СМИ о нас

Халық аманатын арқалаған

                    Жуырда әйгілі жазушы Шерхан Мұртазаның шығармалары бойынша М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында «Ай мен Айша» спектаклі қойылды. Білікті драматург Еркін Жуасбек қаламгер Ш.Мұртазаның өз тағдырын тікелей көктеп өтетін негізгі шығармаларынан оның ес біліп, қадам басқан шағынан бертінгі бүкіл қасіретін бір ғана «Ай мен Айша» өмірбаяндық романына негіздеп алып, ел тағдырын түбегейлі төңкеріп кеткен қызыл империя – кеңес өкіметінің жойқын езгісін бір әулет, бір отбасының жұлын-жүйкесіне жинақтап, жазып шыққан. Енді драматург ұсынған осы еңбекті қолға алып, күллі оқиғаларға сай актерлерді таңдап алып, тайға таңба басқандай кең-құлаш панорамаға айналдырып, өз дүниетанымының небір терең суреткерлігін көрсету – қоюшы-режиссердің құзырында тұрған. Бұл спектакльдің әуелгі үш тұғыры анық еді. Ол – әулетінің күл-талқан болған тарихын өз тағдыры арқылы қалың оқырманға ұсынған жазушы – бір жағынан, қаламгердің бүкіл шығармалары арқылы оның шыбықтай болып қадалып өскен өмірін көк теректей көркейтіп мәуелеткен драматург – екінші жағынан, ал енді бірінің арнасына бірі сарқырай қосылған осы қос дарияны тұтасымен қамтып алып, шырқау биікке ұмтылған шыбық пен көк теректің әрбір тамыршағы мен жапырақшасын тал-тал етіп, тарамдай өсіріп, өзегі нұрланған, бұтақтары гүл жарған алып бәйтеректі өнердегі әділдікпен, қаталдық және ерекше қамқорлықпен мәуелей өсіріп, халыққа ұсынатын режиссер – үшінші жағынан. Сахнаға бет алған спектакльдің үш тұғыры – осы. Ал, осының барлығын көрерменнің көзін тартып, көңіліне бейнелер арқылы терең ұялататын – сахнадағы актерлер емес пе?! Міне, бұл – төртінші тұғыр. М.Әуезов театрының сахнасына шыққан «Ай мен Айша» спектаклінен осы мықты төрт тұғырдың біртұтас тұрғанын көрдік. Кәдімгі көне ауылдың күнделікті арқын-жарқын тіршілігімен бас­талған спектакльдегі алғашқы сахна көп ұзамай қайғыдан қақ айырылып, кейіпкерлердің әрқай­сысының басына қара бұлт төнеді. Арпалыс содан басталады. Өз шаңырағында өлеңдетіп, домбыра тартып отырған Мұртазаны (актер Ж.Толғанбай) НКВД-ның шабармандары қолын артына қайырып, сүйреп әкетеді. Мұртаза: «Айша, балаларға ие бол! Отымды өшірме!» деді. Міне, сахнадағы айдалып бара жатқан Мұртазаның жарына аманат етіп тапсырған осы екі ауыз сөзі бүкіл спектакльді қақ жарып тұрған қуатты арна-да­рия деуге болады. Яғни, бұл – қасіретке ұшыраған әрбір қазақ шаңырағының аманаты! Халқымыз ежелгі замандардан да, кешегі тарихтан да, дәл бүгінгі жайнаған өмірден де, міне, осы аманатты арқалап шығып келе жатыр. Спектакль дәл осы биік рухқа құрылған. Келешек үшін, ұрпақ үшін арпалыс «Ай мен Айшаның» сахналық әуелгі көріністерден – ең ақырғы аккордтарына дейін тоқтамай жалғасқан. Тағдырының аспаны қақ айырылып, төбесіне құлаған Айшаның өмірі енді күн мен түннің, сәуле мен түнектің тоқтаусыз арпалысына айналады. Санасына іштей кеп тиген ауыр соққыдан есеңгіреген Айша, әуелі, не істерін білмей, абыржыған сахналық көріністің енді қалай бет алатынын біле алмай, залдағы көрерменнің өзі де сәл дағдарып қалады. Бірақ жүрекке жара салған «жыланның уы» бірте-бірте бойға тарап, спектакльдегі актерлердің де, залдағы көрермендердің де тұла бойына сіңген соң, жарық дүниенің ең үлкен сыйы – өмір үшін күрес сахнаны да, театр залындағы көрермендердің көкейін де тіке қақ жарып, біріктіріп жі­береді. Айша еңсесін көтеріп, елмен бірге жанталаса қарманады. Негізінен, бүкіл спектакльдің дің­гегіне айналатын Айшаның (ак­триса Дәрия Жүсіп) енді адам­дық, аналық және азаматтық тұлғасының қалыптасу қадамдары осылай басталады. Айша рөліндегі актрисаның сахналық образда қалыптасуы бір­ден шығандап шығып, биікке ұмтылмайды. Керісінше, бәз-бая­ғы қазақ ауы­лының қарапайым Айшасы болып басталған сахналық көрініс – күнделікті күйбең тірліктің құлдығынан шығып, мыңдар мен миллиондардың тағдырын таптап өтіп жатқан – қызыл империя тарихының ауыздығымен өз тағдыры арқылы арпалысады. Жер бетінде Алланың құдіретімен жаратылған әрбір адам баласы болмысының небір тереңінде жатқан тылсым құпия сезімдерді образ бейнесіне мөлдірете тамшылай жинақтап, олардан айдын шалқар көл қалыптастыра отырып, сахнадағы әрбір образдың басында дәл солай «үйрек ұшып, қаз қонып жатқан» нешеме қылт еткен мінез, жылт еткен сөз арқылы оны бірден-бірге ұштастыра, шарықтау шегіне жеткізе келіп, әр тағдырды – сахнадағы бар тағдырмен қоса, спектакльдің логикалық шегіне шарықтата ұмтылғанда (!!!) – әр бейне өзінің психологиялық кенересінен асып түсіп – бүкіл сахнаны алып керемет бір тағдыр көші – өмір-дариясы жосылады. Режиссер өнерінің Хан-Тәңіріндей биік мәртебелі шыңы – осында тұр! Тұңғышбай әл-Тарази бұл – спектакльді осындай біртұтас адам тағдырының ғаламдық өлшемдегі ғұмыр-дариясына айналдырған. Әрине, спектакль бір ғана Айша образының қам-қарекетімен шектеліп тұрған жоқ. «Халық жауы» етіп жазықсыз Мұртазаны сүйреп алып бара жатқан НКВД шабарманы Тасбеттен (актер Жандарбек Садырбаев) бас­тап, қара түнек соғыс апаты төн­генде Барысханмен (Елжан Тұрыс) бірге Айша-ананың бауырын паналаған қос сәби – кіп-кішкентай актерлер­ге дейін аса ауқымды панорама – өмір-дария образдың ішкі ізденіс – дамуымен, сыртқы мінез-болмысымен бірге тұр. Бұл орайда сахнада телегей-теңіз ішкі психологиялық, сыртқы-пошымдық толассыз қозғалыс – дамуда тұрған әрбір актер арқалап тұрған образды айту керек. Соның біреуі және бірегейі – Айшаның қайнағасы – Мамай мен жеңгесі Қамқа отбасының тағдыр тауқыметі. Сөз жоқ, спек­такльдегі Айша образының сатылай көтеріліп, биік тұғырға мықтап қонуы мен сірескен күзгі бұлттай сахнаны басып тұратын толассыз жан күйзелісі осы образдар арқылы шеңбірек атып, спектакльдегі өмір-дарияның өткені мен келешегін жалғастыра келіп, тікелей бел омыртқасына айналып, залдағы көрерменнің жан дүниесіне шөліркеген судай сіңіп кетеді. Бұл жерде режиссер екі отбасының екеуін де – көгендеулі егіз қозыдай етіп сахнаның екі бұры­шына қойып, қатар ұстап, екі үйде бастан өтіп жатқан қасірет-қайғыны қатар шектіре отырып, көрерменнің өз қолына өмірлік шешімдердің тізгінін тікелей ұста­тып отырады. Сахнаға Мамай боп көтерілген актер Айдос Бектемірді көргенде, залдағы көрермендердің – көне дүниеден келіп, бүгінгі заманның діңгегін нық ұстап тұрған абыз-қарияны дәл тапқанын сезіп, жүрегін шаттық кернейді. Мамай – айдалып кеткен Мұртазаның да, соғысқа кетіп опат болған өз ұлы – Орағының да, тіпті, көзі суқараңғы кемпірі Қамқа мен қолындағы нәрестесімен жайнаған шағында жесір боп қалған келіні Тотияның және Барысхан, Нұрперзент, Айдай секілді қаптай өсіп келе жатқан өрттей жастардың да шайқалмас мықты тұғыры болып шыққан. Көзі көрмей, темселеп жүрсе де, құлағы ашық, жүрегі тың Қамқа (Гүлнар Жақыпова) екеуі сахнадағы қасіретті әрі қуатты Айша тағдырының арнасын асыра толтырып тұр. Мамай қария: «… Орақ енді келмейді. Келін кетпекке ой қылып жүр. Ол кетсе, бізге Әскербек жоқ. Орақтың оты өшеді. Түсіндің бе, ей мылқау! Орақтың оты мүлде өшеді» деп кіші ұлы – Нұрперзентті нығарлап алып, «…Орағымды қайтара гөр!», «Орақтан қалған – Әскербек …» деп қайталаған сайын сахнадан лықси соққан өкініш оты көрерменнің жан-жүрегін күзгі жапырақтай қалтырата түседі. Мамай қария (бұл рөлді атқарушының бірі – ак­тер Тұңғышбай әл-Тарази) мен Қамқа апа осылай – көз алдында үздіксіз жан қиналысында жүрген Айшаға бүкіл көмегін көрсете жүріп, опат боп соғыстан қайтпай қалған ұлдары – Орақтың шаңырағын құтқаруға жан-тәнімен беріле кіріседі. Келіні – Тотия күннен-күнге зар илеп, зарығып, шөгіп барады. Тотия (актриса Арай Өмірова): «Тынысым тарылып барады» десе, мұны естіп тұрған Айша оған өз тағдырын қосақтай түсіп: «Жесір әйелдің түні де, күні де – түнек қой» деп ауыр күрсінеді. Жазушы қаламынан қалың жұртқа тараған шығармадағы әйел кейіп­керлердің тағдырын енді режиссер спектакльдің өне бойына бір деммен байқатпай ғана білікті етіп орналастыра отырып, қай заманда, қай ғасырда болсын қыз – әйел – ана тағдырына терең ілтипатпен қарағанда ғана – жалпы халық болып көктеп өсетіндігін терең бір ишарамен нұсқайды. Міне, олар: көзі суқараңғы болса да, Орағының отбасынан айырылмай жүріп, Әскербегінің бесігін тербеткен, Айша мен Тотия келіндерін түсінікпен аялап отыратын Қамқа, өзінің зілдей ауыр тағдырына бойберместен екі үйдің балаларын бауырына басқан Айша, майданда қаза болған Орағының шаңырағын шайқамай, екі оттың арасында шарқ ұрған Тотия және … әлі он екіде бір гүлі ашылмаса да, қазақ әйелінің осыншалықты қиын тағдыр жолын бетке алып, Нұрперзентті жанындай жақсы көре, бала қиялмен сахнада жүгіріп жүрген Айдай… Майшамы жылтырай жанған осы қос шаңырақты драматург те, режиссер де өте биік шығармашылық көрегендікпен біріктіріп жібер­се де – актерлердің ойыны жалпы­халықтық, бүкіләулеттік биік мүд­дені көрермен алдында жоғары кәсіптік деңгейде нақты орындай отырып, түп-тамырына келгенде, әрқайсысы дара-дара бейнелер ретінде көмкерілген түнгі ас­пандағы баданадай-баданадай жұл­дыздар секілді оқшау көрінеді. Бұл да – шығармашылық топтың құ­рыш­тай берік ұстынын дәлелдеп тұр. Мамай мен Қамқада өз өмір­лерінен биік тұрған бір мақсат бар. Ол – опат болған Орақтың жесірі –Тотияны, оның қайнысы, өздерінің кенже ұлдары – Нұрперзентке қосу, сөйтіп, бесікте жатқан кішкентай немересі – Әскербектен айырыл­мау. Сол үшін бір көріністің өзін­де рөлін өте тұшымды орындап шық­қан Қалпені (актер Үсіпхан Сейтімбет) неке қиюға шақырады. Сөйтіп, спектакльдің ортасына жа­қындағанда, онда бірін-бірі жалғастырып, бірін-бірі то­лық­тырып, дамыта түсіп, жаңа арналарға бастайтын бірнеше бағыттар көзге айқын көрінеді. Олар: ең әуелі, қасірет шеккен Айша мен оның отбасының күрескерлік рухы, үлкені – Барысханның ақиқат жолына шығып, келешек үшін өзінің күрес жолын таңдауы, Тасбет бастаған тасбетті кеңес өкіметі ұрда-жық белсенділерінің тылдағы елді басқыншылықпен қасқырша талауы, Мамай мен Қамқаның өз жандарын сақтай отырып, келешектегі ұрпағы үшін жан аямай қамдануы, Тотия мен Айшаның «жел қыбырын жеткізбей жүріп» өз бастарындағы жесірлік тағдырмен тайталасуы және.., Барысхандай жан бауырына сүйене жүріп Нұрперзенттей перзенттің Айдай – қызға, қыздың – оған жан-жүрегімен ғашық болуы. Бір қарағанда, барлығы да – бірдей, әрі қым-қиғаш. Бірақ, актерлердің сезім дүниесі мен ой серпіні рөлді атқарған кездегі ішкі-сыртқы бітім-болмыстарынан толық көрініс тапқанына көрермендер қатты риза болды. «Ай мен Айша» қан төгіліп жатқан майдан мен тылдағы ауыл адамдарының қасіретіне шомған спектакль емес. Осыншама зарлы өмірдің түңлігін жамылып жатқан қиырдағы ауылдың дәл төбесінен спектакльдің орта тұсына ойыса бере бір шоғыр жұлдыздай жарық сәуле әуелі жай ғана себезгі беріп, бірте-бірте шоғырлана жарқырап, тұтас бір аспандағы айтабақтай нұрға айналады, келе-келе қалған елдің өзегін қақ жара емен-жойқын ақ дария – өзен болып ағатын өскелең ұрпақтың келешек жолын ап-айқын меңзеп тұр. Спектакльдің режиссері басында бұлақ болып басталатын бұл дарияны әу баста – спектакльдің бас кезінде-ақ әдемі қамдап қойған екен. Ол, сөйтіп, сахнадағы Айша, Мұртаза, Мамай, Қамқа, Қалпе, Тасбеттерден өмір­дің ауыр жүгін бірте-бірте сыдырып алып, енді бүкіл тіршіліктегі күллі ізгілік пен игілік жолын – оқиғалар қансырата жаншып өтіп жатса да – ешбір қаймықпастан, қайтпастан болашақтың нұрлы белестерін тек қана жастардың еншісіне бұйыртады. Жазушы-драматург, режиссердің мұндай биік гуманистік мұратқа біріккен ұмтылысы – спектакльді толассыз пафосқа толтырып тұр. Жастар демекші, әуелгі сахнада бейтараптау көрініс беретін Барысхан (актер Елжан Тұрыс), Нұрперзент (актер Ермек Бектасов) пен Айдай қыз (актриса Саяжан Құлымбетова) және Тотия келіннің (актриса Арай Өмірова) әрқайсысы сахнадағы оқиға қоюланып, күшейе бере жеке-жеке андағайлап, образдары бірте-бірте нығайып, бертін келе дара сипаттарын анық танытады. Әсіресе, әкесін «халық жауы» қылып жалмаған қызыл өкіметке Барысхан жан-тәнімен қарсы. Айша – анасының қасында жүріп, көрмегенді – көрген, білмегенді – тү­сінген Барысхан енді алдына келсе, көлденең тұрған жау атаулыны алқымнан алуға даяр. Жас актердің ізденісі мен жарқылдаған сипаты небір қиын сәттердің өзінде де (Мәселен, Айша екеуінің «зингер» тігін машинасын алып, Айша Бибі мазарына түнеуі т. б.) майырылмас, суарылған наркескендей жас тұлғаның өсіп келе жатқандығын дәлелдеп тұр. Айша Бибі мазарында анасымен бірге түнеп жатқан Барысхан анасына: «Тасбет – жау ғой. Жеріңе, анаңа, бауырыңа, қарындасыңа жау тисе, қолында өлмеймін бе…» деп қайтпас шешімін айтады. Ал, оның немере бауыры – Нұрперзенттің бейнесіне режиссер мен актерлік орта сарқылмас керемет поэтиканы тамаша жинақтаған. Ол – әуелде спектакльдің басында көктемгі таңның жай ғана себезгі нұрындай байқаусыз басталып, келе-келе бір арнаға тоғысып алып, ақырында қасіретті көріністерді қақ жара жосылып Жаратқан Иеміз беріп тұрған келешек өмір­ге құлаштай ұмтылатын – Нұр­перзент пен Айдайдың ақ сәулелі сүйіспеншілік линиясы. Ауылдың бір қиырындағы диірменге бір дорба бидайды ұн етіп тартуға барғандағы Барысхан – Нұрперзент – Айдай арасындағы пәк балалық сүйкімділік енді сахнаның соңына қарай бойжеткен мен бозбаланың арасындағы тап-таза нұрлы сезім дариясына айналған сәттерін жап-жас актерлер аспанда ұшып жүрген аппақ құс балапандарының жұп-жұмсақ лебіндей дәлме-дәл сезім көріністерімен бейнелегенде – залдағы көрермен орындарынан ұшып кете жаздайды! Міне, режиссерлік терең суреткерлік пен актерлік сезімтал даралықтың бірігіп ұмтылған биік өнерпаздық шыңы! Спектакльдегі құлаш-құлаш боп тұрған мұндай бейне­көріністерді, тіпті, дәл біртұтас киноленталардың үзіндісіндей әсермен қабылдайсың. Осымен бірге сол ауылдан өсіп келе жат­қан жас толқынның бұғанасы қатайып, белін бекем буған сайын өз өмірлеріне нала болып кеткенде зығырданы қайнап тұрып айтатын өз үкімдері бар. Ол – әкесінен тірідей айырылған Барысханның әредік айтатын: «Атаңа лағнет, Сталин!» және жаны қиналып тұрған Нұрперзенттің аузынан екпінмен шығатын: «Атаңа нә­лет, Гитлер!» дейтұғын қарғыс­тары. Расында да, өзінің тарихи сойқанымен қаншама ел-жұртты жалмап, жоқ еткен осы тарихи жауыз тұлғалар әлі күнге дейін бүкіл адамзаттың қарғыс толқындарының астында қалғаны анық емес пе?! Режиссер бұл тұста да өз танымының темір қазығын дәл орнына апарып қаққан. Бұл – сахнадағы жай ғана екі жет­кіншектің аузынан әредік кезекпе-кезек шыға салған налалық үкім секілді естіліп тұрғанымен, осы қантөгіс соғыс тақырыбына қалам тартқан сол кезеңдегі және кейіндегі қазақ қаламгерлері және орыс әдебиеті мен шетелдік жазу­шылардың жазып қалдырған шығар­маларын терең зерделей оқып, түйген режиссер шешімі. Баласы Барысхан мен Нұрпер­зенттің, келіні Тотияның тағдырын алақанындағыдай көріп отырған Айшаның: «Жаратқан қайырымды болса, пенделерін неге мұнша зарықтырады? Қайда оның қайы­рымы? Жаратқанға мына мен не жаздым? Мына Тотия не жазды? Мына балалар не жазды? … Жер жүзінде жетім қалғандар мен жесір қалғандар жабыла қол көтерсе, аспан астында бос орын аз қалар еді. Не жазыпты соның бәрі Жасағанға?!» деген нала жүрегінен шыққан мұң-да­риясы сахнадан – залға, театр залынан тік көтеріліп, бүкіл әлемге толқындана тарап бара жатқандай болады. Бүкіладамзаттық осы ұғым бұл қойылымның рухын биікке самғатып, оны спектакль-эпопеяға айналдырып тұр. Спектакльдің соңғы бөлігінде сахна қым-қиғаш оқиғаларға толып кетті. Қан майданнан келіп жатқан соғыс хабары жеңілдесе де – ауылдағы қараша үйдегі арпалыс – адамдар тағдырының аласапыранына айналады. Осындай алмағайып сәтті режиссер енді қарапайым әрі аса терең мағыналы көркем сахнамен аяқтайды. Ол әр кейіпкер, әрбір отбасы, бүкіл халыққа осы тығырықтан шығар жолды нұсқау. Ол – үміт шырағын өшіріп алмау, үміт құстарын самғата ұшыру! Осы сәтте – сахнаға, сахнаның сыртындағы көк аспанға да – қалықтап ұшқан құстар толып кетті. Құстар – адамдар, адамдар – құстар … Бүкіл спектакльдің рухы дәл осы кезде Айшаның аузымен айтылады: «Ұшыңдар! Сендер қанат қағып ұшыңдар! …» Бұған жазушы Шерхан Мұртазаның: «…Анам­ның аты Айша еді. Түсімде ылғи балалық шағымды көремін. Түсімде ылғи туған үйімді көремін. Түсіме ылғи Айша кіреді …» дейтін авторлық толғамы терең тыныспен сахнадағы актерлерді де, залдағы көрермендерді де қайтадан дәл спектакльдің басындағыдай өз орындарына қояды. Адам терең бір тыныстап тұрып, өзінен-өзі қайтадан тарих қойнауына, сөйтіп, сіңіп кетеді.                              Спектакльдің ұзына бойын тамаша көмкеріп тұрған айрықша арналы сахналық-музыкалық бей­нелеу панорамасын бөлекше атап өтуге тиіспіз. Суретшілік, композиторлық мұндай шешімдер спектакльді көріп отырған кө­рерменнің жан-жүйесіне сахна кейіпкерлерінің драмалық-пси­хологиялық қасіретті ойынымен бірге судай сіңіріп барып, енді оның өзінің жеке тағдырына айналып кетеді. Мәселен: Айшаның ертегісіндегі Мыңбұлақтағы қа­лың елікке шапқан көкбөрінің ай астындағы ұлуы.., сахнадағы көрініс пен көріністің арасын бөліп, ашылып-жабылатын Қасірет қақпасы.., қиянда жүріп жатқан қырғын соғыстың суреттерін дәл алдыңа әкеп көрсететін пан­томимикалық образдар.., жастар махаббатының пәктігіндей көктемде гүлге оранып тұрған ауылдағы таулы жота мен сахна финалында сахнада қаптай ұшып жүретін құстар бейнесі.., және … спектакль бойына біресе толып, біресе солып, кейіпкерлерімен бірге қуанып, бірге мұңайып тұратын аспандағы Айдың образы… Осы тұста Айшаның аузынан шыққан: «… Айдың көз жасын көремісің? Біз – пақырларды көріп, аяныштан жылап жіберсе керек. Біз сияқты жетім-жесірлерді ай жарықтық аяйды. Ал, адамдар байқамайды. Адамдар да Ай сияқты мейірімді болса ғой…» деген үнін естігенде дәл бүгінгі – асау ХХІ ғасырдағы тәкаппар көрерменнің өзі бордай езіліп, ақ жаңбырдай егіліп кете жаздайды. Бұл ретте спектакльдің режиссері Тұңғышбай әл-Таразимен тізе қоса жұмыс істеген талантты шығармашылық топты айрықша атап айтуымыз керек. Олар – қоюшы-суретші М.Сапаров, композитор Ш.Ба­зарқұлова, киімнің суретшісі Б.Әбдіманапова, спектакльдегі биді және пластикалық композицияны қоюшылар – Г.Мұ­хамеджанова, Г.Бахарова т.б. Міне, осындай құрыштай құйылған шығармашылық топ қырдағы ауылдың соғыс жылдарындағы қасіретін биылғы – Жеңістің 70 жылдығына орай – қан майдандағы адамзаттың тағдырын шешкен өлім мен өмір үшін арпалыстың дәл алдыңғы шебіндегі жансебіл күрес дәрежесіне жеткізе көр­сеткен. Сондықтан да, «Ай мен Айшаның» бұл қойылымы – кешегі тарихымыздағы бүкілхалықтық жеңістің қазіргі – ХХІ ғасырдағы Қазақстан сахнасына аса терең мағы­налықпен, биік даналықпен, шырқау шеберлікпен, өз халқымен заманалар қойнауынан самғап шығып, еркін қауышқан өнер үлгісі. …Қазір көз алдыңа елестетіп қарасаң – соғыс баяғыда бітіп кеткен сияқты. Тым-тырыс. Өз аулаңа, өз бақшаңа, өз үйіңе кірсең – көк-жасыл жайнап тұр, құс біткен түгел сайрап тұр, үйіңде қазаның қайнап тұр! Саған бұдан артық не керек енді?! Соғыс жоқ, бірақ әрқайсымыздың тағдырымызда қай соғыстың да қансоқта арнасы жосылып жатыр. Тіпті, соғыста немесе соғыстан кейін жарық дүниеге келген біздің ұрпақтың ғана емес; міне, шырылдап дүние есігін енді ашып жатқан дәл қазіргі сәбилердің тағдырының өзінде сол адам тағ­дырын жалмаған алапаттың ызғарлы демі білініп тұр. Өйткені, олардың атасының, бабасы мен әжесінің, туыс-туғанының ғұмыр-тағдырын «соғыс» атты сойқан-қорқау қан жоса қылып талаған… Соңғы соғыс осыдан 70 жыл бұрын өтті. Күн астындағы күнекей – жарық дүниедегі тіршілікте тақ үшін таласқан қорқау империялар: Герман фашизмі де, Кеңестер Одағы да жоқ – жым-жылас тарап кетті. Жер бетінде 50 миллионнан астам адамның тағдыры ойран болды. 27 миллион адам қырылды. Ежелден бабалары мен әжелері сонау Тынық мұхиттағы Сары теңіз бен Еуропадағы Балқан тауларының арасында дұшпандарына қарсы арғымақ мініп, атойлап шыққан көне түркі – алты алаштың төл ұр­пағы – қазақ халқы да осы соңғы соғыста 1 миллионнан астам боздақ-ұрпақтарынан айырылды. Құдіретті Аллаһ Тәуелсіздік арқылы Қазақстанның күмбезінде Көк Туын желбіретіп беріп тұрған бүгінгі және келешектегі ұрпақ осыдан 70 жыл бұрынғы соғысты да, онан бұрынғы небір қырғын-сүргіндерді де ешбір ұмытпастан, алдағы тарихымыздың қандай бір жота-жондарында бабалар мен аналар рухынан айрылмай күш-қуат тауып, адамзат тарихынан келешекте өз орындарын алуға тиіс. Сол үшін әрбір қазақтың жүрегі «Туған Елім! Туған жерім! Отаным!» деп соғуы – парыз.                        Жаратушы Аллаһ алдында, бабалардың тарихи рухы алдында да сондай биік парызға қол жеткізетін төрт таған: тәрбие, білім, иман, ұрпақ. М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасын осы көктемде көктен түскен найзағайдай жарқ еткізген көрерменнің көзін нұрландырып, жан-жүрегін тереңдігімен тебі­ренткен – қоюшы-режиссер, Қа­зақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай әл-Таразидің суреткерлік қолтаңбасы ерекше! Бұл – аласапыран тіршіліктің тартысын көрсететін психологиялық драма ғана емес, «Ай мен Айша» – адам баласының өз басына түскен сұрапыл тағдырын бүкіләлемдік, бүкіладамзаттық деңгейге аса биік суреткерлікпен жеткізген – біртұтас спектакль-эпопея! Режиссер – әйгілі қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы мен «Мылтықсыз майдан» повесі негізінде шегендеп шыққан драматург Еркін Жуасбектің драмалық шығармасын кейіпкерлік-әлеуметтік-тарихи мә­­нінде игеріп қана қоймай – бір ғана Айша-ананың, бір ғана ауыл мен әулеттің қаусай күй­реп, қайта тұрып жатқан тағ­дырын күллі адамзаттың басын­дағы қасіретке айналдыра білген. Тұңғышбай әл-Тарази өзі­нің осы режиссерлік шығар­ма­сымен тарихи-психологиялық спек­такльдің әлемдік үлгідегі эпи­калық, классикалық нұсқасын жасап шықты. Бұл жетістікте, сөз жоқ, автордың, драматургтің, сах­надағы актерлердің үлесі өте зор. Сонымен, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасына жарқыраған жаңа спектакль келді. Ол – «Ай мен Айша». Көрген адам одан өз тағдырын табады, өмірінің өлшемі кеңейеді. Өйткені, бұл – айрықша тарихи туынды, бүкіл халқымыздың қасіретті кешегі тағдырын оның бүгінгі ұрпағына ұлағат ету, күллі адамзаттық жа­һандануға бет алған мына ға­сырда өз ұлттық нұсқамыз бен өз тарихымыздың тұғырына сан ғасырлық дана дәстүр мен дара сипатты мемлекетіміздің мықты тұғырына айналдыру, ұрпақтарын ұрпақтарға аманат етуден өзге биік мақсат болар ма екен бүкіл адам баласында?! Ендеше, «Ай мен Айша» өз Елінің аманатын арқалап халық сахнасына шықты. Қадамы құтты болсын!

Әшірбек КӨПІШ, жазушы,

Қазақстан Республикасының

мәдениет қайраткері

“Егемен Қазақстан” газеті