М.Әуезов атындағы академиялық драма театры 89-маусымының ашылуы өзіндік ерекшелігімен есте қалды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізген театр директоры Еркін Жуасбек, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімұлы, режиссерлер Әубәкір Рахимов, Алма Кәкішева және Елік Нұрсұлтан жаңа маусымда көрермендерге қандай сый-таралғы тарту ететіндерін сөз етіп, дайындық жұмыстары туралы кеңінен әңгімеледі.
Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ
Театр ұжымы жаз айында екі шет мемлекетке гастрольдік сапармен барып қайтты. Қыркүйектің 12 — 19 күндері Беларусь мемлекетінің Брест қаласында өткен 13 мемлекеттің 25 театр ұжымы қатысқан «Белая Вежа» — 2014» Халықаралық театр фестивалінде Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс Сұлтан» қойылымын ағылшын тілінде сахналады. Қазақ актерлерінің кәсіби шеберлігіне көрермендер ризашылығын білдіріп, театртанушы мамандар жоғары бағасын берді. Қазан айында Қырғызстанға жасаған гастрольдік сапар да театр труппасының табысты өнер көрсетуімен аяқталды. Биылғы жылдың театр маусымы шымылдығы драматург Дулат Исабековтің жаңа пъесасы негізінде қоюшы режиссер Алма Кәкішева сахналаған «Жүз жылдық махаббат» екі бөлімді драмасымен ашылады. Бұл — Алаштың ардақтысы, сұлулық пен махаббаттың жалынды жыршысы Мағжан ақынға арналады.
Жыл соңына дейін бірнеше жаңа премьера көрсетіледі. Әубәкір Рахимовтың режиссерлігімен (әрі аудармашы) Адольф Деннери мен Филип Дюмануардың «Испандық ақсүйек» (Дон Сезар де Базан) спектаклі, Еуропаға танымал литвалық Ионас Вайткустың режиссерлігімен «Қорқыт ата» (Иран – Ғайып) драмасы. 89-маусымның соңына дейін бірнеше жаңа спектакльдің премьерасын көрсету де жоспарда бар. Олар — Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы», М.Әуезовтің «Дос – Бедел – дос», (режиссері – Мұхтар Қапалбаев), Б.Брехттің «Үш бақырлық опера» (режиссері – Елік Нұрсұлтан). Т.Уильямстің «Шыны хайуанаттар» (режиссері Алена Қабдешева) қойылымдары. Сондай-ақ, М.Әуезов атындағы академиялық драма театры шығармашылық топтар үшін республикалық «Жаңа көзқарас» байқауын жариялады. Ондағы мақсат — сахнаға лайықты жаңа идеяларды жарыққа шығару, талантты режиссер, актер, суретші, композитор, хореограф, т.б шығармашылық топтардың бастамаларын жүзеге асыру, шығармашылық әлеует танытуға мүмкіндік беру. Театрға талантты режиссерлер мен суретшілердің, композиторлардың келуіне жағдай жасайтын байқауға 1 желтоқсанға дейін шығармалар қабылданады. Байқау қорытындысы 16 желтоқсан – Ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында жарияланады. Театр маусымының барысында мерейтойлар, шығармашылық кештер мен «Театр көктемі-2015» фестивалін өткізу жоспарланған. Сахнадағы бүгінгі актерлердің өнері мен өнегелі өмірін көрерменге кеңінен таныстыратын «Сырласу» клубы да жаңа маусымда өнер иелерінің ой-пікір, мүмкіндігін елге танытуда, талантын ашуда ауқымды жұмыстар атқаратын болады.
Журналистердің кәсіби біліктілігінің жоғары болғанын қалар едім
КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі ӘШІМҰЛЫ: — Биылғы жылы қазақтың танымал өнер майталмандары Сәбира Майқанова мен Шәкен Аймановтың 100 жылдық мерейтойы құрметіндегі фестивальдар жоғары деңгейде өтті. Біз әр жерде өздерің сияқты журналистер қауымымен кездесіп тұрамыз. Журналистердің кәсіби деңгейінің жоғары болғанын қалар едік. Көбіне жас журналистердің білім-қабілеті қанағаттандыра бермейді. Әсіресе, тележурналистердің сауаты төмен. «Қанша рөлде ойнадыңыз? Қандай фильм сізге ұнайды? Театрда әлі жұмыс істеп жүрсіз бе?» деген сауалдардан әрі аспайды. Кейіпкерлердің болмыс-табиғатын ашпайды. Жақында Ресейдің Бірінші арнасынан тележурналистер келіп, менімен сөйлескенде жан сарайым ашылғандай болды. Әлгі журналистер мен туралы өзімнен артық біледі ме деп қалдым. Қанша дегенмен журналистер сырттан бақылап, біз аңғара бермейтін жәйттерге көбірек көңіл бөледі ғой. Біз жас кезімізде үлкен кісілерді көргенде қабырғаға тік тұра қалатынбыз. Олардың басымыздан сипап немесе арқамыздан қағып кеткені біз үшін үлкен награда еді. Журналистер қауымы — біздің сахнадағы және кинодағы еңбегімізді елге тарататын, насихаттайтын негізгі күш. Сондықтан сіздермен қоян-қолтық жұмыс істеу біз үшін үлкен көмек болар еді.
Бұл — театр ұжымының жаңашылдығы болар…
Театр актерлері мен режиссерлері өздері қойылымдарда сахналаған «Кейіпкерлер шеруіне» қатысып, көрермендердің алдынан жүріп өтуі де биылғы маусымашардың есте қалар сәті болды. Театр жаңа маусымының шымылдығын ашқан «Жүз жылдық махаббат» пъесасының авторы, жазушы-драматург Дулат ИСАБЕКОВпен тілдесудің сәті түсіп еді: — Театр көрермендерін биылғы театр маусымының ашылуымен құттықтаймын. Жаңа маусымның менің спектакліммен ашылуы — мен үшін үлкен абырой. Бұл біраздан бері жазылып, дайын болған пъеса болатын. Жаз айында премьера болуы керек еді, кейбір себептерге байланысты күзге қалған. Енді міне, күзге де жетіп отырмыз. Өткен жолы көркемдік кеңеске тапсырылды. Онда көптеген ескертпелер айтылды. Өзім шығып, спектакль бола ма, болмай ма, көрерменге жібереміз бе, жібермейміз бе деген мәселе қойған болатынмын. Көптеген адамдардың пікіріне қосыла отырып, бүгінгі премьераны ойнайық деп келістік. Егерде спектакль әнеукүнгі көргеннен өзгермесе, өздеріңіз байқарсыздар, мен сахнаға шықпаймын. Ал, көңілімнен шықса, онда сахнаға шығамын. Қалай дегенде бұл театр ұжымының драматургтермен жұмысының жаңа түрі шығар деп ойлаймын. Алдағы кезеңдерде жақсы-жақсы, академиялық театрға лайықты пъесаларды алып, жәй көңіл көтеретін немесе концерттік шоуға ұласып кететін спектакльдерден гөрі, академиялық театр деген атына лайықты академиялық пъесаларды, үлкен-үлкен күрделі пъесаларды алып, сахнаға шығарып, көрермендермен қауышып отырғанын тілер едім. Бүгін өздеріңіз көрерсіздер, пъесаның атын «Жүз жылдық махаббат» деп қойдық. «Жүз жылдық азап» деп қоюым да керек пе еді. Оның аты да бірнеше болды. «Әлдиле өлім, әлдиле» болды. Одан кейін ойласа келе «өлім» дегенді сахнадан айта бермейікші деп, «Әлдиле өмір, әлдиле» деп те қойдық. Ең соңында «Жүз жылдық махаббат» дегенге тоқтадық. Осыменен көрермендерге бара жатыр. Негізгі пікірді спектакльді көріп барып айтқан орынды болар еді деп ойлаймын.
Дулат Исабековтің режиссер Алма Кәкішева сахналаған «Жүз жылдық махаббат» пъесасының алғашқы бөлімінде екі ғана кейіпкер Мағжанның жары Зылиха рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Дария Жүсіп пен жас актриса рөлі Мадинаны — Ләззат Қалдыбекова орындады. Жалындаған жастық шағында «Халық жауы» болып ұсталып, он жылын қапас түрмеде өткізген Алаш ардақтысының қасіретке толы тағдыры ақынның жары Зылиханың естелік әңгімесі арқылы өріледі. Мағжан ақынның өшпес бейнесі жүрек түкпірінде сақталып, күндіз-түні рухымен тілдесіп, махаббат дертіне шалдыққан Зылиханың сахналық бейнесін сомдаған Дарияның жүріс-тұрысы мен сөз сөйлеу мәнері және оның тірі болмысын көрермен алдына шығаруды мақсат етіп, жан-дүниесін зерттеуді мақсат еткен Мадина рөлін ойнаған Ләззат арасындағы диалог бір сағаттан аса жүреді. Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық драма театрының жас актрисасы бейнесіндегі Мадинаның қайдан келгенін естіген Зылиханың «Оның атында театр бар ма еді? Ол Мағжанның шәкірті еді ғой» деген сөзінен көп жәйтті аңғаруға болады. Екінші бөлімде жас Мағжанның рөлін ойнаған Алмас Шаяхметов, Валерий Брюсов рөліндегі — Жасұлан Байсалбеков, Кәжен рөліндегі — Талғат Сағынтаев, Гүлсім рөліндегі — Анар Бөкенбайлар өздері сомдаған кейіпкерлерінің болмыс-жаратылысын беруде көп еңбектенгені, дайындықтан өткені байқалады. Мағжан ақынның жастық шағы мен махаббат сезімі шарпуындағы өрекпіген көңіл күйін сахналау арқылы Алаш ардақтысының бейнесін жасаудағы театр өнерінің жаңашыл қадамының бірі болар деген ойға келдік. Қойылым соңынан пъеса авторының сахнаға шығуынан көңілдегі күдік бұлты ыдырағандай болды.
Дереккөз: “Алматы-ақшамы”