БАҚ біз туралы

Театр тарихымен құнды

Дәл осы ойдың шындығы бүгінде айрықша аңғарылады. Студент кезімізде А.Н.Островскийдің «Қасқырлар мен Қойлар» комедиясын Петр Фоменконың қойылымы бойынша «Көрсетілім семинары» пәнінен талай рет қарап, талдаған едік. Өткен шілде айында Мәскеу қаласына тәжірибе алмасу сапары туралы хабарды естігенде, көкейімде жүрген көп ойларым тағы да қылаң берді. Мәскеуге келісімен сол қойылымдарды өз көзімізбен көруге асықтық. 
Ең алдымен А.Чехов атындағы Мәскеу көркем театры мұражайын, А.А.Бахрушин атындағы театр мұражайын, В.И.Немирович-Данченко мен К.С.Станиславскийдің музей-үйін тамашаладық.
1898 жылы негізі қаланған МХАТ-тың ең алғаш шымылдығын ашқан Алексей Толстойдың «Царь Фёдор Иоаннович» трагедиясының киімдерін, реквизит, декорацияларын осы күнге дейін сол қалпында сақтауы таңғалдырды. 130 жыл болған жәдігерлер жап-жаңа болмағанымен, көнермеген, әлі күнге тарихтың жаңалығы ретінде қызмет етіп тұр. Мәскеудің қай театрына кірсең де өз музейі бар. Қай-қайсысы да жәдігерге өте бай. Жасанғаны да, жабдықталғаны да айрықша. Көрдік... Түйдік...
Біздіңше, Қазақстандағы саны 60-қа жеткен барлық театрдың жеке мұражайы ашылса және бұдан таным кеңеймесе, тарылмайды. Музей жазушыны да, қалың қауым оқушыны да ойлантып, толғантуға, тарихына аманатпен қарап, амал қылуға үйретуге тиіс. Бұл уақыт еншісіндегі мәселе болғанымен, театрдың әр күнінен тарих қаланатынын ескеру ләзім. Осыған байланысты алдымен мынаны айтар едік.
Біріншіден, еліміздегі қолтаңбасы қалыптасқан аға буын режиссерлердің репетициясы мен қойылым барысындағы жұмыс жүргізу процесіне дейін жазылып, реквизиттердің бәрі сақталуы тиіс. Данченко мен Станиславскийдің отырған орындықтарына дейін қастерленетін Мәскеу театр өнеріндегідей біз де құнды жәдігерлерді тарихтан таса қалдырмасқа үйренуіміз керек. Бір МХАТ музейінің өзінде екі филиал бар. Филиал деген – «дом музей». («Дом-музей Константина Станиславского», «Музей-квартира Немировича-Данченко В.И.»). Ал Бахрушин музейінде он филиал бар. Кілең өнер майталмандарының музей-үйлері кешегі тарихты тілсіз-ақ тарқатып бере алады. Тұнып тұрған тарих.
Екіншіден, театр өнеріне тек актер мен режиссер ғана үлес қосады деген жаңсақ пікірге ұрынбай, театр үшін еңбек еткен әр саланың иелеріне арналған музей бұрышы болғаны жөн.
Үшіншіден, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директоры Асхат Максимұлы театр мұражайын ғылыми орталыққа айналдыру туралы ойымен бөліскен еді. Театр мұражайындағы әрбір ақпараттық материалдар, афишалар, бағдарламалар, яғни тарихтан мағлұмат беретін кез келген құнды жәдігерлер арнайы рұқсат хатпен немесе театр тарапынан бекітілген прайс-парақ арқылы қолжетімді болса дейміз.
Төртіншіден, қала қонақтары мен көрермендерге театр ғимаратына спектакльден тыс уақыттарда экскурсия жасау. Бүгінгі күн – жарнаманы талап ететін уақыт. Театр маңы, театр алаңы, яғни театрға жақын (метро, аялдама) жерлердің бәрінде театр жарнамалары, тарихынан сыр шертетін суреттер, тұлғалар портреттерімен айшықталып тұрса, артық емес. Бұл әкімшілік тарапынан, мемлекет тарапынан қолдауға ие болуы керек.

Салтанат ӘБІЛҒАЗИЕВА,

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік

академиялық драма театры директорының орынбасары

https://egemen.kz/article/173239-teatr-tarikhymen-qundy