БАҚ біз туралы

АХМАНОВТЫҢ АПТАСЫ НЕМЕСЕ БІР АПТАДАҒЫ ЕКІ ПРЕМЬЕРА

Жуырда ҚР еңбек сіңірген артисі, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері Мұрат Ахмановтың режиссерлігімен қойылған екі бірдей премьераның тұсаукесері өтті.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қойылған алғашқы қойылым – Еркін Жуасбектің «Күлеміз бе, жылаймыз ба?!» комедиясы.
Бүгінгі заманның бет-бейнесін ашып көрсетуге тырысқан бұл комедия халықтар достығының жарқын үлгісіне айналамын деп әлекке түскен интернационал отбасының жайын суреттейді. Немістен келін алып, кәріске қызын берген қайын ата (Бақтияр Қожа) мен ененің (Данагүл Темірсұлтанова) шырғалаңға түскенін сипаттаған қойылымға пьеса авторы Еркін Жуасбек «көңілсіз комедия» деген анықтама беріпті. Мұнысы орынды. Қойылымда өтімді әзіл көп болғанымен, трагедиялық сарын басымырақ.
Адасқан ата-ана ұрпағымен аты шығып, көрінгенге мазақ болу кім-кімге де оңай емес, кемпір-шалдың көкірегін кернеген ащы өксік құдыққа айқайлағанда ғана басылады. Айтпақшы, құдық – бұл режиссерлік шешім. Режиссер М.Ахманов кейіпкерлерінің тұншыққан жан айқайын құдыққа жаңғырықтыра айқайлауы арқылы көрсеткісі келгенін айтады.
Қойылым – 2 актілі, бірінші акті 1 сағат 5 минутқа, екінші акті 50 минутқа созылды. Көрерменін екі актілі қойылымдармен қарсы алуды дәстүрге айналдырған театрдың бұл жолғы премьерасын ұзақ деп бағалаған кейбір көрермендерді көзіміз шалды. Режиссердің бұған да айтары бар екен: «Көрші мемлекеттерде, әсіресе, Ресей театрларында қойылымдар 3-4 сағатқа дейін жалғасады. Онда ұзақ деп жатқан бір адам жоқ, қойылымды соңына дейін тапжылмай тамашалайды. Ал біздің халықта спектакль мейлінше қысқа болуы тиіс деген қағидат жиі байқалады. Біздерге көрерменнің көңілінен шығу үшін көп спектакльдерді қысқартуға тура келеді. Мәселен, мен осы «Күлеміз бе, жылаймыз ба?!» қойылымын дайындағанда, автордың пьесасынан 10 бет қысқарттым».
Қойылымның көтерген мәселесі ауқымды, арқалаған жүгі ауыр. Сахна сыртынан сықылықтап шығып, кемпір-шалды әжуалап кететін масқарампаз маскалар сәтті ойластырылған. Тек соңғы сәттерде қазақтың «Қаражорғасы» мен шет елдің арсыл-күрсіл «Brake dance-ын» қатар билету қаншалықты қажет еді? Батыстанған отбасының бүлінген бет-бейнесін қыз бен ұлдан туған қос немеренің үйленуге бел байлағандығынан-ақ көрдік емес пе?..
Жұбан Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Мен – қазақпын» әні бұл кеште тағы бір мәрте шырқалып, қазақтығымен қайта қауышқан қандастардың сахналық кейпін көріктендіруге үлес қоса алды. Спектакль соңында Таня келін мен Коля күйеу баланың неміс не кәріс ұлтынан емес, қазақ болып шығатындығы алғашында шындыққа жанаспайтын секілді көрінді. Қойылым барысын саралай келе, бұл көрініс аты қазақ болғанмен, заты басқа дүбәра ұрпақтың көбейген дәуірді меңзегенін ұқтық.
Кеңестік дәуірден қалған сарқыншақтардан енді ғана арылып келеді екенбіз...
Спектакль соңында жайнамазын жайып, Тәңіріне тәуба еткен қайын атаны, оның «Қаражорғаға» ойқастай билеген ұрпағын, оюмен оқаланған көйлек пен зерлі сәукеле киген қалыңдықты көргенде көңілге түйгеніміз осы. 
Роза ӘРЕН