БАҚ біз туралы

Сахнада танысып, серік болған


Сонау алпысыншы жылдардан бас­талып сексенінші жылдардың бел ортасына дейін театр мен кино әлемін қатар дүбірлеткен жұлдызды шоғырдың ішіндегі Әнуар Молдабековтің жұлдызы жылдар өткен сайын жарқырай түспесе, бір сәтке көмескі тарт­қан емес. Қайтыс болғанына қы­рық жылға таяды. Алайда от болып жанып, ағыл-тегіл нөсер болып төгіліп, жасындай жарқылдаған бейненің алғаш дүркіреп шыққан кездегі даңқ-дақпырты, соңы­нан ескен самал аңыз, бәрі-бәрі сол күйі Әнуар кеңістігін кеңейтпесе, кі­ші­рейте алған жоқ.

Ғажайып талант туралы толассыз айтылып келе жат­қан толғауларды айтпағанда, «Сіл­тесең – семсер, қор­ғансаң – қалқан бол­ған қайран Әнуар» деген Асқар Сүлейменовтің қайғы үстінде айтқан жал­ғыз ауыз жоқтау сөзінде көздеріне мәң­гілік ой мен мұң ұя­лаған өнер май­талманының бар болмысы боямасыз сурет­телгендей, содан беріде суретін ғана көріп өсіп, қалыптасқан жас буын­ның жадында сүйікті бейнеге айналып сомдала түсті. Ал Әнуар есімінің ұмы­тылмай, ұрпақ есінде ұлағатты сақталуы жолында табан­дылықпен насихат жұмысын жүр­гізуде өзі қызмет еткен әкем­театрмен бір­ге ең алдымен жары, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Баян Имашеваның еңбегі өлшеусіз зор. Сыңарынан ерте айырылып, қанаты қайырылғандай күй кешіп қамықса да, өмірдің өкпек желіне кеудесін тоса жүріп, Әнуарының құтты мекен, қа­ра шаңырағының отын өшірмей, түті­нін түзу ұшырып, екі қыз, бір ұлын тәрбиелеп, немере-шөбере өрбітіп, әуле­­тінің алтын діңгегіне айналған Баян апамыздың өзі де, бүгінде сексен жас­тың сеңгіріне шығып отыр.

Бүкіл халықтың сүйіктісіне айналған белгілі адамның жары болу деген ба­қыт­тың дәмін актриса Баян ерте татты. «Ән қанатында» әнші Мұса, «Қыз Жібекте» Шеге, «Қан мен терде» Еламан, «Өтелмеген парызда» Қожабек ақсақал болып көгілдір экраннан көрерменнің көзақысын суырып жарқырай көрінген жақсыға жар болудың қандай болатынын жастайынан білді. Ол дегеніңіз көңілі қалаған көп дүниеден бас тарту, бұрын қиынсынып, көз қиығын салмаған шаруаға бейімделу, театрдағы өз жұмы­сымен, күнделікті үй тіршілігімен қа­тар, батпандай жауапкершілікті нә­зік иыққа салып арқалап жүру, өнер көгінде самғау үшін жаралған қыран­ның көңіліне қылау түсірмей үнемі бап­тау, ағайыны мен туысының тілін тауып, арасында дәнекер болу, оған дем беру, қиналғанда қасынан табылып, демеу болу, осының бәрі Баяннан өзге құрбыларына қарағанда сергек жүруді қажет ететін. Екеуінің құрған шаңырағы өз қатарластары секілді ерлі-зайыптылықты діттеп некелескен қара­­пайым отбасыдан бұрын өнер мүд­десі мен рухани мақсат табыстырған шығар­машылық шаңырақ екенін де естен шығарған жоқ.


Болашақ жары Әнуармен Әуезов театрының студиясында оқып жүргенде кездесті. Әкесі соғысқа кеткен, өз анасын «әпке» деп, нағашы атасы мен әжесінің қолында тәрбиеленген бойжеткен мектепті үздіктердің қатарында тәмамдай сала, 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданынан арман қуып үлкен шаһарға аттанады. Алдын ала келісілгендей, Шымкент емес, ғайыптан тайып Алматыдан бір-ақ шыққан ауыл аруы уақытша орналасқан Опера театрының жатақханасында жү­ріп Раушан Әуезбаевамен танысып қалады. М.Әуезов театрының актрисасы қалаған оқуына түскенше уақыт өлтірмей,
театр жанынан Өнер студиясы ашылып жатқанын, оны ұйымдастырушы Әзірбайжан Мәмбетов екенін айтып, жылдамдатып жолығуға кеңес береді. Бұл ойламаған жерден актриса боламын деп шешім қабылдаған уақытта театрдың бас режиссері Гольд­блатт болатын. Тағдыр-кемесінің жел­кені басқа арнаға бұрыларынан бейхабар Баян сынақ тапсыратын күні бия­зы басып өнерін көрсетуге келеді. Қар­сы алдында Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Нұрмұхан Жантөрин, Сәбира Майқа­нова сынды Әуезов театрының кілең марғасқа актерлері төрт көзі түгел самсап бұған қадала қарап отыр. Бір ғажабы, таудай тұлғалардың мысы басқанымен, жүзіндегі қазақы жылылық тоңның бәрін жібіткендей, тар жерде тұрса да, тынысы ашылып, Еңлік болып егіліп, екпінге салып өлеңін оқып, кезегімен өнерін көрсетіп жатыр. Дайындап келгенін тәмамдап, сыртқа беттегені сол еді, біреу сонау жерден «Баян, бес!» деп айғайлап қалды. Бір түйір бояусыз, табиғат берген таза сұлулығымен тамсандырған талдырмаш қыз соңына инабатпен бұрылып қарағаны болмаса, кім екенін аңдай алмаған күйі тез-тез басып шығып кетті. Бұл Әзірбайжан Мәмбетов болатын. Өнері комиссияның көңілінен шыққан Баян қыз Өнер студиясына оқуға қабылданады.

Студияда сахна саңлақтарынан са­бақ алып, түрлі тақырыпта этюд көр­сетіп, театр өнерінің әліпбиімен таны­сып, өздері де бір-бірімен жақын араласа бастаған кезде, бұлардың тобына консерваториядан оқудан шығарылған Әнуар Молдабеков деген жас жігіт те келіп бірге оқи бастайды. Темірдей қатаң тәртіп сақталатын қаланың спорт мектебін орыс тілінде үздік бітіріп, курсының старостасы болған Әнуар әділет­сіздікті көрсе төзбейтін тура­шыл мінезіне салып, сондағы бір ұста­зының айыпты ісіне кездейсоқ куә болып қалып, сол қатесін бетіне басып айтқаны үшін ешқандай есіркеусіз оқудан шығарылған беті екен. Кейін белгілі болғандай, Гольдблатт жас жігіттің қолына тілдей қағаз жазып беріп жіберіпті. Онда қысқа ғана: «Азер­­байжан Мадиевич, это твой актер. Возьми его к себе» деп жазылған екен. Ұлы ұстазға жолығып тұрғанын тү­сінген Әнуар содан бастап соқпағы көп өнердің тоқпағын аз көрмесе де, қылаусыз қызмет етуге ант еткендей, сүтпен енген қасиетін сүйекке жеткенше қастерлеуге бел байлады.

Тағдыры табысқалы тұрған жастарды кешеуілдетпей кездестіре берейін дегендей, Жаратқанның өзі ендігі жерде бірге оқитын Әнуар мен Баянның жолын жиі тоғыстыратын болды. Бір жыл оқыған соң диплом спектакліне дайындық жұмысы басталды. Сол кезде атағы аспандап тұрған режиссер Қ.Жандарбековтің «Таныс адамдар» деген спектаклінде сахнаға басты құрамда ойнайтын актерлер емес, қосалқы құ­рамға алынған Әнуар мен Баян ойнап кетеді. Ол кезеңде спектакльде айты­латын әндер сахнаның «астында», ор ішінде отыратын тірі оркестрдің сүйе­мелдеуімен орындалатын. Қияда­ғы­ны көзі шалатын идеологияның қы­ра­ғы­лығы әр жаңа қойылымның қойны-қонышына дейін тіміскілейтіні бар, қанат жайып келе жатқан театр өнеріне сүйіспеншілік бар, әйтеуір әр жаңа премьераны Мәдениет министрі қалт жібермей жеке өзі келіп көретін. Екеуі де ән айтады. «Таныс адамдарда» ойнап жүріп жақынырақ танысқан Әнуар мен Баян бір-біріне ынтық ғашық­тардың рөлін ықыласты ойнаған болуы керек, қойылымды тамашалауға кел­­ген министр Ләйлә Ғалымжанова ойын біткен соң қайтуға асыға қоймай, жұрттың алдында екеуінің өнерін жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Бірақ бұл мақтаудың түбіне сор байланғанын екі студент сезбейді де, оқуын да бітірмеген жас балалардың министрдің назарына ілігіп, мақталғаны театрдағы «ағарып алдыға түспегенді» қалайтын жасы үл­кен өзге әріптестерінің арқасына аяздай батады. Ақыры студияны бітірген Әнуар­ды да, Баянды да жер аударғандай етіп, әкемтеатрдан әлдеқайда алыс жақ­­қа, қолдарына жолдама ұстатып, Қара­­­ған­дыға апаратын соқпаққа салып жібереді.

Студияны бітіріп, Қарағандыға аттанар алдында Әнуар сүйіктісіне сөз салып, үйленгісі келетін ойын білдіреді. Алматыға таяқ тастам жердегі туған ауы­лына шақырып, ата-анасымен таныс­тырады. Әнуардың әкесі Әбіханнан бас­тап, оның бауырлары, олардан тараған балалардың бәрі мұғалім екен, қыл аяғы ең кіші қарындасы да пионер вожатыйы, бұрын-соңды мұндайды көрмеген Баян алғашында ағайынның арасында емес, мектептің ішінде жүргендей болғаны рас. Қайынатасы ағайын-туыстың басын қосып шағын той жасап, үлкендердің батасын алғызып, екі жасты үйлендіреді. Ауылда туып-өскен қыз болса да, өз арманына ғана алаңдап, қиял қуып, үй тірлігіне аса көп араласпаған. Көкесінің екі білегін сыбанған пысық келіндерінің сақ-сақ күліп келіп, тірліктің түгін қой­май жапырып жасап кететініне үйренген Баян шаруа істейін деп тіпті ойламаған да. Келін болып түскен соң таңертең ертерек тұрып, сиырдың сауырына келіп отырғанымен, қолының қары талып, саусағынан жан кеткенше жылбысқы желінді әрі тартып, бері тартып жұлмалап, ақыры сауа алмай, талай рет жыларман болғанын әлі күнге ұмытқан жоқ. Басқа шаруаның бәріне бапандай Баян үйренгісі, үйіріп әкеткісі келеді-ақ, бірақ қаршадайынан қара жұмыс істеп, қатып-піспеген соң бекер екен, бұдан кейін үйдің ауыр тірлігіне ата-енесінің өзі де жолатпады.

Әзірбайжан Мәдиұлы студияны бітірген шәкірттерін елдің аймақтарына бөліп жатып, өзгелерге қарағанда білім әлеуеті жоғары, мінезі өжет, тиянақты Әнуарды Мәскеуге режиссерлік оқуға аттандыруды ұйғарады. Әртіс көп болғанымен, режиссерді топырақтан жасап ала алмайтын уақыт болған соң, бәлкім, амалсыз осындай шешімге келген. Ит арқасы қияндағы Мәскеуге оқу іздеп баратындай қаражаты жоқ, әлі аяғынан тұрмаған Әнуардың қатты қысылып тұрғанын көріп Мәмбетов өз қалтасынан 300 сом ақша беріп, шы­ғарып салады. Арада екі ай өтер-өтпестен Қарағанды театрында жұмыс істеп жүрген әйеліне Әнуар телеграмма соғады: «Мен қайтып келе жатырмын». Режиссерліктің қол болмасын білді ме, әлде Қарағандыдағы сүйіктісін қимады ма, күтпеген жерден Қазақ­станға қайта орал­ған дарынды әртісті дара сурет­кер­лікке жетелейтін даңғыл жол күтіп тұрған еді.
«Өзім бас режиссер болған кезде шақырып аламын» деген Мәмбетов уәдесінде тұрып, ақыры 1964 жылы ерлі-зайыпты әртістерді Алматыға, М.Әуезов театрына алдырады. «Бірден ала салу» деген батпанқұйрық болмайды, театрдағы талаптың күштілігі сондай, алдын ала спектакль дайындалып, оған Әнуар Молдабековті қатыстырып, актерлік ансамбльмен үйлесімін, талантының өлшемін тексеріп барып, қабылдайды. Соңынан Құралайын көтеріп жеткен Баян апай да күмп беріп театрдың төрінен бір-ақ шыққан жоқ, қаздай тізіліп отыратын қатал сыншы жиылған көркемдік кеңестің алдында Агафия Тихоновна, тағы басқа рөлдерді ойнап барып, Серағаңның – Серке Қожамқұловтың: «Болды, жетеді, актриса болып қабылданады» деген кесімді сөзінен кейін ғана актерлік труппаның қатарын толықтырған еді. Ә.Мәмбетов сахнаға дайындаған жаңа спектакльдерінің бәрінде орталық рөл­дердің бірін қалай да Әнуарға беру­ді әдетіне айналдырады. Әнуар да бір қайнауы ішінде, күлді-көмеш, шикі дүниені сахнаға алып шыққан емес. Өздері осында жүріп оқу оқып, қабырғасында жүріп жетілген туған театрына келгеннен кейін Мадиевский Әнуар мен Баянға Ә.Әбішевтің «Намыс гвардиясы» пьесасы бойынша қойылған спектакльден Бауыржан Момышұлы мен Валя Панфилованың рөлін береді. Алматыдағы алғашқы рөлдері. Қатты қобалжыды. Ол кезде Бауыржан батыр да, Панфиловтың қызы Валя да бар, премьерадан бұрын екеуі де келіп, репетицияны көреді. Қойылым біткеннен кейін рахметін жаудыра жеткен Валя Баянды келіп құшақтай алады. Ал Бауыржан батыр болса сол сұсты қалпымен Әнуарға қарап: «Әй бала, сен біздің үйге келіп кет!» дейді. «Бауыржанның жанына барып сөйлесу тордағы арыстанның жалынан сипағанмен бірдей» деген ел ішіндегі аңыз есіне сап ете түсіп, естіген бойда Әнуар шошып кетеді. «Бауыржан Момышұлы екінің бірін үйіне шақырып мейман етеді деп кім айтты саған, батыр­дың үйіне шақырғаны, көңілінің тол­ғаны, риза болғаны, қуанбайсың ба қайта, бар» деп Баян ерін қайрайды. Үйіне келген қонағына Бауыржан ерекше құрмет көрсетіп, кең көсіліп әңгіме айтып, Әнуардың ойынын мақтайды. «Сен талантты актер екенсің, болашағыңның да мықты болатыны байқалып тұр. Өнер деген – қып-қызыл күрес, мылтықсыз майдан, жақсы жүр­сең, таза болсаң, түбі жеңіс сенікі» деген екен сонда талантты қапысыз таны­ған тарпаң мінез батыр. Болмысы ірі жарал­ған батырдың Әнуарды іні тұтып, ағалық пейілмен осыншалық ілтипат көрсетіп, өнерін бағалауы актер естіп жүрген мың мақтаудан әлдеқайда биік баға болатын.

Өнерге алғаш қадам басқанда-ақ жа­нып тұрған от сияқты лапылдап, буыр­қанып келген Әнуар Молдабеков режиссер қалай сермесе, қынынан суырылған қылыштай тіліп түсетін наркескен ак­тер­дің өзі болды. Ұлттық өнерде дәл ол секілді көзі тірісінде биіктіктің бәрін бағын­дырған әртіс некен-саяқ. Театр сыншылары оның Смоктуновский, Евстигнеев, Ефремовтердің стилімен жұмыс істейтін әлемдік деңгейдегі актер екенін сан мәрте қайталап жазудан жалықпады. Жыл өткен сайын рухани толысып, құлашын кеңге жайып, шеберлігі артып келе жатқан шәкіртіне сүйсінген Ә.Мәмбетов он екі сериялы «Абай» фильмін түсіріп, басты рөлді Әнуарға беруді жоспарлап та жүрген еді. Ол оқыс көз жұмғаннан кейін Абайдың рөліне Әнуардан басқа актерді лайық көрмеген режиссер талай жылғы ой-арманынан бас тартуға мәжбүр болады.
Талантты жарының тасасында қал­май, кіл мықтылардың жанында жү­ріп, Баян Имашеваның өзі де жыл өткен сайын биіктеп келе жатты. Әсіресе, кез кел­ген рөлдің психологиялық астарын жақсы беретін Фарида Шәріповадан үйренгені көп-ақ. Өзімен тең дәрежеде образ жасағанын көріп қуанғаны сондай, «Сен өсіпсің, Баян» деп шын сүйсінгенін білдіріп еді бірге ойнаған спектакльден соң. Сахнадағы серіктеспен қарым-қатынасты қалай құру керек, не айтқың келді, қалай жеткізесің, осының бәрін ас­қан дәлдікпен меңгермесе, актер айда­һар сынды мықты серіктесінің көмейінде кептеліп, тұншығып қалады. Осы­ны жақсы түсінген актриса шарт буып байлаған белін ешқашан босатып шеш­кен емес, қашан да шиыршық атқан шығар­машылық ырғағынан жаңылмауға бар күшін салды.

...«Есболған Жайсаңбаев сырқат­танып, ауруханаға түсіпті» дегенді ес­тіп, таңғы шайға да қарағысы келмей екеуі үйден асығыс шыға жөнелді. Бар­са, қайран үзеңгілес жолдас үміт­сіз кейіпте қалың ұйқыда жатыр екен. Кейінірек Салиха Қожақоваға ниет­тестігін білдіре барған Әнуар: «сендер көп уайымдамаңдар, Салиха. Есбош, егер сен анау-мынау болып кететін бол­саң, сен жалғызсырамайсың, екі жылдан кейін мен де сенің жаныңа барамын» дейді. Дәл екі жылдан кейін жілік майы толысқан қырық жетісінде кенеттен жүрегі тоқтап, досының соңынан жө­ней берді. Жоғары тылсыммен байланыс­тыратын тас маңдайдағы тағдыр көзі арқылы болашағын қиындықсыз айқын көретін көріпкелге ұқсауы актердің айрықша адам болғанынан хабар бергендей. Сүйіктісі Баянмен Алматының саябақтарында серуен құрып жүріп сырласқан бір сәттерінде «біздің Құралай, Қарлығаш және Ермек дейтін үш баламыз болады» деп таңырқатқаны тағы бар. Өмірге таңырқату үшін келіп, тамсандырып өткен Әнуар қысқа ғұмырында бәрін қамтып, бәріне үлгеруге тырысыпты. Қас-қағымда, қапелімде айырылып қал­ғанында соңында қалған жан жары өзі­не сөз берген. Бірінші кезекте Әнуар­дың ұрпағын өз заманына лайық азамат етіп өсіру. Бақытын балаларымен өл­шеген ана балаларының өмірі қандай болса, өз өмірінің де соған байланысты боларын болжап қойды. Екінші, театр. Әнуары екеуі жиырмаға жасы жетер-жетпес шағынан қол ұстасып қызмет еткен әкемтеатрдағы өнерін орта жолда өлтіріп алмай, кейде тіпті бір спектакльде екі рөл ойнап жүріп, үздіксіз өрістетуді мақсат етті. Үшінші кезекте Әнуардың өнерін насихаттау. Кітап шығару, мақалалар жазу, фотоальбом шығару, көшеге, мектепке есімін беру. Міне, осы сияқты жанкештілікті талап ететін орасан жұмыстың бәрін табандылығымен орындап болып, екі иығынан жүк түскендей дамылдап отырған шағы қазір. Ұрпағы мен ұлты­ның алдындағы парызы тұтастай өтелді, қалың қазақ қадірлеп, әспеттеген Әнуардай саңлақтың сәулесіне әлі талай толқынның жылынатынына аналық алғаусыз көңілімен сөзсіз сенеді және шүкірлік етеді.


egemen.kz: https://egemen.kz/article/268316-sakhnada-tanysyp-serik-bolghan
© egemen.kz