БАҚ біз туралы

ҰЛТ ШЕЖІРЕСІН ЖАС ҰРПАҚҚА ҰСЫНДЫҚ

Биыл ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Қиындықтары мен кедергілері де аз болмаған осы отыз жылда еліміз ғасырға пара-пар жолды жүріп өтті. Іргелі өзгерістерді бастан кешіп, саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік тұрғыдан жаңғырып-жаңарды. Бүгінгі таңда әлемдік қауымдастықтан да өзіне лайықты орнын алып, іргелі мемлекетке айналды. 

Республика Президенті Қ.Тоқаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын той­лауға арналған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық» деп жазды. Осы бір күрделі сауалдар төңірегінде біз де ой таратып байқауды жөн көрдік.

Отыз жыл биігінен қарағанда сахна өнерінде де жаңғырып-жаңару үдерісі қарқынды жүргенін бағамдаймыз. Атап айтылуы тиіс жайт – республикадағы театрлар тәуелсіздіктің алғашқы қиын-қыстау жылдарынан бастап күні бүгінге дейін мемлекет тарапынан үнемі қолдау көріп келеді. Осы кезеңде елімізде қаншама жаңа театрлар ашылды. Атап айтқанда, Ақмола, бүгінде Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында бірнеше театр ашылды, Көкшетау, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Ақтау, Орал, Өскемен сынды облыс орталықтарында, сондай-ақ Арқалық, Семей, Түркістан қалаларында, бас-аяғы жиырмадан аса жаңа театр шаңырақ көтерді. Бүгінгі таңда республикада алпысқа жуық театр белсенді қызмет етіп, халықтың рухани сұранысын өтеп келеді.

Сахна өнерін үнемі қолдау, дамып-өркендеуіне мүмкіндіктер жасаудың бір айқын көрінісі – сонау 1992 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан Респуб­ликалық театр фестивалі. Қазақстан мен Орта Азия театрларының екі жылда бір рет өтетін Халықаралық фестивалінің бастамашысы да, өткізушісі де біздің республика екені белгілі. Ал 2017-2018 жылдары Елордада өткен «Астана» Бүкіләлемдік театр фестивальдері республика үшін жаңа кеңістіктерді ашқан жаңа деңгей болды дей аламыз.

Қазақстан – әлемде алты тiлде сөйлейтiн театрлары бар жалғыз ғана ел және бұл әлем бойынша осындай бірден-бір рухани тәжірибе, бұл біздің рухани үлкен байлығымыз. Ынтымағы мен бірлігі жарасып, тату-тәтті күн кешіп, әлемдік қауымдастыққа жасампаз идеяларымен танылып отырған елімізде қазақ театрларымен қоса көптеген орыс, сондай-ақ кәрiс, немiс, ұйғыр, өзбек театрлары табысты жұмыс істеп келеді. Ал ұлттық сахна өнерінің көшбастаушысы М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры қазір 95 маусымын өткеруде.

Тәуелсіздіктің берік орнығуына үлес қосу және қоғамның көкейкесті мәселелеріне ден қою бағытындағы рухани-көркемдік ізденістердің көш басында, сөз жоқ, көрнекті режиссер, ардақты тұлға Ә.Мәмбетов пен оның ізбасарлары болды. Ә.Мәмбетовтің «Ғасырдан да ұзақ күн», «Эдип патша», «Кориолан», «Кемеңгерлер мен көлеңкелер», Қ.Жетпісбаевтың «Юлий Цезарь», «Дос-Бедел дос», Ә.Рахимовтың «Өттің, дүние!.. ­(«Махамбет») сынды қойылымдарында өткен тарихымызды, сондай-ақ қоғам және жеке тұлға қарым-қатынасы параметрлерін жаңаша зерделеу идеялары көрініс таба бастады.

Үлкен, орта және жас буын үйлесе өнер көрсетуін жалғастырған бұл онжылдықта М.Әуезов ­театры әлемдік кеңістікке кеңірек танылды. Бұған «Рухани жаңғыру» мемлекеттік стратегиясы аясында жүзеге асырылған «Жаһандағы ­заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасы жақсы мүмкіндік берді. Театр 2017 жылы Лондонда «Жаужүрек», Токиода «Ақтастағы Ахико» спектакльдерін көрсетсе, 2018 жылы «Таңсұлумен» «Астана» екінші Бүкіләлемдік ­театр фестиваліне және «Қорқыттың көрі» қойылымымен Фран­циядағы атақты Авиньон фестиваліне қатысып, шетелдік театр мамандары мен көрермендерін әлемдік интеграцияға бет алған бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық сахна өнерімен таныстырды.
Театрдың 95-маусымы Тәуелсізді­гіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мерекелі бұл маусым хакім Абайдың 175 жылдығына ар­налған «Абайдың жұмбағы» және «Қара» спектакльдерімен ашылды. Ал биылғы ақпанда театр көрерменіне төрт бірдей жаңа премьера ұсынды. «Барымен базар» (Т.Нұрмағамбетов, реж. Н.Жұманиязов) комедиясы, «Оң қол» (Т.Әбдіков, реж.А.Шәріпов) хоррор-драмасы, ресейлік қандасымыз, белгілі драматург О.Жанайдаровтың пьесасы бойынша «Екеуміз» (реж.Н.Дубс) драмасы және «Туған күн» (Н.Қарабалина, Б.Қажнәбиева, реж.Е.Кәрібаев) монодрамасында бүгінгі әртүрлі әлеуметтік страттардың ахуалы, қоғамдағы орны мен сана ағынына бастайтын психологиялық қалып-күйлері көркем зерделенеді, көрермендерді қоғам мен жеке адам және жеке адамның өз өмірі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі, т.б. көкейкесті мәселелер төңірегінде ойласуға шақырады.

Соңғы кезеңде театрда шығар­машы­лық бастамашылдық, ­режиссерлер мен актерлердің өзіндік жұмыстарын дайындауы қанат ­жайып келеді. Бұл үдеріс елімізге ғана емес, бүкіл әлемге сынақ болып, өмір тынысымызға өзгерістер әкелген өткен жылдан бері айқын байқала ­бастады. Карантиндік шектеу шараларына қарамастан театр көрермендерімен байланысын үзген жоқ. Мүмкіндік туғанда офлайн, шектеулер кезінде онлайн өнер көрсетеді.

 95-маусым басталған 2020 жылдың соңындағы аса айтулы жаңалық – Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы Жарлығымен Ұлттық театр мәртебесінің берілуі болды. Бұл биік мәртебе және үлкен жауапкершілік. Сондықтан да, ­театр алдында үлкен жұмыстар, жаңа міндеттер тұр. Солардың бірі – «Мәдени мұра» бағдарламасында түгенделген ұлт шежіресін кезек-кезегімен сахнадан жас ұрпаққа көрсету. Президент өз мақаласында «Мен құзырлы ­органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын» деді. Бұл абыройлы жұмыстан театрлар да шет қалмасы анық. Әрине, тарихты жүйелі түрде санаткерлікпен әрі көркем сахналау үшін театрлардың да қаржы мәселесі шешілуі керек. Мақалада көтерілген мәселелер театрдың перспективалық жоспары үшін маңызды. Олардың біразы М.Әуезов театры сахнасында сөз болса, енді бірталайы тыңғылықты дайындықты талап ететіндіктен өз кезегін күтулі.

Қалай дегенде де, М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры алыптар тобы қалыптастырған игі дәстүрлерді жалғастыра отырып, әлемдік мәдени-рухани кеңістікке еркін еніп, мемлекеттік дамуымыздың жаңа стратегиясына сай – «...сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, ­заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға» өнерімен барынша қызмет ете береді.

Еркін ЖУАСБЕК,

М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының директоры,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері


http://anatili.kazgazeta.kz/news/59149