БАҚ біз туралы

ТЕАТР ТАРИХЫН ТӘПСІРЛЕГЕН

Шілде айының алғашқы аптасында биыл негізі қаланғанына 120 жыл толатын Мәскеудің көркем академиялық театрына жолымыз түсті. Мақсат – біреу-ақ. Өнерін ұлықтаған, ұлы әртістерін дәріптеген көрші елдің театр музейлерімен танысып, тәжірибе алмасу. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстанда көптеген іс-шаралар атқарылып жатқаны баршамызға мәлім. Ал Мәскеуге арнайы барып, театр музейлерінің жұмысымен жақын танысу біз үшін аталмыш бағдарлама аясындағы үлкен сый болды.
Ең әуелі іс-сапарға дейінгі бір жәйт еске түсіп отыр. Жыл басында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры болып белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров тағайындалған еді. Араға бірнеше күн салып, А.Маемиров орынбасарлары, көмекшілерімен бірге театр музейіне арнайы келді. Әдеттегідей экскурсия жүргізіп, музей «қонақтарына» театр тарихын таныстырдым. Театр музейін көзімен бір шолып шыққан директорымыз:
– Наргиз Тамабекқызы, сіз МХАТ-тың (Мәскеу көркем академиялық театры. – авт.) театр музейін көрдіңіз бе? – деп сұрады. Әрине, мен ол музейді көрмегенімді, музейден бұрын МХАТ-тың өзін де көрмегенімді айттым. Мінеки, аз ғана әңгімеден кейін аталған театрдың атақты музейін барып көру, тәжірибе алмасу жөнінде мәселені күн тәртібіне қойып, төрт-бес айдан кейін Мәскеуге іс-сапарға аттандық. Осы орайда Ұлт мәдениетінің тарихына аса ыждаһаттылық танытқан театр директоры Асхат Маемировқа алғыс білдіргіміз келеді. 
 

«Музей… театрдың бет-айнасы»


Театрдың да кезекті маусымы аяқталып, әртістер түгелдей еңбек демалысына шыққан уақытта директордың орынбасары Салтанат Абулғазиева екеуміз Мәскеуге бардық. Жұмыс бабымен барып, ертелі-кеш театрдан театр, музейден музей қалдырмай аралап, түрлі лекциялар тыңдап, білмегенімізді үйреніп, жақсыларын жадымызға түйіп жүргенімізде сегіз күндік сапар сегіз сағаттай зырылдап өте шықты. Театр музейлерін көргенде әсерленгеніміз соншалық, іс-тәжірибенің өзінен рухани ләззат алдық. «МХАТ музейі», «А.А.Бахрушин атындағы театр музейінде» лекциялар тыңдау және қорларымен танысу жұмыстары, сонымен қатар, осы музейлердің филиалдары саналатын әйгілі К.С.Станиславский мен В.И.Немирович-Данченконың музей-үйлеріндегі жәдігерлерге қарап, аң-таң болып жүргенде оларда да жүйенің өзгеше еместігін, бір бағытты ұстанғанымызды байқадым. Яғни біздің де театр тарихының ешкімнен қалыспайтынын тағы ұқтым. Тек бізде орыстар секілді өткенін өшірмей, бүгінгілерге бағдар қылып, қорғап отырған мемлекет қарамағындағы бірде-бір театр музейі жоқ. Ал Ресей музейлерінің басты ерекшелігі – құнды жәдігерлерге өте бай, бәрі сол қалпында сақталған. Әр театрдың музейлері бар, өз тарихын мақтан тұтады және қастерлейді. Бүгінгі күннің ертең тарих екенін біз де ұмытпауымыз керек.
Қазақ ұлтының мәдениетінің, тілінің, дінінің тарихын көрсететін, сақтайтын, болашаққа мұрағат, құнды жәдігер ретінде жеткізетін бірегей орын, ол – әлбетте, музейлеріміз. Сол секілді, Қазақстанның да театрларына арнайы музей қажет деген ой туындайды. Осы орайда В.И.Немирович-Данченконың «Музей… театрдың бет-айнасы» деген сөзі еске түседі. Корифейлердің барлығы дерлік театр музейлерінің қалыптасқанын армандап кеткен десек қателеспейміз. Мәселен, Қазақстанның халық әртісі Қапан Бадыров өзінің «Естен кетпес есімдер» деген кітабында да театр музейінің 42 жылдан кейін ашылғандығына шын өкініп, қаншама жәдігерлерді сақтай алмағандығына ашынады.
Ресей тарихы, оның мәдениеті, өнері өте ерте қалыптасқан, сондықтан біздің олардан үйренеріміз көп. Мысалы, осы соңғы жылдарды алып қарағанда, қазақ өнерінің ірі тұлғалары, КСРО халық әртістері Байғали Досымжанов пен Хадиша Бөкеева, Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріпова сынды «жұлдызды жұптардың» тұрған пәтерлерін де мұражай етіп қайта жаңғыртса тамаша болар еді. Бұл тұлғалардың шығармашылық өмірін, бір-біріне махаббатын, тұрмыстағы күнделікті өмірін өздері тұрған үйдің аурасынан сезіне алатындай нағыз тарихи ескерткіш болып келер ұрпаққа қалар еді деп ойлаймын.
Күндіз театр музейлерінің ісі бойынша лекциялар тыңдасақ, кешкісін Мәскеу төріндегі «Современник», «Моссовет», «Ленком», «Сатирикон», «П.Фоменко» театрларындағы қойылымдарын тамашалап, өнерлеріне тәнті болдық. Мәселен, «Современник» театрында Г.Волчектің қойған, режиссер Михаил Али-Хусейннің «Три товарища» қойылымы 19, ал «Моссовет» театрындағы П.Хомский қойған Эндрю Ллойд Уэббердің «Иисус Христос –суперзвезда» рок-опера желісінде сахналанған музыкалы қойылымы 28 жылдан бері репертуардан бір түспепті. Оның үстіне екеуі де әлі күнге аншлагпен өтеді екен. Ресейдің белгілі әртістері В.Анохин мен А.Макеева басты рөлдерді сомдайтын спектакль айына төрт мәрте сахналанса, 1200 көрермен еркін сыятын залда ине шаншар орын қалмайтыны таңдай қақтырды. Біздің театрмен шамалас «Моссовет театрының» музейі де 95 жылдан бері қызмет етіп тұр екен. Оның фойелерінде көрнекті тұлғалардың фотосуреттері, кіреберісінде КСРО халық артисі Ф.Раневскаяға арнайы бұрыш және басқа да Ресей өнерінің тарландарының еңбектері қойылған.
Сонымен қатар, «Сатирикон» театрында қойылған Ресей халық артисі, Ресей Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Константин Райкиннің «Своим голосом» атты моноспектакль-концерті ерекше есте қалды. Екі сағат орыс поэзиясының жауһарларынан жыр оқыған К.Райкиннің шеберлігіне де, оны тапжылмай тамашалаған көрермендерге де риза болдық. Ал «Ленком» театрында сахналанған Антон Чеховтың «Вишневый сад» қойылымы – қай заманда қойылса да, өзектілігін жоғалтпаған бірден-бір спектакль. Сахна декорациясы әдемі ойластырылған қойылымды тамашалаған кезде Ресейдің халық артистері А.Збруев пен А.Захарова басты рөлдерді сомдағанда «Сахнада өмір сүру деген осы шығар…» деген де ойда қалдық. Бір айта кететіні, 1927 жылы ашылған «Ленком» театрының әдебиет бөлімін М.Булгаковтың өзі басқарған екен.
«Петр Фоменко» театры – Ресейдің ең жас әрі тәжірибелі театрларының бірі. 1993 жылы негізі қаланған театрда А.Н.Островскийдің «Волки и овцы» қойылымын көрудің сәті түсті. Театр ғимараты өте әдемі әрі студиясы бар. Театр фойесіндегі керемет жасақталған музейде өнер ошағының ширек ғасырлық тарихы көрсетілген. Бір бөлімінде афишалар, бағдарламалар және театрдың жетістіктері жүйелі орналастырылған.

Жақсыдан үйренеріміз көп


Алғашқы тәжірибе алмасу сапарымыз жоспарлы түрде өткенін жоғарыда айттық. Әр күніміз бағдарлама бойынша уақытымен белгіленіп отырды. Театр музейлері – тұнып тұрған тарих және сол уақыттың лебі әлі күнге дейін сезіледі. Мәскеу көркем театрының негізін қалаушылар – К.С.Станиславский мен В.И.Немирович-Данченко осындай алып өнер ошағының (МХАТ) музейі, кітапханасы және мұрағаты болуына атсалысты. Осы оймен 1923 жылы театр музейі ашылды. Соңғы ғимараты 1948 жылы берілген екен. Ғимарат 1915 жылы сәулетші Ф.О.Шехтельдің жобасымен салынған. Төрт қабатты ғимараттың жоғарғы қабатында кітапхана, әкімшілік, ғылыми бөлімдер орналасса, төменгі қабаттарында құжаттама қоры, сахналық киімдер, макеттер мен әр жылдардағы афишалар, көркемсурет пен мүсіндер қоры сақтаулы тұр. Ең ерекше тұсы – аталмыш музейдегі жәдігерлер 1898 жылдан бастап жиналған.
Музейін көріп, тарихына тамсанып жүргенде театрдың өзімен де «танысуды» ұмыт қалдырмадық. Алдымен театр ғимаратының ішінде К.С.Станиславский мен В.И.Немирович-Данченконың, О.Н.Ефремовтің бөлмелерін көріп шықтық. Ең кереметі – көрермен залында К.С.Станиславский мен В.И.Немирович-Данченко отырған қатардағы орындықтарға аты-жөндерін жазып қойған. Ол – әлбетте, көшірмесі, орындықтардың түп-нұсқасы музей экспозициясында сақтаулы тұр. Театр фойелерінде орналасқан музей экспозицияларында әртістердің пайдаланған заттары, сахналық киімдері, суреттері және суретшілер – А.Головкин, А.Бенуа, В.А.Симов, Б.Кустодиев, Н.Рерих, т.б. спектакльдерінің эскиздері, макеттері қойылыпты және сол баяғы қалпында сақталған. Фойедегі тарихи зал қабырғалары К.С.Станиславскийдің идеясымен құрылған екен. Театр майталмандарының суреттерінің әр түрлі образда ілінуі өнер ұжымында эстетикалық талғамы жоғары мамандардың қызмет ететініне дәлел болса керек. Актерлік топпен бірге суретшілер, режиссерлер, инженерлер және меценаттардың да өмір жолы көрсетілген.
Театрының фойесі сондай болса, музейі қандай екен деп ойлап отырған шығарсыз. Рас, МХАТ-тың театр музейі өнерсүйер қауым үшін кірген адам шыққысы келмейтін ғажап орын. Музей 1969 жылдан бері мемлекеттің қарауында екен.
Алғашқы сахналық қойылымға 815 көрермен жиналса, 1902 жылы тамашалаған көрермен саны – 1200 адам. 1901 жылы аталмыш қойылым 100- рет сахналанса, спектакльдің сахналық киімдері әлі күнге театр музейінде сақталған. Бұдан бөлек, театр А.П.Чеховтың «Чайка» (1898), «Дядя Ваня» (1899), «Три сестры» (1901), «Вишневый сад» (1904) және М.Горькийдің «Мещане», «На дне» (1902) қойылымдарымен таныла бастаса, кейін А.Грибоедовтың «Горе от ума» (1906), М.Матерлингтің «Синяя птица» (1908), А.С.Тургеневтің «Месяц в деревне» (1909), Шекспирдің «Гамлет» (1911), Мольердің «Мнимый больной» (1913) спектакльдерімен репертуарын байыта түскен. 1912 жылы МХАТ мектебінің негізінде актерлік шеберлік студиясы ашылса, 1932 жылы театр М.Горький есімімен аталды. 1937 жылы театр Ленин, 1938 жылы «Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған. Бір қызығы, 1987 жылы театр ұжымы өзара екіге бөлінді: біріншісі – О.Ефремов басқарған А.П.Чехов атындағы Мәскеу көркем академиялық театры, екіншісі – Доронина басқарған М.Горький атындағы театр.
Бұдан кейін А.А.Бахрушин атындағы мемлекеттік орталық театр музейінде болдық. ХІХ ғасырдың 90-жылдары құрылған музей ғимараты К.Гиппустың архитектуралық жобасымен салынған. Музейде 201 қызметкер, оның ішінде 836 ғылыми қызметкер еңбек етеді. Жылына музейді 45300 адам келіп көреді екен. Музейдің 10 филиалы бар. Театр музейінің экспозициясы әр кезеңмен өте қызықты әрі мағыналы түрде орналастырылған. Әр заманға сай театр өнері Ресей жерінде қалай қалыптасқаны, өркендеуі сол заманның саясатымен байланысты көрсетілген. Өте ғажап! Музей қорында 1500 000 жәдігер бар, оның 1 308 000-ы негізгі қорға жатады. Бұл, әрине, сөзсіз керемет дүние. Тіпті, барлық жәдігер өте құнды деуге болады.
Қорыта келгенде, Ресей Федерациясының өнер саласындағы көздің жауһарындай сақтап келе жатқан жәдігерлерді сол қалпында жеткізу жұмыстары жаңаша технологиямен қатар қазір де сол баяғы әдіспен жүргізіліп жатқанына куә болдық. Бізде де театр музейлері қалыптасып, тарихымызды түгендесек дейміз. Мәселен, бас театрымыздың құрылғанына 92 жыл болса, бір ғасырға жуық уақыттан бері сақталып келе жатқан құнды жәдігерлер бізде де бар. Орыстардың өнер, театр тарихына дегендегі өлермендігіне таң қалмасқа шара жоқ. Өйткені, жоғарыда аталған деректер, цифрлардың біреуі де өтірік емес. Отыз жылға жуық театр музейінде қызмет жасап жүрсем де, МХАТ музейіндей, А.А.Бахрушин театры музейіндей майталман актерін, режиссерін, тіпті сахна сыртындағы қарапайым қызметкерлерінің де еңбегін, өмір жолын, өнер жолын дәріптеген өнер ордасын көрген емеспін. Бұл іс-тәжірибе сапарынан түйгеніміз көп.
«Қазақтың арғы-бергі тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ», – деп ҚР Президенті Н.Назарбаев айтқандай, біздің қазақ театры өнерінде де басқадан ұялып не қалыс қалатын тұсымыз кемде-кем. Ал оны түгендеу, қызғыштай қорып, сауысқаннан да сақ жұмыс істеу бөлек әңгіме…

Наргиз ТАМАБЕКҚЫЗЫ,

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік

академиялық драма театры музейінің жетекшісі.

http://almaty-akshamy.kz/teatr-tarihy-n-t-psirlegen/