СМИ о нас

ӨМІРДІҢ ӨЗІНЕН АЛЫНҒАН ДРАМА

“Үміт үзгім келмейді” сахналанды
            Биыл Қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры 83-шімаусымының ашылуына бірқатар жаңа спектакльдермен келіп отыр.
Қазанның 16-сы күні солардың бірі, жазушы-ғалым Немат Келімбетовтің “Үміт үзгім келмейді” атты драмасы бойынша қойылған спектакльдің премьерасы болып өтті. Қойылым режиссері – ҚР халық әртісі Есмұхан Обаев. Басты рөлдердегі Мейірбекті – ҚР еңбек сіңірген әртісі Төлеубек Аралбай, Советбекті – Айдос Бектемір, Дәулетті – Жоламан Әміров, Асылханды – Азат Сейтметов, Қарлығаштың елесін ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты Майра Омар сомдады.
              Күрделі тағдырлы жазушының қаламынан туған тұңғыш драматургиялық шығарма туралы көрермендер пікірлерінің легі төмендегідей тарқатылды.
            Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
            – Кешегі 90-шы жылдардан бастап көрермендер келмегеннен кейін театрлар ойын-сауық, шоу өткізетін орындарға айналып бара жатыр еді. Жалпы, театрдың негізгі бағыты ойын-сауық емес, заманмен тілдесетін, ой сауып қайтатын орын болған, қай заманда да. Өркениетті елдердің бәрінде әлі күнге дейін солай. Яғни, театр ой кешетін киелі орын.
            Біз көрген “Үміт үзгім келмейді” қойылымы көрермендеріне осындай ой кештірді. Оқырман қауым жазушы Немат Келімбетовті, оның тағдырын да, шығармаларын да жақсы біледі. Спектакльдің басты кейіпкері Мейірбек автор­дың өз прототипі деуге болады. Кейіпкер ке­неттен жары Қарлығаштан айырылғаннан ке­йін, денсаулығы күрт нашарлап, өмірден түңіле бас­тайды. Жалғыз қызы арқылы күйеу бала­сынан көп ақша сұратып, өзіне жақсылық жа­саған достары – Советбек, Дәулет, Асылханды ау­рухана палатасына шақыртып алады... Пь­е­саның ұтымды жағы, осы төрт тағдыр арқылы бү­гінгі қазақ қауымының басында бар кө­кейкесті мәселелерді көтерген. Мәселен, Со­вет­бектің жалғыз баласы неміс қызына үйленіп, соның артынан Германияға кеткен. Баласының ар­тынан шешесі де кетпек. Советбектің өзі ке­зінде ауылдан келген, бақуатты бір кісінің қызына үйленіп, шалқып жүрген адам сияқты еді. Төрт дос бас қосқан кезде ол егеспен өткен бүкіл өміріне наразылығын ақтарып салады.
           Жалғыздық кешкен Мейірханның да ба­сын­да талай азабы бар. Бірақ, ол өмірге түңіліп қа­ра­майды. Жер басып, төрт мүшесінің сау­лығына шүкіршілік айтып отырған адам.
Қысқасы, біздің түйгеніміз, бұл ин­тел­лек­туалдық спектакль. Көрермен таңдайтын ту­ынды. Өмір мен өлім туралы толғаулар өмірдің күзіне аяқ баспаған жастар үшін түсініксіз бо­луы мүмкін. Спектакльдің негізгі көрермендері ой тоқтатқан жандар болатын шығар. Де­генмен, тағдырдың терең бұралаңдары туралы па­йымдар, көп шығармаларда кездесе бер­мейтін кесек-кесек ойлар жас көрермендердің тағылым теруіне әсер етеді.
Қойылымда кеткен кемшіліктер болса, оны ав­торы мен режиссері жүре келе ширатып түзейді деп ойлаймын.
            Реті келгенде айта кету керек, жазушы Немат Келімбетов төсек тартып жатып-ақ, қазақ әдебиетінің тарихын ондаған жылға ұзартқан ғалым. Бұл кісінің аса күрделі тағдыры өнеріміздің барлық жанрында жырлануы керек деген ойды “Егемен Қазақстан” көтерген еді. Театр жанры сол бастаманың беташары болды.
          Көпен ӘМІРБЕК:
            – Бұл спектакль ойын үшін емес, ойландыру үшін, қалың көрерменді тобаға шақыру үшін, ақсақалдыққа бәрімізді жетелейтін уақытты зерделеу үшін жасалған қойылым.
Ең бастысы, аузы дуалы ақсақалдардың аузынан шыққан ғибраттық сөздер көп көрерменнің жүрегіне ұялап, көкейіне қонды-ау деймін. Ол не сөз десеңіз, “Мен бақытты өмір сүру үшін емес, бақытты адамдардың арасында өмір сүру үшін күрестім”. Міне, біздің қазіргі заманда жетісе бермейтін психология осы. Бақыт дегеніміз не? Жүректің тыныштығы, жан сабырлылығы. Бұл көп көрерменнің тыпыршыған жүрегін тыншытатын қойылым. Бақытты алыстан емес, өз айналаңнан, отбасыңның берекесінен, ауызбіршілік пен түсіністіктен, өзара сыйластықтан табу керектігін есімізге салған туынды болды.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры:
              – Туынды авторының ұзақ жылдар бойы ежелгі дәуір әдебиетінің тарихын зерттегендігі, жыраулық поэзияны жақсы білетіндігі, сақ дәуірінен бастап қазақ жерінде ғұмыр кешкен барлық ғұламалардың еңбектерін ой елегінен өткізгендігі драмадан орнын тауыпты. Қойылым барысында кейіпкерлердің бірде Қорқыттың, бірде Ясауидің, бірде Шал ақынның, бірде Дулат Бабатайұлының, бірде Майлықожаның даналық сөз­деріне табан тірей отырып, тіл қатысулары дра­маның идеялық, тақырыптық мәнін көтереді. Осының бәрі кейіпкерлердің аузымен астар­ланып, оқиға барысында жігі білінбей кіріктіріліп отырады.
Бір сөзбен айтқанда, “Үміт үзгім келмейді” ту­ындысы өмір туралы, тіршілік туралы, адамзат тағ­дырындағы жақсылық пен жамандықтың мәңгілік тартысы. Ақ пен қара, мейірім мен зұ­лымдық, сабыр мен ақыл, қанағат пен рақым сияқты қасиеттерді алдыңғы қатарға шығарады.
Жер ортасынан асып, қариялыққа бет бұрған төрт кейіпкер әрқайсысы өз шыққан биігінен бірін-бірі толықтырып, өз өмірлерін сарапқа салу арқылы адамзат тіршілігіне баға береді. Пьеса бір қарағанда жеке қарттардың өмірі сияқты болып көрінгенімен, ой сарабына салсақ, бүгінгі қазақ қоғамының, қазіргі нарық заманының көкейкесті мәселелерін қозғайды.
Қай кезде де адам пенденің бойынан та­бы­латын қатыгездік, ата-анадан безіну сияқты кісәпірлік, болмаса оп-оңай жолдасын дүниеге айырбастап кете беретін опасыздық туралы толғаулар арқылы кейіпкерлердің бүкіл жан-дүниесін қопара көрсететін қаламгерлік концепция өз деңгейінде көркемдік шешімін тапқан. Сондықтан да бұл қойылым тұтас авторды да, театр ұжымын да жаңа қырынан көрсететін эксперименттік табыс деуге болады.
              Шәмша БЕРКІМБАЕВА, Қазақ мем­ле­кет­тік қыздар педагогикалық университетінің ректоры:
           – Үлкен әдебиетші ғалым, Күлтегін сыйлығының иегері Немат Келімбетов “Үміт үзгім келмейді” шығармасы арқылы дра­ма­тур­гиялық жанрда жаңа қырынан көрінді. Мен алғашында спектакльді автордың осы аттас кітабының ізімен жазылған шығар деп ойлап едім. Өз өміріне қатысты болса да мүлде тың дүние екен. Мен әдебиетші де, театр сыншысы емеспін. Тек көрермен ретіндегі пікірім, ме­нің­ше, жақсы шыққан. Залда отырған кө­рер­мендердің бәріне ой салды. Көз алдыңда бір-біріне ұқсамайтын тағдырлар. Өмірдің мәні мен мағынасы неде? Көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтын бақыт деген не? Бақытты болуды сезіну... Жастық пен кәрілік... Ата-ана мен баланың қарым-қатынасы... Осы секілді өмірлік құбылыстарға, философиялық сұ­рақтарға іштей жауап іздейсің. Бұл бізге дейін де болған, бізден кейін де болатын мәңгілік сауалдар. Біреудің тағдырын біреу қайта­ла­май­тыны сияқты, әркім өзінше түсініп, өзінше қабылдайды. Бірақ, бір нәрсенің басы ашық. Бұл мәселелердің әрқайсысымызға қатысы бар.
            Осы тұрғыдан алғанда, қойылымның тәрбиелік мәні зор. Спектакльдің жақсы шығуында актерлер өз шеберліктерін көр­сетуімен үлес қосқан.
            Маған жас жігіттің рөлін ойнаған актер Қуанышбек Мамытқалиевтің ойыны өте ұнады. Сахнаға жас Райымбек Сейтметов немесе жас Әнуар Молдабеков жүгіріп шыға келгендей әсер етті. Ол кейіпкердің жан дүниесін соншама бір әсермен ашуға талпынды.
Дегенмен, авторларға бір тілек бар. Пьеса әлі де жөнделеді, ширайды деп ойлаймын. Мысалы, Мейірбектің қайтыс болған зайыбы Қарлығашты еске алуы арқылы оның жақсы қасиеттері, өзгелерден артықшылықтары, парасаты, ақылдылығы ашыла түссе...
          Балнұр ОМАРОВА, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің І курс студенті:
          – Курстастарымызбен жаңа спектакльді кө­руге келген едік. Театрдың маусымы енді ашылып жатыр ғой. Басқа пьесаларды да кө­руге келетін шығармыз. Жалпы бізге ұнады. Өмірге деген көзқарасымызды тереңдете түсуге мүмкіндік берді. Үлкендердің қадірін, ажалдың қандай қиын болатынын, қарттықты қалай қарсы алу қажеттігі туралы көп әңгімелер айтылды. Тіпті толқып, жылап та жіберген сәттеріміз болды. Кейбір қасымдағы құр­бы­ла­рым ауылдағы ата-анасын, ата-әжелерін де ес­ке алып, сағынып, оларды қалай сыйлап жүр­гендері жайлы ойланып қалғанын байқадым.
            Жансая ҚАНАТҚАЛИЕВА студент:
            – Маған да ұнады. Басқа спектакльдерге ұқсамайтын сияқты. Кейбіреулер үзілісте бұл жастары келген көрермендерге арналған пьеса деп жатыр. Мен оған келіспеймін. Біз де қартаямыз. Кеше ғана оқушы едік, бүгін сту­дент болдық, ертең азамат, содан кейін қарттық басталады. Сондықтан да өмірде қандай нәрсенің бағасы бар екенін біліп жүрудің артықшылығы жоқ.
             Бізге үнемі “Ата-анаға не істесең, балаң да саған соны істейді” дегенді тәрбиелік мағынада айтып жатады. Мысалы, Советбектің әйелінің үйін сатып, өзін қарттар үйіне өткізіп, шетелге баласының артынан кетейін деп жатқанын айтқаны өте ауыр тиді.

Авторы: Айнаш ЕСАЛИ, Алматы

"Егемен Қазақстан" газеті.