Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
– Өткен ғасырдың елең-алаң басында – 1927 жылы жазылған «Қилы заман» повесі ұлы жазушының отызға дейінгі туындыларының ішіндегі ең күрделісі. Қазақ өмірін әлемдік контексте карастыра отырып, белгілі бір тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалардың өмірін, ащы тағдырын шыншыл суреттеуге қаршадайынан қалыптасқан суреткер қаламы Қарқара топырағында болған қанды оқиғаны әдейі таңдап алғаны еш күмән тудырмаса керек.
1916 жылғы қазақ жерінің қиыр-қиырын кең қамтып, Ресей самодержавиесінің ойын қалтыратқан ұлт-азаттық көтерілісінің халық өміріне қалдырған табы қалың. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, осы тұстағы көтеріліс салқынының ел өміріне қалдырған ізі адам сенгісіз. Ауыл-ауылдары мен елді мекендері тығыз орналасқан, жартылай отырықшы, жартылай көшпелі үлгіде жаңа ғасыр босағасын аттаған көрікті, көркем өлке – Жетісудан осы жылы Қытайға қарай 300 (үш жүз) мыңдай адам үріккен. Үш жүз мыңның екі жүз елу мыңдайы қазақ, елу мыңнан астамы қырғыздар... Ойланып көріңізші... Үш жүз мың тағдыр. Анау-мынау кіші-гірім бір ұлттың саны. Бергі беттегі көтерілістің өрті жайылған тау-тасында көмусіз қалған, өлген-жіткен қандастарымыз қаншама?!
1916 жылғы Қарқара мен Қарақол, Пішпек пен Тоқмақ, Қастек пен Жаркент, Қапал мен Көксу, Әулие Ата мен Созақ, Торғай мен Ырғыз, т.т. өңірлерде болған ұлттық-азаттық сипаттағы жалпыхалықтық көтеріліс ошақтарының бірінен саналатын Қарқара көтерілісі туралы өз басым бала күнімнен естідім.
Қазандағы сүтін сапырып отырып, қоңыр күртелі әжем – ұлы әжем – Оразалының шешесі, әкем Мырқасымның әжесі – Мақтым әңгіме айтушы еді...
Әжемнің әңгімесі маған бір түрлі төркініне қайғы-мұң ұялаған қазақы сарындағы көне-көне күндердің көнермес әніндей болып естілетін.
1984 жылы жолым түсіп Қарақолға бардым...
Қарақол көшелерінен сұрастырып жүріп, ана ғасырдың басында салынған ескі түрмені таптым. Мұсылман мешітінің (кейін салынған болуы мүмкін) қасына орналасқан орыс патшасының ескі түрмесі бұзыла қоймаған екен. Ұлы Мұхаңның «Қилы заманында» тұрғандай орнында тұр... Әлі түрме көрінеді... Соны естігенде жүрегім селк еткені есімде.
Мешітке кірдік. Адам аз екен. Көңілге алған үлкен парызды орындадық. Садақа, пітірді адал төлеп, мешіттің молдасына құран оқыттық. Өзім білетін арғы-бергі аталарым мен әзиз жүректі аналарымның қатарына Қарқара көтерілісінің Жәмеңке, Ұзақ, Жаңабай, Құрман, Тұрлықожа, Нүке, Біләл, Әубәкір, Диханбай, Кәрбоз, Қазыбек, Жанпейіс, Серікбай, Дәмен, Хасен секілді есімін білетін ел қадірлілерін қостым. Рухтарының ел жадында жаңғыруын тіледім.
Сол жылы Мұхаңның мен сахналаған атақты повесі академиялық театрдың репертуарына екінші рет кіріп, тағы да қойылмай қалды.
Пьесаның жазылуына тікелей себепкер болған Асекең – марқұм Асқар Сүлейменов пен пьесаны сахнаға шығарғысы келіп шырылдаған Әубәкір Рахимов ренжіп-ренжіп қойды. Пьесаның алғашқы нұсқасы 1979 жылы дүниеге келіп еді. Екінші нұсқасы 1981 жылы Пицундада жатып, қайта жазылды. Қойылған жоқ. Осы нұсқа (екінші) өзіме ұнайтын. 1987 жылы марқұм, талантты режиссер Қадыр Жетпісбаев осы нұсқаны қолына алып, білек сыбана кірісті. Өкінішке орай, спектакль қызу дайындық кезінде тоқтатылды. «Қазақ ұлтшылдығының» қайнап тұрған кезі... Неге тоқтатылғанын ешкім айтпады... Ұлы суреткердің 90 жылдығына бағышталған классикалық дүниенің сахналық үлгісі орта жолда тоқтады.
«Қилы заманның» 1928 жылы авторымен қоса жауапқа тартылып, түрмеге қамалуы аттай 44 жылға созылса (1972 жылы «Новый мир» журналының 6 санында Шыңғыс Айтматовтың алғысөзімен жарық көргенге дейін), оның сахнаға барар жолы да 18 жылға созылды. Қалың жұрт сарыла күткен атақты шығарманың алғашқы сахналық қойылымын жүзеге асыру пьесаның алғашқы нұсқасынан бастап, барын салып жүгірген Әубәкір Рахимовтың мандайына жазылыпты.
1997 жылы ұлы суреткердің 100 жылдық мерекесі кезінде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында қойылған спектакль премьерасы ел жадында болар деп ойлаймын?!
Міне, араға 15 жылдай уақыт салып, бас театрымыздың сахнасынан тағы да сол қойылымды жаңғырған, толыққан, тереңдетілген күйде қайта көріп отырмыз. Сол режиссер, сол композитор, сол сценограф. Тек актерлер ғана бөлек. Түгелге дерлік жаңа құрам. Театр репертуарының алтын арқауындай болған классикалық дүниелерден бастап, ұлттық драматургияның озық-озық үлгілерінің бәрінде ойнап жүрген дарынды жас буынның сахна төрінен қаулап көрінгеніне қуандым. Режиссердің сол 1997 жылғы шешімін сақтай отырып, жас буын актерлермен табанды жұмыс атқарғаны ұнады.
Сахна шындығының жарқырап көрінуі – көбіне актер ойынындағы шыншылдық пен кәсіби шеберлігіне байланысты. Әрбір шағын мизансценалардан бастап, кесек-кесек сахналық құбылуларға жалғасып жататын өрісі кең өрімдер зал мен сахнаның тылсым сырлы жұмбақ байланысын орнықтыруға жұмылуы тиіс. Спектакль бойынан мен осындай байсалды, байыпты көркем өмірді көрдім. Қасірет пен қайғыға батқанымен, өмірге, ертеңге деген сеніміне шаң қондырмай, ұрпақ амандығы үшін бәріне бас тігуге бекем бел байлаған ел басшыларының кесек тұлғаларынан кемелдік әрекет көрдім.
Ұстамдылық, ұлттық әдет-ғұрып пен халықтық ұстанымдарға деген адалдық – бүгінгі жаһандану жағдайында тамырынан айырыла жаздап жүрген жастарымызға ауадай қажет құндылық. Бұл – ұлттық сипаттарымызбен қатар, адамшылық асыл қасиеттеріміздің де жойылып кетпеуіне ықпал етер дүниелік құбылыстың жемісі. Таным мен тәрбие дейтін ұлт рухының биіктеуіне қызмет етер селкеусіз көркем шындық спектакль өмірін ұзарта түсеріне кәміл сенемін.
Спектакльді көріп отырып, бір жүйе мен бір үлгіге бағынған көп дауысты музыкалық оркестрді тыңдағандай күй кештім. Екі құрамдағы актерлер жақсы мағынадағы шығармашылық бәйгеге қатар түскендей әсерге бөлейді. Мұны спектакльдің жетістігі деп бағалауға болады. Сахнадан өз міндеттерін барынша терең түсініп, жан-жүректерімен орындап жүрген, бірін-бірі көзбен көріп, көңілмен ұғар жарасты партнерлік әдептілікті, жүйелі бірізділікті сезіндік.
Екінші план, текст астарын ашу секілді сахналық мәдениеттің үлгісі мен өнегесін танытар тас-түйін қолтаңба Әубәкір Рахимов қойылымының үлкен жетістігі дер едім.
Табиғаттың ұлы кескіні мен адамдардың ұлы мінез-қалыбын тұтастандырып жіберетін сценографиялық шешім де сахналық кеңістікті емін-еркін игеруге көмектесіп тұр. Сахнадағы стильдік тұтастық пен органикалық үйлесім осы айтқанымыздың жемісі. Терең мазмұнды ұлттық сарындағы музыкалық әрлеу спектакльге ерекше эмоционалды сипат береді. Көрерменнің тамырын байлаған ереуілді дәуірдің мінезі мен болмысын танығандай боламыз.
«Алашым» деп бастарын жадыға қойған қайран ата-бабаларымыз-ай!
Бекжан Тұрыс сомдаған Жәмеңке мен Ерлан Біләл сомдаған Ұзақ батыр ойындарын көріп отырып, жаңа буын актерлердің өзгеге ұқсамайтын өзіндік ойлау, өзгеше сөйлеу машығы мен мәнерін еркін игергенін айқын аңғардық. Жан-дүниелері жанталас күрес пен азапты арпалыстардың майданына түскен трагедия кейіпкерлерінің қай-қайсысы туралы да осындай әділ бағаны ойланбай айтуға болады.
Иә... Спектакль бір тұтас көркем туынды биігіне көтерілген. Шығарма ұлттық рухты асқақтатар бояу мен реңке бай. Ой мен сөздің, әрекет пен қимылдың, қасірет пен қайғының құндағында тербеле отырып, аталмыш туындының 62 тамырында атқақтаған өмір, дәуір шындығы қатал заманның қайырымсыз мінезін таразылауға, тарихтың ащы сабақтарын талқылап, талдауға, содан қорытынды шығаруға жетелейді.
Пьеса авторы ретінде менің спектакль туралы айтар алғашқы әсерім мен қысқа қайырып айтар ойым осы.
Қара орман қазақтың басына талай келіп, талай кеткен көзсіз бақтың 1916 жылы ел көңілі мен санасынан қатты үріккені ақиқат. Бақ елден үркіп қана қоймай, елдің өрісі тарылып, өзегі өртеніп, кіндік қаны тамған қасиетті туған жерінен, туған топырағынан үдере көшкен кезеңі жайлы шығарма жазу бүгін жеңіл болып көрінуі әбден ықтимал. Өз кезінде өзегін өрт болып шалған 1916 жылдың өмір ақиқатын жазу бас бермес «асауды жуасытумен» бірдей болғанын несіне жасырамыз.
Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманы» – осындай қатпары қалың, жүгі ауыр оқиға жайлы жазылған батыр шығарма. Жанын шүберекке түйіп, өзін құрмалдыққа арнаған батырлар мен батылдар жайлы басқаша жазу мүмкін де емес еді.
Арғы-бергі дәуірлер көшінде талай шаң қауып барып, ойын түзеп, бойын тіктеген ұлтымыздың ұлы тарихында ел абыройын аспандатып, рухын биікке көтерген, алаш жұртының арқасын аяздай қарып, айбынын жаныған ұлы оқиғалардың бірі жайлы жазылған бұл туынды қай дәуір, қай кезеңде де ұлтты тану мен сүюдің, ұлт үшін қайғыру мен мұңаюдың, ұлт үміті мен сенімін аялаудың мәңгілік бағдар жұлдызы болары даусыз.
«Қилы заман» спектаклі театр репертуарынан өзінің лайықты орнын алып, әмісе өнердің адал биіктерінен көрінеді деген үміт пен сенім үстіндемін.
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
– Академтеатр көрермендерін тағы бір қойылыммен – М. Әуезовтің аты-шулы «Қилы заман» хикаятының сахналық нұсқасымен қуантты. Ұлы жазушының шырғалаң тағдырлы шығармасын сахна тіліне түсірген белгілі драматург Нұрлан Оразалин. Режиссурасы Әубәкір Рахимовтікі. Алаш-орда партиясының идеологтарының бірі болған жас Әуезов бұл шығармасын қазақ даласындағы 1916 жылғы оқиғаның қанды шаңы сейілмей тұрып жазғаны аян. Ол тұста орыс отаршылдығын оңдырмай тоқпақ астына алған бұндай «ұлтшыл» шығарманың баспадан шығуы мүмкін емес еді. Шықса жазушы басы кетер еді. Осы ретте алаш үшін басын бәйгеге тіккен жас жазушының батырлығына бас шайқайсың. Қазақ қанын сүліктей сорған отаршылдар июнь жарлығымен енді оның жанына қол салғанда Жетісуда, оның ішінде Қарқара жәрмеңкесінде бұрқ еткен халық қаһары қарулы көтеріліске ұласып еді. Осы пікірді жазар алдында біз ұлы жазушы шығармасын қайта шолып шықтық. Әуезов прозашы мен Әуезов драматург бөле-жарғысыз бір тұлға екеніне тағы да көз жеткіздік. Яғни, шығарманың драматургиялық белтемірі нық орнатылған. Экспозиция 16 жыл оқиғасын тудырған Патша жарлығын жәрмеңкеде жариялаудан басталады. Оны жариялаған Ақжелке осы жәрмеңке иесі немесе осы өлкедегі отаршылдар өкілі, бет қаратпас билік өкілі. Қарсы келген қазақты қара жерге қағады. Драматург Нұрлан Оразалин ұлы жазушы шығармасының шымыр да ұтымды осынау экспозициясын сахна тіліне қысқартып аударған. Сахна тілі ол әрине проза тілі емес. «Қилы заман» қаншалықты драматургиялық белтемірі мықты құрылым болса да оны сол күйінде сахнаға шығару мүмкін емес екені аян. Проза тілі пьеса тіліне аударылуы шарт. Шығарма кейіпкерлерінің образын, оқиға мазмұнын сақтай отырып, бүгінгі заманның актері дауыстайтын диалог бәрібір қайта жазылуға тиіс. Басқаша болуы мүмкін емес. Сондықтан, драматург Оразалин Әуезов рухына сүйене отырып диалогтар денін қайта жазған. Егер, осы шығармасын ұлы жазушы көзі тірісінде сахналауды қолға алса, сөзсіз, ол да яғни, драматург Әуезов те прозашы Әуезовтің диалогтарын қайта жазған болар еді. Сахна стихиясының қатал заңына жүгінген болар еді. Өйткені, шығарманың бір жанрдың тонын тастап, екінші жанрдың тонын киюі өзгеріс. Үлкен өзгеріс. Бірақ, ішкі мазмұнның емес, сыртқы түрдің өзгерісі. Классикалық прозаны сахналаудың бұл шартына драматург те, режиссер де зәредей қиянат жасамаған. Керісінше, сахнаға ғана тән мол мүмкіндікті ұтымды пайдаланған, шығарма болмысын тамаша тірілткен. Прозада көзге көрінбейтін батыр Ұзақ, данагөй Жәмеңке, озбыр ұлық Ақжелке, Аяулы Бәкей қыз, жылпос тілмәш, мекер болыс, мейірбан орыс дәрігер, қарулы Хлыновскийлер сахнада көз алдымызға тіріліп шыға келді. Бұның эффекті бөлек еді... Театр құдіреті де осында. Өйткені, актер ойынымен сахнада текетіреске түскен тағдырлар сізді қазақ бастан кешкен осы бір қанды оқиғаның көзкуәсі етеді. Көрермен алдына шыққан Әуезов кейіпкерлеріне драматург Оразалин «жанқалтасынан алып» бір ғана кейіпкер қосыпты. Ол – қандыбалақ Хлыновский, ақырған Ақжелкелер қатарында оларға мүлдем ұқсамайтын мейірбан, интеллигент орыс дәрігері. Бұл дәрігердің ауызымен драматург отаршылдар жүзеге асырып жатқан оспадарлықтың қоспасыз қылмыс екенін айғақтайды. Ақжелке мен Хлыновский мал ретінде қарайтын қазақтардың да кәдімгі адам екенін мейірбан орыс отаршыл орыстың бетіне айтады. Алайда, дәрігердің гуманизмге толы мәлімдемесі аяқасты қалды. Бақылаусыз билікке мас болған Ақжелке мен Хлыновский бір ел бетке ұстаған батыр Ұзақ пен Жәмеңкені жәрмеңкенің абақтысына тоғытты. Албанның осы басшыларын түрмеге тығып қойсақ, қосшылары қайда кетер дейсің, деген шолақ шешім жасады. Өйткені, бұлар көз ашқалы албанды «жүндеуге жақсы жуас түйе» деп келген еді. Жынына тисең, жуас түйенің тапырақтайтынын білмеген еді. Қазақ қозғалса қатты қозғалатынын көрмеген еді. Халық қаһары дегенді білмеуші еді. Жүндеуге жақсы жуас ел албандар кенет ел жақсысы Жәмеңке түрмеде уланды дегенде жиналып келіп абақтыны жапырып кетті. Атқан қаруға тоқтамады. Ақжелке мен Хлыновский қазақтың каһарын енді көрді. Бұлар өлгенін білмейтін ел екен. Алдын атып жатсаң, оққа қарсы арты ұмтылады. Алматыдан әскер алдыртты. Пулемет орнатты. Сол пулеметпен оққа қарсы ұмтылған қалың албанды шыбындай қырды. Бірақ оғы таусылса да қанына қарайып алған көтерілісшілер таусылмады. Мылтықты солдатты шекеден ұрып, шоқпармен шоңқайтты. Кектенген қазақтар сөйтіп, жастығын ала жатты. Содан кейін ел ауды. Ата жұртпен аңырап қоштасты. Ақырған аюмен алысқан алаш қытай ауып бара жатты. Ақырған аю құшағынан құтылғанша асықты. Бірақ, байғұс ел алдында ауызды кең ашып айдаһар жатқанын қайдан білсін... Қайран халқым-ай деп күрсінді көрермен ...көзіне жас тұнып ... Табысты қойылым үшін көрермен драматургке де, режиссерге де, актерлерге де алғысты сезіммен қол соқты.
Мұрат Әуезов, мәдениеттанушы:
– Биыл М. Әуезовтің дүниеге келгеніне 115 жыл толды. М. Әуезов атындағы академиялық театрдың «Қилы заманды» сахналауы осы датаға сәйкес келіпті. Шығармашылық ұжымның бұл датаны негізге алмауы да мүмкін, қалай болғанда да бұл шығарманы сахналауды қолға алғаны дұрыс шешім болған. Біз «Қилы заманның» құндылығын дұрыс бағалауымыз керек. Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» пен «Хаджи Мұраты» болса, Әуезовтың шоқтығы биік шығармалары ретінде біз «Қилы заман» мен «Абай жолын» айтамыз. «Қилы заман» 1928 жылы Қызылордада басылып шыққан соң 44 жылдай «қамауда» жатты. Кейінірек Шыңғыс Айтматовтың алғысөзімен «Новый мир» журналына жарияланып, халқымызға жетті. Алаштанушы-ғалым Тұрсын Жұртбаевтың айтуына қарағанда, бұл шығарманы алғаш Ахмет Байтұрсынов оқыған екен. Жалпы, Алаш азаматтары 1916 жылғы көтеріліске өте үлкен мән берген. «Қилы заман» – ұлттың рухын көтеретін ауқымды тақырып. Режиссердің қойылымға үлкен дайындықпен келгені көрініп тұр. Ал бұл – азаматтық позицияның жемісі. Актерлер де, қоюшы-суретшілер де азаматтық рухы бар спектакльді нанымды қоя білді. Жас актерлердің ойнауы олардың азаматтық тұрғыдан қалыптасуына үлкен әсер етеді. Әсіресе, рух беретін аталы сөздерді залдағы көрерменге қарата айтып отырғандығы көрерменнің рухын көтереді. Біз Мәскеуде оқып жүргенде Әзірбайжан Мәмбетов «Қарагөзді» қойды. Сондағы Қарагөздің соңғы айтқан «Оян серпіл, шеш тіліңді, қазақ» деген сөзі біз үшін қанатты сөз болды. Ол кезде қазақ тілінің жойылып бара жатқан кезі еді. Мен «Қилы заманды» көргенде тура сондай әсерде болдым. Бұл қойылым рухты оятады. Қазақтың бір ұлы ретінде мен бұған қуанып отырмын. М. Әуезов жап-жас кезінде осындай өміршең шығарма жазған. Бұл жалғыз албан баласының көтерілісі емес, ол күллі қазақ халқының ашынуы. Повестің өзінде негізі түрікшілдік идеясы бар, көрші қырғыз-өзбекке де ортақ трагедия. Спектакльге қатысты режиссерге түрмедегі тұтқынның бірі қырғыз болса немесе қазақ әнімен қатар, қырғыз әнін қоссаңыз, деген ұсынысымды айттым. Прозалық шығарманы пьесаға айналдыру үшін үлкен еңбек пен табандылық керек. Бұл тұрғыда Нұрлан Оразалиннің еңбегі зор.
Әрине, премьера болғандықтан актерлердің шеберлігі әлі де шыңдалады деген ойдамын. Мұндағы басты идея адамзаттық рух пен оның өміршеңдігі. Біз оны спектакльден көрдік. Демек, қойылымның ғұмыры ұзақ болатынына сенімім мол.
Әубәкір Рахимов, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Бұл спектакльге біз екінші рет қайта оралып отырмыз. 1997 жылы алғаш қойғанда, ұрпақ тағдыры мен ұрпақ амандығын басты назарға алғанбыз. Ал, бұл жолы ұлттық рух тақырыбын қамтуға тырыстық. Еліміздің тәуелсіздік алғанына жиырма жыл болды. Бүгінгі жас ұрпақ қазақ халқы үшін тәуелсіздіктің қаншалықты бағалы ұғым екендігін түсіне бермейді. Ел басына туған қилы кезеңдерде рухы биік батыл азаматтарымыз ұрпақтың сағын сындырмай аман алып қалу, елдіктің рухын сақтап қалу жолында қандай қадамдарға барғандығын байыптай бермейді. Ал патриоттық сезім дегеніңіз елдің өткенімен жақсы танысқанда, халықтың арман-мұратын анық сезінгенде ғана қалыптасады. Біз осы қойылым арқылы бүгінгі жас ұрпаққа ұлттық рухты сезіндіруді мақсат еттік. Тәуелсіздік үшін күрес арғысын айтпағанның өзінде Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Махамбет пен Исатай, Жанқожа батыр сынды батырларымыз бастаған ұлт-азаттық көтерілістерден бері жалғасты. Одан кейінгі 1916 жылғы июнь жарлығына қарсылық, үшінші 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Осылардың барлығында қаншама қан төгіліп, қанша батырларымыз көз жұмды. Демек, тәуелсіздік бізге тегін келген жоқ. Сондықтан, біз оның бағасын терең түсініп, кейінгі буынға ұғындыруымыз керек.
Таразы басында ұрпақ тағдыры тұрған аласапыран заманда біздің қандастарымыз өздерінің жеке бастары мен мал-мүлкі үшін емес келешек ұрпағын, болашағын аман алып қалу үшін арғы бетке асты. Ұрпақ аман болса, атамекенге қайта оралатын күн туар деп өзге елге қоныс аударғандарды халық жауы деп айыптап жатқан тұста М. Әуезов осы шығармасын жазды, оның ұлылығы да осы. Бұл шығармасы үшін жазушы тұтқындалды, қамауда жатты. Бірақ осы шығармасы арқылы өзінің азаматтық, адамгершілік парызын өтеп, ұлтына деген адал көңілін айқындап кетті. Әуезовтің «Абай жолына» барардағы үлкен еңбегі осы «Қилы заман».
1916 жылғы көтерілісі туралы деректер көбіне бұрмаланып келді. Мысалы, Торғайдағы көтерілістің бастаушысы ретінде біз Амангелді Имановты танимыз. Бірақ, Сәмеке, Кейкі батыр сынды батырларымыз атаусыз қалды. Ескісін білмеген ұрпақ ертеңін болжай алмайды. Байқаған болсаңыз, қойылымға, әсіресе, мектеп оқушылары көп келді. Әдеби шығармаларға қызықпайтын балалар оның сахналық нұсқасын көріп, тарихи шығарманың ең болмағанда сюжеттік линиясы мен айтар ойын ұғынып қайтады. Бұл пьесадан тек 1916 жылғы көтерілісті ғана емес, қазақ елінің басына түскен көп қиындықты көруге болады. 1979 жылдан бері бұл пьесаны бүге-шігесіне дейін зерттеп келемін, архивтік материалдармен танысып, ондағы мәліметтердің кейбірін пьесаға қосымша материал ретінде енгіздік. Саяси сауаты жоғары ұрпақ өз халқының өткен тарихын жақсы білгенде ғана халқының мүддесіне жұмыс істей алады. Бұл спектакльді қойғандағы мақсатымыз да бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпаққа қазақтың қилы тағдырын ұғындыру еді.
Қойылымды алғаш дайындап жатқанда Ағажай-Алтайдай жер қайда әнін қосуды жоспарлағанбыз. Марқұм Ермұрат Зейіпхан Қытай асып бара жатқандағы ән деп, осыны ұсынды, ал екінші шумағын Халифа Алтайдың кітабынан алдым. Қазақтардың қытайлардан қуғын көріп, тибет, тибеттен ары үнді асып бара жатқандағы әні екен. «Дәм бұйырып өзіңе қайта оралсам, табам ба әке-шеше топырағын», – дейді. Бұл біздің шетке кеткен күллі қандастарымыздың мұң-зары. Өзге халықтар қай жерде жақсы тұрмыс болса, сол жерде тұрақтап қала береді. Ал біздің халықта ондай ұғым жоқ, қазақ үшін туған жер ұғымы өте биік. Спектакль соңында қара жаулықты ана сынған бесікті етегін жыртып байлайды. Бесік – ұрпақтың, Қарғаш – баланың ұғымын беріп тұр. Үдере көшкен елге ол, мен анамын, осында қалам, рухы бар елдің болашағы бар, сендер қайта оралыңдар мен сендерді күтемін, деген сөздер айтады. Спектакльдің өне бойындағы рух бүгінгі жас көрерменнің кеудесіне дарыса, біздің үмітіміздің ақталғаны.
Дайындаған Назым Дүтбаева
"Қазақ әдебиеті" газеті.