Әнуар Боранбаев 1948 жылдың 14 наурызында Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келді. Оқушы кезінен өнерге жақын ол 1965 жылы он бір жылдық орта мектепті бітірген соң Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтының студенті атанады. Бірақ көңіл қалауы сахна болған соң, бір жылдан кейін ол оқуынан кетіп, Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлік бөліміне түседі. Талантты жас 3-курста оқып жүргенде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына қызметке шақырылады. Қара шаңырақ театрда М.Әуезовтің «Түнгі сарынындағы» мұғалім Сапа, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-анасындағы» Майсалбек, Қ.Мұқашевтің «Дала дастанындағы» ақын І.Жансүгіров сынды алғашқы рөлдерімен-ақ театр іргетасын қалаушылар, аға буын С.Қожамқұлов, Қ.Бадыров, С.Майқанова, тағы басқалардың ыстық ықыласына бөленген Әнуар Боранбаев осы сахнада қалыптасып өсті, қазақ өнерінің көрнекті тұлғасына айналды.
Белсенді де тегеурінді шығармашылық иесі театрда жетпіске жуық әрқилы кейіпкерді сомдады. Ұлттық топырағы мықты, тіл құдыретін мейлінше терең сезіне білетін және рухани зердесі өте ұшқыр, аса ізденімпаз, ерекше еңбекқор актердің, әсіресе, драмалық, трагедиялық кейіпкерлерінің көрерменге әсер ету қуаты мол болды. Оның М.Әуезов пьесалары бойынша қойылған спектакльдердегі рөлдерінің жөні бөлек. Жоғарыда аталған «Түнгі сарындағы» Сапа, «Айман-Шолпандағы» Арыстан, Маман бай, «Абайдағы» Әбдірахман, «Таңғы жаңғырықтағы» Тоқпаев, «Қобыландыдағы» Бірсімбай, «Еңлік-Кебектегі» Кембай, «Қилы замандағы» Прокурор, «Қарагөздегі» Сырым, Дәулеткелді бейнелері басты-қосалқылығына қарамастан, бәрі де көркем де құнарлы шықты. Оның кейіпкерлері қандай әлеуметтік топ-тап өкілі болсын мейлі, дараланып тұратын. Көрнекті театртанушы Б.Құндақбаев актер Боранбаев суреттеген кейіпкерлердің сахнада дараланып, өзіндік мінез-құлқы, толғанысы, көркемдік болмысымен шынайы шығуының себебі – актердің «сахналық бейненің жанды «суретін» салып, «өмірбаянын» жазуынан деп көрсетеді. Бұл ретте Әнуардың «Қарагөздегі» Сырым бейнесін ерекше атау керек. Осы рөлді жасауда аға буынның тәжірибесін жақсы зерделеген актер бейненің өзіндік дара нұсқасын жасады. Сырым – Әнуар сөзі жалынды ақын, сері, қарекеті ширақ, мақсаткер, күрескер тұлға болып өрнектелді. Көрнекті режиссер Ә.Мәмбетовтің ой-шешімдерін зерделей отырып, өзіндік ізденіс, көзқараспен келетін актердің сомдаған үлкенді-кішілі қай кейіпкері болсын, мазмұнды, құнарлы шығып отырды. Байыптап қарағанда актер Әнуар Боранбаев көрнекті режиссер Мәмбетовтің сүйікті актерлерінің бірі болғаны анық көрінеді, режиссер көптеген спектакльдерінде басты, шешуші рөлдерді Әнуарға сеніп тапсырып отырған – М.Әуезовтің «Қараш-Қарашында» («Таңғы жаңғырық») Ғасыр дауысы, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Еламан, Т.Ахтановтың «Антындағы» Бөгенбай, Ш.Айтматовтың «Ақ кемесіндегі» Момын шал, «Ғасырдан да ұзақ күнінде» Мәңгүрт, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елдесінде» Бекмырза, «Біз періште емеспізінде» Жәкен Сабырбаев… Тізімді жалғастыра беруге болар еді.
Ұлттық һәм дүниежүзілік классикалық туындыларда кесек рөлдер орындап, тарихи кейіпкерлерді тамаша сомдаған Әнуардың тәуелсіздік кезеңіндегі табыстары да қомақты болды. Жаны сергек, ойы терең актер А.Сүлейменовтің «Төрт тақта-жайнамазында» Райсобес, Б.Римованың «Абай-Әйгерімінде» Абай, Қ.Ысқақтың «Жан қимағында» Мұса, Төбе би, Ә.Кекілбаевтың «Абылай ханында» Тұрсынбай, А.Островскийдің «Жазықсыз айыптыларында» Незнамов, Шекспирдің «Ричард III» трагедиясындағы У.Кэтсби, «Асауға-тұсаудағы» Люченцио, Гогольдің «Ревизорында» Шпекин, Мольердің «Ақымақ болған басым-ай!» комедиясындағы Клитандр мырза, Сотанвиль, О.Иоселианидің «Арбаң аман болсында» Бухути, А.Абдуллиннің «Ұмытпа мені, күнімде» Сергей, т.б. көптеген рөлдері қазақ сахна өнерін өсірген, театр тарихына енген образдар деу керек.
Өнерге қалтқысыз қызмет еткен сан қырлы талант иесі Ә.Боранбаев ұлттық кино өнерінде де қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Оның кинодағы аса сәтті дебюті кинорежиссер Ш.Бейсенбаевтың жазушы-драматург Д.Исабековтің повесі бойынша түсірген «Гауһартас» фильміндегі Тастан бейнесі. Бұдан кейін «Түрксіб» фильмінде Т.Рысқұлов рөлін сомдаған актер «Қазақфильм» киностудиясының «Отқа оранған Орал», «Ақырғы аманат» (Қасым), «Ауылым Көкжотаның бөктерінде», «Созақтан шыққан Гамлет», тағы да басқа, сондай-ақ «Мосфильм» түсірген В.Цвигунның «Біз ораламыз» романы бойынша кинотрилогиясына, «Қырғызфильм» кинотуындыларына да түсіп, қалың көрерменге жақсы танымал болды.
Республика радио-телевидение саласына да еңбегі сіңген хас актердің құлаққа жағымды қоңыр үні спектакльдер мен кинофильмдердің ғана емес, көптеген теле-радиоспектакльдердің, хабарлардың көркін ашты, мағынасын тереңдетті. Бұл ретте де ол қара шаңырақ театрдағы алыптар дәстүрі мен дәрісін бойына жақсылап сіңірген өз буынының алдыңғы сапында жүрді. Жаны жарқын, пейілі кең, үлкенге інілік, кішіге ағалық таныта алған ол сахнада жақсы серіктес, өмірде адал дос, қалың көрерменінің сүйіктісі болды.
Тағдыр Әнуарды сынға салды. Қанша қиын болғанымен ол мойымай, шарболаттай шыңдалды. Ауыр операциядан шыққан соң арада жыл өтпестен қасиетті сахнасына қайта оралды. 1994 жылдың сәуірінде «Ана-Жер-ананың» 30 жылдық мерекелік қойылымында шықты. Бұрын Майсалбек рөлімен танылған актер бұл жолы пошташы шалдың рөлін сомдады. Сол бір ерекше кеште актер қаншалықты толқыса, оны сағынған көрермендердің де қуанышында шек болмады. Осыдан кейін актер жеңіл балдағын ұстап жүріп А.Сүлейменовтің «Штат қысқарту», Қ.Ысқақтың «Жан қимақ», Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан», Е.Замятиннің «Еділ патша», А.Бекбосынның «Соңғы сезім», А.Тасымбековтің «Кебенек киген арулар», тағы да басқа пьесалар бойынша спектакльдерде әдемі өнер көрсетті. Сонымен қатар хас шебер Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында студенттерге актерлік шеберліктен дәріс оқып, өзінің шеберлік сырларымен бөлісті.
Өзі де, өнері де көркем азамат суреткерлік және азаматтық тұлғасына кіршік түсірмей, мазмұнды да саф өнерімен ұлтының рухани кемелденуіне үлкен үлес қосты. Оның мазмұнды да абыройлы өнер жолы мен адами болмысы ұрпақтар жадынан өшпек емес. Бүгінгі таңда Қазақстанның халық артисі, көрнекті театр және кино актері Әнуар Боранбаевтың есімі туған ауданының орталығындағы мектепке және Арқалық қаласындағы кинотеатрға берілген. Оның өмірі мен өнерінен сыр шертетін, белгілі журналист-жазушы Қайсар Әлімнің «Актер тағдыры» атты кітабы 2008 жылы жарық көрді. Әлия БӨПЕЖАНОВА, Театрдың әдебиет бөлімінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
www.aikyn.kz