БАҚ біз туралы

ТЕАТР ТОЙЫ ЖАРТЫ АЙҒА СОЗЫЛМАҚ

Италия, Ұлыбритания, Польша немесе Қытай мен Жапонияға саяхат жасап, театрларына бас сұғуды армандап па едіңіз? Ендеше Еуропа мен Азия театрларының өнерін елордада тамашалау мүмкіндігі туып тұр. Алдағы маусым айының екінші жартысында, екі апта бойы ІІ дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі өтеді. Биылғы фестиваль Астананың 20 жылдық мерейтойына арналады.
– Бұл өте ауқымды мәдени іс-шара, себебі елорданың 20 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтетін «Астана» театр фестивалі үздік театр қойылымдарымен танысуға мүмкіндік береді. Фестиваль шымылдығы 16 маусым күні «Қазақстан» орталық концерт залында ашылады, – дейді театр фестивалін ұйымдастырушы, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдоллаұлы.
Қазақстан театрлары ассоциациясының президенті Асанәлі Әшімовтің айтуынша, фестивальға әлемнің белгілі театр сыншылары мен драматургтері де қатысады.
– Өзге мемлекеттің театр өнерін тамашалау дүйім жұртқа қызық болады. Еуропа мен Азияның театр сыншылары мен драматургтерінің қатысуы театр өнеріндегі кәсіби шығармашылық ынтымақтастықты жетілдіруге сеп болады. Мәселен, ресейлік Алексей Бортошевич, Литвадан келетін Йонас Вайткус, француз Давид Асатиани мен Беатрис Пикон-Валлен, Жапониядан келетін Есихиро Накамура, ұлыбританиялық Давид Папава сынды майталман мамандардың пікірін тыңдау мәртебе, – дейді ол.
Айта кетерлігі, былтыр алғаш рет ұйымдастырылған І «Астана» театр фестивалі қазақ кино және театр өнерінің мэтрі Асанәлі Әшімовтің 80 жылдық мерейтойына арналған-ды.
– Биылғы фестиваль ел астанасының 20 жылдық мерейтойына үлкен сый болмақ. Бұл шара жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Фестивальге өз елімізден төрт ұжым қатысады.
Олар – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық-драма театры, «Астана мюзикл» театры және Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, – деді өз кезегінде сөз алған Қазақстан театрлары ассоциациясының вице-президенті Асхат Маемиров.
Фестивальға қатысатын әлемдік театр ұжымдарының қатарында Италияның Piccolo Teatro di Milano, Ұлыбританияның «1927», Польшаның TRWarszawa, Литваның Meno Fortas, Шота Руставели атындағы Грузия мемлекеттік академиялық театры, Қытайдың Beijing People’s Art Theatre, Жапонияның Nakamura Gekijo театрлары бар. Сонымен қатар Өзбек ұлттық академиялық драма театры мен Мәскеу губерн театры, Ленсовет атындағы Санкт-Петербург академиялық театры да өнер көрсетпек.
Театр тойындағы ең маңызды сәт – француздың кино және театр актрисасы, Оскар сыйлығының, Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағы» жүлдесінің, Берлин, Венеция кинофестивальдері сыйлығының иегері Жюльет Биноштың шеберлік класы десек болады.
Фестивальға ұсынылатын спектакльдер «Қазақстан» орталық концерт залы, «Энергия холы», Бейбітшілік пен келісім сарайы, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры және Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры сахналарында қойылады.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

https://aikyn.kz/2018/05/25/53922.html