СМИ о нас

Күлеміз бе, жылаймыз ба?!.

              Ұлттық болмысынан ажыраған, жеті атасын білмейтін жетесіз ұл мен қыз, олардан туылған мәңгүрт ұрпақ, салт-дәстүрлерін ұмытқан келін мен күйеу бала… Барлығымыздың болмаса да, көпшілігіміздің көзіміз үйренген жайт бұл. Үйреншікті жағдайға айналғаны соншалық, қоғамдағы осы бір дерттің шипасын іздеуге тіпті талпынбайды да екенбіз. Сонда бұған кінәлі кім? Өзге ме? Жоқ, еліктегіш, жағымпаз, жалтақ, көрсеқызар тағы өзіміз…                        Күлеміз бе, әлде жылаймыз ба?!… Дәл осындай атаумен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында драмтург, сыншы Еркін Жуасбектің комедиясының тұсауы кесілді. Режиссері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Ахманов, қоюшы суретшісі Қабыл Халықов. Бұған дейін Астанадағы Қ.Қуанышбаев және Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы театрларда үлкен аншлагпен сахналанып келе жатқан «Үйлену» қойылымының авторы Еркін Жуасбектің бұл дүниесі басқаларынан өзгерек. Олай дейтініміз – спектакльдің негізгі өзегі етіп алынған аралас неке, ұлтсыздану мәселелері бүгінгі қоғамымымыздағы ең бір ушығып тұрған көкейкесті проблемалардың бірі. Режиссер Мұрат Ахмановтың да бұл алғашқы еңбегі емес, бұған дейін Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында «Желтоқсан желі» мен жақында ғана премьерасы болып өткен «Келіндер көтерілісі» қойылымдары да көрерменіне жол тартып, көпшіліктің ыстық ықласына бөленіп үлгерген болатын. Оқиға желісі неміс халқына күйеу бала болған ұлы мен кәрістердің келіні атанған қызының ата-анасының үйіне келе жатқаны жайлы хабар келіп, әке-шешесінің қарбалас дайындығынан басталады. Көптен күтіп жүрген балаларын көріп, қос қария көзайым болады. Алайда, бұл қуаныштары ұзаққа созылмайды. Әйелінің ырқынан шыға алмаған ынжық ұл, өз елін менсінбей, өзге елді Отанынан артық көретін байлыққұмар қыз, солардан туған ұлтты сүю деген ұлы сезімнен ада, көрсеқызар, таяз ойлы санасыз ұрпақ… Бәрі-бәрі кезінде ұлттар достығының ұйытқысы, үлгісі болғысы келіп, жат елмен жекжаттық, құдаластықты алдына мақсат қылып қойып, балаларынан да соны талап етіп, соңында дегеніне жеткен қарияның әрекетін жылдар сараптап, таразы- уақыт елегінен өткізіп, әділін саралап, салдарын алдына әкеліп ұсынғанда, өз әрекетінің олқылығын түсініп, сол қателігі қатер болып, жүрегіне қанжардай қадалады. Сондай-ақ, қойылымда ұлтсызданумен қатар, дінсіздену мәселесі де бой көтереді. Өзге діннің жетегінде кетіп, «Құдайым – Кришна, Иегова» деп сарнайтын адасқан ұрпақтың адасқан сенімі де спектакль барысында ұлт қасіретінің және бір зардабы ретінде көрініс береді. Міне, осы негізде өрбитін пьеса оқиғалары шынында да қоғамда белең алып, көкейде жүргенмен, көп қозғала бермейтін қазіргі күннің өзекті мәселесі. Спектакль, негізінен, басынан аяғына дейін терең әжуа, ащы шындыққа құрылған. Комедиядағы ашық та, астарланып та жеткізілетін оқиғалар езуге күлкі үйіре отырып, халқымыздың бүгінгі ахуалын зерделей білуге, болашағы туралы ойлануға шақырады. Ұл мен қыз, келін мен күйеу бала, немерелеріне дейін шетелдік есімді иеленген, құндылықтары да өзгерген бұл отбасы – кезіндегі кеңестік көзсіз интернационализмнің бүгінгі зардабының нақты көрінісі. Ұлттық болмысынан ажыраған ұлт қасіретін, ұрпақ тексіздігін, өз қолын өзі кесе алмай отырған ата-ананың өзегін өртеген окініштерін… қысқасы, қазақ қоғамының «заманауи» таным-түсінігін, қасіретін комедияландырып көз алдыңызға әкеледі. Тамашалайсыз. Ішек-сілеңіз қата күлесіз… Іле-шала езуіңіз сап тиылып, мұңаясыз. Дәл өмірдің өзі сияқты. Сырттай театр актерлерінің өнеріне сүйсініп, мәз болғаныңызбен, іштей нағыз өмір «актерлерінің» жігерсіздігі мен намыссыздығынан жерініп, күмілжисіз. Бейне бір кешіп жатқан бүгінгі қоғамның хал-ахуалын, сүріп жатқан шынайы өміріңіздің жай-күйін сыртынан тамашалап отырғандай әсерде болатыныңыз сөзсіз. Күнделікті күйбең тірлік қамында көзге көрініп, сезіле бермейтін пендешіл пиғылымыз бен рухани осалдығымыз дәл осы сәтте санаңызда тайға таңба басқандай тым анық көрініс береді. Сол кезде өзге емес, өзіңіз үшін ұялып төмен қарайсыз… Әсіресе, қазақ болудан қашып, өзге ұлттың атын жамылып, соны мақтан көретін кейіпкерлерді сахнаға шығару арқылы режиссер де, автор да қоғамымыздың көптеген олқылықтарын, адамдары рухани таязданып, ушығып бара жатқан замана індетін көрсете отырып, көп нәрсені ұғындырғысы келгенін аңғару қиын емес. Еліктегіш қазақтың да, ұйқышыл қазақтың да, жалқау қазақтың да, көрсеқызар қазақтың да бетпердесіз бейнелері көрінеді. Осы арқылы көрерменін, болашақ елдің тірегі жастарды ұлтымызға төніп келе жатқан үлкен қатерден сақтандырады, жамандықтан жирендіре отырып, дұрыс жолға түсудің бағытын нұсқайды. Бұл жөнінде қойылымда әлжуаз, жалқау Мэлс есімді кейіпкердің рөлін сомдаған актер Жалғас Толғанбай: «Ұйқыны жақсы көретін, әлі ұйықтап жүрген адамдар көп қой бізде. Бұл жерде менің сомдап жатқан образым, менің кейіпкерім қазақты сондай бір жағымсыз қасиеттерінен арылтып, уақытының барлығын бос ұйқымен өткізбей, халқы үшін қызмет етуге жұмсаса екен деген ниеттен туған болатын. Қазір қазақта шетелге кетіп жатқан адамдар да, өз ұлттық қалпынан, дінінен, ділінен ажырап жатқан түсінігі таяз, танымы тар бауырларымыз да жетерлік. Осы сынды олқылықтарға теңіздің бетіне тамған тамшы құрлы тосқауыл бола алсақ – біздің өнер адамы ретіндегі мысқалдай болса да міндетіміздің орындалғаны. Ал енді сахналаған образыма келсек, кейіпкерім бастан аяқ ұйқыны аңсап жүрген, өзінің жеті атасын білмейтін, қызы мен туған жиені қосылам деп жатса, «базар жоқ» деп бәріне немқұрайлы қарайтын намыссыз адам ретінде көрінеді. Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда да мұндай жайттар аз кездеспейді. Сондай адамдарға, әрекеттеріне қарап тұрып, Абай атамызша айтсақ, «қайнайды қаның, ашиды жаның». Онсыз да өзіміз аз халықпыз. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың орнына, осылай сан саққа шышырауымыз қазақ деген ұлы халық үшін ұят нәрсе. Қазақ болып туылғаннан кейін, қазаққа тән болмысымызды, дәстүрімізді, қазақтығымызды сақтап, ұрпақ тәрбиелеу мәселесіне үлкен мән бергеніміз жөн. Өйткені, еліміздің ертеңі – сол жастар. Спектакльді сахналау барысындағы театрдың, автордың, режиссердің, жалпы барлық ұжымның алдына қойған мақсаты – осы» – деп пікірін білдірсе, сомдаған бейнесі жөніндегі өз әсерімен немере қыз Эля бейнесіндегі Салтнат Бақаева былайша бөліседі: «Қойылымда сахналаған образым негізінен қызық әрі түсініксіз кейіпкер. Меніңше, оның осындай болып бой жеткеніне өзі кінәлі емес, оған кінәлі өскен ортасы, тәрбиелеп өсірген әке-шешесі және қоғам деп ойлаймын. Шын мәнінде, менің кейіпкерім кейпіндегі ұлттық рухы әлсіз адамдар біздің қоғамда көптеп кездеседі. «Өнер дегеніміз -өмірдің өзі» – дейді ғой. Ендеше сол өмірді неге өнер арқылы көрсетпеске? «Дос жылатып айтады». Өз олқылықтарымызды өзіміз түзеуге тырыспасақ, өзгеге оның ешбір қажеті жоқ. Ал, жастарға «еліктемеңіздер!» дегім келеді. Негізінен, қазақ халқы еліктегіш халық және оны шегіне жеткізіп орындайды. Мысалы, қазақ шет тілдерінің қайсысында сөйлемесін, акцентсіз таза сөлейді. Мұндай талантты өзге елдерден сирек кездестіреміз. Біздің еліктегіштігіміз соншалық, тіпті құйып аламыз. Ал, өзіміздің тілімізге келгенде бұрмалап, әбден сиқын кетіреміз. Көрерменіне ұсынылып отырған аталмыш комедияның негізі мақсаты да – өзгелерге еліктемей, керісінше өзіміздің қазақы қасиеттерімізді қанымызға сіңіріп, қастерлеп, ұлттық ерекшеліктерімізді көтеріп, соны мақтан тұтуға үндеу, жастар санасына ой тастау». Сахнадағы көзге қораштай көрінген кейбір оғаштау қылық, көріністерді ескермегенде, жалпы қойылымды сәтті сахналанды деп айта аламыз. Ең бастысы, қазақы намысымзды жанып, ұлттық рух биікке көтеріле алды. Әсіресе, мәселені режиссерлік тұрғыдан жан-жақты көре біліп, комедияны жаңашыл формада ұтқыр бере алуы, сахнаның үлкен астармен шебер декорациялануы да қойылымның құндылығын, көтеріліп отырған мәселенің өзектілігін, мән-маңызын одан әрі аша түскендей. Ал енді әртістер ойынына, шеберлігіне келсек, қарт ата мен апаның бейнесін сомдаған Бахтияр Қожа мен Данагүл Темірсұлтанованың, неміс келінді ойнаған Дәрия Жүсіптің, ұйқыдан басқаға бас ауыртып қарамайтын жалқау да жалтақ қазақ азматының рөліндегі Жалғас Толғанбайдың, жалпы қай-қайсысының болмасын өз образдарына тыңғылықты ізденіп, дайындалғандықтары, бүгінгі қоғамымыздың дертін бар жүректерімен сезініп, жанын сала ойнағандары көрініп тұр. Әсіресе, Айжамал бенесін нұсқалаған әртіс Шынар Жанысбекованың аузымен айтылған: «Неге біз ылғи біреуді ренжітіп алудан қорқамыз? Ал, қазақты ренжітуден неге ешкім қорықпайды?!.» деген ащы сөзі көпшілігіміздің өңменімізден өтіп, шекемізді шымырлатқыны жасырын емес. Өзгенің көңіліне қарап жалтақтайтын да, өз ұлтының ұлылығынан безіп, қазақ болудан арланатын да – өзге емес, өзіміз екенбіз… Оқиға желісі ширығып-ширығып, «Иә, расында да неге біз біреуге жалтақтап, еліктеп өмір кешуге тиіспіз?..» – деген ойға алып келеді көрерменін. Осы арқылы ұлттық болмысымызды, қазақы табиғатымызды қашанда биікте ұстау, оны жан жүрегімізбен қадірлеу қажет екендігіне тағы бір мәрте қойылым арқылы көз жеткізе түсіп, үлкен әсермен қайтатыныңыз анық. Өйткені Р.Ролланша айтсақ, өнер дегеніміздің өзі – ықшамдалып берілген өмір. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі қоғамның шындығын бейнелеуде аталмыш қойылымның да арқалаған жүгін жеңіл деп айта алмаймыз. Соған қарамастан спектакльді алға қойған үддесінен шыға алды деуімізге толықтай негіз бар. Бұл жөнінде қойылым авторы Еркін Жуасбек ағамыз: «Алғаш пьесаны жоба ретінде жазған кезде, сахнадан дәл осындай спектакль көремін деп ойлаған жоқпын. Шын мәнінде бүгінгі таңдағы, жаһандану заманындағы дініміздегі, ұлттық қасиетіміздегі алаөкпелік еріксіз осы дүниенің тууына түрткі болды. Қазақстанның үстінен де, астынан да өтіп жатқан жаңалықтардың бәрі біздің елімізге, әсіресе, жастарымызға қалай әсер етеді, қандай зиянын, қандай пайдасын тигізетінін ой елегінен өкізіп, саралаған кезде, өзіміздің ұлттық қасиетімізден ажырап қалмаймыз ба деген мәселенің болғаны рас. Тұсауы кесіліп жатқан қойылым негізінен сол мәселелер туралы жазылған пьеса болатын. Қағаз бетіне түскен ойымды театр одан әрі тереңдетіп, көз алдымызға бүгінгідей спектакль етіп әкеліп отыр. Яғни, бұл дегеніңіз автор тарапынан жасалған жобаны режиссер, актерлер шарықтау шегіне жеткізіп, көрерменіне күле отырып жылайтындай қойылым етіп өмірге келтірді деп айтуға болады. Сондықтан қайткен күнде де қазақтың қазақ болып қалатыны оның ұлттық қасиеті мен тілінде екендігін көременнің есіне тағы да бір мәрте сала алсақ, одан асқан мақсат жоқ. Сөз жоқ, менің мақсатым орындалды деп ойлаймын» – деп ағынан жарыла ой бөлісті. P.S. Автордың бұл пікірімен қарапайым көрермен ретінде біз де толықтай келісеміз. Олай дейтініміз, бүгінде қоғамда белең алып тұрған ұлтсыздану, шектен тыс еліктеушілік пен жағымпаздық сынды аса қатерлі дертіміздің үстінен дөп басқан қойлымның ұлттық болмысынан, қазақы тамырынан ажырап қалмау мәселелері алаңдататын кез келген көрерменді бей-жай қалдырмасы анық. Бәлкім, Сіз де ойланарсыз?!. Ендеше, театрда кездесейік!!!
karkyzy