БАҚ біз туралы

ТҮБІНЕ ТІРШІЛІКТІҢ ТАҒДЫР ИЕ

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында белгілі жазушы, драматург Баққожа Мұқайдың 70 жылдығына орай «Сергелдең болған серілер» қойылымы көрсетілді.
Ардың ісі әдебиеттің жүгін абыроймен арқалап, халықтың сөзін айтып, жүрегіне жол тапқан жазушының мерейтойы халқы ішінде ерекше аталып өтті. Баққожа Мұқайды еске алу кешіне белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, отбасы мен туыстары, жақындары, достары және қала тұрғындары көптеп жиналды. Зал көрерменге лық толды.
Қазақ әдебиетінде өлшеусіз орны бар жазушының дүниеден озғанына 10 жыл болса да, ол туралы жылы лебіздер мен сағыныш естеліктері таусылар емес. Айтыла береді де. Еске алу кеші жазушы туралы естелік бейнематериалдар көрсетуден басталды. Астана мен Алматы қаласында жазушыға арналған конференцияда Әкім Тарази, Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдік т.б. жазушылар Баққожа Мұқайдың жазушылық болмысын, адами қасиеттерін айтып, қазақ әдебиеті үшін де, қазақ халқы үшін де Баққожа Мұқай сынды тұлғаның болғанын бақытқа балады.
Театрдағы кешті Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров құттықтау сөзбен ашты. «Біздің қазақ руханиятының аспанындағы өзіндік орны бар ерекше тұлға, жазушы-драматург Баққожа Мұқайдың 70 жасқа толуын еліміз, осымен үшінші күн еске алып жатыр. Арнайы ғылыми-танымдық, тәжірибелік конференция өтті. Онда жазушының әдебиеттегі, өнердегі, драматургиядағы орны мен рөлі туралы ғалымдарымыз ой сараптады. Баққожа Мұқайдың драматургиялық туындылары Қазақстанның түкпір-түкпірінде сахналанды. Оның ішінде комедия да, драма да, трагедия да бар. Бүгінгі 70 жылдығын өзімен бірге атап өте алмағанымыз өкінішті. Бірақ оның азаматтық, кісілік болмысы мәңгілік біздің жадымызда сақталады», – деді ол.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жазушының 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, оның шығармашылығын сыйлайтын лауазымды адамдардың, оның ішінде ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың жолдаған құттықтауларын оқып берді.
Сондай-ақ, жазушының өнердегі досы, сырласы, Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев: «Баққожа өте инабатты, өте сыпайы, сонан соң сөздің тоқетерін айтатын талантты жігіт еді. «Түбіне тіршіліктің тағдыр ие, Тәңірдің құзырында бар дүние. Шындығын қара тасты балқытады, Келгенде қылқобыздың зар күйіне». Көкірегімізде асыл ойлы азаматтың бейнесі қалды. Шамын жарқыратып отырған сүйікті жары мен балаларына амандық тілейміз. Баққожа қазақтың тарихында алтын әріппен жазылатын ерекше тұлға болып қалады», – деді. Жазушының ұлы Ерлан: «Осындай жазушының жары не перзенті болу бір жағы мақтаныш, екінші жағынан үлкен жауапкершілік. Шығармаларында дәріптеп берген құндылықтарға біз, ұрпақтары жауаптымыз» – деп, қалың жұртшылыққа әкесін сыйлап келіп отырғаны үшін отбасы атынан алғысын жеткізді.
Баққожа Мұқай жайлы естеліктерде оның адами ірі қасиеттері туралы көп айтылды. Жазушы өмірі зая кетпеді. Себебі оның артынан өнеге мен тағылымға бай шығармалары, соларға негізделген сахна қойылымдары, тәрбиелі де білімді ұрпағы, қазақ әйелінің ақылдылығын көрсете білген асыл жары қалды. Нұржамал Ахметқызы Баққожа Мұқай туралы ерекше тебіреніспен, сағынышпен еске алады:
– Баққожа Мұқай ағамыз отбасында қандай адам болды?
– Отбасында өте жайлы болды. Ешкімді мазаламайтын, жазуын түн ішінде жазатын. Шабыты көбінесе түнде келетін. Бәрі ұйықтаған кезде, тыныштықта таңға дейін жазатын. Балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, өтірік айтпауға үйрететін. Сабақтарына көп көңіл бөлетін, өзі мектептеріне барып, мұғалімдеріне жолығатын. Сонан кейін балаларын әдеби кітап оқуға бейімдейтін. Бастауыш сыныптан-ақ Бердібек Соқпақбаевтың кітабын оқытқызып, мазмұнын сұрайтын. Ал өскенде классик жазушы ағаларымыздың кітаптарын көптеп оқытты. Өзімен бірге театрға да ертіп жүретін балаларды. Көбіне сондай қауыммен, жазушы-ақындармен араластыратын балаларын. Тауға шығып серуендегенді жақсы көрді.
– Қанша балаларыңыз бар?
– Бір ұл, үш қыз. Үлкені Ерлан деген ұлым. Балаларын өте жақсы көрді. Әкесімен сырласатын барлығы да. Балалары да өте жақсы көрді әкелерін. «Бұндай әке еш жерде жоқ, біз әкемізді ренжітпеуіміз керек, әкемізді шаршатпауымыз керек, әкемізді сыйлауымыз керек» деп жүрді ылғи. Әкесіне өте жақын болды. Ол да басқа қалаға кеткенде, қоңырау соғып, балаларының халін білмесе, ұйықтай алмайтын. Жалпы, балаларды жақсы көретін. Көршінің балаларын да жақсы көретін. Ауладағы балалардың барлығы жүгіріп келіп, амандасатын. Кішкентай балалардың барлығымен үлкен адамша әңгімелесетін. Оған кішкентайлардың барлығы үйір болды. Үлкені болсын, кішісі болсын әрқайсысымен тез тіл табысып кететін.
– Ал балаларының біреуіне әкесінің жазушылық қасиеті дарыды ма?
– Ұлым Ерлан кішкентай кезінде өлең жазып жүретін. Бірақ әкесі: «Журналистика, жазу саласы қиын, балам. Ол оңай емес өміріңе қиын болады», – деді. Сонан кейін ол физика-математика саласын таңдап, физика-математика ғылымдарының кандидаты болды, үлкен компанияларда, министрлікте қызмет атқарды.
– Ол кісі кімдермен жиі араласатын?
– Үлкен аға буыннан Кемел Тоқаев, Тахауи Ахтанов, Әлжаппар Әбішевпен жиі араласты. Тұманбай Молдағалиев ағасымен бір мекемеде жұмыс істеді. Тұмағасымен сырласатын күнде. Бердібек Соқпақбаевпен жиі араласты. Сейдахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұртаза, Тельман Жанұзақов, Әкім Тарази барлығы қатарлас, кішкентайынан солармен де араласып өскен. Кемел Тоқаевпен Жазушылар одағында бірге істеді. Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков, айта берсең көп, барлығын тізіп шығу мүмкін емес. Достары көп болды. Өзінің қатарластары бірге оқыған курстастары Жақау Дәуренбеков, Сұлтанәлі Балғабаев, Шөмішбай Сариев, Дәулет Сейсен, Смағұл Елубай. Сағат Әшімбаев, Әшірбек Сығаймен дос болды. Барлық өнер адамдарымен жақсы араласты.
– Ерекше адами қасиетін айтып өтсеңіз...
– Адамдарға жақсылық жасаудан жалықпайтын. Бір кездері жазушылар мен журналистердің кейбірі жұмыссыз қалды. Соларға мақала жаздырып, қаламақысын алдын-ала беріп қоятын. Жұмыссыз жүргендерді сыртынан өзі біліп алатын да, жұмысқа орналастыруға көмектесетін. Адамгершілігі мол болатын. Алдына келген адамның барлығына көмектесетін. Ауырып жатқан адамдардың халін сұрастырып жүретін. Балаларына ылғи «Жұртқа жақсылық жасаңдар, тіпті, қолдарыңнан келмей жатса, жақсы сөз айтыңдар» дейтін. Халыққа жаны ашитын. Анда-мында шыққанда қарапайым халықтың арасында жүргенді жақсы көретін. Базар, дүкен аралап, адамдармен тілдесіп, сөйлескенді ұнататын еді. Үйде отырып алып домбыра тартатын, әсіресе, қуанған кездерінде. Ұлы, қызы кандидаттық қорғағанда үйге келіп, шабыттана домбыра тартып, рахаттанып жүретін.
«Жақсы адам – магнит. Магниттің бірнеше темір шегені өзіне тартып ала алатыны сияқты, жақсы адамның да жанына жұрт көп үйіріледі. Өзің жақсы болсаң – айналаңда досың көп; жаман болсаң – жалғыз жүресің; орташа болсаң – сен де бір жақсының жанын жағалайсың. Досты сырттан іздеме, жақыннан ізде, өзіңнің ішіңнен, ішкі дүниеңнен ізде. Жаның жақсы, жүрегің жылы, ақылың парасатты болса – іздеген досың алыстан үйіріліп, өзі келеді», – деп Әзілхан Нұршайықов айтып өткендей, жазушыны еске алу кешінде ылғи талантты, өнегелі адамдар сөз сөйледі. Осының өзі жазушының жақсы адам, сенімді дос, қамқор аға, мейірбан іні болғанын көрсетеді. «Сергелдең болған серілер» комедиялық қойылымында Б.Тұрыс, Д.Темірсұлтанова, Ш.Жанысбекова, А.Боранбай, А.Сейтметов сынды мықты актер, театр саңлақтары ойнады. Іріні ірі танып, мойындайтыны секілді Баққожа Мұқайдың айналасы тек ірі адамдарға толы екен. Естеліктермен басталған кеш мораль, әдеп, адамдық юмор арқылы әдемі өріліп, заман шындығын паш еткен комедиямен аяқталды. «Өшпейтұғын артына сөз қалдырған» Баққожа Мұқай ел есінде мәңгі таза, тұнық адам, ал әдебиетте аспантаудың ақиығы болып қала береді.
https://turkystan.kz/article/73154-t-bine-tirshilikti-ta-dyr-ie