БАҚ біз туралы

ҰЛЫ МӘРТЕБЕЛІ ТЕАТР СӨЗ АЛАДЫ (ІІ)

Г.Хугаев, аударма Қ. Төлеуішов. Қара шекпен.

Ғ.Мүсірепов атындағы мемекеттік академиялық балалар мен

жасөспірімдер театры. Қоюшы-режиссері А.Маемиров.

Көрнекті осетин драматургы Г.Хугаев кезінде «Болып еді бір төбет...» пьесасына үлкендерге арналған ертегі деген анықтама берген. Алғаш рет 2002 жылы Татарстанның Ғ.Камал атындағы мемлекеттік театрында «Қара шекпен» деген атаумен Ф.Бикчентаев қойған бұл әфсана әсіресе түркі тілдес театрларда, ал, соңғы екі-үш жылда қазақ театрларында да көп сахналанды. «Қара шекпенді» 2004 жылы Батыс Қазақстан облыстық театрында сахналаған режиссер А.Маемиров осы материалға 2015 жылы қайта оралып, Ғ.Мүсірепов театрында қойды. Түркиядағы театр фестивалінде жақсы бағаланған қойылым театр репертуарында табысты жүріп жатыр,
        Бір ғана Шопаннан (актер Б.Қараманов) өзге кейіпкерлерінің барлығы аңдар болып келетін бұл «Қара шекпен» адамдар әлемі туралы әфсана. Мұндағы әр аң кейіпкер адамдардың белгілі бір типі. Тұзар актер Д.Базарқұловтың шебер орындауында эпицентрге айналатын спектакльде басты қарым-қатынастарда адам баласының мінездік-психологиялық типтері, ұстанатын өмірлік құндылықтары айқындалады. Бүткіл адам баласына ортақ махаббат пен достық, парыз бен қарыз, адалдық пен сатқындық. Тіршілік үшін аяусыз күрес, құлқын, қанау, күштінің әлсізге қиянаты, «бас иемін шыбындап...» ахуалдар, көзсіз бас ұру, тағысын тағылар... Кейіпкерлері әлеуметтік-иерархиялық қарым-қатынастарда да таныла түсетін актерлер - Е.Рамазанов (Көкжал), Ж.Мақашева (Көкшулан), Л.Кәденова (Қосүрей), Қуқар (Е.Кәрібаев), Сылаң (Г.Байбосынова), сондай-ақ Кико (Д.Сүлеменов), т.б. - сахнада өмір кешудің өзіндік тәсілін тауып, әдемі де толыққанды ансамбльдік ойын көрсетеді. Актерлік ойындар психологиялық-пластикалық тұрғыдан ондыққа тиеді. Еркін де ұшқыр қимылдар. Әсіресе, Тұзар мен Көкшулан тұнып тұрған грация (балетмейстер Р.Билибаев). Бастан-аяқ қарқыны бәсеңсімейтін, психологиялық толыққанды қойылымда, сөз жоқ, режиссердің фантазиясы мен философиясы тұнып тұр.
        Бос кеңістік, сахна ортасында өтпе жол, сол жақ шеті жоғарыда Қуқардың ұя-мекені нобайланады және оң жақ бұрыш түкпірге қарай көрінетін темір конструкциялы қойлар мекені (суретші И.Расылхан). Сахна бірде үй жануарлары мекен-жайына, бірде Көкжал патшалығына, екінші актыда Тұзар қара шекпенді күзетіп жатқан «қарлы» далаға айналады. Бірақ, Шопан үшін Тұзар төбет «жеті қазынаның бірі» емес. Екеуінің қарым-қатынасындағы идиллияның сын сәтте күл талқаны шығып, қожайыны үшін арып-аршыған адал төбет сол қожайынның бір оғынан мерт болады. Өкінішті өмір. Трагикалық финал. Сонда Тұзар не үшін арып-аршыды? Неге бүкіл өмірін қожайынға арнады?.. А.Чеховтың Ваня ағайыныкі сияқты мұнда да жалған парыз, мағынасыз құрбандық проблемасы туындамай ма... Тағы да қиын сауалдар. Шетелдік сарапшылардың былайша ой тарқатты.
        Йонас Вайткус, көрнекті режиссер (Литва): - Барлық жастағы көрерменге арналған көркем қойылым. Сахнадағы кейіпкерлерде біздердің әрқайсымызда болуы мүмкін мінез-құлық көрінеді. Спектакльдің интонациясы жақсы табылған. Кейіпкерлер характерлерінің негізгі өзегін таба білген актерлердің аңдарды адамдарға айналдырғаны сүйсіндіреді. Режиссердің материалды көре білуі, сахнаға осылайша шығара білгені ұнады. Спектакльдің екінші акты созылыңқы көрінді. Тұзардың өз-өзіне аяушылығы көп, ол қайраттырақ болса, осынының эстетикасын ойлану керек сияқты. Бұл пьесаны қоюға өзімнің де қызығушылығым туды. Әрине, басқаша қоюға. Актерлер тамаша. Осындай спектакльде жарқын ойын көрсетіп, берген сабақтарыңыз үшін рахмет.
        Д.Папава Гурджи, режиссер, продюсер (Ұлыбритания): - Ең бірінші кезекте актерлерге роль дұрыс бөлінгенін айтар едім. Сценография мен костюмдердің үйлестігі жақсы. Ансамбльдік ойын бар. Образдар нақты, дәл. Мысалы, Көкжал – патша екені анық танылады. Қосүрейдің ойыны – ең жоғары пилотаж... Адами салмақты қарым-қатынастар. Екінші актыда эмоциялар ойнай бастайды. Режиссер эмоционалдылықты актерлер арқылы жүзеге асырған. 
        Б.Пикон-Валлен, театртанушы ғалым (Франция): - Жалпы сахнада аңдарды ойнау қиын. Оның үш түрі бар. Бірінші Дисней, екінші поэтикалық, үшінші Товстоногов. «Аттың тарихы» (әңгіме режиссер қойған Л.Толстойдың «Холстомері» туралы –ӘБ) керемет еді, бірақ, онда аттың имитациясы болды. Пекин операсында құйрығы көрінсе  аттың өзі болып шығады. Ал, бүгінгі спектакльде барлығы басқаша, бір сөзбен түйгенде, актерлер кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін ойнайды.  

                                              М.Әуезов. Қарагөз.
                  С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық
           қазақ сазды драма театры. Қоюшы-режиссері Ф.Молдағали.         
 Қазақ режиссурасына талантты жас буын келді. Заманауи жаңа бағыттарда жұмыс жасауға талпынған олардың үлкен шоғыры өткен жылы Мәдениет министрлігінің қолдауымен Қазақстан Театрлары ассоциациясы ұйымдастырған жас режиссерлердің тәуелсіз ұлттық театрда жаңашылдықтың бастауы болған режиссер, марқұм Қ.Сүгірбековке арналған форум-фестивалінде көрінген. Солардың бірі - Ф.Молдағалидің қойылымындағы «Қарагөз» фестивальдік бағдарламадан тыс көрсетілді. Жанры саунд драма. Осы жаңа жанрдың негізін салған ресейлік әмбебап өнер иесі В.Панков шеберханасында дәріс алған жас режиссер трагедияны өзгеше оқиды.
   «Қарагөздің» 1917 жылғы алғашқы нұсқасын «Ай Қарагөз» спектакліне режиссер Т.Теменов те негіз етіп алғаны белгілі. Солтүстікқазақстандық сахнагерлердің бұл спектаклі - «Қарагөздің» сахналық тарихындағы алғашқы батыл көркемдік эксперимент. Екі нұсқасы біріктіріліп, оқиғалар ықшамдалып алынған спектакль Қарагөз (актриса М.Өсербаева) бен Наршаның (актер Н.Асылхан) диссонанстық үнсіз диалогынан басталады. Саунд драма шарты бойынша сахна түкпіріндегі жеңіл шымылдық артынан домбыра, қобыз, сыбызғы, жетігенмен ойналатын әр кейіпкер мазмұн-тағдырына сай музыка (Атырау облыстық театрында жас режиссер Г.Қамысбаева қойған «Мәңгүрт» қойылымы еске түседі). Ал, жалпы музыкалық лейтмотив ретінде Арқада өткен атақты әнші Сапалай Исатайұлының «Мұхида-Шайбан» атты ғажайып әні алынған. Пьеса мәтіні сахналық бос кеңістікте мейілінше шымыр қимыл қарекет, мағыналы пластикамен ойналады, сөз мейлінше аз. Кейіпкерлердің бет-жүз эмоциясы, дауыс, қимыл ырғақтары өзгеше, әсіресе жаңа трактовкамен көрінетін Мөржан бәйбішеде (актриса А.Супатаева). Стилизация жасалған костюмдер. Бүрме етек көйлек, қынама камзол, кәмшат бөрік киіп жүрген Қарагөз жоқ. Кейіпкерлердің ішкі болмысын костюммен ишаралау бар (киім суретшісі А.Сырбаева.) Мысалы, Жабайдың костюмі – бір жартысы жарлы тұрмысын, келесі жартысы бай ауылға ұқсап баққан сиқын танытатындай.  
        Қойылымда алдыңғы планға Нарша шығады. М.Әуезов театрында Ә.Мәмбетовтің 1981 жылғы, Б.Атабаевтың 2005 жылғы қойылымдарында Наршаға ерекше көңіл бөлінгені еске түседі. Бірақ, бұл қойылымдағы Сырым-Қарагөз-Нарша үштағанында, біздіңше, мағыналық акценттер өзгерген. Режиссерлік шешім бе әлде актерлік ойыннан ба қазіргі қалпында қойылымнан Қарагөз үшін жан алып, жан беретін ақын Сырымды (актер А.Қасым) көре алмайсыз, тіпті оның қылықтары да ер азаматқа сай емес. Ал, Қарагөздің шын сүйетін, абырой-намысын ойлайтын шын жанашыры Нарша екені тайға таңба басқандай. Қойылымның пластикалық композициясындағы ең күрделі сахна - Қарагөз бен Сырымның көлденең тартылған қос арқанда ғашықтық оңаша кездесуі. Олар қылкөпірдің үстінде тұрғандай. Кездесулері көпке әшкере болғанда Сырым тез кетіп қалады, Жер бауырлаған Қарагөз мына дүние-ғаламда еш қорғансыз, қорғаусыз. Дүйім жұрттың алдында жаны жалаңаштанған Қарагөзді масқарадан қорғағандай шапанымен қымтап, аяп, аялайтын Нарша. Текті азаматтың жан дүниесіндегі алапат арпалыс «баяу кадрдағы» бейэмоцияларда. Қарагөз дертті болғанда «Қарагөз жазылмаса маған да жазылу жоқ» деп Сырымды шақыртатын Нарша. Ал, Сырым Қарагөзді құшып тұрып ол өзін танып ұмсынғанда жиіркенгендей, итеріп тастап тағы да кетіп қалады. Қарагөз осы алапат стресстен есін жинап алатын сияқты... Өте қызғылықты да батыл көркем трактовка. Қойылым финалында Көкке жалбарынып, нұр-жаңбырға шомылған Қарагөз.
        Спектакльдің жалпы пластикалық композициясы сәтті ойластырылған. Оқылатын мағыналар аз емес, айталық, Ақбала мен Дулаттың қарым-қатынас сырын Ақбала орамалының сахнаның сол жағынан оң жақ түкпірге қарай ұзақ тарқатылуы аңдатады - энергетикалық канал. Немесе ишаралық жесттер - Мөржан бәйбіше Сырымның мойнындағы таңба алқаны жұлып алады – оның елден аласталатынынан хабар. Бәйбіше таңбаны өсершіл Жабайға береді. Ұзату сахнасында Мөржан және есірік ұрғандай бүкіл тойшыл қауым. Олар үшін Қаракөз доп сияқты - қақпақылдап аямай бір-біріне «лақтырады» және содан өздері рахаттанады. Абсурдтың дәл өзі. (Бұдан  алдымен Қарагөздің әкесі жынданады.) Қарагөз құдды бір қолдағы ойыншық. Кейін оны Текті аттап өтеді, ақыр соңында Сырым... (Б.Атабаев қойылымында Қарагөздің мүрдесін аттап өтетін миға сыймастай сахна бар еді). Режиссер Молдағали бастаған шығармашылық ұжымның - композитор М.Жақыпов, хореограф Ш.Мұстафина, сахна, жарық суретшілері Е.Сүлейменов, Б.Ниязов, саунд-дизайнер Р.Төрежан - «Қарагөзді» жаңаша оқуы осындай таным-әсерлер береді. Ал, еліміздің жас режиссурасында классиканы сахналаудың жаңа бір кезеңі басталуы үлкен қуаныш.
Й.Вайткус, көрнекті режиссер (Литва): - Жас режиссердің «Қарагөзі» өте қызғылықты заявка. Ол үшін қуандым. Мұндай қойылымда сөздің айтылуы басқаша болатындықтан, мысалы, Нарашаға өз интонациясы керек. Спектакльге Оннегердің «Жанна д Арк» немесе Бергтың «Войцектегідей» музыка жазылғанын, сол туындылардағыдай сөз, музыка, пластиканың жоғары деңгейлі үйлесімде көркем бейнесін тапқанын қалар едім. Режиссер ойшыл жас екен, егер қызығушылығын жоғалтпай, спектакльді сақтап, бұдан да жоғарыға қол созса, сөз, хор, речитатив – бәрі біріге келе өзіндік интонациясын беретін композитор тауып жұмыс істегені дұрыс болар еді. Оған үлкен табыс тілеймін.

Қазақстандық сахнагерлер өнерінің лайықты қорытындысындай болған «Қарагөзге» өзге де пікір білдірушілер әлі жұмыс жасайтын тұстарына назар аудара тұра жақсы баға берді. Ал, шетелдік мамандар қазақ театрларының қойылымдары ұлттық болмыс-космосты танытатынын, ұлттық музыкалық дәстүрдің мықтылығын, актерлік ойындардың мазмұндылығын ерекше айта отырып, ол спектакльдер арқылы қазақ халқының мәдениетін, ұлттық даралығын танығандарын, мұндай мәртебелі фестивальдің ұйымдастырылуы мемлекеттің сахна өнерінің дамуына ерекше маңыз беруін білдіретінін айтты.
Фестиваль қалың көрермен үшін, республика сахнагерлері үшін үлкен рухани мереке. Облыстардан режиссерлер, суретшілер, актерлер театрлар жолдамаларымен де, жеке бастамаларымен де келіп, спектакльдер көріп,  шығармашылық ізденіске жақсы стимул, жанды да жақсы тәжірибе алды. Жақсы тәжірибе демекші, «Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болады-дағы» деп жазады ғой хакім Абай Жиырма үшінші қара сөзінде. Шетелдік озық театрлардан тәжірибе алатын бір жайт – қойылымдарындағы жарық пен музыкалық өте жоғары мәдениеті. Жарық пен музыка спектакльдің негізгі компоненттерінің бірі болғандықтан қазақ театрларындағы жарық суретшісінің және музыкалық режиссердің мәртебесін көтеру қажеттігі туындайды. Өйткені ұлттық сахнаның мықты деген қойылымдарының өзінде құлақ жаратын даңғырлаған музыка, фонограмма, сондай-ақ жарық партитураларының нашарлығы көркемдік деңгейге нұқсан келтіріп-ақ жүр. Ал, мұндай жағдайлардың объективті-субъективті себептерін айқындап, біріншіден, театрларды заманауи техникалық жарақтандыру, екіншіден, арнайы кәсіби мамандар дайындау, жұмыс жасап жүрген кадрлардың кәсіби деңгейлерін көтеру сияқты кезек күттірмейтін мәселелерді шешу – уақыт талабы.
Дүниежүзілік «Астана» театр өнері мерекесі жылдан жылға тәжірибесі молайып, уақыт өте келе шетелдерге жақсы танымал, беделді өнер мерекесіне айналары хақ. Бағдарламаға бауырлас елдер қойылымдарын іріктеу, фестивальдің шығармашылық алаңын кеңейте түсу мақсатында арнайы кәсіби баспасөз штабын жасақтау, фестивальге қатысушы көрнекті сахнагерлермен арнайы пресс-кездесулер, шеберлік сыныптарын өткізу, тағы басқа шаралар алдағы уақыттардың үлесі екеніне қол қоя отырып, Қазақстан Театрлары  Ассоциациясы мен фестивальді ұйымдастырып-өткізуге ат салысқан барлық ұйымдар мен азаматтарға үлкен шығармашылық табыстар тілеу міндет. Елорданың, сахна өнерінің мәртебесін көтерумен қатар қоғамымыздың мәдени- рухани құнарының артуына игі ықпал тигізетін Дүниежүзілік «Астана» фестивалі туралы мақаламызды шетелдік белгілі сахнагерлер және Ассоциация басшылары пікірлерінің бір парасымен түйіндегенді жөн көрдік.
 Беатрис Пикон-Валлен, театртанушы ғалым (Франция):  
        - Мен Қазақстанда алғаш рет осы көктемде болдым. Алматыда Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында кезесулер, шеберлік сабақтарын өткіздім. Энергетикасы мықты, өзіне сенімді қала, адамдары, табиғаты керемет! Астанада бірінші рет болуым. Футуристік деуге болатын бұл қаланың сәулеті, қарқынды дамуы, жаңалыққа деген ұмтылысы таң қалдырады. Мен әлемді көп аралаймын. Әлемде қонақжайлылық, ашық көңілдер жетісіңкіремейді. Сіздердегі керемет қасиеттердің бірі қонақжайлылық, осы ашықтық па деймін. Біз Астананың көрікті жерлерін араладық. Музейлерде, театрларда, Алжирде болдық. Қазақ халқы көп қасіретті бастан кешкенімен рухы мойымаған, тарихы терең, өте бай музыкалық мәдениеті бар халық екенін сезіндім. Кәсіби театрларда, жеке орындауларда керемет әндер естідім. Домбыра екі шегі ғана бар қарапайым аспап болып көрінеді, бірақ, оның тереңдігі қандай. Өнерге деген құштарлығы жоғары, тамырдан ажырмаған халықсыздар. Заманауи мәдениетті, өнерді жасау үшін міндетті түрде осындай рухани терең тамыр болуы шарт. Қазақстан көпұлтты ел ретінде танымал. Осы бейбіт ахуалда ұлттық даралықты, елдің рухани болмысын танытатын «Астана» фестиваліне жарқын болашақ тілеймін.
        Йонас Вайткус, көрнекті режиссер (Литва):
        - Фестивальдің үлкен бір жетістігі - ашық, білмекке құмар көрермен әртүрлі театрды көрді. Егер көрерменді толғантса ол мықты фестиваль болғаны. Ал, көрермендерде үлкен қызығушылық болды. Астанадағы үлкен залдар көбіне толып отырды. Екіншіден, фестивальдік бағдарлама барлық параметрден ойластырылып, сәтті жасалғанын атап айтқым келеді. Әлемдік сахна өнерінің қызғылықты палитрасы ұсынылды. Кәсібилер үшін, көремін, үйренемін деген жас режиссерлерге, студенттерге, жалпы өнер қауымына үлкен тәжірибе. Бұл үшін, әрине, фестивальді қолдаған министрлікке, ұйымдастырушыларға көп рахмет. Шынымды айтсам, бұл фестивальға Сарапшылар алқасы құрамында немесе қонақ ретінде емес, өз спектакліммен, режиссер ретінде қатыссам деген ой туды. Фестивальда қазақ театр режиссурасының бүгінімен танысып, актерлердің талантын, жаңа, еркін буын өнерін көрдік. Қазақ театр режиссурасының жас легі келе жатқан сияқты. Жаңа дүниелерді, жаңа драматургияны меңгеру үшін, әрине, уақыт керек. Әлемдік классика қашанда сұраныста болады және театрлар үшін үлкен мектеп. Сонымен қатар түп тамырдан айырылмай, өзімізді әлемге таныта білуіміз шарт. Әріптестерге үлкен шығармашылық табыстар тілеймін.

        Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Қазақстан Театрлары ассоциациясының төрағасы:
        - Мұндай деңгейдегі, осындай кең ауқымдағы фестиваль біздің елде осымен екінші рет өтті. Әлем сахнасының мықты қайраткерлері, театрлары Елордада өнер көрсетті. Олардың Астана туралы ой-пікірлері өте жоғары. Кейбіреуі тіпті мұндай қалада боламыз деп ойламағандарын айтады. Осындай ірі, халықаралық жобалар біздің елдің беделін арттырады, шетелдіктердің біздер туралы көбірек білуіне мүмкіндік береді. Әрине, фестивальдің ұлттық сахна үшін берері де көп. Фестиваль жұмысы жемісті болды. Бұл – біздің ұлы ұстазымыз Асекең, Асқар Тоқпановтан бастап, Әзекең, Әзірбайжан Мәмбетов, кешегі Бәйтен, Жақып, Қадыр, Райымбектер, басқа да небір мықтыларымыздың арман еткен фестивалі ғой. Бұл – Тәуелсіздігіміздің, аса қадірлі Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік сарабдал саясатының бір нәтижесі. Ал, енді осындай үлкен-үлкен шаралар жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істейтін Мәдениет министрлігінің арқасында жүзеге асып жатады. Дүниежүзілік II «Астана» фестивалі үлкен табыспен өтті. Осы орайда мен өз атымнан, Ассоциация атынан республика Мәдениет және спорт министрлігіне, осындай жақсы істерге ұйытқы болып жүретін іскер азамат, министрлік басшысы А.Мұхамедиұлына көп рахмет айтып, жұмыстарына табыс тілеймін. Еліміздің мәртебесі арта берсін.
        Асхат Маемиров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы, Қазақстан Театрлары ассоциациясының вице-президенті:
        - «Астана» - өнерді мемлекеттік қолдау аясында, «Рухани жаңғыру» аясында дүниеге келген, орны мен миссиясы бөлек фестивль. Түркітілдес елдердің өздеріне тән бірнеше фестивалі бар. Еуропалық өнер мерекелері де аз емес, оларға республика театрлары жиі қатысып жүр. Қытай елінде Азия елдерінің айтулы фестивальдары ұйымдастырылады. Ал, «Астана», фестивальдік тұжырымдамамызда көрсетілгендей, Еуропа мен Азияның, Шығыс пен Батыс театр кеңістігін біріктіру мақсатын ұстанады. Елдер мен құрылықтарды ғана емес, дәстүрлер мен мәдениеттерді жақындастырмаққа ұмтылатын «Астана» фестивалінің жақсы имиджі қалыптасып келеді. Екінші халықаралық бас қосудың ұйымдастырылуы, көркемдік деңгейі ойдағыдай болды деген сенімдемін. Өйткені фестивальдан елдеріне оралған ұжымдар, сахнагерлер елімізге, фестивальға үлкен ырзашылықтарын білдіріп жатыр. Келесі жылғы фестивальға қатысуға ниет етушілерден хабарлар да бар. Әлемдік фестивальдік картадан өз орнын алуы тиіс бұл өнпр мерекесі республика сахнагерлерінің кәсіби ұшталуына, әлемге интеграциялануына жақсы тірек. Заманауи театр өнерінің қазіргі ахуалын, негізгі бағыт-бағдары мен даму болашағын жақсы түсінуге бастайды, жаңа ізденістерге жол ашады. Әріптестерге, театр ұжымдарына шығармашылық табыстар, премьералар тілеймін, фестивальдарда жақсы спектакльдермен кездесейік!

 http://almaty-akshamy.kz/ly-m-rtebeli-teatr-s-z-alady-2/