БАҚ біз туралы

М.Әуезов театры жаңа маусымның шымылдығын ашты

Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры өнер сүйер қауыммен қайта қауышты. Әлемдік пандемияның салдарынан театр есігі жабық болғанымен, ұжым онлайн режімде көрерменінен ажыраған жоқ. 95-маусым шымылдығы «Абайдың жұмбағы» қойылымының премьерасымен ашылды. 
Спектакльдің сахналық нұсқасын жасаған – Болат Әбділманов, Мадина Омарова. Қоюшы режиссері – Аридаш Оспанбаева. Қоюшы суретші – Мұрат Сапаров. Премьераның ашылу салтанатында сөз алған театр директоры Еркін Жуасбек: «Көтермесе көңілді кір басады» дейді қазақтың қасиетті қара өлеңінде. Көңіл көтеру деген – жеңіл, ойсыз күлкі емес, үрейден, қорқыныштан, ауру қай жағымыздан келеді деген уайымнан бір сәтке болса да басты алып қашу керек. Қазақстанның басқа қалаларында мұндай жағдай жоқ, тек Алматыда ғана залдың елу пайызына көрермен шақырып, спектакль көрсетуге рұқсат берілді. Соның арқасында сіздермен қауышудың мүмкіндігі туып отыр. Қазіргі жағдайға байланысты шектеулерге қарамай, онлайн режимде дайындаған жаңа қойылымдарымыз, бұрыннан сахналанып жүрген спектакльдеріміз бар. Өнеріміз сіздер үшін. Өздеріңізді көргенімізге қуанышты­мыз, – деді.


«Абай жолы» романының ізімен, Абайдың қарасөздері мен өлеңдерінен құралған қойылымның сахналық нұсқасын жа­саған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов. Актер қойылымда басты рөлді сомдап, көпшілікті Абаймен бетпе-бет тілдестірді. Жас Абайдың рөлін Н.Қуанышбайұлы сомдаса, Құнанбайдың образында бел­гілі актер С.Мерекеұлы, Зере мен Ұлжан бейнесінде Г.Тұтова мен Ш.Асқар­ова, Тоғжан рөлінде Д.Үсенова ойнайды. Әбдірахман – Ж.Қонысбай, ал Оспанның бейнесінде Е.Тұрысов өнер көрсетті. Абай жұмбағының сыры неде? Абай неге өз заманында ерекше күй кешті?. Неге заманының ағымына бағынбады? Осы сауалдарға қойылымнан жауап аласыз. Абай ойландырады, толғандырады. Қойылымның болашақ ұрпаққа берері мол, артар аманаты бар. Жуырда театр ұжымы Абайдың 175 жылдығына орай, ақынның қара сөздері негізінде жазылған «Қара» драма-диалогын көрермен назарына ұсынады.

                                                                                                                Мақпал Ноғайбаева

Ақпарат jasqazaq.kz сайтынан алынды.