БАҚ біз туралы

ХАБИБА АНАНЫ МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Биыл ғасырдың құрдасы, сахнада сансыз образды сомдаған театрдың әз- анасы, театр тарланы Жүсіпбек Елебековтің асыл жары Хабиба Елебекова 100 жасқа толды. Осыған орай, Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев абыз ананы мерейтойымен үйіне барып құттықтады. Өмірін өнермен өрген Хабиба апамызбен кездесіп, өз аузынан өмір тарихын есту біз үшін бақыт. Қазақ ақын-жазушыларының шығарма­ларын көңілге тоқып өскен асыл мінезді апамыз бізді сағынып күткен туысы келгендей қуана қарсы алды. Талай жылдар бойы сахнаның көркін кіргізген ол бізге өзінің батасын беріп, ағынан жарыла әңгіме тиегін ағытты.
Жастайынан өнер-білімге жақын жан Қарқаралы округінің аудандық комсомол комитетінде жұмыс істеп жүрген кезінде жас қыздың табиғи талантын таныған көзі қырағы басшылар 1934 жылы сол өңірде жаңа ашылып жатқан театрға жібереді. 1935 жылы халық театрының шығармашылық жағдайымен танысу үшін Қарқаралыға өнер сапарымен сахна майталмандары Қалибек Қуанышбаев пен Жүсіпбек Елебеков келеді. Осы театрда Қ.Қуанышбаев қойған «Малқамбай» пьесасындағы Хадишаның рөлін сомдау Хабиба апаға жүктеледі. Сонда егде тартқан әйелдің мінезін шынайы жасап шыққан жап-жас қыздың болашағынан үлкен үміт күткен Қалибек және Жүсіпбек ағалар Алматы қаласына шақырып, оның өнер табалдырығын аттауына ықпал етеді. Сөйтіп, сол жылы М.Әуезов атындағы қазақ драма театрына қабылданады. Берілген рөлді әрі қуана, әрі қорқа қабылдайтын жас актриса шығармашылық баспалдаққа көтеріле келе әрбір образдың, түрлі характердің алуан қырларын ашуы, терең ізденуі нәтижесінде өнер шыңына шықты. Мұхтар Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, С.Қожамқұлов, Ш.Айманов тәрізді ұлылардан алған білімі мен тәлімі Х.Елебекова үшін театр академиясын бітіргеннен әлдеқайда артық болды. Актриса қазақ театр сахнасындағы алғашқы рөлі Қаракөзден бастап, Күнікей, Текті мен Мөржан, Қаныкей, Ажар, сопы әйел, Ұлжан, Мәрияш, Ақжан, Рабиға, Мамық Мақпал мен жеңге, Қырмызы, Баян, кемпір, тұтқын әйел, соқыр әйел, кезбе әйел мен Домна Андреевна, Зұмрат, Айғаным, Понсия тәрізді жүзден аса әйел-ана образдарын барынша жарқырата ашты.
М.Әуезовтің «Абай» драмасындағы Қаныкейді жиырма жасында бейнелеген актриса сексенге келгенде де ойнап, әр ойнаған сайын кейіпкердің драмалық бейнесін күрделендіре түседі. «Сенсеңдер, сахнаға шықсам бәрін ұмытамын. Қайтадан сол жиырма жасыма келгендей күй кешемін», – дейді Қаныкей рөлін 55 жыл ойнаған актриса. Кезінде театр сыншылары Н.Гогольдің «Ревизорындағы» Пошлепкина тәрізді жағымсыз әйел бейнесін нанымды шығару үшін жан-тәнімен беріліп, іздене білетін зерек актрисаның бұл рөлді 37 жыл бойы ойнауы тегін емес екендігін атап өткен.
– Мен Мағжанды көрген жоқпын. Ақын өлеңіне деген махаббатым өте күшті болды. Ол уақытта Мағжанның кітабы жоқ болатын. Сапарғали Бегалиннің үйіндегі араб қарпімен жазылған жыр жинағын Жүсекеңе жалынып жүріп алғызып, бас алмай оқитынмын. Мағжан өлеңдерінің мағынасы терең ғой. Ұнаған шумақтарды жаттап жүретінмін. Жас ұлғайған сайын біразы ұмытылып қалды. Бірақ, қазірдің өзінде Мағжанның 37 өлеңін жатқа айтамын. Басымыздан өткен небір қиыншылықтарға қарамастан, мен бақытты ғұмыр кештім. Ұлтымыздың келешегі үшін өлшеусіз еңбек сіңірген талай арыстарымызды көзіммен көріп, дәмдес, пікірлес болдым. Менің бақытым – Жүсекеңдей жаны асыл адамға жар болғаным, сондай жанмен тағдырымның тоғысқаны. Менің ендігі мақсатым – білгенімді болашақ ұрпаққа қалдыру. Халқымыз нәубет-зұлматтан аман болсын! – дейді Хабиба апамыз.
Бір ғасырды артқа тастап отырғанына қарамастан санасына селкеу түспеген, сөзі ширақ Хабиба апа әдетінен жаңылмай, сөзінің соңын Мағжанның екі-үш шумақ өлеңімен аяқтады. Біз де өмірге жүз жылда бір келетін, біртуар тума талант иесі, әкемтеатрдың абыз анасы атанған Хабиба апамызға денсаулық тілеп қоштастық.

Жұмагүл ӘМІРЕЕВА,

"Алматы ақшамы" газеті