БАҚ біз туралы

18 ақпан күні Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театрында«Оң қол» хоррор драмасының премьерасы өтпек

Театр –сіз бен біздің күнделікті өміріміздің айқын көрінісі. Адам жанын тұңғиыққа батыратын тылсым өнердің өзіне тән құпия сырлары бар... 18 ақпан күні Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театрында Жазушы Т.Әбдіктің «Оң қол» пьесасының оқиға желісімен жазылған «Оң қол» хоррор драмасының премьерасы өтпек. Премьера алды «Оң қолды» сахнаға шығарған режиссері Алмат Шәріпов, драматург Қолғанат Мұрат, және басты рольдерді сомдайтын актерлер Шерхан Пірназаров пен Индира Меңдібаевамен сұхбаттасқан едік.



Алмат Шәріпов-режиссер
-Актерлік құрамды таңдауда қандай ерекшелік болды?
-Автордың шығармасына сүйенер болсақ, Төлен Әбдік 17 жасар қыздың басынан өткен оқиғаны баяндайды. Театрдың ең жас буыны Индира Меңдібаева мен екінші құрамға Захира Рахымжанды таңдауға тура келді. Тағы да шығармаға сүйенер болсақ, шығармадағы жігіттің жасы 20-дан асқан 30-ға жетпеген. Мен театр сахнасында түрлі образдарды сомдап жүрген Азат Сейтметов пен Бауыржан Қаптағайды таңдадым. Ал олардың жас кезіндегі типажына Шерхан Пірназаров пен екінші құрамға Қуаныш Бесағалиевті сәйкестендірдім. Ал спектакльдегі  кемпір образына келер болсақ, бұл шығармада жоқ кейіпкер. Мұны басшылық және драматургпен ақылдасып отырып қостық. Кемпір образына арнайы қолдан жасалған аштық, нәубет жылдар туралы сөз жаздық.

-Таңдап алынған жас актерлер сіздің үмітіңізді ақтап жатыр ма? Әсіресе жас буынмен жұмыс істегенде сіздің өзіңізде қорқыныш болған жоқ па?
-Қорқыныш шығарманы алғаннан бастап болды. Егер олай болмаса дүние шикі шығар еді. Әрине, қыздар жағы біздің театрымызда басты рольдерге түсіп жүрген жоқ. Менде де актерлерде де қорқыныш басым. Ал сол қорқынышты актерлер шеберлігімен жеңе біледі деп сенемін.


-Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасымен оқырман қауым жақсы таныс. Ал оны сахнаға бейімдеу қиынға соққан жоқ па? Осы қойылымның драматургі Қолғанат Мұратпен қанша ай бірге жұмыс істедіңіз?
-Қолғанат Мұратпен екі айдың үстінде бірге жұмыс істедік. Басында шығарманы толық оқып шықтық, одан бізде толғаныс процесі басталды. «Қалай жазамын, сахнаға бейімдеп көрерменнің көкейіне қалай жеткіземін?» деген сұрақтар болды. Бастысы, біз автордың шығармасы желісінен ауытқыған жоқпыз. Төлен Әбдіктің «Әке» повесінен де өзімізге қажетті дүниелерді, ойды теріп алдық.
-Төлен Әбдіктің басқа да шығармалары бар. Неге «Оң қолға» тоқталдыңыз?
-Шығарманың о бастан атауы «Оң қол» деп алынған ғой. Спектакльдің атауын сол үшін басқаша бұрмалап өзгерткен жоқпыз. Қойылым тақырыбы бүгінгі күнде өзекті деп білемін. «Оң қолдар» қазіргі қоғамда әртүрлі әрекеттерге барып жатыр ғой...


-Сахнаның безендірілуіне тоқталайықшы?
-Сахнада үш план бар. Артқы план, больница, одан кейін стол. Яғни тергеу сахнасы. Безендірілуіне келсек, сахнада жоғарыдан төменге түсіп тұрған ақ перде бұл образдық және ой тұрғыда алып қарасақ адамның миы, басы. Яғни, сол жерде жүрген басты кейіпкердің басында болып жатқан оқиға. Перденің сыртында жүрген кемпір образы оқиғаны өрбітуші. Ақ перде- сәуле. Бұл мида болып жатқан арпалыс, бүгінгі қоғамды сипаттап тұр. Яғни, қазір әркімнің басында біз білмейтін арпалыс бар. Оны көрсететіндер бар, көрсетпей іштен тынатындар бар, тіпті күйікті емдей алмай, ауру болып кететіндер де бар. Сондықтан, сахнаны екіге бөліп тұрған ақ перде- жоғарыдан адам жанына ылғи үміт беріп тұратын сәуле деп шештім. Одан бөлек сахнада камера бар. Ол жындыхана төсегіне танылған қыздың күй-жайын күні бойы бақылап отырады. Мүмкін ол заманда ондай мүмкіншілік болмаған болар, мен жаңаша көзқараспен сол камераны сахналық деталь ретінде қостым.

-Ал сахна төрінде жоғарыдан төменге қарай ілініп тұрған телефон қандай мағынаны береді?
-Жоғарыдан төменге салбырап түсіп тұрған телефондар -адамның жан айқайы. Біз өмірде ішке түйгенімізді айтқызым келеді де кейде сөз жетпейді, көбіне іштей тынып қаламыз ғой. Міне соны салбырап, сымдары шимайланып тұрған телефондар арқылы көрсеткім келді.
Спектакльдің шарықтау шегіне тоқталыңызшы? Режиссер ретінде қалай аштыңыз?
-Көрермен қойылымнан шыққан соң үйіне дейін ойланып қайтса, режиссердің ұтымды шешім жасағаны деп білемін. Шешімді көрермен қауымға қалдырдым.  

-«Оң қол» шығармасы адам психологиясына, қабылдауына ауыр. Сіз оны сахналап, режиссер ретінде көрерменге қалай жеткіздіңіз? Өзіңізге қалай әсер етті?
-Әрине, маған бұл шығарманы сахналап шығу оңай болған жоқ. Өзімнің психологияма өте ауыр әсер етті. Ал режиссер ретінде кей сахналарды көрермендерге ашып беруге тырыстым, қалған сахналарды көрерменнің қабылдауына қалдырып отырдым.

-Төлен Әбдікпен кездесіп немесе телефон арқылы сөйлестіңіз бе?
-Автордан рұқсат алдым. Ол кісі маған «Менің шығармаларымның ішінде дәл осы «Оң қол» киноға келгенімен, театр сахнасына келмейді-ау деп ойлап жүр едім»,-деді. Бастысы, батасын берді.


Шерхан Пірназаров-актер, дәрігер жігіт
«Оң қол» пьеасасы қолға тиген соң, шығарма сізге бірден түсінікті болды ма?
-«Оң қол» шығармасымен мен студент кезден таныспын. Режиссер пьеасаны қолыма ұстатып, мен толығымен танысып шыққан соң қоғамдағы барлық түйтікілді мәселелер көз алдыма келді.


-Шығармамен студент кезден таныссыз, драматург автордың негізгі ойынан ауытқып кетпеген бе?
-Негізі Қолғанат Мұраттың қолтаңбасымен жақсы таныспын. Сахнаға шығарманы бейімдеген кезде де көркем тілмен жүрекке жеткізе білген. Шынын айтсам, пьесаны оқыған кезде көз алдыма кино нұсқадағы сценарий елестеді. Сахнада мен бұл рольді қалай ойнап шығамын, переходтарды қалай алып шығамын деген ой туындады. Әрине, бастапқыда рольге келу оны түсіну маған қиын болды. Өзіміздің театрдағы аға буын Азат Сейтметов пен Бауыржан Қаптағайдың, режиссер Алмат Шәріповтің көп көмегі тиді. Менің өз ролім менің ішіме әлі жатқан жоқ, бірақ әр ойнаған сайын бір жаңашылдық алып келуге, тауып келуге тырысып жүрмін. Бұл рольді толықтай сіңіріп шығу үшін маған уақыт керек шығар...

-Спектакльдегі нәзік сезім, махаббат, дәрігерлік ант пен абырой, осының бәрін бір адамның бойынан шығару, бір ойға сыйдыру қаншалықты қиындық әкелді?
-Азат Сейтметов пен Бауыржан Қаптағайлар мүмкін бірден алып кеткен болар, бірақ маған психологиялық тұрғыда қиындық алып келгені рас. Мойныма рольді алған сәттен бастап ой үстінде жүрдім. Тіпті кейде түсіме кіріп, өзімнің оң қолымды өзім ойып тістеп алған сәттерде болды. Дәрігер жігіттің жүрегінде қызға деген ғашықтық сезім ғана емес, қоғамға деген реніш те бар. Мен қойылым барысында шырылдап жүріп, барлық жағдайды жасауға тырыстым. Тіпті, қыздың оң қолын кесіп тастағым келді, қайтсем де қызды құтқарып, оған өмірге құштарлық сыйлағым келді. Бір өзімнің бойыма бірнеше сезімді сыйдыру маған оңай болған жоқ. Дегенмен, спектакльге дайындық өте жақсы жүрді, режиссермен де драматургпен де тығыз байланыста отырдым.

Индира Меңдібаева- актриса, Алма ролінде

-Пьеса қолға тимес бұрын Т.Әбдіктің «Оң қолымен» танысып шықтыңыз ба?
-Осы Алма роліне таңдалған соң, шығарманы түгелдей оқып шықтым, сосын барып драматургияға бейімделген нұсқаны оқыдым. Читкаға дейміз, читка барысында рольді бірден түсініп кету оңай болмады. Алғашында менде қорқыныш болды. Мен бұл рольді алып шыға аламын ба деген көкейде сұрақ болды. Мен бұрын соңды осындай жауапкершілігі мол басты рольді сомдап, үлкен шығарманы сахнаға алып шыққан емеспін. Спектакльдің басында, өзегі мен шарықтау шегінде менің жұмысым, менің күйініш пен сүйінішім, эмоциям көрінуі керек. Шығарманы тек оқумен шектелмей, Төлен Әбдіктің «Оң қолын» талдаған авторларды да ақтарып шықтым. Режиссерге де сенімсіздікпен «Осы рольді алып шыға аламын ба?» деген сұрақты жиі қойғаным рас.


-Рольге қалай дайындалдыңыз? Ауытқушылығы бар адамдармен жиі араластыңыз ба? Әлде қорқынышты кинодан көрген әдіс-тәсілді сахнаға алып келдіңіз бе?
-Мен рольді толық алып шыққан жоқпын. Бәрі керемет дей алмаймын. Өйткені әр дайындықта өз ролімді әр жағынан көремін. Бір күні осындай образды алып келемін, келесі күні басқаша... Мен үшін психологиялық жағынан өте ауыр роль. Көптеген кино көрдім. Кино арқылы образымды іздедім. Бәрі еңбек пен әрі ізденіспен келеді ғой. Кейбір дайындықта режиссермен келісе алмай қалған кездерімде болды. Тіпті, дайындықтан шыққан соң сахнадан өз бөлмеме дейін баруға қорқатын едім.

-Спектакльде басты рольді сомдайсыз, «Оң қолдың» ғұмыры ұзақ па?
-«Оң қолды» арнайы іздеп келетін көреремендер болады. Бұл спектакль бүгінгі қоғамның бет бейнесін көрсетеді. Ал басты рольдегі Алманы сомдаушы актриса ретінде мен де көрермен көңілінен шығуға тырысамын.

-Ал режиссердің сахнаны безендіруі сіздің көңіліңізден шықты ма?
-Әрине, сахна бір қарағанда көңілге қорқыныш ұялатады. Қазір декорацияға әбден көзім үйреніп кеткен.

Қолғанат Мұрат- драматург
-Неге «Оң қол»? Сахналық нұсқасын жасап,Көреременнің санасына сіңіру үшін қандай әдіс тәсілді пайдаландыңыз?
-Төлен Әбдіктің драмалық-психологиялық жанрда жазылған «Оң қол» әңгімесі оқырман қауымға өте танымал шығармасының бірі екені баршаңызға белігілі. Маған театр тарапынан осы әңгіменің сахналық нұсқасын жасауға шақырғанда ойланбай келістім. Себебі жазушының шығармаларымен менің тағдырымның арасында бір тылсым байланыс бар. Сондықтанда жазушының әр шығармасы маған ыстық. Бала кезімізден "Көкжиек" , "Күзгі жапырақ" , "Ақиқат" атты повестер мен әңгімелер жинағы мен "Өлі ара", "Біз үшеу едік" пьесасы және «Парасат майданы» повесін жата жастанып оқыдық. Оның ішінде осы «Оң қол» әңгімесіндегі Алманың тағдыры бәрінен қатты әсер етті. Сахналық нұсқасын жасау барысында ең бірініші ажал ретінде келген «Оң қол кім?» «Неге ол қызды қылқындыруға құмар?» ,«Неге науқастың шешесі, иә әкесі, иә әкесінің әкесі бір кезде өзін-өзі өлтірмек болған?» деген сұрақтың жауабын іздедік. Әңгімедегі барлық жұмбақтың шешімі осы ОҢ ҚОЛ болмақ.  Оны біз шығармашылық құрам өзіміздің нұсқадағы шешімін тапқандай болып осы «Оң қолдың» сахналық нұсқан жазып шықтым. Ол қандай шешім болғаны автордың өзіне де көрермендерге де қызықты болар деген ойдамын.

-Дайындық барысында толықтай қатыстыңыз ба? Өзіңіздің режиссер мен актерлерге қосқан ойыңыз болды ма?
-Әрине, «Оң қолдың» дайындығы басталғалы бері бас-қасында жүрмін. Менің бір разы болғаным театрмыздың белді актерлері болсын, жастар болсын шығармаға үлкен жауапкершілікпен  қарап, қойылымға шынайы жандары ашып маған және режиссерге идея, сюжет, диалог тұрғысынан көмектескендері үшін үлкен алғысымды айтамын. Театр бірінші кезекте ұжымдық өнер болғандықтан осындай өнерге деген жанашырлықпен қарайтын шығармашылық құрамнан үлкен үміт күтуге болады.


Сұхбаттасқан 

Айдана Қуантханова