БАҚ біз туралы

Театр – үлкен сезім мен эмоцияға толы орта

Ақпан айының 19, 26 күндері театрымызда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жұманиязовтың режиссерлігімен сахналанған «Барымен базар» (авт. Т.Нұрмағанбетов) комедиясының премьерасы өткен болатын. Автордың бұрын соңды еш жерде сахналанбаған бұл туындысы қазіргі қоғамда болып жатқан өзекті мәселелер мен әлеуметтік-қоғамдық құбылыстарды ащы сатира арқылы жеткізіп, көрермендерді күлдіре отырып ойға батырады. Премьера қарсаңында қойылым режиссері Н.Жұманиязовқа режиссерлік өнерге және «Барымен базар» спектакліне қатысты сұрақтар қоюдың сәті түскен болатын.

- Сіздіңше режиссердің бойында табылуы тиіс басты қасиет қандай?
- Режиссердің бойында болуы тиіс басты қасиет – білім деп ойлаймын. Менің ұстазым, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов «Білімді бол. Егер сен қиялыңмен, ұшқыр ойыңмен, ізденісіңмен актерлардан бір қадам алда жүрмесең, айтар ойыңды нақтылап жеткізе алмасаң, алда бастап жүрер көшбасшылық қасиетің болмаса, онда, мына өнер дейтін үлкен көште тапталып, жолда қаласың» - дейтін. Сол секілді, білім, қиял, табандылық – режиссердің бойында міндетті түрде болуы қажет қасиеттер. Ал табандылық дегеніміз, өз дегенін ғана жасайтын қырсықтық емес, ол – қайсарлық, жігерлілік, қиындықты мойымай жеңе білу, ішкі жігеріңнің мықты болуы.
- Бір сұхбатыңызда «театр тәрбиелейтін, насихат жүргізетін орын емес» депсіз? Сіздіңше театрдың негізгі функциясы қандай?
- Мен әлі де сол пікірімнен айныған емеспін. Театр көсемсініп, ақыл айтып, тәрбиелейтін, насихат жүргізетін орын емес. Театр – үлкен сезім мен эмоцияға толы орта болуы тиіс. Сол эмоциялар арқылы адам жанын емдеп, тазалай алуы керек. Егер кейіпкерге қосылып жылай білсе, өкінсе, өксісе, кейіпкердің жан дүниесіне үңіліп, өзінің жан дүниесіне түрткі болатын әсер алса, өз ішінде шеше алмай жүрген сұрақтарына жауап тапса, бұл театрдың жеңісі деп білемін. Театр мораль оқитын орынға айналса өз функциясын жоғалтады деп ойлаймын.
- Сіздің шығармашылыңғыңызбен жақынырақ танысқым келеді деген көрерменге қай қойылымыңызды ұсынар едіңіз?
- Қай қойылымыма болмасын басы бүтін жауап беріп, сәтсіз болса да, сәтті болса да мойындап, іштей саралауға дайынмын. Әр қойылымым арқылы ішкі ойымды, азаматтық позициямды жеткізуге тырысамын. Сол қойылымдардың көш басына Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» шығармасын қояр едім. Себебі, айтар ойымды еш бүкпесіз, нәзік те дәл етіп жеткіздім деп ойлаймын. Қалибек Қуанышбаев театрында қойылған А.Вальехоның «Күн сәулесі түспеген» спектаклін де осы қатарға жатқыза аламын. Қаллеки театрының репертуарындағы  И.Кальманның «Кабаре жұлдызы» музыкалық комедиясы да мен үшін аса ыстық. Бұл қойылымда әсем ән мен би, керемет музыка ойыңды билеп, әлемдік деңгейдегі классикалық музыкаға жетелейді деуге болады. Кез-келген режиссер еңбек жолында өзін қанаттандыратын, биікке жетелеп, шабыттандыратындарын авторды кездестіреді. Осындай шығармаларды сахналауға алған кезде ғана қойылым сәтті шығады деп санаймын.
- Абай, Әміре секілді тарихи тұлғаларды сахналаудың жүгі ауыр екендігі айтпасақ та белгілі, ал комедия жанрының салмағы қандай? «Кедейлердің базары» пьесасын сахналау барысы туралы айтсаңыз?
- Комедия жанрын сахналау да өте қиын. Бұл пьеса М.Әуезов театрының көркемдік кеңесінің талқасынан өтіп, таңдалып, театр тарапынан маған ұсынылды. Пьесамен сол сәтте ғана таныс болғанымды жасырмаймын. Автордың айтылар өткір ойларын қалай жеткіземін деген толқыныс та болды. Пьесада автор көтеріп отырған мәселелер бүгінгі күнмен үндес. Өзің өмір сүріп жатқан заманның мәселелерін көру, оларды айту бір бөлек те, оны қағазға түсіріп, пьеса ретінде жазу бөлек әңгіме. Осы тұрғыдан келгенде, авторға алғысымды білдіремін. Қойылым барысында пьесаға өзгерістер енгізіп, оқиғалар орнын ауыстырғанымызбен басты идея автордан бастау алды. Бүгінгі қоғам мәселесін айту да, жазу да, сахналау да қиын. Сахналау барысында өзіндік бір амал-айла тауып, өзгеше жолын таппасаң көрермен қабылдамай қалуы да мүмкін. Сондықтан, біршама толқыныс болғаны рас. Бұл бір ұстарының жүзінде тұрғандай жауапты сәт. Бастысы,  соңғы сөзді көрермен айтады.
- Бұл комедия арқылы көрерменге қандай ойды жеткізгіңіз келді?
- Мен айтқым келген ойдың барлығы қойылымның ішінде. Бұл комедия... Жылайсыз ба, күлесіз бе – ол өз еркіңіз. Сахнадан өзіңізді көріп, шындыққа тура қарай аласыз ба, әлде, жалтақтап, шындықтан бас тартасыз ба – бұл көрерменнің еркіндегі дүние. Айтылар ой – ішкі еркіндігімізді сақтай білу. Әр қазақ санасымен де, жүрегімен де, көзқарасымен де сауатты болуы керек, көпке жем болып кету деген қорқыныштан арылып, әрқайсысы даралануы қажет. Көпшіліктің артынан еріп, даралықты ұмытуға болмайтындығын естен шығармай, жеке тұлға деңгейіне көтерілуге тырысу қажет. Толқыннның ағысымен кете бермеу керектін ұмытпаған жөн. Әр қазақ сауатты болып ішкі қорғаныс иммунитетін дамытуы тиіс. Оның басты жолы – білім деп санаймын. Спектакльде аталмыш ойды жеткізе алдым ба жоқ па білмеймін, алайда, бұл менің жалпы өмірлік ұстанымым. Автордың идеясы да, менің жеткізгім келген ой да спектакльдің өзінде. Ол жайлы толық  білгілеріңіз келсе спектакльге келіңіздер.
- Актерлармен жұмыс барысы жайлы айта кетсеңіз. Көптеген театр ұжымдарымен жұмыс жасап келесіз. Ал, Әуезов театрының артистерімен жұмыс жасау қалай болды?
- Әуезов театрының ұжымымен іштей де, сырттай да таныспын. Көптеген артистердің талантына да қанық болып, студенттік шақта таныс болғаным да бар. Рольге артист таңдау барысында театр басшылығынан ешбір кедергі келтіру болған емес. Толық тізімге көз жүгірте отырып, кейіпкердің ішкі жан дүниесін жеткізе алады деген актерларды таңдадым. Негізгі кейіпкерлерге орта буынның арасынан актерлерді таңдап, жұмыс жасадық. Жас буынды таңдау барысында, бірнеше күн танысып барып, зерделеп таңдау жасауға тура келді. Репетиция кезінде бір-бірімізді түсінуге, түсінісуге тырыстық. Тығырыққа тірелегендей, ойымыз бір жерден шықпай тұрғандай сәттер де болды. Алайда, қолды бір сілтеп кетердей болған кездердің өзінде ауызбіршілік танытып, бір-бірімізді дұрыс жолға бағыттап, біртұтастыққа жеттік деуге болады. Сондықтан, театр ұжымы мен артистеріне алғысымды білдіргім келеді. Өзім актерлік еңбегімді бастаған, етене жақын театрыма режиссер ретінде келіп екінші мәрте спектакль қойғаныма қуаныштымын. Театр артистерімен жұмыс жасау өте жеңіл, барлығы да өз ісінің мамандары, артқан сенім мен үмітті, берілген тапсырманы орындады деп толық сеніммен айта аламын.  
- Әңгімеңізге рахмет!

                                                                                                                                   БАҚ бөлімі