СМИ о нас

БӘРІНЕН ДЕ ОЛ СҰЛУ…

                     Қазақ театр өнерінің қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жаңа маусымның шымылдығы түрілгелі де бір аптаның жүзі болды. Былтырғы жылдан бастап жаңа маусымды тұсаукесермен ашуды дәстүрге айналдырған театр ұжымы бұл жолы көрермен назарына Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббатын» ұсынды.
                89-маусымның салтанатты ашылуы театрдың басшылығы мен шығармашылық құрамының БАҚ өкілдерімен кездесуінен басталған болатын. Журналистермен емен-жарқын әңгіме барысында театр директоры Еркін Жуасбек өткен маусымның жетістіктері, мау­сымашар алдындағы гастрольдік сапар­лар мен жаңа маусымның жос­­­парлары туралы айтып берді. Қыркүйектің 12-сі мен 19-ы аралығында Белорусь республикасында өткен «Белая Вежа-2014» ХІХ халықаралық театр фестивалінде Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс Сұлтан» қойылымын ағылшын тілінде сахналаған театр актерлары қазақ театр өнерінің деңгейін көрсетіп, шетелдік мамандардың жоғары бағасын алып қайтқан болатын. Ал көрші Қырғыз Республикасының астанасы Бішкектегі 7 күнге созылған гастрольдік сапардан театр труппасы таяуда ғана оралды.
                    Жаңа маусымның көрермен­дер­ге ұсынары көп екен. Адоль­фа Деннери мен Филиппа Дюма­нуар­дың «Испандық ақсүйек» пье­сасы, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы», М.Әуезовтің «Дос – Бедел –дос» шығармасы мен Б.Брехтың «Үш бақырлық опе­расын» сахналау жоспарланған. Әр шығарманы бір-бір режиссер еншілеп, дайындықты бастап та кетіпті. Ал Иран-Ғайыптың «Қор­қыттың көрі» пьесасын есімі Еуропаға белгілі лит­валық режиссер Йонас Вайткус қояды. Бұл М.Әуезов театрының шетелдік мамандармен алғаш рет тәжірибе алмасуы емес. Естеріңізде болса, өткен маусымның соңында Ресейдің белгілі драматургі әрі режиссері Надежда Птушкина Алматыға арнайы келіп, қазақ сахнасында У.Шекспирдің «Отеллосын» сахналаған болатын.
                     Ал 89-маусым Алаштың айбоз ақыны Мағжан Жұмабаев әле­мі­нен сыр шертетін «Жүз жылдық жалғыздық» спектаклімен ашылды. Дулат Исабековтің пьесасы бойынша сахналанған қойылымның режиссері – Алма Кәкішева. Оқиға желісі ақын әруағын өмір бойы ардақтап өткен сүйікті жары Зылиха арқылы өрбиді. Қуғын-сүргінге, запыран жұтқызған заманның үлкен кедер­гі­леріне қарамастан ерін сүйген өр рухты әйелдің махаббаты арқылы Мағжанның образы ашылады. Автор Зылихаға Алаш арыстарының талайлы тағдырын ғана емес, бүгінгі күннің шындығын да айтқызады. Қазақтың заман өзгерсе де өзгермейтін жат мінездері, әдебиетті, өнерді аяқтан шалған кейбір кедергілерді кейіпкер аузынан естіген көрермен еріксіз бас изесті. Қойылымның екінші бөлімі тұтастай Мағжан поэзиясымен өрілген. Автор бұл бөлімнің пьесада жоқ екенін, кейбір көріністердің тарихтан алшақ кеткенін алға тартты. Бірақ қойылымға тарихи шындық емес, көркем шындық деп қарасақ, режиссердің бұл тақырыпқа шығармашылық еркіндікпен барғаны, көнені жаңа арқылы интерпретациялағаны қуантады. Өңкей «сен тұр, мен атайын» дейтін қыз-жігіттер бірінен бірі іліп әкетіп, сахнада Мағжан ақынның рухты өлеңдерін оқығанда көрермен толы зал поэзия сазына елтіді. Өлеңі арқылы 44 жыл ғұмырының 10 жылын қапаста өткізген ақынның қайшылықты тағдырын таныды. Сөйлеп қойса немесе жөтеліп қалса өлең-өмірдің ырғағын бұзып алам деп қорықты ма, көрермен екі сағат бойы демін ішіне тартып отырды.
              Алаш ардақтысының бүкіл ғұмырын бір қойылымға сыйдыру мүмкін емес. «Мағжанның өміріне қатысты деректің бәрін сахнаға алып шыға алмайсың. Мен алдыма ондай мақсат қойған да жоқпын. Өйткені бұл – деректі фильм емес, спектакль. Егер көрермен қойылым арқылы Зылиха құлай сүйген Мағжанды тани алса – менің мақсатымның орындалғаны», – дейді режиссер. Мүмкіндік берілсе, Алаш ардақтыларының әрқайсысына бір-бір спектакль арнап, мәңгілік ескерткіш орнатқысы келетін режиссер алғашқы мақсатына жетті. Өйткені біз әйел махаббатының құдіретін таныдық, албырт ақынды билеген сергелдең сезімнің сырына қанықтық.
              Режиссер еңбегіне баға берілер тұста актер ойынынан аттап кету мүмкін емес.Тіпті, көп жағдайда актер алдыңғы планға шығып кетеді. Бірақ Зылиханың жөні бөлек. Мағжан Жұмабаевтың жарын сомдаған белгілі актриса, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Дәрия Жүсіпті айтып отырмыз. Көрермен оның Томирисі («Томирис», режиссері Т.Жаманқұлов) мен Әйгерімін («Абай», режиссері Е. Обаев), Сағиласын («Тендерге түскен келіншек», режиссері О.Кенебаев) көрді. Көрді де сенді. Актриса табиғаты Таня («Күлеміз бе, жылаймыз ба?!», режиссері М. Ахманов) мен Гүлчахраны («Аршын мал алан», режиссері Т. Жаманқұлов) да жатсынған жоқ. Әрқайсысы – бір-біріне ұқсамайтын күрделі образдар. Бірақ қайсысын ойнаса да, актриса өзін ойнап тұрғандай әсер қалдырады. Сомдайтын рөлінің әрбір қыртыс-қатпарын жазып, әр бұрылыс-шегінісіне дөп түседі. Сондықтан, Зылиха рөлін Дәрия Жүсіпке бергенде режиссер образдың жоғары деңгейде ашылатынына күмән келтіре қоймаған шығар. Актриса режиссердің, ең бастысы, халықтың үдесінен шықты. Көрерменде «Мағжан Жұмаевтың жары расында осындай болды ма?» деген көлденең ой болған жоқ. Сахнада тұрған нақ сол Зылиха, ақынды құлай сүйген, аруағын ардақтап өткен Зылиха екеніне зәредей де күдік қалдырмады. Актерлік шеберлік деген осы болар, сірә. Спектакльден шыққан Дулат Исабековтің өзі: «Қойылымды ұстап тұрған – Зылиха образы. Ол – өз бойына сұлулықты, кісілік пен биік парасатты сыйдырған әйел. Зылиханы Дәриядан артық ешкім ойнай алмайды», – деді. М.Әуезов театрында жетінші пьесасы қойылған автордың бұл сөзі Зылиха рөлін екінші құрамда ойнайтын актриса Баян Қажнәбиеваны қамшылары сөзсіз.
Ал сұлулық пен махаббаттың жыршысы – Мағжан ақынның образын сомдау театрдың жас актері, «Серпер» Жастар сыйлығының иегері Алмас Шаяхметовке бұйырыпты. «Басты рөлді ұсынғанда сенім үдесінен шыға аламын ба деген қобалжу болды. Мағжан атаны қалай сомдаған жөн? Оның ел таныған қырлары қандай? Беймәлім болмысы туралы қайдан, қалай білуге болады? Ақындық тұлғасы биік пе, азаматтық-қайраткерлігі жоғары ма? Алаулы-жалаулы, жарқыраған романтикалық бейне ме, жоқ әлде, тұтас трагедиялық тұлға ма? Ойлар сан-саққа алып қашты», – дейді актер. А.Шаяхметовтің бұл рөлге үлкен жауапкершілікпен келгенін аңғару қиын емес. Қобалжыды, өйтетін жөні бар. Алаштың Мағжандай ардақтысын сомдау үшін үлкен жүрек керек. Мүлт кетсең, режиссер кешірер, бірақ көрермен кешірмейді. Өйткені Мағжан – халықтың ұлы, оның өлеңін халық өз әдебиетім дейді, талайлы тағдырын өз тарихына балайды. Актерға артылатын жүктің еселенгені сондықтан. Алмастың сомдауындағы Мағжан образының бір қайнауы ішінде кеткендей көрінді. Ақынның албырттығын көрсетем деп аласұрған актер кей тұста өзінің жастық жалынына тұсау сала алмай қалып жатты. Бірақ, болмыс-бітім, үннің үйлесімі жөнінен Алмасқа мін арта алмаймыз. Тіпті сахналық рөлі сәтті шығуы үшін шаш қою үлгісін де өзгертіпті. Шеберлік тәжірибе арқылы шыңдалады. Сәтін салса, бұл спектакль театр сахнасында әлі талай рет қойылады. «Көш жүре түзеледі» демей ме қазақ? Премьерадан шыға сап, біржақты пікір айтудан аулақпыз. «Айттым бітті, кестім үзілдіге» басып, шығармашылық топтың айлар бойы дайындалған қажырлы еңбегін жоққа шығаруға, актерлардың онсыз да күпті көңілін су сепкендей басуға қақымыз жоқ. Мұнымыз «Біткен іске сыншы көптің» кері болмақ.

Анар ЛЕПЕСОВА,

“Түркістан” газеті