
«Заң газеті»