БАҚ біз туралы

«Апалы-сіңлілі үшеу»

А.П.Чехов – әлем сахналарында ең көп қойылатын драматург. Ал, Мәскеуде Чехов атындағы Халықаралық театр фестивалі тұрақты түрде өтіп тұрады. Оның драмаларында адамның жан-дүниесі сондай бір нәзік те зиялы түрде ашылады. Ұлы драматург адам тағдырын уақыт ағынында бейнелейді. Сондықтан да оның пьесаларындағы қоғам картинасы да жанды. Осындай драмаларының бірі – «Апалы-сіңлілі үшеу» Қазақстанда алғаш рет М.Әуезов театрында қойылды. Бұл сахнада кезінде Чеховтың көрнекті режиссер Ә.Мәмбетов қойған «Сүйікті менің ағатайымы» (аударған Ә.Кекілбаев) көркемдік құбылыс болғаны көзіқарақты қауымға белгілі. Ал, Б.Атабаев қойған «Шағаланың» эксперименттік сипаты басым болды.

«Апалы-сіңлілі үшеу» спектаклінен психологиялық театр сарыны байқалады. Қоюшы-режиссер Р.Андриасян осылайша Чеховтың қарапайым тереңін ашуға ден қояды. Сондықтан да қойылым режиссурасы, қоюшы-суретшісі В.Кужельдің сценографиясы және Г.Кужельдің киім үлгілері дәстүрлі түрде Чехов кезеңінің атмосферасын береді. Жалпы, Чехов пьесалары драматургтер үшін үлкен мектеп болса, бұл жаңа қойылым - актерлер үшін де өз кейіпкерлерінің сан қатпарлы болмысын аша білу жолындағы шеберлік сабақтары деу керек. Ал, көрермен спектакльден өзін толғантқан мәселелерге жауап іздейді. Тағы бір қадап айтылуы шарт нәрсе – бұл қойылым театр үшін сөз драматургиясының орны ерекше екенін, сондықтан да әр әуен-әуез интонациясы мен мағынасының жеріне жете айқындалуы аса маңызды екенін тағы да алға тартады.

Шымылдық ашылысымен сахна төріне апалы-сіңлілі үш қыз – Ольга, Маша, Ирина шығады. Бұл – спектакльдің үш қыздың тағдырынан сыр шертетінін аңғартады. Иринаның туған күні өтіп жатқан алғашқы сахна бақытты отба­сының кейпін танытады. Осы туған күн барысында көрермен кейіпкерлердің бәрімен таныс болады. Олардың күндері қуанышқа толы сияқты көрінгенімен, уақыт өте келе әр кейіпкердің тағдыр-талайы ашыла түседі. Апалы-сіңлілердің арманы туған қаласы Мәскеуге кету, онда барса өмірлерінің жаңа арнаға түсетініне үміттенеді. Бірақ, бұл алдамшы үміт. Спектакльдің негізгі идеясы – адамдардың тағдыры мың өзгерсе де өмір өз заңын өзгертпек емес дегенге саяды. Шынтуайтында да адамзатты осыдан бір ғасыр бұрын толған­дырған мәселелер бүгінгі қоғам үшін де өзекті екенін көреміз.
Қоюшы-режиссер, ҚР халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Р.Андриасян және режиссер А.Кәкішева мен актерлер қауымы көп еңбектенгені көрінеді. Апалы-сіңлілі үшеудің ең үлкені актриса 
Д.Те­мір­­сұлтанова орындаған Ольга гимназия мұғалімі, нағыз зиялы жан дерсіз. Актрисаның өзін-өзі ұстауы, миығын кере, сызыла сөйлейтіні зиялы орыс қызының мінезін танытады. Білімді, қызметі де бар, сырт көзге сыр алдырмағанымен Ольганың жан жарасы – жалғыздық. Оның «...шалға да тиер едім» дейтіні сон­дықтан. Актриса Д.Темірсұлтанова кейіпкерін жан-жақты зерттеген, жан дүниесіне үңілген; жаны нәзік, ақылды, сіңлілеріне қамқор, зиялы Ольга бейнесін шебер жасап шыққан. 
Үшінші премьерада Ольга бейнесін актриса Б.Қажынәбиева орындады. Алғашқы актыда баяулау көрінгенмен ойыны екінші актыда ширады, Ольганың жан дүниесі, әсіресе, финалға қарай ашыла түсті. Әлеуеті жеткілікті актри­саның ойыны әлі де тереңдей түсері сөзсіз.
Маша роліндегі актриса Н.Қарабалинаның жүріс-тұрысы, өзін сахнада ұстауы нағыз дворяндық кейіп танытады. Көркіне ақылы сай Машаның өмірінде өкініш көп. Жастай тұрмыс құрып, сүймеген адамымен өмір кешуі, Вершининмен романының кенет аяқталуы актрисаның шебер ойынында аяныш туғызады. Тек актриса Д.Исабеков пьесасы бойынша режиссер Е.Обаев қойған «Жаужүрек» қойылымындағы Елизаветасымен ұқсастық туды­ратындай штрихтардан қашқақтаса дейміз.
Үшінші премьерадағы Маша актриса Н.Бексұлтанованың трактовкасында өмірге аса өкпелі, тіпті ызалы көрінді. Және осы трактовка бойынша ойы­ны шынайы. Дегенмен де тәжірибелі актриса кейіпкерінің тегі, әулеттік өмірбаянынан шығып ойнаса ұта түсер еді. 
Апалы-сіңлілі үшеудің ішіндегі жарқын мінездісі Ирина ролінде көрінген жас актриса Зарина Карменова көрерменін табиғи ойынымен баурады. Оның Ири­насы ақылды ерке, көрікті, жаны таза. Бойжеткеннің арманы Мәскеуге барып еңбек ету, барлық пенделер секілді жақсы жар тауып, бақытты өмір кешу. Бірақ, тағдыры оған сүйіктісін кездестірмек түгіл салқын ақылға салып, күйеу етпекші болған барон Тузенбахпен қосылуды да жазбапты. Өмірден жо­лы болмағанына өкпелі болса да Ирина сол таза, әсершіл қалпында қала­ды. 
Иринаны келесі құрамда актриса С.Құлымбетова орындады. Бұл Ирина жаны нәзіктеу. Бірақ, осы нәзіктіктен шыға алмады ма, актрисаның дауысы тым бәсең, артқы қатардағы көрерменге мүлдем естілмей де қалды. 
Спектакльдегі орталық кейіпкерлердің бірі апалы-сіңлілі үшеудің бауыры Андрей роліндегі Ж.Садырбаев пен Б.Манжігітовтің және Андрейдің әйелі, алға­шында ұялшақ, ал, Андрейге күйеуге шығып, өз ұпайын түгендеп алған соң осы бір зиялы отбасын ұршықша үйіріп, өз заңын орнатқан бетпақ Наташа – актрисалар Ш.Жанысбекова мен А.Бөкенбайлардың ойындары да тартымды шықты. Тек Наташаның өзгеру жолында өсу линиясын әлі де айқындай түсу керектей. 
Спектакльде махаббатта жолы болмаған адамдардың аянышты тағ­дырлары әдемі бейнеленген. Сондай кейіпкерлердің арасында шоқтығы биі­гі подполковник Вершинин. Осы рольдегі Е.Біләл қай спектакльде ойнаса да сахнаға өз кейіпкерін жете зерттеп барып шығатын актер екені белгілі. Сахна шеберінің келбетті де сымбатты әрі сырлы Вершинині де сәтті шыққан роль. Спектакльде сөз құдіретін түсініп, сөз астарын аша білген, тіпті бір де бір сөзді текке айтпаған актер де осы Е.Біләл болды. 
Қойылымның алғашқы екі премьерасында шыққан Кулыгин – Қ.Тастанбеков, Анфиса – М.Өтекешова, Чебутыкин – Т.Аралбай, Соленый – Ж.Толғанбай, Тузенбах – Р.Сенкебаев, Ферапонт – Ж.Махановтар да өз істерінің шебері екенін көрсетті. 
Бір атап айтарлығы – спектакльде музыка аз, ол тек фон ретінде ғана естіледі. Мұның өзі фонограммамен ән салып, кейде музыкамен жеңіл шығып кетуге бейім актерлерден үлкен жауапкершілікті талап етті.
Спектакль бүгінгі заманмен үңдес екенін айттық, оқиға, әңгіме басқа болға­нымен адамдардың өмір сүруі, өмір туралы ойлары тура бүгінгіше. Сондықтан да спектакль көрерменін ойландырады, өмірдің мәніне бойлауға бастайды. Ойымызды қорыта келгенде, қазақ сахнасы өмірдің өз философиясына терең бойлататын көркем спектакльмен толықты дей аламыз. 
Ендігі сөз кезегін мамандарға берелік.
Рубен АНДРИАСЯН, 
қоюшы-режис­сер:
– А.Чеховтың қай туындысын алып қа­­расақ та адамдарға өмір сүруді үй­ре­теді. Оның шығармаларында көбіне жағымсыз кейіпкерлер суреттеледі. «Апалы-сіңлілі үшеу» пьесасында апалы-сің­лілі Оля, Маша, Иринаның да, ағалары Андрейдің де өмірде жолдары болмаған жандар. Тіпті Вершининнің де, Соленыйдың да өмірлері мәз емес. Ал Тузенбах болса пьеса соңында адам қолынан қаза табады. Спектакльдегі барлық кейіпкерлер өзіне жақын жандардан айрылады. Бұл қойылымда өмірден жолы болған жалғыз Наталья. Дегенмен оның да өмірі өтірікке құрылған. 
Спектакльдің негізгі идеясы қандай да жағдай болмасын адам басына түскен қиын­дықтарға төтеп бере білу керек деген ойға жетелейді. Қойылымға қа­тыс­қан актерлер көп тер төкті. Жалпы М.Әуезов театры актерлерінің талантына тәнтімін.
Смағұл ЕЛУБАЕВ, 
жазушы-кинодраматург:
– Шыңдығын айтқанда спектакльге XIX ғасырдың классикасы бүгінгі сахнада сөйлеуі қалай болар екен деген күмән-күдікпен келген болатынбыз. Спек­такльді көрген соң сол күмән-күдігіміз бірден сейілді. Классиканың аты классика. Чеховты бұ­рыннан түп нұсқасынан көргенбіз. Ал әде­биеті­міздің таңдаулы сыншысы Әлия Бөпежанованың аудармасындағы «Апалы-сіңлілі үшеу» шын мәнінде бүгінгі көрерменмен бүгінгі қазақтың әдеби тілімен сөйлесті, тіл қатысты, тіл табысты дегіміз келеді. Шы­ғарманың көз көріп тұрған табысты жағы – оның қазақ тілінде артығы да, кемі де жоқ бүгінгі әдеби тілде сөйлеуі. Бұл жөнінен біз ешқандай мін арта алмадық. 
Біздің күдік-күмәнімізді сейілткен құбылыс үш апалы-сіңлілінің басындағы тағдыр және оның төңірегіндегі адамдар дәл бүгінгі күні болып жатқан оқиға сияқты көрерменге керемет әсер етті. Соған қарап біз жалпы адам тағдыры деген тіптен өзгер­мейтін нәрсе деген ой түйдік. Бұл жерде адамға ғана тән тағдырлар тоғысы қозғалған. Содан кейін осы­ның бәрі жақсы актерлік ансамбль болмаса, ак­терлердің ғажайып таланты болмаса және тамаша режиссура болмаса қаншама классика болса да көрермен жүрегіне жетпес еді. Классиканы өз деңгейінде оқи білу, оны сахнада тірілтуге үлкен режиссура және үлкен актерлік талант керек. Осы екі шарт, яғни екі үлкен фактор академиялық театр спектаклінде орындалған екен. 
Біздің ең қатты разы болғанымыз – театрда небір амплуадағы әр түрлі актерлар бар екен. Оны біз бұрыннан да көріп жүретінбіз және әрбір спектакльге барған сайын соны сезініп, актерлеріміздің талантына тәнті болу үстіндеміз. Мен бұл жерде ешкім­ді бөле-жара айтқым келмейді. Апалы-сіңлілерді ойнаған актрисалар Данагүл, Назгүл және Зарина тамаша ойын көрсетті. Андрейдің келіншегін ойнаған Ш.Жанысбекова да тура бүгінгі замандағы ақша деп бебеу қағып жүрген жылпос, бәрін тек эгоистік өз деңгейінен өлшейтін, өзінің ынсабын ғана ойлайтын, бір сұрқия кейіпкердің бейнесін керемет шығара білді. Содан кейін спектакльде көрінетін ер азаматтар ролдері тамаша шықты. Соның ішінде Т.Аралбай, Қ.Тастанбеков рольдерін атап айтуға болады. 
Осы спектакльден түйген ойым – біздің актерлер қандай да болсын әлемдік классиканы қазақ сахнасында тірілтуге қабілеті әбден жеткен кәсіби деңгейдің ең жоғары сатыларына шыққан актерлер екен. Осыған шүкір дегіміз келеді. 
Алма КӘКІШЕВА, 
спектакль режиссері:
– «Апалы-сіңлілі үшеу» – Чеховтың қазақ сахнасында «Ваня ағай» мен «Шағаладан» кейінгі сахналанып отырған үшінші пьесасы. Спектакль негізінен классикалық тұрғыдан қойылды, көп мәселе актерлік шеберлік, актерлік трактовкада. Мамандығы дәрігер Чехов адам психологиясын жақсы біледі. Оны пьесадағы кейіпкерлерді зерттеген кезде байқауға болады. Бүгінгі күннің өзекті мәселелері арқау болған спектакльде тектілік пен тексіздік, сол кездегі интеллигенцияның әлсіздігі сөз етіледі. А.Чеховтың ұлылығы сонда – ол адамдардың тағдырын тоқайластырып қояды. Және кейіпкерлері сол ең қиын жағдайлардан шыға біледі. Спектакльде баянсыз махаббат, адам жанының жалғыздығы сөз етіледі. Қойылым ұрпақ ауысады, заман өзгереді, бірақ адамдардың өмір сүру қағидалары сол қалпына қалады, тек оның формалары ғана өзгереді деген пәлсапаға құрылған. Менің ойымша, соғыс болса да, жер сілкінсе де адамдардың арасындағы таза, кіршіксіз махаббат оларды басқа өлшемге алып шығады. Чехов драматургиясының кереметтігі де осында. 
Спектакль кейіпкерлерінің шырмауық секілді шиыршықтанған өмірін көрермен жүрегіне жеткізу үшін әр актерге шеберліктің ең биік шыңына жете білу керек. Бұл спектакль актерлерден ішкі мәдениетті талап етеді. Жалпы ойлы актерге осындай дүниелер керек-ақ. Әр ұрпақ Чеховтан өзін іздеу керек. Актерлерге роль шындығын ашу оңайға соққан жоқ. Ал, кейбіріне әлі де іздену керек.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, 
жазушы-дра­матург:
– Жалпы, қазіргі уақытта қазақ театр­ларында кенже қалу бар. Бұл талай мәжілістерде, дөңгелек үстелдерде айтып жүрген әңгіме. Дегенмен мені қуантқан жайт – сәуір айында екі жақсы спектакль көрдім. Соның бірі А.Чеховтың Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атын­дағы академиялық драма театрында қойылған «Апалы-сіңлілі үшеу» және Ә.Таразидің Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер академиялық драма театры сахна­сын­дағы «Жақсы кісі» спектакльдері. Менің кәсібім драматург болғаннан кейін бұл екі қойы­лымның драматургиялық жағдайы қан­дай екеніне тоқталып, сол тұрғыда баға беремін. Біреуі 1900 жылы жазылған пьеса болса, екіншісіне қырық жылдай уақыт бо­лыпты. Екі пьеса жанрлық, көр­кемдік жағынан ұқсас. Екеуінің де шынайы драматургиялық шығарма екеніне дау жоқ. Қазіргі таңда қазақ драматургиясы кенжелеп жатыр, себебі драматургия арзандап бара жатыр. Біздің көп­теген көрермен аузын қисаң­да­тып, бөксесін бұлғаңдатқан қойылымдарды жақсы қабылдайды. Арзан, дарақылау күлкі деген мәселе. Қазақ театрларында кө­рер­­менді тарту үшін әні, биі көп дүние­лер қойылады, яғни шоуға жақындап ба­ра жатыр. Осындай ән мен биді кө­бейту драматур­гияның беделін де, кө­рерменге әсерін де арзандатады. Қазақ драматургиясындағы тағы бір кемшілік – пьесалар мақалаға жа­қын келеді. Оппозициялық газеттерде жазылатын мәселелерді ашып айтатын пьесаларды кей театрлардың репертуарынан байқап жатамыз.
Ал, А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» пьесасы нағыз драматургия, бұл спектакльде үлкен мәселелер көтеріледі. Себебі мұнда шоуға жақын ештеңе жоқ, мұнда ең бастысы – сөз бірінші орынға шыққан. Сөз болғанда жай сөз емес ас­тарлы сөз, үлкен ойды байқатпай жет­кізетін сөз.
Бұл пьесаның жазылғанына жүз жылдан астам уақыт өткен. Спектакльдегі оқиға сол ғасырда Ресейде болған оқиға. Адам­дардың аты, пьесада айтылған әңгімелер басқаша болғанымен ондағы адамдардың тағдыры, өкініші, әсіресе үш қыздың тағдыры бүгінгі қазақ қыздары­ның тағдырына өте ұқсас. Бұны айтып отырған себебім неде? Себебі бүгінгі дра­матургиялық шығарма­лар­дың көр­кемдік дәрежесі осындай деңгейге жет­пейді. Бүгінгі қазақ драматургиясының ал­дында тұрған мәселе – бүкіл адам­зат­қа тән, біршама ғасыр өтсе де өзектілігін жоғалтпайтын дүниелер жазу.
Чеховтың бір ерекшелігі – оны әр оқы­ған сайын жаңа шығар­ма оқып отыр­ған­дай әсер етеді. Қазақ сахнасына жалпы класси­калық шығарма келіп қана қойған жоқ, сонымен қатар дра­матург­теріміздің үлгі алатын шығармасы дүниеге келді деп айтуға бола­ды. Осыған қуаныш­тымын. 
Тағы бір мәселе – Чеховты қазақшаға ау­дару. Жасыратыны жоқ, осыған дейін Чеховтың бірнеше пьесасы қазақ тіліне аударылды. Сәтсіздері де болды. Мысалы, Ғ.Мүсірепов театрында кезінде «Шағала» пьесасын Мәскеудің режиссері В.Мажурин келіп қойды. Мен Чеховты Мажуриннің арқасында түсіндім. Репетиция кезінде жанында отырдым. Өзі бір ауыз қазақша білмейді. Актерлер ойнап жатқан кезде бірнеше мәрте тоқтатып, сөздің дұрыс аударылмағанын ескертеді. Түпнұсқамен салыстырсақ ол шынымен дұрыс аударылмаған болып шығады. Мен сонда таң қалдым. 
Жалпы Әлия Бөпежанованың аудармасының екі жақсы жағы бар. Чеховты аударғанда аудармасын екі түрлі жасауға болады. Сөзін әдемілеп, көркемдеп, қазақтың тіліне бейімдеп сол күйінде аударып беру, көркем аударма жасау, бұл – біріншісі. Ал, екіншісі – оның ойын аудару. Себебі Чеховтың сөзін айтайын деп отыр­ға­ныңда міндетті түрде оның екінші планы, астары болады. Әлия, ең бастысы сөз арқылы драматургтың айтайын деген ойын берген. Сол ойды дұрыс жеткізсе актерлер де жақсы ойнайды екен. Ал егер сөзі дұрыс, ал ойы бұрыс болса актерлер басқаша ойнайды екен де, оны Мажурин содан байқайды екен. Аудар­ма­ның ең жақсы жері – оның сөзі ғана көркем аударма жасалынып қойма­ған, оның ойы, сөз астарын ашатын ойды беретін сөздер­мен аударылған. Әлия Чеховты жеріне жеткізіп және түсініп аударған. 
Спектакль туралы айтсам, мен актерлердің ойынына риза болдым. Солардың ішінде Оля роліндегі актриса Данагүл Темірсұл­танованың ойынына ерекше риза болдым. Соңғы кезде актерлерге ренжіңкіреп жүргенмін. Себебі ертең премьера дегенше сөзін жаттамай жүретін актерлер де бар. Мұның өзі бүгінде біздің театр­лардың дерті болып отыр. «Апалы-сіңлілі үшеуді» көріп оты­рып менің мынаған көзім жетті: егер драматургия, режиссер жақсы болса біздің актерлер мықты екен, ойында еш жасандылық болмайды екен. Данагүл сахнада бір атмосфера жасай білді. Әрбір сөзі, тіпті арасында жасалатын паузасына дейін шынайы шықты.
Ендігі ең үлкен мәселе мынада: жақсы спектакль қойылды, енді оны дұрыс насихаттау керек. Бізде зиялы қауым театрға көп келмейді. Мұның әр түрлі себептері бар. Болашақта біз осындай спектакльдер қатарын көбейтіп қана қоймай, осыған келетін көрермендерді де көбейтуіміз керек. Мен бұл жерде жастар туралы айтып отырмын. Себебі, біздің болашағымыз жастар. 
Жақсы спектакль көрерменді өсіреді. Жақсы қойылымдарды халыққа дұрыстап түсіндіріп, жаңа көрермендердің жаңа толқынын тәрбиелеу қолға алынуы керек. Жалпы қай жағынан болса да қазақ сахнасына жақсы спектакль келді деп толық айта аламын.
Анар Еркебай, 
өнертану кандидаты: 
– Өз заманының жаңашыл дра­матургы А.П.Чехов пьесала­ры­ның қай-қайсысы болсын дәуір тынысын, уақыт рухын шынайы бейнелеуімен құнды. Сондықтан дра­матургтың «Апалы-сіңлілі үшеу» пьесасының М.Әуезов атын­дағы қазақ театрындағы қойы­лымы классиканы игеру жолын­дағы үлкен ізденіс деп айтуға бо­лады. Лермонтов атындағы орыс драма театрының бас ре­жиссері Р.Андриасян А.Чехов дра­матургиясын бірінші рет қойып отырған және М.Әуезов театрының ұжымымен бірінші рет кездесіп отырған жоқ. «Апалы-сіңлілі үшеу» драмасында өмір мұраттарының орындалмас құр арман, бекер әурешілік екені бейнеленеді. Чехов драма­тур­гия­сының осындай идеялық ерекше­ліктерін дұрыс түсінген режиссер Р.Андриасян мен суретші Л.Кужель көрерменге айтар сыры мол спектакль ту­дыр­ған. Пьесада бо­лашақ өмірдің бақыты, өмірдің баяндылығы, мәнділігіне шексіз сенетін, қа­жыр-қайраты, күш-қуаты сар­қылмастай боп көрінген, қиын­дыққа мойымайтын апа­­лы-сіңлілердің әре­кеті кейіпкер­лердің монологтарына, психоло­гиялық тол­­ға­­ныс­тарына құрылған. Сондықтан да актерлер Чехов кейіп­керлерінің ішкі жан дүниесін, олардың жалғыздығын, трагедиясын тереңірек сезіне түссе деген тілек бар. Мен бұл ті­лекті өзім көр­ген екінші құрам ак­терлеріне бай­ланысты айтып отырмын. «Мәс­кеуге!» деп тал­пынған үш апалы-сіңлілінің (актри­салар Б.Қа­жынәбиева, Н.Бек­­сұлтанова, С.Құлымбетова) ой армандары, амалсыздан кешкен күйлері дәлелдене түсуі керек. Чебутыкин роліндегі актер О.Қиқымовқа әлі де болса кейіп­ке­рінің тарихына үңілу керек сияқ­ты, өйткені актер трак­тов­касында ол ішіп кеткен, баршаға сүйкімсіз шал­ға көбірек келеді. Пьесадағы Чебутыкинде сезілетін зиялылық тапшылау. Чеховтың өзі дәрігер болғанын ұмытпау керек. Соленый роліндегі Ж.Байсал­бековтің Иринаға деген махаббаты, Тузенбахқа деген жеккөрініші айқындала түссе дейміз. Сонда оның спектакль соңында Тузенбахты дуэльге шақыру себебі ай­қын жүлгеленер еді. 
Апалы-сіңлілі үшеудің ішінде Маша туралы бірер сөз айтсақ дейміз. Чеховтың Машасы әдемі әрі ақылды. Оның әр сөзі шығар­маның мәнін ашып, кейіпкерлердің тағдырын айқындай түседі. Тіпті Пушкиннің поэмасындағы «У лукоморья дуб зеленый, златая цепь на дубе том…» деген жолдарын қай­талай беруінің де мағынасы тереңде. Өзі ғана емес, сіңлілері де, інісі де («кот ученый»), дәрігер де, Вершинин де, тіпті Соленый мен Тузенбах та осындай мәнсіз де бақытсыз өмірге жіпсіз байланып отыр. «Мәскеуге!» деп олар­дың барлығы да талпынғанымен Мәскеудің орындалмас арман екенін, тұрып жатқан провинция­лық қалашықтан ешқайда да кете алмайтындарын іштей сезеді. Ал, актриса Н.Бексұлтанованың ойынында көп ретте сахнада бүктүсіп алып түнеріп жүрген Машаны көреміз. 
Қойылымда мейлінше шабытты, жарқын шыққан ойындардың бірегейі актер Б.Қожа кескіндеген Кулыгин ролі. Ол тағдыр тәлкегіне көнген кейіпкерінің Машаға деген махаббатын, мінез даралығын на­нымды шығарды. Станис­лавс­кийдің репетиция кезінде кейіп­керлер жөніндегі сұрақтарына Че­хов: «Мен пьесада бәрін жаздым ғой», – деп жауап берген екен. Чехов – қай актер үшін де үлкен мектеп, сондықтан да жас актер­лердің күрделі рольдерді меңгер­уіне әлі де режиссураның көмегі көбірек болса дейміз.
Қазақ жұртшылығын әлемдік сахнада өз орнын тапқан А.П.Че­ховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» пьесасымен таныстыру құптарлық іс. Жазушы-драматург кейіпкерлері осыдан екі жүз-үш жүз жылдардан кейінгі өмірді армандайды. Содан бері бар-жоғы жүз жылдан астам уақыт өтті, ал өмірімізде тым көп өзгеріс бола қойған жоқ. Сол жалғыздық, махаббат, орын­далмаған армандар барған сайын өткір сезіледі. Ал, қойылымдағы бірлі-жарым кемшіліктері жөн­деліп, көркемдік сапасын көтере түссе бұл «Апалы-сіңлілі үшеудің» ғұмыры ұзақ болады.

Материалдарды ұйымдастырған 

Салтанат Әбілғазиева,

Т.Жүргенов атындағы ҰӨА ІV курс студенті.