БАҚ біз туралы

ЖАҢА КЕЙІПТЕГІ ЛИР ПАТША

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры әлем әдебиетінің алтын қорына енген, дүние жүзінің әйгілі сахналарында қойылған ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің «Лир патша» пьесасына жан бітірді. Көрерменге қанат қаққан қойылым сатқындық, дүниеқоңыздық, іштарлық, көреалмаушылық, ашкөздік пен екіжүзділік тәрізді жағымсыз қасиеттердің түбінде адамды жақсылыққа жеткізбейтіні туралы әңгімелейді. Алып сағат бейнесіндегі сахна декорациясы қаншама уақыт өзендей ағып өтсе де бұл қасиеттер адамзат баласымен бірге өмір сүріп жатқандығын көрсетеді. Қойылым ата-ана алдындағы перзенттік парызын ақтау – әр адамның мойнындағы міндеті, қасиетті қарызы екендігін пенде атаулының есіне салады. Сонау 1606 жылы жазылған бұл туынды байлығы асып-тасқан, билігімен дүниені тіреп тұрған Лир патшаның қайғы-қасіреті мен бақытсыздығы жайлы баяндайды. Дүниенің бар байлығы өмірде адам баласын бақытты ете алмайтындығы жайлы ойландырады. Бақытқа қол жеткізе алмаған, қайғының қараңғы қапасына қамалған патша мен оның қыздары хақындағы хикая адамның бақыты байлыққа байланысты еместігі жайлы өмір шындығының шымылдығын ашады.
Тіршілікке терең үңілдіретін қойылымда Ұлыбританияның аты аңызға айналған королі Лир патша бейнесінде Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда, Кент бейнесінде Ермек Бектасов ойнайды. Ал Лир патшаның қыздары­ның бейнесін Әсел Сайлауова (Гоне­рилья), Жанаргүл Жанаманова (Ре­гана) мен Динара Үсенова (Корде­лия) сомдады. Спектакльдің қоюшы режиссері – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты Елік Нұрсұлтан. Жас режиссердің дәл осы туындыны таңдауының себебі – пьеса маңыздылығын әлі күнге дейін жоғалтпауында.
– Шекспирдің бұл шығармасымен режиссердің де, актердің де өсуіне болады. Әр режиссердің қолтаңбасы болады. Біраз ізденіп, автордың айтпақ ойын дөп басуға тырыстық, кейбір кейіпкерлерін қыс­қартуға тура келді. Бірақ, қойылым автордың айтар ойынан ауытқып кеткен жоқ. Театр­дың басты мақсаты – көрер­менді жақ­­сылыққа шақыру. Қойылым ар­қы­лы әке мен баланың арасындағы қақтығыстар мен адами проблема­ларды көрсете отырып, көрерменді жақсылыққа шақыру мақсатын көз­дедік. Дайындық барысында шығар­машылық ұжым өзара ақыл­дасып, бір-бірімен пікір алмасып жұмыс істегендіктен, айтарлықтай қиындық болған жоқ, – деді қойы­лым­ның қоюшы режиссері Елік Нұрсұлтан.
Айта кетерлігі, бұл қойылым биылғы «Театр көктемі» фестива­лінде өзіндік жұмыс ретінде көрермен назарына ұсынылған болатын. Оқиға желісі бойынша қартайған шағында өз патшалығын үш қызына бөліп бермек болған Лир патша перзент­терінен өзіне деген сүйіспеншілік сезімдерін сұрап білмек болады. Осы бір орайлы сәтті пайдаланған Гоне­рилья мен Регана жағымпаздықпен патшаның жүрегін жалған сөздер­мен жылытады. Ал, өтірік айтуды, жағым­паздануды білмейтін, көңілі кіршіксіз кенже қызы Корделия әкесіне өз сезімін жеткізе алмайды. Бұған ашуланған патша оны қаһарлана қуып шығып, бар байлығын екі қызына бөліп береді. Алайда, Лир патша қыздары Гонерилья мен Регананың шын жүрегінен шықпаған, шын көңілінен айтылмаған тәтті сөздеріне алданып қалады. Аты атырапқа жайылған патша өзінің бұл үлкен қателігін қолындағы бар билігінен айрылған кезінде ғана түсінеді. Тұңғыш қызы Гонерилья туған әкесі қолында тұрғанда Лир патшаға енді үйдің қожайыны кім екендігін үнемі оның есіне салып отырады. Өзгенің аяулы жары болғанына қарамастан, Гонерилья мен оның сіңлісі Регана Эдмунд есімді бір жігітке ғашық болып қалып, бір-бірінің күндесіне айналады. Әкесінің байлығына ие болған апалы-сіңлі­лердің махаббаты Гонерильяның Реганаға у беріп өлтіріп, соңында өзіне қол жұмсауымен аяқталады. Жанын жаралаған қайғыдан ақылынан адасқан патшаны тағдыр сүйікті қызы Корделиямен кейіннен қайтадан табыс­тырады. Алайда, оқиға соңы үш пер­зентінен айрылған, қайғы теңізіне батқан патшаның өлімімен аяқталады.
Сахна төрінде Лир патшаға ай­налған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда тағы бір мәрте өнерсүйер қауымның қоше­метіне бөленіп, өзінің талантымен нағыз сахна шеберіне айналғанын көрсетті.
– Спектакль Лир патшаны қазіргі көзқараспен, бүгінгі көрерменге жақын­дату мақсатында қойылды. Бұл – шартты театр стилінде сахна­ланған спектакль. Бұрын бұл қойылым классикалық тұрғыда көп қойылса, бүгін біз оның шағындалған түрін көрерменге ұсынғымыз келді. Біз Лирді жерге түсіруге, оның ішкі жандүниесіне үңілуге және қыздары­ның болмысын көрсетуге тырыстық. Қойылым театрымыздың кіші залында сахналанады. Сондықтан, бұл жерде көрерменнен ештеңе жасырып қалу мүмкін емес. Қашан да, қандай стильде қойылса да, Лир патшаны ойнау оңай шаруа емес, – деді актер Дулыға Ақмолда.
Ал, театр директоры Ерлан Біләл өз сөзінде шығармашылық ұжымның алдағы жоспарларымен ой бөлісті.
– Қазақ халқында ата-ананың қадір-қасиетін білу, өмірде оларға жақсылық жасау, адал болу, артылған үмітке, сенімге сызат түсірмей, оларды ақтау деген адамгершілік қасиеттер әкеден балаға беріліп отырады. Бұл спектакльде осыны әрдайым есте сақтау, әділетсіз қадамдарға бармау туралы айтылады. Қандай қиын кезеңдерде ата-ананың қадір-қасиетін білу, адамгершілік, тұрақтылық деген қасиетті сөздерді әрдайым санамызда ұстау, бойымызға сіңіру, сол арқылы айналаға жақсылық жасау керектігін еске салады. Алдағы жоспарлы жұ­мыс­тарымызда шығармашылыққа кеңірек, еркін бағыт беру, жол ашу мақсатында экспери­ментальды спек­такльдер қойып, кіші залды кең қолдансақ деген ойымыз бар. Үлкен залда классикалық тұрғыдағы ау­қымды қойылымдар сахналап, ал кіші залда экспериментальды жаңа бағыт іздейтін, өнерімізді әлемдік дәрежеге шығаратын спектакльде­рімізді көбейткіміз келеді. Өйткені, әлемдегі бүгінгі театрдың бағыт-бағ­дар алуы тек жаңа ізденістерге бай­ланысты болады. Бұрынғы қалыптас­қан, әдетке айналған формалардан ажырап, неғұрлым жаңалық алып келетіндей, жаңа шешімдер мен жаңа режиссерлік бағыттар арқылы өзіміз­дің әдеби төл классика­ларымызды осы бағытта жарыққа шығарсақ деген ойдамыз. Талабы мен таланты бар, алға қойған мақсат-мұраттары бар режиссерлерді қолдап, соларға мүм­кіндік туғызуымыз керек. Болашақта жоспарда тұрған бірқатар спекта­кльдер бар. Бірақ, біз жоспарға қарап отырмай, өз тарапымыздан өзіндік жұмыстар арқылы ізденіс жасай берсек дейміз. Сол арқылы көптеген жаңалықтарға қол жет­кіземіз деп ойлаймын. Өйткені, жоспарлы жұ­мыс­қа ғана уақыт бөліп, соған қарап отыратын болсақ, біз көбіне уақыттан ұтылып қаламыз. Сондық­тан, уақыт­ты ұтымды пайда­лану үшін кіші залда өзіндік жұ­мыстар арқылы да ізденіс жасасақ дейміз, – деді театр басшысы.
Айта кетерлігі, әкемтеатр ұжымы 16 – 20 мамыр аралығында Тәжік­станның астанасы Душанбе қала­сын­да өтетін V Республикалық «Нигохи Нав» (Жаңа көзқарас) Жастар театр фестивалінде өнер көрсетеді. 18 мамырда шығарма­шылық топ тәжікстандық көрер­мендерге «Лир патша» трагедиясын сахналайтын болады.

Балнұр АХМЕТ