БАҚ біз туралы

Қырғызстандағы халықаралық театр фестивалінде жазушы Ж.Ерғалиевтің «Қас-қағым» трагедиясы Бас жүлдені жеңіп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, жазушы Жабал Ерғалиевтің «Қас-қағым» метафизика­лық трагедиясы Қырғызстанда өткен V халықаралық «ART-ORDO» театр фестивалінде үздік спектакль аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды.
Қырғызстанда өткен халықаралық бұл театрлар фестиваліне 3 шетелдік және 9 қырғыз театры қатысты. Қазақ­станнан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мен С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театры қатысқан болатын. 
Қырғыз жерінде өткізілген бұл өнер додасында Набережные Чельныдегі Татар мемлекеттік академиялық драма театры, М.Вахидова атындағы Тәжік мем­лекеттік жастар театрлары да, өнер көрсеткен  фестивальде сыншылар алқасы да жұмыс істеді. Оның құрамында Жаныш Құлмамбетов, сыншылар алқасының төрағасы, Қырғызстанның театр қайраткерлер одағының президенті (Бішкек); Еркін Жуасбек, өнертану ғылымдарының кандидаты (Қазақстан); Зухра Исламбаева, өнертану ғылым­дарының кандидаты (Қазақстан); Людмила Молдалиева, театртанушы (Қырғызстан); Рауза Сұлтанова, өнертану ғылымдарының кандидаты (Татарстан); Мухаммадулло Табаров, тарих ғылымдарының кандидаты (Тәжікстан); Жылдыз Тойбаева, филология ғылым­дарының кандидаты (Қырғызстан) сияқты театр мамандары бар.
Қазақ елінің театр өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры Жабал Ерғалиевтің «Қас-қағым» спектаклімен қатысып, бас жүлде - «Үздік спектакль» аталымымен марапатталды. Фестивальдің жабылуына арналған рәсімде Ж.Ерғалиевтің «Қас-қағым» метафизика­лық трагедиясының режиссері Елік Нұрсұлтанға Қырғызстан Республикасы­ның мәдениет, ақпарат және туризм министрі Алтынбек Мақсұтов Бас жүлдені өз қолымен табыстады.
Мухамадулло ТАБАРОВ, 
Тәжікстан Республикасының тарих ғылымдарының докторы, театр сыншысы:
- «Қас-қағым» спектаклін көргеннен кейінгі таңғалысымды жасыра алмаймын. Театр адам руханиятының аралын көр­сетеді. Сіздердің тілде қалай екенін білмеймін, бірақ менің тілімдегі «Жазира» «Остров» деген мағынаны білдіреді. Біз әлем үлкен деп айтамыз, алайда бар­лығымыз махаббат пен рух қоршаған бір аралдамыз. Спектакльде науқас қыздың санасында жүрген процестің барлығы - махаббаттың жетіспеушілігінен. Ол сүйсем, сүйікті болсам деп елестетеді. Оның сүю, сүйікті болуға деген қарапайым ғана арманына не кедергі жасайды? Театрда сезім ойнайтынын түсінемін, бір қарағанда іс жүзінде мүмкін емес, бұл тек актерлердің ойынымен көрсете алатын бөлшегі ғана. Бұрын осыны реинкарнация өнері деп атайтынбыз.
Спектакль режиссер мен актерлердің әдемі жұмысынан туындағаны көрініп тұр. Біз гуманистік тұрғыдан театрдың бойымызға жанашырлықты дарытатынына өте қуаныштымыз. Науқасқа не жетпейді? Махаббат. Өміріміздің есалаңдық ырғағына қарамастан, біз адами қарым-қатынасты қалаймыз. Бізге не жетіспейді? Науқастарға күтім жетіспейді, ал бізге тыныштық, түсіністік жетіспейді. Ең жақын жан­дарымыздың өзіне көңіл бөлмейміз, міне, бұл - осы мәселелерді ашық бейнелеген өте нәзік иірімді психологиялық жұмыс. Театр заманауи технологиялармен дүниежүзілік сезім, түсіністікті көрсетеді. Осы науқастардың орнында біз жүрген сияқтымыз. Барлығы нәзік иірімдермен, зергер жасағандай жасалған. Мен өз елімде, өз театрымда, өз мүмкіншілік­терімізді пайдалана отырып сахналауды елестетемін. Мұнда режиссердің қол­таңбасы көрініп тұр. Сонымен қатар артистердің адал, таза жұмыстары сайрап тұр. Суретшілер техникалық құралдармен, түстермен жақсы жұмыс жасаған. Адам жанын тыныштандыратын көк, теңіз түстер, жүйке қоздыратын қызыл түс және жалпы түс. Қойылым геройлары қайда тұрса да, біз оларды көзбен, эмоциямен көреміз, сеземіз. Мизансценадан-ақ жас режиссердің өз ісінің білгірі екені бай­қалады. Ол спектакльдің тереңдігін және шарықтау шегін біледі. Өте гармониялық, динамикалық, еліктіргіш жұмыс, ең бастысы, театр бізді мейірімділікке жетелейді. Біз адами қарым-қатынасты қалаймыз, бірақ өзгелердің сезіміне жауап беру ең қажетті құндылық екенің ұмыт­пауымыз керек. 
Жаныш ҚҰЛМАМБЕТОВ, 
Қырғызстан Республикасының Театр қайраткерлер одағының төрағасы:
- Мені қуантатыны - жас режиссердің қоғамымыздағы проблемаларды белсенді түрде қолға алғаны, қозғағаны. Иә, біз осындай фантасмагориялық әлемде өмір сүреміз. Олар әртүрлі аспектіде әр алуан көрініс табады. Режиссер осының барлығын көрсетуге тырысады. Менің ойымша, жас режиссердің азаматтық позициясы мақтауға тұрарлық. Театр, ең бірінші, адамдар, көрермендер үшін. Міне, сол себепті ол жеңді. Екіншіден, режиссер актерлермен қалай жұмыс істеу керектігін біледі. Тамаша актерлік жұмыс, тамаша сәттер бар. Спектакль көрермендердің және біздің санамызға әсер етті. Мен бұл спектакльдің жетістігі деп ойлаймын. 
Нұрлан АБДЫҚАЛЫҚОВ, 
Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, режиссер:
- Қазақстанда көптеген жаңа стильдегі драматургтердің бар екенін білемін. «Қас-қа­ғым» спектаклінде көптеген жанрлар қам­тылған. Әлбетте, бұлардың бәрі - Батыс, Еуропа театрларынан келген ағым. Бірақ соған қарамастан, қаһармандар өз рөлдерін иін қандыра ойнады. Менің білетінім, - олар - театр және киноның белгілі әрі белді актерлері. Бұл экспери­ментальдық спек­такль екені белгілі және көрермендер жақсы қабылдады. 

 Дайындаған 

Салтанат ӘБІЛҒАЗИЕВА, 

Мөлдір БЕКЖАН.