БАҚ біз туралы

Таңсұлу – тектілік пен намыстың нышаны

 Таяуда М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында «Таңсұлу» спектаклінің премьерасы өтті. Ұлттық Ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, жерлесіміз Ғарифолла Есімнің прозалық шығармасы негізінде әзірленген пьеса қалың көрерменнің ықыласына бөленді.
   Аталмыш туынды ел анасы, ұрпақ анасы – қыз тақырыбына арналған. «Таңсұлу» шығармасы туралы Ғарифолла Есім:
   - Ел басына күн туған сәтте тұтқынға түскен ару махаббатына адал болып, ұрпағын аман сақтауды көздейді. Ұлын бабалар рухында тәрбиелеп, халқымыздың қамын ойлайды. Таңсұлу – тарихта болған батыр әйел. Тарихи тұлға шамамен Төле би заманында өмір сүрген деседі. Бұл аңызда қыз баланың ерлігі туралы айтылады. Оның тағдыры мені таң қалдырғаны соншалық, пьеса жазуға қалам тарттым, - дейді.
   «Таңсұлу» қойылымының режиссері – павлоларлық Алма Кәкішева. Пьеса көрерменді тарихи мазмұнымен ғана емес, заманауи техникалық бояуларымен баурап алады. Шығармашылық топтың айтуынша, бұл - қазақ театрының шаңырағында 3D форматында сахналанған алғашқы қойылым.

   Алма КӘКІШЕВА, режиссер:
   - Бір қызығы, жерлес болсақ та, Ғарифолла Есіммен танысудың жолы түспепті. Оны философиялық сарында жазылған шығармалары арқылы ғана білетінмін. Бірде ағамыздың «Жар жағалап жүрміз» атты кітабы қолыма түсіп, сондағы «Таңсұлуды» оқып шықтым. Аталмыш туынды көңілімнен шығып, шабытыма қанат бітірді. Кейін Ғ.Есімге хабарласып, әдеби туындыны пьеса жанрында жазып беруге ұсыныс жасадым. Ағамыздың келісімімен кезекті шығармашылық жұмысыма кірісіп кеттім. Басты кейіпкер - Таңсұлу арқылы қазақ қызының өр мінезі мен намысын сезінгендей болдым. Басқаша айтсақ, пьесада «ұлттық код» сақталған. Бұл дегеніміз – туған тіл, салт-дәстүр, ұлт тарихы. Рухани құндылықтарымызды театрымыздың жас әртістері жеткізді.

   Қабыл ХАЛЫҚОВ, қоюшы-суретші:
   - «Таңсұлу» қойылымы тың сценография жасауға мүмкіндік берді. Бұрынғы және қазіргі заманды, болашақты, яғни, үш кеңістікті тоғыстыру үшін видеожоба, 3D әсерлер, голография қолдануға тырыстық. Басты мақсат – қазақтың фольклорлық, этнографиялық мұрасын көрсету, қазақы мәдени кеңістікті көрермен алдына әкелу, жас ұрпаққа үлгі ету.

Ақмарал ЕСІМХАНОВА

saryarka-samaly.kz