БАҚ біз туралы

«Отелло» – ескірмейтін пьеса

«Труппада кілең мықты актерлер топтасқан. Оларға ризалығым шексіз», – дейді, режиссер. М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында 22- 24 сәуір күндері жаңа қойылымның премьерасы өтеді.
У. Шекспирдің әйгілі «Отеллосы» қарашаңырақ сахнасында қайта қойылады. Бұл жолғы тұсаукесердің өзгешелігі – режиссер мен суретшісі, композиторы мен киім үлгісін жасаушы мамандардың бәрі де шетелдіктер. 
қоюшы-режиссер                                  – Н.Птушкина /Ресей/
қоюшы-сценограф                                – Б. Валуев /Ресей/
костюм суретшісі                                – А.Игруша /Беларусь/
музыка және
пластикалық шешім                             – В.Чекасин /Ресей/
режиссердің ассистенті                         – М.Қапалбаев
«Отеллео» –  Әуезов театры сахнасында  осыған дейін де екі рет (1939,  1969 жж) қойылған қойылып, көп жылдар  сахнадан жүрді. Сонау ертедегі Шекспирлік шиеленіске толы танымға үңілген Бас театр- Отелло тағдырына қайта бір үңілуді құп көрді.
Шетелдік театр мамандарымен тығыз байланыс жасап, өзара мәдени сабақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу әкемтеатрдың негізгі бағыттарының бірі. Ресейлік және белорусь мамандар соңғы төрт айдан бері «Отелло» қойылымына тыңғылықты дайындалды.
 «Отеллоның» режиссері Н. Птушкина: «Труппада кілең мықты актерлер топтасқан. Оларға ризалығым шексіз», – дейді. Кезекті дайындықтың үзілісінде режиссердің арнайы берген шағын сұхбаты былай шықты.
– Сізге Қазақстан ұнады ма?
– Мен әлемнің бірнеше елінде болдым. Әр елдің өзіндік ерекшелігі бар. Қазақстанның кеңдігі, табиғатының тазалығы, адамдарының ақкөңілдігі ұнады.
– Ал Алматы қаласы ше?
– Алматы – үлкен шаһар екен. Орталық мұражайға бардым, Шымбұлақ пен Медеуді көрдім. Мұндай тамаша табиғаттың аясына, таудың баурайына орналасқан қаланы қалай ұнатпайсың?! Көктем шыққалы тіпті құлпырып кетті.
– «Отелло» пьесасын сахналауды өзіңіз қаладыңыз ба?
– Маған оннан астам пьеса ұсынылды. Бәрінің мазмұнына, тақырыбына үңіле отырып, осы пьесаны қоюды құп көрдім.
– Не үшін таңдауыңыз «Отеллоға» түсті?
– Шекпирдің аты – Шекспир ғой. Бұл трагедияны қоюды армандамаған режиссер кемде-кем шығар. Ия, әлемнің әр елінде сан мың рет сахналанған, талай көрерменді ой иіріміне тартқан шығарма. Бірақ, әр режиссердің өзіндік ойлау жүйесі, шығарма тақырыбын ашу мәнері болмай ма ? Менің де өзіндік ой-өлшемім, пьесаның өзегіне қалай жол табуға болатыны жайында толғамым бар…
– «Отелло» бұған дейін де осы театрда екі рет сахналанған еді. Сіз үшінші рет қайта жаңғыртқалы отырсыз.
– Оны естідім. Классикалық шығарманың құдіреті де сонда, уақыттық, кезеңдік дүниелерді ығыстырып отырады. Қай дәуірде қойсаң да, алдыңнан шекспирлік тереңдік шығады. Оған әркім әрқалай үңіледі. Сондай-ақ, бұл жолғы қойылым – заманауи сценография, әуен, сахналық көріністер арқылы да өзгеше болады ғой деп ойлаймын.
–Театр актерлерінің біліктілігі туралы қандай ой түйдіңіз?
– Өте жоғары. Академиялық театр ғой. Әрі қазақ театрларының көшбасшысы, қарашаңырағы. Мұражайын көргенде, небір ұлы актерлердің, сүбелі қойылымдардың сахналанғанын байқадым. Труппадағы шығармашылық ұжымға ризамын. Нені айтсаң да тез игеріп алады. Кәсібиліктері қызықтырды. Ең бастысы, театрды шексіз сүйеді.
– Қойылымда ойнайтын актерлерді өзіңіз таңдадыңыз ба?
– «Отеллоның» дайындығына кіріспес бұрын театр қойылымдарын көріп шықтым. Бірінен бірі өтетін актерлерге таңырқағанымды жасыра алмаймын. Бірақ актерлерді түгелдей өзім таңдадым десем, артық болар еді. Режиссердің ассистенті болып бекітілген Мұхтар Қапалбаев көмектесті. Өте білімді жігіт. Актерлерді де жақсы таниды. Соның көмегіне жүгіндім.
– Қойылым көпшіліктің көңілінен шығатындығына сенімдісіз бе?
– Жанымызды салып, талпынып жатырмыз. Көпшіліктің көңілінен шығады ғой деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Жазып алған Т. Таңжарық