БАҚ біз туралы

Жүз жастағы әртіс әже немесе Хабиба Елебекова туралы не білеміз?

Биыл кәсіби қазақ сахнасының тұсауы кесіліп, елге үздіксіз қызмет етіп келе жатқан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына 90 жыл толса, аталмыш өнер ордасының корифейі, ел анасы Хабиба Елебекова 100 жасқа толып отыр. Театрдың торқалы тойы қарсаңында кейуананың да мерейтойы аталып өтсе де, туған күні шілденің 16-шы жұлдызы екен. Бір ғасыр өмір сүру кез келгеннің маңдайына бұйырмаса керек. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, көрнекті театр актрисасы Хабиба Елебекованың осы жасқа жетсе де тың қалпын сақтауы таңқалдырарлық.

Театрын әлі де түсінде көреді

«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, әсіресе театр әртістерін жанына жақын тартатын ел анасының жүзін әжімнің жеңіп, қарттық кезең қимыл-қозғалысына сәл ғана кері әсерін бергені болмаса, есте сақтау қабілеті сол қалпында. Қарт актрисаның мұндай ерекшелігін мақтаныш ететін, өнерде өкшесін басып, соңынан ерген сіңлісі, өзі де сексенге келіп, театрдың анасына айналып отырған Қазақстанның халық артисі Нүкетай Мышбаева былай дейді:
— Апамыздың үйіне жақын тұратындықтан, жиі баруға тырысамын. Десе де, өзім де сексеннің сеңгіріне келгендіктен, көбіне телефон арқылы халін сұрап, арқа-жарқа әңгімелесіп отырамыз. Ал үйіне барған сайын жас кездерімізді, театрдың «алтын дәуірін» еске алып, бір жасап қалатынымыз шындық. Сырт келбетін қарттық жеңгені болмаса, меніңше, оның жүрегі, миы, жан-дүниесіне дейін бәз-баяғы қалпы. Өзгермеген. Театрымызда жүз жасаған әртіс бұған дейін болған емес. Сахнадан кетсе де, елдің жүрегінде, көптің көңілінде қалған өнер иесін өзінің ұжымы да ұмытпайды. Онымен бірге сахнада тер төккен біз де, кейінгі жас буын да жыл сайын айтулы мерекелерде үйіне барып, көңілін көтеріп қайтуды әдетке айналдырғанбыз. Бұрын болған бір жағдайларды, қызықты сәттерді жыл түгіл айы, күніне дейін дәл айтатынына таң қалмасқа шара жоқ.
Н.Мышбаева театрда жүз жасаған бірде-бір әртістің болмағанын тілге тиек етіп, осы жасқа жетсе де Хабиба Елебекованың театрды әлі күнге сағынатынын да айтып қалды.
— Хабиба апамызбен 58 жылдан бері таныспын. Ең алғаш театрға келгенімде осы апам да, Бикен Римовалар да жап-жас, сұп-сұлу, жалындап тұрған болатын. Бірақ Хабиба Елебекова басқалардан өте ерекше еді. Олай дейтін себебім, өнері өз алдына, кішіпейілділігі, ақырын жүріп, анық басатындығы, биязылығы талайға үлгі боларлықтай. Апамыздың рөлдерін санап бітпейсің, өте көп. Көп болса да бір-біріне ұқсамайтынын қайтерсің. Қасым Аманжоловтың «Досымның үйленуі» комедиясында Сәбира Майқанова апайымыз екеуі құдағилардың рөлін ойнайды. Сонда спектакль барысында Мәмпәси атты қызын Айғаным рөліндегі Сәбира апамыздың ұлына әпереді. Бірақ ауылдан шыққан Хабиба апамыздың қызын келешек құдағилары алғашында менсінбейтін сыңай танытады. Айтайын дегенім, осы комедиядағы қос актрисаның да ойыны мүлдем ерекше, тіпті, көрерменді жылдам баурап алатын. Ең соңында халық шымылдықтың жабылуына мүмкіндік бермей, ұзақ қол соғып, «құдағилардың» ойынына қошеметін, жылы лебізін білдіретін. Ал бүгінде келмеске кеткен кездерін жәй ғана еске алып, біз барсақ бірден театрын, өмірлік серігі болған Жүсіпбек ағамызды айтудан бір жалықпайды. Ж.Елебековтың көзі тірісінде көңілін тауып, үйлеріне қонақ болсақ, дастарқаны жаюлы тұратын. Өзі тап-таза, сахнадағы жұмысынан бөлек үй шаруасына да мығым еді. Театрды қанша сүйсе де, отбасын бірінші орынға қойып, кей жылдары сахнадан қол үзген де шақтары болған. Енді жүзге келсе де жүзінен нұры кетпеген абзал апамыз «театрым, театрым…» деп отырған жайы бар.

Сексен жасында сахнада «аунаған» актриса

Хабиба Елебековамен әріптес болып, бір сахнада өнер көрсеткенін мәртебе көретін әртістің бірі — ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, сахна шебері Дулыға Ақмолда. «90-жылдардың басында Асқар Сүлейменовтің «Жетінші палата», «Төрт тақта — жайнамаз» және «Қыздай жесір» трилогиясын сахналаған белгілі режиссер Әубәкір Рахимов театрға алғаш келген жас актерге нашақордың рөлін сеніп тапсырады. «Жетінші палата» сол бір қиын кезеңдегі араққұмарлық пен нашақорлық, наркодиспансерлердегі мәселелерді қозғаған бірден-бір спектакль еді», — дейді Д.Ақмолда.
— 1993 жылы болуы керек, «Жетінші палата» спектаклінде қазақтың бетке ұстар тұлғалары диспансерде жолығып қалады. Мен нашақор баланы, ал Хабиба апамыз әжемнің рөлін ойнады. Нашақор бала жүрегі әбден өліп қалған, анаға деген мейірім атымен жоқ. Сондай-ақ, әжесінің қолындағы асын тартып алып жейді. Осындай көріністің куәсі болған әжемнің (Хабиба Елебекова) мені құшақтап тұрып «Заман не боп барады?» деп жылайтын жері бар. Және Болат Атабаев қойған «Кебенек киген арулар» драмасында да апамызбен бірге сахнада өнер көрсеттім. Қарап отырсам, қазір жүзге келген апамыз сол кезде сексенге таяп қалған екен. ҚарЛаг-тағы әйелдердің тағдыры сахналанған қойылымда көлденең жатқан сахнада жоғарыдан төмен қарай апамыз аунайды. Сол жасында жылап тұрып монологын айтып домалаған. Осы туралы жақында әңгіме арасында айтып, таңқалғанымыз бар. Хабиба апамызбен басқа қойылымдарда да бірге ойнадық, сахнадағы шеберлігін көзбен көріп өстік. Апамыздың жары Жүсіпбек Елебеков уақытында дәріптелген азамат қой. Бірақ соны ары қарай жалғастырып, көзі кетсе де оның есімін де, еңбектерін де кейінгі толқынға талдап тұрып таныстырған осы апамыз болатын. Сахнадағы ойыны, бойындағы таланты өз алдына, ол кісі — тұнған тарих. Театрымызды алғаш ашқан корифейлердің көзі, соңғы қалған асылы десем, артық айтқандық емес. Х.Елебекованың басы толған энциклопедия. Сонымен бірге, оның сахнадағы сөйлеу мәнері, дикциясы ерекше есімде қалыпты.

Жүсіпбек көкеміздің әнінің қаймағын бұзбай жеткізген

Хабиба Елебекованы кейінгі толқын жас таланттар да ерекше құрметтейді. Әсіресе сахнадағы қызметін өз көзімен көрген, бүгінде өзі де елдің ықыласына бөленіп, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атағына дейін қол жеткізген танымал актер Азамат Сатыбалдының айтары аз емес.
— Актер болғаннан кейін алдыңғы буын ағаларымыз бен апайларымызға мен де еліктедім.
Солардың ойынына аса мән беріп, қызығып тұрып тамашаладым. Хабиба апамыздың жүз жасқа жетуі — Құдайдың сыйы. Ал ұзақ жылдық соқпағы көп өмірін өнерге арнаған апайымыздың ең ерекше тұсы, бақыты қазақтың сары алтын тұлғаларымен замандас болып, бірге өнер көрсетуі деп білемін. Даңқты өнерпаздармен әріптес болып қана қоймай, солардың сахнадағы өзіндік стильдерін, табиғи болмысын кейінгі толқынға және біздерге жеткізген ұстаз. Мысалы, Әнуар ағаларымыз, Серағамыз, Елубай ағаларымыздың ойыны қандай болды десек, олардың болмысындағы таланттың ұшқынын Хабиба апамыздан көре аламыз және ол бізге өз деңгейінде жеткізе алды деп сеніммен айта аламын. «Естайдың Қорланы» секілді көптеген спектакльдердегі ойынына куә болғандағы түйгенім — Х.Елебекова сахнада өзін еркін ұстайды. Әр ойыны өте шынайы, қанша қартайса да, сөз саптауы тіптен керемет еді. Тағы бір айта кететіні, ол жары Жүсіпбек Елебековтің әндерін қаймағын бұзбай кейінгі ұрпаққа жеткізе білген. Сондықтан апамызды жай актриса болған деп емес, үлкен аманат арқалаған тұлға деп есептеймін.
P.S. Театрдан бақандай он жасқа үлкен ел анасы, қазақ өнерінің данасы Хабиба Елебекова туралы бұған дейін айтылмаған кейбір сырларды оқырманға жеткізе алдық деп ойлаймыз. Театр өнерінің қариясы, абыз ананы «Қазақстан ZAMAN» газеті атынан жүз жасқа толуымен шын жүректен құттықтаймыз!

Дайындаған — Ермұрат Назарұлы

"Қазақстан ZAMAN" газеті.