БАҚ біз туралы

Актердің әр сахнаға шыққаны – жаңа өмір

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған дәстүрлі «ҚАРАШАҢЫРАҚ – 2021» жаңа қойылымдар фестивалін ­бастады.

Фестиваль мақсаты – жаңа қойылымдардың шы­ғармашылық сапасын, оның ішінде актерлердің табысты жұмысын анықтау, актерларға жаңа серпін беріп, көрермен мен театр арасындағы байланысты нығайту.
Фестивальдің ашылуы күні журналистерге арналып баспасөз маслихаты өтіп, онда театр ұжымы өнер ордасындағы жаңалықтармен, жаңа қойылымдармен таныстырып, қарашаңырақтағы тың жаңалықтармен бөлісті. Сол күні драматург О.Жанайдаровтың «Екеуміз» драмасы (режиссері Н.Дубс), ал 8 желтоқсанда жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Т.Әбдіктің «Оң қол» хоррор-драмасы (режиссері А.Шәріп) көрсетілді. 9 желтоқсанда Б.Қажынәбиеваның «Туған күн» моноспектаклі (режиссері Е.Кәрібаев), 10 желтоқсанда жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Т.Нұрмағанбетовтің «Барымен базар» комедиясы (режиссері Н.Жұманиязов), 11 желтоқсанда Б.Брехтің «Пері қатын» драмасы (режиссері Е.Нұрсұлтан) қойылады.
Журналистерге арналған баспасөз конференциясында көрнекті актер, театр педагогі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Асанәлі Әшімов шығар­машылық ұжым мен сыншылардың, журналис­тердің тығыз қарым-қатынас орнатуы маңызды екенін атап өтті. «Спектакль кемшіліксіз болмайды. Оны көріп, бағалап отыру ортақ жұмыс. Жас режиссерларға айтарым, авторлармен, шығармашылық ұжыммен жұмыс істей білу керек», – деген А.Әшімов фестиваль жұмысына табыс тіледі.   
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, өнертану ғылымдарының кандидаты Еркін Жуасбек: «Фестивальдің мәні – бір жылда жасалған жұмыстардың қорытындысын, нәтижесін шығару. Әсіресе сахнадағы жұмыстар, ­актер, режиссура өнері, сценография сынды салаларға көңіл қою. Биыл осы жұмысымызды тәуелсіздіктің отыз жылдығына бағыштап, арнайы шара ретінде өткізейін деп отырмыз. Арнайы сарапшылар алқасы шақырылды. Көрерман назарына бес жаңа спектакль ұсынамыз. Шығармашылық тұрғыда әңгіме құрып, не істеді, қандай қателік жіберді, қандай жетістікке жетті, осына саралау, мамандардың назарын бұру. Актердің әр сахнаға шыққаны жаңа өмір. Кейде бір премьераны көре саламыз да сын айтқымыз келеді. Актердің ғұмыры 3-4 спектакльден кейін қалыптасады. 14 желтоқсанда фестиальдің қорытындысы шығады», – дейді.
Айта кетейік, фестиваль барысында қазылар алқасы номинациялар бойынша үздіктерді анықтап, жеңімпаздар 14-желтоқсан күні сағат 11.00-де өтетін фестивальдің жабылу салтанатында марапатталады.

Қ.СЕРІКҚЫЗЫ


https://anatili.kazgazeta.kz/news/59952