СМИ о нас

Спектакль сәттілігінің сыры

Өнер өлкесінде өзіндік ізін қалдырып келе жатқан Мемлекеттік республикалық академиялық неміс драма театрының актрисасы әрі режиссері Наташа Дубс ханыммен әңгімелесудің сәті түсті. Жуырда ол М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының сахнасында мәскеулік драматург Олжас Жанайдаровтың «Кафедегі екеу» пьесасы желісінде қойылатын  «Екеуміз…» атты жаңа қойылымды сахналамақ. Ол қойылымдарын бүгінгі күнмен сабақтастырып, сахналаған дүниелерінде бүгінгі күннің өзекті мәселелерін де ұмытпайды.
– Наталья ханым, О.Жанайдаровтың пьесасын қоюға қандай ой түрткі болды?
– Бұрын-соңды мен ол автормен жұмыс істеген емеспін. Маған ұсыныс жасағандықтан, шығармашылығына деген қызығушылығым оянды. Оның кез келген туындыларында өміршеңдігін жоғалтпайтын өзекті тақырыптар көтерілетіндігі ұнады. Біздің қоғамда да дәл сондай жәйттар орын алуда.Сондықтан, бұл қойылымға бүгінгі күннің сипатын бердім.
– Қойылым арқылы қандай идеяны жүзеге асырғыңыз келеді?
– Оқиға жастар арасындағы махаббат сезімі туралы. Олардың бір-біріне деген сенімнің жоғалуы, орынсыз қызғаныштары, тұрақсыздығы – бақытты өмірге сызат түсіреді. Саша мен Катя, Азамат пен Лена сынды бас кейіпкерлерімізді көру арқылы көрермен өзін-өзі таниды, өзгенің жанын сезінеді және «Ол адамның жанында өз болашағымды елестете аламын ба?» деген сұраққа жауап іздейтін болады.«Мен және Оның» жанымыздан табылуы әркімнің таңдауы. Бұл туынды арқылы «Тағдыр – отбасын құрған адамдардың өз қолында» екенін айтқым келеді.
– Сіздің ойыңызша жаңа туындының өзгешелігі неде?
Өзгешелігі – жастарға арналғандығында, тіпті мәтіннің сөздері қазіргі «заманауи сленгпен» жазылған. Яғни, қазір жастарымыз қалай сөйлесе, дәл солай көрерменге жеткіземіз. Сахнада ер және әйел адамдардың күнделікті өмірде киетін киімдері бір түстес болады. Сонымен қатар, қойылымда пластикалық қимыл көп, өйткені өмірдің өзі қозғалыс екенін халыққа жеңіл әрі ой салатындай етіп жеткіземіз.
Тағы бір ерекшелігі – шығарманың қорытынды бөлімінде көрермен күтпеген жәйт орын алады. Оны сіздер туындыны тамашалау барысында көресіздер.
– Қойылымды сахналау барысында не нәрсеге аса көңіл бөлдіңіз?
– Әрине, ең алдымен актерлардың көңіл-күйі мен түсіністігіне, олардың бір ұжым болып атқарған жұмысына мән беремін. Олардан актерлік ансамбль жасауға тырысамын. Жұмыс барысында олардың қасынан табылып, тыңдап, сезініп, ой түйіп – осындай шығармашылық процесстен шабыт аламын.
– Жоғарыда айтып кеткеніңіздей, туынды жастарға арналған. Актерлық құрамда да жастар бола ма?Дайындық барысындақандай қиыншылықтар туындады?
– Иә, бұл қойылымда жас буын өнер көрсетеді. Әр актердің басынан өткен оқиға деп те айта аламын. Спектакль дайындығын сауатты ұйымдастыра білу біздің ұжымдық топтың жұмыла тер төгуіне байланысты. Біз қаңтар айының ортасынан қойылымға дайындалып жатырмыз. Дайындық жақсы өтіп жатыр. Ешқандай қиыншылық, кедергілер болған жоқ. Бұйырса, қойылым сәтті шыға ма деген үміттеміз.
– Көрерменнен қандай әсер күтесіз?
– Театрға келушілердің басым көпшілігі жастар екенін ескеретін болсақ, бұл тақырыптың қызығушылық тудыру мүмкіндігі зор. Қойылымнан кейін, көрермен сол туындының ішінде қалып қойғандай әсер алса деймін. Сахналанатын спектакліміз олардың жүрегінен орын алады деген ойдамын.
– Сынды қалай қабылдайсыз?
– Сын айтылу керек деп ойлаймын. Сын айтылмаса актер де, режиссер де өспей, бір орында тұрып қалатын сияқты. Жаңа қойылымды сахналағаннан кейін міндетті түрде кәсіби мамандардан кері байланыс күтемін. Олардың пікірін тыңдау мен үшін маңызды.
– Әңгімеңізге рахмет!

 Динара Масакова
qazaquni.kz
https://qazaquni.kz/rukhaniyat/155993-spektakl-sattiligining-syry