БАҚ біз туралы

Шекспирдің ұлы шығармасы қазақ сахнасында ұзақ жасай ала ма?

XVI ғасырдан бастап сахналанып, содан бері төрт жүз жыл бойы әлемнің үлкенді-кішілі сахналарының бәрінде қойылып келе жатқан, ұлы ағылшын драматургы ғана емес, адамзаттың мақтанышына айналған Шекспирдің мәңгі өлмес «Ромео мен Джульеттасы» кеше қазақ сахнасында қойылды.
Спектакль басталмас бұрын сөз алған академиялық драма театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі Есмұхан Обаев қойылымның өмірден ерте кеткен талантты режиссер Қайрат Сүгірбековтің рухына бағышталғанын айтты. Себебі «Дүние-думан», «Өмір-зая» сияқты қойылымдарымен өзіндік қолтаңбасын қалдырып, жаңашыл бағыт жолында ізденуден жалықпаған реформатор режиссер Қ.Сүгірбеков көзі тірісінде «Ромео мен Джульеттаны» қоюға дайындық жасап, тіпті ойнайтын актерлеріне дейін белгілеп, декорациясын да ойластырып, енді іске кірісемін деп жүргенде, аяқ асты ажал құшып, мақсатына жете алмай арманда кеткен екен. Әбіш Кекілбаевтың аудармасындағы әлемдікдраматургияның жауһар жырын жарыққа шығаруға үлгере алмай кеткен Қайраттың сол мақсатын өзбек режиссері Олимжан Салимов пен режиссер Алма Кәкішева аяқтап, кеше қазақ көрерменіне ұсынды. Бұл «Ат жылаған түннен» кейінгі өзбек режиссерінің қазақ сахнасында екінші рет көрінуі.
Қол ұстаса тұрып, қосыла алмай кеткен ғашықтардың бақытсыз махаббаты туралы хикаяларды, пьесаны оқымаған адамның өзі Ромео мен Джульеттаның махаббатына теңей салатыны бар. Шекспирдің көзі тірісінде төрт рет басылып шыққан классикалық шығарманың жүйесі, мазмұны барша жұртқа белгілі, оған тоқталу артықтау болар. Спектакль ежелден жауласқан екі отбасының – Капулетти мен Монтекидің арасындағы кекке айналған өшпенділіктің көрінісімен басталады да, бас аяғы бес күннің, жексенбіден жұмаға дейінгі күндердің оқиғасы тізбектеле жөнеледі. Атақты трагедияның уақыт аясы қанша тар болғанымен, ауқымы соншама зор. Бүкіл оқиғаның бес күн ішінде өтетіні өз алдына, алаулаған екі жас бірнеше сағат ішінде бүкіл махаббат сезімін бастан кешеді, осыдан соң-ақ оқиға өте жылдам қарқын ала бастайды.
Мағынасыз соқыр жаулықтың себебі де, түп-тамыры неден бастау алғаны да ешкімнің есінде жоқ. Әйтеуір Капулетти мен Монтеки осы жаулықтың құрбаны ғана емес, қызмет ететін құлы да. Тіпті жап-жас Тибальти да (А.Сұрапбаев) Монтеки әулетінен жау іздеп жұлқынып тұрған пиғылы арам жан, кез-келген сәтте жаулық отын тұтандырып жіберуге әзір. Осы сұрқай өмір Ромеоның Джульеттаны алғаш кездестірген күнінен бастап, нұрланып сала береді.Спектакльдің өн бойында Ромео үш түрлі мінезде көрінеді. Қойылымның бастапқы кезеңінде ойсыз, қамсыз жүрген Ромео Джульеттаны көре сап кенет қайта туғандай. Ол тез есейеді, ғашығы туралы армандап қана қоймай, әрекет ете бастайды. Барлық ісі мен сөзі қуатқа, батылдыққа толы, ал жан дүниесі қарапайым әрі шынайы. Ең ақыры екі күнге ұйықтайтын дәрі ішіп «өлген» Джульетта туралы жалған хабар естігенде, қайта өзгереді. Өзінен де, өзгелерден де бір сәтке биіктеп кеткендей. Тек қарттарға тән даналыққа қол жеткізгендей. Ол өмірді бұрынғыдан да тереңірек түсінеді. Міне, осы үш түрлі мінез Дулыға Ақмолданың ойнауында сабақтасқан үйлесім тауып жатты. Бірақ бірден айта кету керек, бұл күнгі қойылымда Джульеттаның образы ашылмады. Басты рольге таңдалып алған Нұржан Бексұлтанова сахналық бітімі жағынан әдетте көпшіліктің көңілінде қалыптасқан сымбатты келіскен «стандартты» сұлуларды жоққа шығарды. Бұл – режиссердің шешімі де болуы мүмкін. Себебі сөз басында айтылғандай рөлдерді Қ.Сүгірбеков өзі таңдап, бекітіп кеткен. Жақсы, мұнымен де келіселік. Бірақ Нұржанның бейнелеуіндегі Джульетта ақсүйек қыздарға тән ішкі мәдениеті көркем мінезбен, ұстамдылықпен астасқан асыл болмыстың иесінен гөрі, жеңілтектікке қарай бой ұратыны, әрекеті, қимыл-қозғалысының қарабайырлыққа негізделетіні өте айқын аңғарылатынын несін жасырайық. Әрине, біз Қайраттың театрдағы қалыптасқан дағды-ережелерді бұзғысы келгенін, артистердің асқақ пафоспен емес, шынайы ойнағанын қалағанын білеміз, Нұржанға таңдау білдіру арқылы Олимжанның да Джульеттаны өзінше көрсеткісі келген талпынысы танылады. Бірақ үш сағатқа таяу жүрген спектакльден эстетикалық әсер алудан гөрі, басты кейіпкер қызымыздың құлаққа жағымсыздау тиген жөнді жөнсіз бақырып, қышқыратынынан қалжырап, шаршаңқырап қалдық. Жалпы, бұл құрамда қойылған спектакльдің жұлын-жүйкесі де, бел омыртқасы да күтуші әйелдің образында көрінген Ғазиза Әбдінәбиева мен Дулыға Ақмолда және қайырымды әке Лоренцоның рөліндегі Бекжан Тұрыс болды. Әсіресе, күтуші әйелдің бейнесін әсерлі әрі шынайы кескіндеген Ғазиза Әбдінәбиеваның бұл шеберлігін сахнада бағындырған кезекті бір белесі деп бағалағанымыз жөн. Пьесаны толық мағынасында трагедия деп атауға бола ма? Қойылымда жайдарман мінезді персонаждар мен жарқын әзілдер, көңілді сценалар көп. Спектакльдің осы қырын дөрекі, қарабайыр, бірақ дұрыс ойлай білетін, аузынан әзілі түспеген бір ғана күтуші әйелдің өзі арқалап тұр дегеніміз артық емес.
«Ромео мен Джульетта» - өнерде ең ұзақ жасап келе жатқан ұлы драма. Ендеше, оның қазақ сахнасындаға ғұмыры да қысқа болмауы тиіс.




Айгүл Аханбай

                                                                                                                                   "Айқын" газеті