БАҚ біз туралы

"Туған күн" спектакліне шақырамыз

«Платиналы Тарлан» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Назгүл Қарабалина – М. Әуезов атындағы Ұлттық драма театрында жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Еңбекқор, талантты актриса қазақ театры мен киносында бүгінге дейін 30-дан астам образ сомдапты.


И.Сапарбай "Сыған серенадасы"- Изольда ролінде

Ертең назарларыңызға ұсынылатын «Туған күн» монодрамасының идеясы мен сюжеттік желісінің авторы – Назгүлдің өзі. Монодрама деген – кез келген актер бара бермейтін, шеберлік пен тәжірибенің, талант пен харизманың сынға түсетін сәті. Наркескеннің жүзін саусақпен сынағандай сақтықты талап ететін қатерлі жанр. Монодрамада ойнау үшін – актерға жолбарыс жүрегіне жерік, өз талантына нық сенімді болу керек. Міне, осы қасиеттердің барлығы Назгүлдің бойынан табылды. Ол осы уақытқа дейін театр сахнасында жүрген, көрерменнің көңілінен шығып, ылғи аншагпен өтетін спектакльдердің барлығында басты кейіпкерлерді кейіптеп келеді. Атап айтсақ, Қалихан Ысқақ қазақшаға аударған Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» спектаклінде Инкенді, Ғ.Мүсіреповтың «Махаббат дастаны» спектаклінде Баянды, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Бәтесті, Ә.Таразидің «Ақын... Періште... Махаббат» спектаклінде Періште, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» Изольда, Д.Исабековтың «Жаужүрегінде» Нарышкинаны, Н. Хикмет «Фархад – Шырынында» Мехменебану, М. Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» спектаклінде Оксана, А. Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» спектаклінде Маша, М.Әуезовтің «Айман- Шолпанында» Шолпанды, режиссер Е.Обаев сахналаған «Абай» спектаклінде Ажарды, М.Әуезовтің «Қобыланды» спектаклінде Қарлығаны сомдаған.

Егер хас актердың көз жасындай шынайы ойынын көремін десеңіз «Туған күнге» келіңіздер!