СМИ о нас

Сезімге әмір жүрмейді (Ымырттағы махаббат – 100 қойылым)

            19-ақпанда Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан Ысқақтың қазақшаға аударған Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» спектакльінің 100-ші қойылымы өтті. Қоюшы режиссер – ҚР халық әртісі Рубен Андриасян және суретшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Есенгелді Тұяқов.
             Алғаш спектакльдің премьерасы 2002 жылдың 29-маусымында өткен еді. Содан бері, міне аттай сегіз жылдың ішінде, қойылым өзінің көрерменінен алыстамай, қайта жұртшылықты әр барған сайын ыстық ықыласқа бөлеп, әркімнің санасында жаңа толғаныстың алауын жағып келеді. Атаулы күнге орай қойылымға байланысты мұражай көрмесі ұйымдастырылып, кешке еліміздің танымал ақын-жазушылары, өнер қайраткерлері, өзге де облыстардың театр режиссерлары да қатысты.
                Қойылымға ежелден өміршең тақырып – әке мен бала арасындағы тартыс негіз болған. Жетпістегі шал жиырмадағы жас қызға ғашық болып, екеуі де жарасып қосылған екен. Ер жетіп, үйлі-баранды болған ұл-қыздары өгей шешеден дүние-мүлікті қызғанып, ақыры әкелерінің түбіне жетеді. Мұндағы махаббат – тартыстың тілге тиек ілгешегі. Негізінде дүниеқоңыздық пен көрсеқызарлықтан туған қаскөйлік, адамдардың азғындауы. Оқиға 30-шы жылдардың басындағы қоғам өмірінің іріп-шіруі, ақыры Германияда үкімет басына фашизмнің келуіне себепкер болған жағдайлардың алғашқы сарынын мезгейді.
           Басты рөлде – Маттиас Клаузеннің образын КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов, Инкен Петерсті Тарлан сыйлығының иегері Назгүл Қарабалина және өзге де танымал театр майталмандары қойылымды сахналайды.
             Есмұхан Обаев, театрдың көркемдік жетекшісі:
– Бұл шығарманың құндылығы сонда, біріншіден, қойылымның қазақша аудармасын жасаған Қалихан Ысқақ, екіншіден, негізгі тізгінді әлі ұстап келе жатқан, 100-ші рет ойнағалы отырған Асанәлі Әшімов және білікті режиссер Рубен Андриасянның еңбегінің жемісі деп бағалауға болады. Қойылымдағы тартыстар, кейіпкерлердің образы арқылы жеткізілген сан қилы типтер бүгінгі қоғамда әлі де бар. Және ең бастысы бәрінің басында тұрған махаббат, мәңгілік тақырыптың арқасында «Ымырттағы махаббаттың» көрермені ортаймайды. Ғұмыры ұзақ болсын деп тілейік. Амандық болса 200-ші қойылымының да куәсі боларсыздар.
             Рубен Андриасян, қоюшы режиссер:
– Мен бұл пьесаны Асанәлі Әшімовке лайықтап дайындадым. Бұл жиырмасыншы ғасырдағы өте трагедиялық қойылым еді. Адамзаттық болмыс және биік мораль жөнінде толғайды. Қойылымның ғұмыры әлі де ұзаққа созылатынына сенем.
               Назгүл Қарабалина – Инкен Петерс:
– Қойылымның жоғары бағалануының басты себебін спектакльді біздің мәдениетімізге лайықтап дайындаған режиссер Андриасян мен бас кейіпкер Асанәлі Әшімовтің еңбегімен байланыстыруға болады. Екеуі де өнер әлемінде қос мэтрі.
                 Рас, ең алғаш Инкенді сахналағанда қиындықтар болды. Бірақ, театрдың ғажаптығы сол, спектакль жүрген сайын бұрын байқамаған әр түрлі кейіпкердің қырлары ашылып, шеберлігінің шыңдалуыңа ол да бір септігін тигізеді. Жас қыз Инкеннің мұңы мен қуанышы, бақыты мен қайғысы, Маттиасқа деген махаббаты, бәрі – мен үшін өмір, өмірімнің бөлшегі. Өйткені қандай ойнайтын рөл болса да, көңілінде алатын орны бөлек.

Асқарбек ҚАЗАНҒАП, 

ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің 1-курс студенті

"Ана тілі" газеті.