БАҚ біз туралы

Жаңа маусым жаңа қойылыммен басталды

М.Әуезов атындағы академиялық драма театры 89-маусымының ашылуы өзіндік ерекшелігімен есте қалды. Бұқа­ралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізген театр директоры Еркін Жуасбек, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімұлы, режиссерлер Әубәкір Рахимов, Алма Кәкішева және Елік Нұрсұлтан жаңа маусымда көрермендерге қандай сый-таралғы тарту ететіндерін сөз етіп, дайын­дық жұмыстары туралы кеңінен әңгіме­леді.
Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ
Театр ұжымы жаз айында екі шет мемлекетке гастрольдік сапармен барып қайтты. Қыркүйектің 12 — 19 күндері Беларусь мемлекетінің Брест қаласында өткен 13 мемлекеттің 25 театр ұжымы қатысқан «Белая Вежа» — 2014» Халық­аралық театр фестивалінде Рахымжан Отар­баевтың «Бейбарыс Сұлтан» қойы­лымын ағылшын тілінде сахналады. Қазақ актерлерінің кәсіби шеберлігіне көрер­мендер ризашылығын білдіріп, театр­танушы мамандар жоғары бағасын берді. Қазан айында Қырғызстанға жасаған гастрольдік сапар да театр труппасының табысты өнер көрсетуімен аяқталды. Биылғы жылдың театр маусымы шымыл­дығы драматург Дулат Исабековтің жаңа пъесасы негізінде қоюшы режиссер Алма Кәкішева сахналаған «Жүз жылдық махаббат» екі бөлімді драмасымен ашы­лады. Бұл — Алаштың ардақтысы, сұлу­лық пен махаббаттың жалынды жыр­шысы Мағжан ақынға арналады.
Жыл соңына дейін бірнеше жаңа премьера көрсетіледі. Әубәкір Рахимов­тың режиссерлігімен (әрі аудармашы) Адольф Деннери мен Филип Дюман­уардың «Испандық ақсүйек» (Дон Сезар де Базан) спектаклі, Еуропаға танымал литвалық Ионас Вайткустың режиссер­лігімен «Қорқыт ата» (Иран – Ғайып) драмасы. 89-маусымның соңына дейін бірнеше жаңа спектакльдің премье­расын көрсету де жоспарда бар. Олар — Шерхан Мұрта­заның «Ай мен Айшасы», М.Әуе­зовтің «Дос – Бедел – дос», (ре­жиссері – Мұхтар Қапалбаев), Б.Брехттің «Үш бақырлық опера» (режис­сері – Елік Нұрсұлтан). Т.Уильямстің «Шыны хай­уанаттар» (режиссері Алена Қабдешева) қойылым­дары. Сондай-ақ, М.Әуезов атын­дағы академиялық драма театры шығар­машылық топтар үшін респуб­ликалық «Жаңа көзқарас» бай­қауын жариялады. Ондағы мақсат — сахнаға лайықты жаңа идея­лар­ды жарыққа шығар­у, талантты режиссер, актер, суретші, композитор, хореограф, т.б шығарма­шылық топтардың бастама­ларын жүзеге асыру, шығарма­шылық әлеует танытуға мүмкіндік беру. Театрға талант­ты ре­жиссерлер мен суретшілердің, компо­зиторлардың келуіне жағдай жасайтын байқауға 1 желтоқ­санға дейін шығар­ма­­лар қабылданады. Бай­қау қоры­тындысы 16 желтоқсан – Ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында жария­ланады. Театр маусымының барысында мерейтойлар, шығармашылық кештер мен «Театр көктемі-2015» фестивалін өткізу жос­парланған. Сахнадағы бүгінгі актерлердің өнері мен өнегелі өмірін көрерменге кеңінен таныстыратын «Сырласу» клубы да жаңа маусымда өнер иелерінің ой-пікір, мүмкіндігін елге танытуда, талан­тын ашуда ауқымды жұмыстар ат­қаратын болады.
Журналистердің кәсіби біліктілігінің жоғары болғанын қалар едім
КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі ӘШІМ­ҰЛЫ: — Биылғы жылы қазақтың танымал өнер май­талмандары Сәбира Майқанова мен Шәкен Аймановтың 100 жылдық ме­рейтойы құрме­тіндегі фести­вальдар жоғары деңгейде өтті. Біз әр жерде өздерің сияқты жур­налистер қауы­мымен кез­десіп тұрамыз. Журналис­тердің кәсіби дең­гейінің жоғары болғанын қалар едік. Көбіне жас журналис­тердің білім-қабілеті қана­ғат­тандыра бермейді. Әсі­ресе, теле­журна­листердің сауаты төмен. «Қанша рөлде ойна­дыңыз? Қандай фильм сізге ұнайды? Театрда әлі жұмыс істеп жүрсіз бе?» деген сауалдардан әрі аспайды. Кейіпкерлердің болмыс-табиғатын ашпайды. Жақында Ресейдің Бірінші арнасынан тележурналистер келіп, менімен сөйлескенде жан сарайым ашылғандай болды. Әлгі журналистер мен туралы өзімнен артық біледі ме деп қалдым. Қанша дегенмен журналистер сырттан бақылап, біз аңғара бермейтін жәйттерге көбірек көңіл бөледі ғой. Біз жас кезімізде үлкен кісілерді көргенде қабырғаға тік тұра қалатынбыз. Олардың басымыздан сипап немесе арқамыздан қағып кеткені біз үшін үлкен награда еді. Журналистер қауымы — біздің сахнадағы және кинодағы еңбегімізді елге тарататын, насихаттайтын негізгі күш. Сондықтан сіздермен қоян-қолтық жұмыс істеу біз үшін үлкен көмек болар еді.
Бұл — театр ұжымының жаңашылдығы болар…
Театр актерлері мен ре­жис­серлері өздері қойылымдарда сахналаған «Кейіпкерлер шер­уіне» қатысып, көрермендердің алдынан жүріп өтуі де биылғы маусым­ашардың есте қалар сәті болды. Театр жаңа маусымының шымылдығын ашқан «Жүз жыл­дық махаббат» пъесасының ав­торы, жазушы-драматург Дулат ИСА­БЕКОВпен тілдесудің сәті түсіп еді: — Театр көрермендерін биылғы театр маусымының ашыл­уымен құттықтаймын. Жаңа маусымның менің спек­так­ліммен ашылуы — мен үшін үлкен абырой. Бұл біраздан бері жазылып, дайын болған пъеса болатын. Жаз айында премьера болуы керек еді, кейбір себептерге байланысты күзге қалған. Енді міне, күзге де жетіп отырмыз. Өткен жолы көркемдік кеңеске тапсырылды. Онда көптеген ескертпелер айтылды. Өзім шығып, спектакль бола ма, болмай ма, көрерменге жібереміз бе, жібермейміз бе деген мәселе қойған болатынмын. Көптеген адамдардың пікіріне қосыла отырып, бүгінгі премьераны ойнайық деп келістік. Егерде спектакль әнеукүнгі көргеннен өзгермесе, өздеріңіз байқарсыздар, мен сахнаға шықпаймын. Ал, көңілімнен шықса, онда сахнаға шығамын. Қалай дегенде бұл театр ұжымының драматургтермен жұмысының жаңа түрі шығар деп ойлаймын. Алдағы кезеңдерде жақсы-жақсы, академиялық театрға лайықты пъесаларды алып, жәй көңіл көтеретін неме­се концерттік шоуға ұласып кететін спектакльдерден гөрі, академиялық театр деген атына лайықты академиялық пъеса­ларды, үлкен-үлкен күрделі пъесаларды алып, сахнаға шығарып, көрермендермен қауышып отырғанын тілер едім. Бүгін өздеріңіз көрерсіздер, пъесаның атын «Жүз жылдық махаббат» деп қойдық. «Жүз жылдық азап» деп қоюым да керек пе еді. Оның аты да бірнеше болды. «Әлдиле өлім, әлдиле» болды. Одан кейін ойласа келе «өлім» дегенді сахнадан айта бермейікші деп, «Әлдиле өмір, әлдиле» деп те қойдық. Ең соңында «Жүз жылдық махаббат» дегенге тоқтадық. Осыменен көрермендерге бара жатыр. Негізгі пікірді спектакльді көріп барып айтқан орынды болар еді деп ойлаймын.
Дулат Исабековтің режиссер Алма Кәкішева сахналаған «Жүз жылдық махаббат» пъесасының алғашқы бөлімінде екі ғана кейіпкер Мағжанның жары Зылиха рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Дария Жүсіп пен жас актриса рөлі Мадинаны — Ләззат Қалдыбекова орындады. Жалындаған жастық шағында «Халық жауы» болып ұсталып, он жылын қапас түрмеде өткізген Алаш ардақтысының қасіретке толы тағдыры ақынның жары Зылиханың естелік әңгімесі арқылы өріледі. Мағжан ақынның өшпес бейнесі жүрек түкпірінде сақталып, күндіз-түні рухымен тілдесіп, махаббат дертіне шалдыққан Зылиханың сахналық бейнесін сомдаған Дарияның жүріс-тұрысы мен сөз сөйлеу мәнері және оның тірі болмысын көрермен алдына шығаруды мақсат етіп, жан-дүниесін зерттеуді мақсат еткен Мадина рөлін ойнаған Ләззат арасындағы диалог бір сағаттан аса жүреді. Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық драма театрының жас актрисасы бейнесіндегі Мадинаның қайдан келгенін естіген Зылиханың «Оның атында театр бар ма еді? Ол Мағжанның шәкірті еді ғой» деген сөзінен көп жәйтті аңғаруға болады. Екінші бөлімде жас Мағжанның рөлін ойнаған Алмас Шаяхметов, Валерий Брюсов рөліндегі — Жасұлан Байсалбеков, Кәжен рөліндегі — Талғат Сағынтаев, Гүлсім рөліндегі — Анар Бөкенбайлар өздері сомдаған кейіпкерлерінің болмыс-жаратылысын беруде көп еңбектенгені, дайындықтан өткені байқалады. Мағжан ақынның жастық шағы мен махаббат сезімі шарпуындағы өрекпіген көңіл күйін сахналау арқылы Алаш ардақтысының бейнесін жасаудағы театр өнерінің жаңашыл қадамының бірі болар деген ойға келдік. Қойылым соңынан пъеса авторының сахнаға шығуынан көңілдегі күдік бұлты ыдырағандай болды.

Дереккөз: “Алматы-ақшамы”