СМИ о нас

«Таңсұлу» — ұлттық коды сақталған спектакль

               Соңғы уақытта сәтті эксперименттерге барып жүрген М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында «Таңсұлу» спектаклінің премьерасы жүруде. Ұлттық Ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есімнің прозалық шығармасы негізінде әзірленген драма алғашқы қойылымдарында-ақ жылы лебіздерге ие бола бастады. 
             Ақиқатын айту керек, елдің қоғамдық өміріне белсене араласып келе жатқан танымал саясаткер, философ-ғалым Ғарифолла Есім аты шыққан драматург емес. Сондықтан да бастапқыда күрделі жанрға азу салған автордың тәуекелі көрермендер, театр сыншылары тарапынан қабылданар ма екен деген дүдәмал ойлардың болғаны рас. Осы жерде бірден айта кету керек, ең бастысы «Әкемтеатрда» тұсауын кескен кезекті спектакль қабылданды деп айтуға енді толық негіз бар. Мысалы, қазір көрермендерді қойылымдарда байлап та ұстай алмайсың. Драматургия ұзын-сонар диалогтар мен монологтарға, ақыл айтуға көшкен кезде, спектакльдің тап ортасында шыдамы жетпеген жұрт біртіндеп жылыстай бастайды. Егер қойылым кезінде жастар ұялы телефондарын шұқылап, хат жазысып, түкке тұрғысыз инстаграммаларды ақтара бастаса – онда көрермендерді сахна әлемі еліте алмады деген сөз.
               Қазір театрларға студенттер мектеп оқушылары көптеп келеді. Бұл жолы да солай болды. Зал лық толды. Таңсұлу атты қазақтың таңғы шықтай аруы жайлы әпсананы көрермендер соңына дейін кірпік қақпай тамашалады. Демек, спектакльдің әкесі – автор да, шешесі – режиссер де діттеген нысананы дәлдей алды деп біліңіз.
Ал «Таңсұлу» шығармасы туралы Ғарифолла Есім былай дейді:
           – Ел басына күн туған сәтте тұтқынға түскен ару махаббатына адал болып, ұрпағын аман сақтауды көздейді. Ұлын бабалар рухында тәрбиелеп, халқымыздың қамын ойлайды. Таңсұлу – тарихта болған батыр әйел. Тарихи тұлға шамамен Төле би заманында өмір сүрген деседі. Бұл аңызда қыз баланың ерлігі туралы айтылады. Оның тағдыры мені таңқалдырғаны соншалық, пьеса жазуға қалам тарттым…
Расында да Таңсұлудың ары мен жары үшін жасаған қадамы, бір жағы елдің намысы үшін жасаған әрекеті таңқаларлықтай, мәңгілік тарихтың сирек оқиғасы. Және пьесада табиғаттың тылсым құбылысы да бар. Ғылым қанша қарыштаса да, адам баласының ақылы жетпейтін аян беру мен түс көру құпиясының түбіне жеткен ешкім жоқ. Болжамдар ғана бар. Таңсұлу атты қазақтың бір сұлуы өзінің қасірет шектірген талайлы тағдырын он жасында түсінде көріп, қатты шошынады. Сахнада тірілген аңыз осы жерден бастау алады. Бір жағынан Таңсұлудың жасаған ісі – Ұлы даланың жазылмаған заңы – тектілік пен намыстың нышаны десе де болады.
              «Таңсұлу» қойылымының режиссері Алма Кәкішева – М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының белді режиссерінің біріне айналған. Алманың сәтті қойылған спектакльдері жайлы өнертанушылар мен театр сыншылары сараңдық танытып жүрсе де, жақсыны жақсы деп айту сауап. Пьесаның авторы Ғарифолла Есім де мәтіні бар болғаны 5-6 беттен тұратын драматургиялық туындыны қан-сөлімен тірілткен режиссердің жұмысына таңданысын жасырған жоқ. Бұл қойылымда эксперименттер де бар. Оқиғаның бас-аяғы, идеясы мен динамика бар.
              Бір қарағанда қойылымның декорациясы ғажап әсер қалдырады. Ал бұл заманауи сценалық технологияларды өте сәтті пайдаланған театрдың табысы. Бір жағынан «Таңсұлу» драмасы көрерменді тарихи мазмұнымен ғана емес, заманауи техникалық бояуларымен баурап алады. Шығармашылық топтың айтуынша, бұл – қазақ театрының шаңырағында 3D форматында сахналанған алғашқы қойылым.
           Ал осынау жобаны сәтті жүзеге асырған спектакльдің қоюшы-суретшісі Қабыл Халықов былай дейді:
– «Таңсұлу» қойылымы тың сценография жа-
сауға мүмкіндік берді. Бұрынғы және қазіргі заманды, болашақты, яғни, үш кеңістікті тоғыстыру үшін видеожоба, 3D әсерлер, голография қолдануға тырыстық. Басты мақсат – қазақтың фольклорлық, этнографиялық мұрасын көрсету, қазақы мәдени кеңістікті көрермен алдына әкелу, жас ұрпаққа үлгі ету…
              Ал режиссер Алма Кәкішева жаңа қойылымға қалай келгенін төмендегідей баяндайды: «Бір қызығы, жерлес болсақ та, Ғарифолла Есіммен танысудың жолы түспепті. Оны философиялық сарында жазылған шығармалары арқылы ғана білетінмін. Бірде ағамыздың «Жар жағалап жүрміз» атты кітабы қолыма түсіп, сондағы «Таңсұлуды» оқып шықтым. Аталмыш туынды көңілімнен шығып, шабытыма қанат бітірді. Кейін Ғарекеңе хабарласып, әдеби туындыны пьеса жанрында жазып беруге ұсыныс жасадым. Ағамыздың келісімімен кезекті шығармашылық жұмысыма кірісіп кеттім. Басты кейіпкер – Таңсұлу арқылы қазақ қызының өр мінезі мен намысын сезінгендей болдым. Басқаша айтсақ, пьесада «ұлттық код» сақталған. Бұл дегеніміз – туған тіл, салт-дәстүр, ұлт тарихы. Рухани құндылықтарымызды театрымыздың жас әртістері жеткізді».
             Сол сияқты, спектакльде қазақ пен қалмақ халықтарының тарихи қарым-қатынастары да қылаң береді. Шежірені білетіндер осынау екі ел ұдайы қырқысып, бірін бірі шаба бермей, құйрық-бауыр асасып құда болғандарын, қазақ пен қалмақтың батырлары бауырлардай дос болғанын білсе керек…
              Осы арада басты рөлді сенімді сомдаған Салтанат Бақаева актриса ретінде көз алдымызда өсіп келе жатқаны айту ләзім. Ал соңғы бірнеше күнде спектакльді «құтқарып» қалған актер Дулыға Ақмолда балгер кемпірді ойнайтын Гүлнар Жақыпова сырқаттанып қалғанда бақсыны сахнаға алып шықты. Балгерден бір мысқал кем түспеген шаманды актер тамаша алып шыққанына театр қауымы бірауыздан келіссе керек.
Мәселен, Әуезов театры драма театры болғандықтан қойылымдарда музыкалық аспаптардың дауысы жанды болуы керек деседі мамандар. «Әкем театр» премьералық қойылымда бұл үдеден де шықты. Сол сияқты спектакльді музыкамен көркемдеген Әсел Омарованың да тырнақалды жұмыстары жоғары бағаланды.
             «Таңсұлу» драмасының тағы бір жаңалығы – бір кездері көптің көзайымына айналған, буынсыз биші – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Шұғыла Сапарғалиқызының «табылуы» дер едік. Дарынды қазақ қызы жаңа қойылымның биін сахналауда тәжірибесін салғаны сыншыл тараптан байқалуы тиіс. Сонымен қатар, бұл қойылым Г.Тұтова, А.Бақытжанова, Б.Қажынәбиева, Қ.Мамытқалиев, Ғ.Оспанов, А.Бөкенбай, Е.Бектасов, Ж.Толғанбай, Г.Шыңғысова сынды өнер саңлақтарын сахнаға шығарды.
             Қалай десек те, «Таңсұлу» спектаклі әсіресе, әсершіл, сыршыл жастардың көңілінен шықты. Алдағы уақытта аталмыш драма алматылықтар мен қала қонақтарының сүйіп тамашалайтын қойылымына айналары сөзсіз.

Айнаш ЕСАЛИ

«Ақжүніс-Астана» журналы