Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов мерейтой иесіне ақ тілектерге толы құттықтау хатын жолдады.
«Құрметті Ғазиза Мәкешқызы. Сізді мерейлі тойыңызбен және осынау өмірдің асқаралы биігін бағындырған абыройлы белесіңіздегі шығармашылық жолыңыздың мәртебелі кешімен шын жүректен құттықтаймын. Сөз жоқ, бұл тек сіздің ғана емес, өзіңіздің ұзақ жылдар бойы театр атты киелі сахнаның сара жолын сақтап, төл мәдениетімізді баптаған майталман еңбегіңізді шынайы бағалайтын барша өнерсүйер қауымның толайым қуанышы деп білемін. Өйткені, жүздің бейнесін, мыңның тағдырын сомдау екінің біріне қона бермейтін ерекше дарынды ғана емес, осының арқасында тұтас елдің болмысын толғап, ішкі тілегін жалғай білетін зерделі зиялылықты талап етеді. Ол да болса өзіңіздей рухани тұңғиығы терең өнер адамының шығармашылық мәртебесін мойындаған патша көңіл көрерменнің сізге және сіз арқылы барша театр саңлақтарына, ал өнерпаз қауымның өз жанкүйерлеріне деген өзара риясыз құрметі. Ендеше, сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға амандық, театр мен кинодағы майталман еңбегіңізге мол табыстар тілеймін», – делінген Иманғали Тасмағамбетовтың құттықтау хатында.
Сондай-ақ, кеште Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев кеш иесін құттықтап, шаһар басшысы Бауыржан Байбектің құттықтау хатын табыстады. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров те мерейтой иесін құттықтап, оған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын тапсырды.
Алматы мемлекеттік Құрманғазы атындағы Өнер институты, Театр факультетінің актер бөлімін бітіргеннен кейін, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрынан еңбек жолын бастаған өнер иесі – 1993 жылдан бүгінгі күнге дейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында талмай еңбек етіп келеді. Көрермен қауымға рөлдерінің шынайылығы арқылы танылған Ғазиза Әбдінәбиева театр сахнасында әлемдік классика мен заманауи драматургияда 50-ден астам образдарды сомдап, республикалық және халықаралық театр фестивальдерінің бірнеше мәрте жүлдегері атанған. Сондай-ақ, ширек ғасыр ғұмырын әкемтеатрына арнаған актриса балаларға арналған телебағдарламалардағы рөлдері арқылы да көпшіліктің көңіліне жылу ұялатады.
Балнұр АХМЕТ
http://almaty-akshamy.kz/teatrdy-azizasy/