БАҚ біз туралы

Жаңа маусым: Әуезов театры әйел өмірі мен Кеңес үкіметінің зардабы туралы қойылымдар ұсынады


Кеше, 13-қазанда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 96-маусымы ашылды. Соған орай баспасөз мәслихаты өтіп, "Сахна сәттері" фотокөрмесі ұйымдастырылды. Ал жаңа маусым шымылдығы әдеттегідей Мұхтар Әуезовтің шығармасымен түрілді.
Театр ұжымы жуырда ғана Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарынан гастрольдік сапардан оралған. Өнер ұжымының басшысы Еркін Жуасбек бұл жолғы сапар көрерменмен қауышуға асығып, олардың ыстық ықыласын сағынып қалған әртістер үшін ерекше оқиға болғанын айтады. Карантин шектеулеріне байланысты залды көрерменге лық толтыруға мүмкіндік болмаған. Алайда қойылым тамашалағысы келгендердің көп болуына байланысты күніне екі спектакльдан қойылып отырған.
Театр көрермендер үшін биылғы маусымда көптеген жаңа спектакльдер әзірлеп отыр. Олардың ішінде екі прьемера жаңа жылға дейін өтеді деп жоспарланған. Қараша айында Әбдіжәміл Нұрпейісовтың "Қан мен тер. Ақбала" спектаклі, ал желтоқсан айында жазушы Рахметолла Райымқұлов әңгімесінің желісімен сахналық нұсқасын драматург Дулат Исабеков жазған "Машқар түнгі махаббат" қойылымы көрерменге жол тартпақ.
Театр директоры Еркін Жуасбек әйгілі "Қан мен тер" туындысы бұл жолы сахнада жаңа қырынан ашылып, онда бүгінгі заман көзқарасы көрініс табатынын жеткізді.

– "Қан мен тердің" бұған дейін сахналанған қойылымдарында негізгі тақырып Еламан дейтін басты кейіпкердің қарапайым балықшыдан үлкен революционер болуға дейінгі өмірі көрсетілсе, бұл жолы Еламанның жұбайы болған Ақбала дейтін кейіпкерге маса мән берілген. Сол арқылы өзінің махабаты, еркіндігі үшін баз кешкен қазақ қызының тағдырын Ақбаланың призмасынан көрсеткіміз келеді, – дейді ол.

 

Қамшы тілшісінің "мұндай идеяға соңғы уақытта феминистік қозғалыстардың белсенді бола түсуі, әйел құқығы мәселесі қоғамда жиі қозғалып жүргені әсер етті ме" деген сауалына "мұндай қозғалыстар әлбетте әсер етеді" деп жауап беріп, театр қоғам тынысы мен сұранысын ұдайы жіті қадағалап отыратынын атап өтті.
– Әйел – қоғамның қозғаушы күші. Негізінен әйел аяулы жар, ардақты ана рөліне беріледі де өзінің жеке тағдырына, қалауына, таңдауына нүкте қойып жатады. Ал сол екі ортаны жалғай алу, сол жолда күресу не болмаса содан зардап шегу – қай заманда да проблема, – дейді Еркін Жуасбек. Қойылымды режиссер Әридаш Оспанбаева сахналайды.
Ал "Машқар түнгі махаббат" қойылымы қазақ қандас, оралмен деген күйге қалай түсті, атамекенін неге тастап кетуге мәжбүр болды деген сауалдарға жауап іздей отырып, Кеңес үкіметінің адамдарды қанға бөктіргені, жерін тартып алып, еркіндігінен айырғаны туралы болмақ. Режиссері – Жұлдызбек Жұманбай.

– Бұған дейін біз Кеңес үкіметінің құрылғанын уралап қарсы алғанымызды көрсетуші едік, бұл жолы оның зардабы жайлы көрсетеміз, – дейді ұжым басшысы.

 

Баспасөзге арналған жиыннан соң журналистер театр тарихынан сыр шертетін "Сахна сәттері" көрмесімен танысты.

Көрмеге әртістердің сахна үстіндегі жарқын ойнын, эмоциясын көрсететін баспасөзде басыла бермейтін сирек суреттер қойылған. Олардың арасында 40 жылдық тарихы бар фотолардан бастап, театрдың бүгінінен хабар беретін суреттер де болды. Көрмеден белгілі фотографтар Қалиғұмар Қабдешев, Рафат Бегишев, Ардақ Төлеубаевтың жұмыстарымен танысуға болады.

https://qamshy.kz/article/66609-zhanha-mausym-auezov-teatry-ayel-omiri-men-kenhes-ukimetininh-zardaby-turaly-qoy