БАҚ біз туралы

Ерсайын ТӨЛЕУБАЙ, режиссер-драматург: Өмір көрмегеннен өнер тумас


Кесені қолыма алып қарай бердім,
Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп.
Сұлтанмахмұт Торайғыров
Бүгінде театр және кино саласында жүрген бірегей талант иелерінің бірі, «Қазақстанның еңбегі сіңген өнер қайраткері» Саят Мерекеұлы десем жаңылыспағаным. Ол – қоспасы жоқ нағыз талант.

Елуінші жылдың етегіне оратылып туған ауыл балаларының көз ашып туғаннан көргені: мал мен қора, одан қалса етектегі ел, төр жайлау. Соғыстан кейінгі ел ес жиған бейбіт өмір, тыныш заманның әдемі кезеңі – осы балалық шақ. Сол жылдың бір төлі Саят та әдемі өнерлі ауылдың ортасында дүниеге келді, есейді, өсті. Дегенмен елдің әлі де өгіз қамыттан арылмаған ауыр кезеңі де сол жылдар. Саят та енді аяқтанып атқа бұт артар жасқа жеткенде көрген-баққаны: колхоз- совхоздың қызылшасы болды. Таң атысынан күннің батысына дейін: сирету, шөптеу, түптеу, түгендеу, күзет.
Үйдің үлкені болғаннан ба, ауыр іске көндігіп, көп іске жауапты болу – басты міндет. Жалғыз шалбар, бір кебіс, көне күпәйкені киіп, күй кешіп жақсы заманға да жетті. Ауыл аты – Ақсу, Алғабас, Бақалы, Киров. Бүгінгі Талдықорған облысы «Кәкімжан Қазыбаев» мекені. Үлгілі ұстаз әке шаңырағында, бес ұл, екі қыздың үлкені болғанынан ба, әр іске ұқыптылық пен жауаптылық қанмен сіңген қадеттей қалыптасты. Бұл өнеге – әркімге бала жастан бұйыра бермейтін таза тәрбие, нағыз қазақы мектеп. Үлкенді сыйлау, айтқанды қалтқысыз орындау – әр іске жауаптылық пен ұқыптылықтың басты үлгісіндей. Осындай қазақы тәрбие, ұстаным оның өнер жолында азамат болып қалыптасуының бас баспалдағындай қаланды. Осы күнге дейін өзгеріп ескірген жері және жоқ. Сол замандағы колхоз ортасындағы қара бағанға бекітілген қара радио, одан қалса жылына гастрольдік сапармен бір келетін «Қазақ-Қырғыз»-дың өнер майталмандары қойған қойылымдар. Театр өнері саласында алғашқы халық театрларын көріп өскен ұрпақтың бір өкілі де осы Саят, Саяттай саңлақтар. Соғыстан кейінгі соққының сорабында өскен, жаралы жандардың нағыз мықты-мығым бел баласы.
«Өнер шындығы» өз болмыс-бітімін өмірден алғанда ғана көрермен көркіне айналар көрікті дүние, шынайы таза өнер сұрыпталып, тазарып туады. Бүгінде әркімге қолжаулық болған асыл өнердің, ана сүтімен енген таланттың өз өмір тәжірибесінде қалыптасуы – басты қағида. Өмір көрмей – өнер жоқ. Өнер шындығы – өмір шындығынан туатын негізгі тәлім (теория). Иесі (пірі) – актер. Жасанды жасандылық қайдан шығады? Ауылда туса да, өмір көрмей, қала жағалап, әке-көке алақанында өскен, арқасыз «жасықтардың» тәлім-тәрбиесінен жаралады.
Актер өнерінен туындайтын алты айла – алты сезім иесі актердың өз табиғатынан. Құштарлық. Ниет. Ізденіс. Берілу. Жетілдіру. Біріктіру. Осының бәрі: сахна (образ) қажетіне керекті соңғы ортақ табыс –«Әрекеттің» таптырмас табысы. Яғни өмір мектебі. Бүгінде көптеген актерлардың осындай қарапайым ұғымды (теория) білмеуі – кәсіби актерға ауыр сын. Көрермен сенбес әрекетсіздің, сенімсіз бос жүрісінің бос белбеуі.
Осы ойдың бір мықты таланттары – (1970-1980) жылдардағы Мәскеу көргендер (оқыған). Жалпы арғы тарихқа қарап отырсаң, қазақ өнерінің о бастағы мықты талантты өкілдерінің көбі: Мәскеу, Ленинград, Ташкентте оқып, көз ашқандар. Жергілікті талантты ұстаздардың көбі де сол жақтан. Мәскеу – өнердің Меккесі болса, қазақ елі – өнердің төр жайлау Мединесіндей. Сағынышты сахнасы, ауылды мекен, қалың көрермен, гастроль. Осының бәрі – бүгінде бір елес, айтар естеліктей ғана өткен өмірдің өз сыбағасы. Саят өскен ауыл, оқыған орта, еткен еңбек, өткен өмір осылай қалыптасты. Ауылда туып, қалада қалыптасып өнерді өсірді, өсті. Атақ деп алыспай, тақ деп таласпай, бұйырған бейнені мүлт жібермей, бұйырмағанға мән бермей, іштен тынып, сыртқа сөз шығармай өтетін асылдың сынығындай, ерекше таланттар болады. Соның бірі, ірісі – «Сақ» Саят.


Елу жылғы еңбегіне көз салсаң: алды – Абай, соңы – Оразбай болған әр қойылымдағы ерекше бейнелері. Азулы аға сұлтан Құнанбай, Құнанбайды Құдай көрсе де, баласы Абайды аямаған, дала көкжалы – Оразбай, дос болып бірге өссе де, көп ішіне көлеңкелеп кететін Ербол бейнелері: көрген көрерменнің талай қуанышына айналған мықты бейне, образдар. Абай бейнесімен бірге, өз кезегімен келген әр қойылымдағы осындай тұлғалы бейнелерді сәтті сомдауы – нағыз кәсіби актердың табысты жетістігі. Әр кейіпкер өз алдына бір тағдыр, бір бейне, бір өмір. Осындай қолға тие бермес рөльдер – көптеген актердың талай жылғы арманы да болар. Солай десек те бұйрықты бұйрықтың жеңісі Саятқа бұйырды. Одан ұтпаса, ұтылған жері жоқ. Көрген көрермен көңілі актер өнерінің талантымен бірге өсіп, бірге қалыптасты.
Ойдан ой тудырып қарап отырсаң, өз мінез келбетіне сай бұйырмаған бір рөль болса, ол – Мұхаң суреттеген төрт болыс Тобықтының төрінде өткен Құнанбайдай аға сұлтанның аяғын адымдатпаған Бөжей бейнесі. Атадан алыс тумаса да, Жігітектің «нағыз жігіті» болған Бөжей еді. Құнанбай Майбасардай алыптармен ат үстінде алысты, ағайынға жем болды. Қолда тұрған өз тізгініне өзі ие бола алмай, ағайын, көз көргендер деп сол сенгіштігінен жалғыз қалды. Жалғызданды қорланды. Алысты, жұлысты, өтті-кетті. Кино әлде сахнада, талабы талантына сай режиссер кезіксе, Бөжейдей ұғымды, ұтымды рөль тек Саяттың ғана талантынан табылатындай. Қай жағынан алсаң да нысанасына дөп тиері анық. Жаратылысы жанынан, үні өзінен келетін, келісті берік тұлға. Бұл бір жай ой десек те, Саяттың сахнадағы еңбегі – өнер тілімен бейнелеп айтқанда: қансонарда қолға қыран қондырып, таң асырып атқа мініп, таудың қызыл түлкісін құтқармаған саятшыдай, әр бейнені өз тұғырына қондырып, қанатын қатайтып, өнер көгіне талай ұшырған бапкердің бабындай.
Сахнада өткен қырық жылғы еңбектің, жүзден астам бейнесімен бірге, кино-экрандағы ой тастар ойлы кейіпкерлері қаншама? Алымды талантқа аз деп айту сөзге жеңіл болса да, асыл өнер үшін атан өгіз тартпас ауыр еңбек, қара бейнет. Бейнеттің зейнетімен еңбегін тек өнерден тапты. Қалай десек те бар жиған еңбегі – өнердің өз табысы, өз жеңісі.
Одан былайғы бір ерекшілік: әр өнер ордасында кем дегенде үш-төрт кітап құмар, оқыған, ойлы, сауатты жандар болады. Есептесең, сандары осы мөлшерден артық та емес. Болса да көбі мына заманда кітапты қойып, газет бетін де ашпайтыны анық. Әсіресе өнер адамдары. Кітапқа дегенде өз ойы өзіне келсап болып, «өнер-өмір» жайлы не бір жазба дерекке деген құштар, құмар ерекшелігі және бар. Осы тұрғыдан алғанда Саяттың әр рөлін талдап жазған сыншыны қойып, өнер-өмірін тереңінен зерттеп, зерделеген адам бар ма? Әй қайдам. Мұндайда әр өнер адамы – қай салада болса да, талдауды, зерттеуді қажет ететін сыр жұмбақ. Актер әлемі, оның ішкі жаны, болмыс бітімі, табиғаттан туатын ұлы өнердің сарқылмас асыл, «өз» қазынасы. Өнер де – аса ыждағаттықпен саралайтын, тылсым ғылым.
Өнер сыйын кетіріп жүргендер, өзге емес өзіміз. Қашаннан қатып қалған өзгермес, өз қара сөзіміз. Пьеса жоқ, режиссер жоқ, актер жоқ, өнер жоқ. Білген білімдіге бәрі бар. Ізденбейтін кер жалқауларға бәрі жоқ. Саяттай актердың талант-талабына сай, өз уақытында рөлін бермеген, орнын босатпаған, баянды бақытына жол ашпағандар да болды. Кешегі өзіміз көрген талай таланттар таланып, қорланып, олардың орнында талай талантсымақтар төрге озды, бас бәйгесін де ерте алды. Әлі де сол. Бірін-бірі жетектеген жігерсіз, жетесіз, санасыздар. Біз өнер біткенді (пендені де) өтірік мақтап, мадақтап, одан қалса қолдан жүйрік сайлап, бәйге беріп үйренгеннен, бүгінгі өнердің бағасы кетті. Алды – қақсау, арты – «қазақшылаумен» келе жатқан баяғы бақталас көре алмаушылықтың қызыл кеңірдегі. Таза жүйріктерге әділ бәйге, таза шабыс, жон теріңді сыпырар бұзау тіс, қамшы керек. Өнер сонысымен табысты.
Кешегі өткен Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібековтердің өнерге деген тазалығы жетіспейді. Саят бастаған топтың ұстаздары да Ілекең мен Өзекеңдер еді. Бүгінде асыл ағалар салған қара жолдың алды опырылып, артын шаң басты. Өнер тағдырын білмейтіндердің, жер әлемде жоқ, өнерге келмейтін, «зейнеткерлік жас» деген қолдан жасалған томпақ заңдарын қалай түсінуге болады? Басқа-басқа, өнер адамына «зейнеткер» деген ұғым өлсең де жүрмейді. Әлем бойынша өз өнерлерін есейген шақтарында таң қалдырғандарды айтпағанның өзінде, қазақ өнерінің ақсақалдары: Сер-ағаң, Сәбира апамыз бастаған өнерге қандай төрелік жүрмек? Орыс театрының ұлы табысын 90 жасқа қараған шағында Гоголева, Плятт, Раневскаялар дүрілдеткен. Жас бол, аға бол, үлкен бол, айтарың мен берерің болмаса, өнер сенің жасыңа мұқтаж емес.
Біз (режиссерлар) адам бойынан өнер іздемей, тек жасқа қарап, жеңіл жаңалық (шуылдақ шоу) табуға әуеспіз. Бүгінгі бой көтерген, ессіз тәжірибелердің таяз тәсілі, осылай ойнақтаумен от басады. Сахна өнерінің сәні де, күші де тәжірибелі актерлардың құрамынан құралады. Өнерге енді келген, буыны қатпаған, не тілі жоқ, не үні жоқтар өнерге пана болмайды. Өнер иесі – таптырмас қазынадан жаралған, өз алдына жеке-жеке өмір тәжірибесімен келетін ұлы әлем иесі. Өнерге келтіретіндер бар және кетіретіндер де бар. Келу – өзіңнен, кетіру – пендеден. Өлшеусіз өнердің бүгінгі бір соры – «елу пайыз» дегенді ойлап тапқандардың пайым төмендігі. Өнер адамының жүрегін өмір өлтіріп, өнер өсіретінін ұмытпайық. Өнер де өмір. Атаңа не істесең, алдыңа сол келетінін өмір көрсетуде. Сондайлық заң іздесек, бір қалада отырған орыстың Лермонтов театрына бұл «заң» (өтірік) неге жүрмейді? Әлде баяғы Мәскеу билеген биліктің сырт күші ме? «Ұлт театры» қашан да қазақ ұлтымен, өнер дәстүрімен, үлкендерімен табысты, қасиетті. Ел үшін де басты қағида осында.
Таланттылардың әр табысы өз тарихымен, өз өмірімен жинақталады. Өнерлінің бәрі бірдей емес. Табыс байлығы да өз жеке өмірінен. Біреулер өткенінен гөрі ертеңгісімен әлек. Ендібірі өткен өмірінің ащы запыранымен күй кешуде. Әр өнер иесі өз алдына жазылмаған бір кітаптай. Қазақ театрының өткені, жетістігі, өткен қоғамның жемісі екендігін тарихтан сызып тастай алмайсың. Саяттың жүрегіне жазылған әлде жаза, әлде күйік мына мәліметтеріне көз салсаң, өнер-өмірің саясаттан тыс емес. 1975 жылы өз туған ауылы Сарқантта 58300 тұрғынға 38 кітапхана, 36 аурухана, 38 мәдени клуб, 4 мәдениет үйі, 2 кәсіптік училище, 1 мәдени-ағарту үйі болыпты. Одан басқа 310 000 қой, 27 000 сиыр. Орыстар болғаннан болар 6000 шошқасы және бар. Міне жетістік. Бүгінгі таңда сол Сарқантқа Бөрілітөбе ауданын қосқанда, бар-жоғы он ғана мәдени орталық. Қалғаны қайда? Өткен тарихпен өз үлкеніңе күл шашпа. Тарихтың сабағы қашанда ауыр. Келер болашақ өзімізден басталатынын да ұмытпайық.
Осы бір айтулы кемел жасқа жеткенше, Саятта өнердің біраз құқайын көріп өсті. Өнер үшін өмір сабақ. Не бір шолақ белсендіден бастап, алдын бермес ағалармен, өзіне үлгі қамқор болған, бар өмірімен өнерін берген, Әуезов театрының баға жетпес асылдары. Алғашқы аяқ басқан Арқалық театрындағы он жылғы жемісті еңбек пен бүгінгі жүзден астам рөльдің ауыр-жеңіл бейнетін бірге көтеріп, талай толағай табысқа жеткізген, Әуезов театрындағы 35 жылғы творчестволық еңбектің құнына қандай баға қоюға болады? Таланттың талантын қалай айтып бағаласаң да, баға қою мүмкін емес. Өнер таланты мәңгілік. «Қараңғы қазақ көгіне (өнерге) күн болмағанда кім болам?» деп өскен өрлі талант Саяттай саңлақ актерлар мықты. Театр кино өнерінің тірегі де осылар.
Ұжымға сыйлы, өнерге таза, туысқа тіреу болған Саятқа тілер тілеуіміз: өткен жасың, келер жасыңның баянды бағы болсын. Бұл тілек – өзің құрметтеген өнерлі еліңмен, көп көрерменнің өз тілеуі, өз тілегі. Жасампаз актердың жаны қашанда таза!

https://zhasalash.kz/ruhaniyat/ersajyn-toleubaj-rezhisser-dramaturg-omir-kormegennen-oner-tumas-18279.html