Қазақ драма театрына он жылдан кейін қайта оралған Асанәлі Әшімовке алғашқыда Рубен Андриасян орыс драма театрында Лир патшаның рөлін сомдауға ұсыныс білдірген екен. Алайда, актер немістің талантты драматургы, Нобель сыйлығының лауреаты Гауптманның әйгілі драмасында ойнауға келісім береді. Содан бері де 8 жыл өтіп, “Ымырттағы махаббат” М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының көрерменді көп жинаған қойылым қатарына көтерілді.
“Ымырттағы махаббатқа” біз 2002 жылы ақпан мен қазан аралығында ұзақ дайындалдық. Мұндай ұзақ репетиция Әуезов театрында Әзірбайжан Мәмбетовтен кейін болып көрген емес. Режиссер Андриасян М.Горькийдің “Шыңырау” пьесасына екі жыл қатарынан репетиция жүргізген Немирович-Данченконың әдісіне сүйенді. Есесіне бұл спектакль МХАТ сахнасынан 40 жыл қатарынан түскен жоқ” дейтін Асекеңнің кітабында аталмыш спектакльге қатысты естелік жолдары бар екен.
Қарт актердің пайымдауынша, аз уақытта да қойылымды сахналауға болады. Алайда, Әшімов “…4-5 репетицияда актер мәтінді жаттап алуы мүмкін, бірақ, сол кейіпке толық еніп, кейіпкердің жан-дүниесін толық зерттеп үлгере алмайды”, дейді.
Содан бері Асанәлі Әшімов немістің ауқатты да абыройлы, бірақ жалғыздық азабын тартқан Маттиастың рөлін сомдап келеді. Маттиастың көңіл-күйінен кейде өз тағдырын да көретін актердің жанына Гауптманның драмасы жақын деуге де болады.
Тағдырдың талай теперішіне мойымай, қиналған сайын алға ұмтылған Асанәлі Әшімовке – Маттиас Клаузенге ғашық болмау мүмкін емес. Әрине, бәйшешек атқан Инкен Петерс те (актриса Назгүл Қарабалина) оны сүйеді. Маттиас үшін ол да мына дүниені тәрк етіп, қол ұстасып, баз кешіп кетуге бар. Дегенмен, бір өкініштісі, актрисаның дауысында нәзіктік пен дәрменсіздіктен, қасіреттен гөрі өктемдік басым болып көрінетін тұстары бар. Театр сыншысы болмасақ та, біз бұл ескертуді спектакльдің тағы да жүз рет қойылатынына сеніп, жанашырлықпен айтып отырмыз.
Маттиастың бала-шағасы әкелерінің өзі де, дүниесі де қолдарынан сусып шығып бара жатқанын білгенде, аласұрып, бақ-дәулеттен айырылмау үшін барларын салып, тіпті әкелеріне “ақыл-есі ауысқан” деген жалған анықтама жасатып, жанталасады. Әкелеріне қастық қылуға дәті бармайтын бір адам бар – ол кенже баласы Эгмонд (Азамат Сұрапбаев).
Сүйікті қыздары Оттилия (Данагүл Темірсұлтанова) мен Беттинаға да (Алма Кәкішева) жеме-жемге келгенде әкелерінің бақытты болғаны керек емес екен. Дүние жақынырақ… Маттиастың үлкен ұлы Вольфгангты – актер Бақтияр Қожаның да жан-жақты қабілет иесі екендігін көресің. Бұл спектакль күйеу баласы Эрик Кламратты сомдаған Берік Айтжановты да мүлде жаңа қырынан танытады. “Ағайындылар” телесериалы арқылы киноға өз қолтаңбасымен келген Берік Айтжанов бүгінде “әкемтеатрдың” берік бір уығына айналып отыр.
Осыдан 35 жыл бұрынғы “Бекежан” мен “Төлегеннің” өнерде бір тоғысатын тұсы да осы драма. Құман Тастанбеков аталмыш спектакльде Маттиастың дәрігері – Штейницті ойнайды. Дарынды актерлар шоғыры туралы сөз қозғай отырып, үй қызметшісі Винтерді ойнаған Омар Қиқымовтың кейіпкерін аттап өту мүмкін емес. Алаңғасарлау сияқты көрінгенімен, адамдығы мен адалдығынан айнып көрмеген қара нәсілді қызметшіні Қиқымов қалай келістіреді десеңізші! Кішкентай рөлдегі оның үлкен дарыны даусыз ризашылық туғызбақ.
Ал Инкеннің шешесі – фрау Петерсті Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақыт Жанғалиева соңғы жылдары тек өзі бейнелеп жүр. Бұл рөлде өзіне тән тәкаппарлығын аналық мейірім мен сабырға суарған Бақыт Жанғалиевадан басқа актрисаны елестету мүмкін емес. Еуропалық бекзат болмысты барынша сендіріп суреттейтін актриса көрермендердің қандай қолпашына болса да лайық.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы
"Егемен Қазақстан" газеті.