БАҚ біз туралы

ТЕАТРДАҒЫ ТЫНЫШТЫҚ

Есмұқан Обаев,
Қазақстан Республикасының халық әртісі

Кешігіп келген атақ
Осы Рақаңа Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі деген атақ өте кеш берілді. Былайша айтқанда, театрға әбден еңбегі сіңіп, жасы жетпіске таяп қалған шақта ғана лайықты бағасын алды. Ұзынқұлақтан естуім бойынша «Боран» спектакліндегі Жаппасбай рөліне риза болған Тахаң – Тахауи Ахтанов мұндай талантты актерге бұған дейін ешбір атақ-даңқ берілмей келгеніне қайран қалып, сол кездегі Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дін­мұхамед Ахметұлы Қонаев жол­дасқа барған деседі. Міне, содан кейін ғана сең қозғалып, көп ұзамай Рақаң әлгі атақты алады.
Салтанатты тапсыру кезінде Рақаңның кеудесін биік ұстап, кеңк-кеңк күліп тұрған сәті әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Маған сол күлкінің астарында көп нәрсе жатқандай көрінеді.
Әдетте біз, мұның ішінде театр ұжымы да,  Мәдениет министрлігі де, үкімет басшылары да бар деп біліңіз, алдыңғы пландағы, басты рөлдегі артистерді ғана бағалаймыз да, спектакльде солардың биік деңгейге көтерілуіне ықпал ететін екінші пландағы, қосалқы рөлдердегі артистерді елеусіз қалдыра береміз.
Қарабай, Оразбай, Жекшенқұл, Жаппасбай секілді тағы да басқа дүниеқоңыз, зұлым, надан, әпербақан кейіпкерлердің бойындағы қара ниет олардың да бойына жұғып қалғандай айналайын ақ көңіл, сенгіш көрермен қауымның театр түгілі көшеде көріп қалса кірпідей жиырылатынын жақсы білеміз. Бұл да, бір қарасаңыз, олардың өз эмоциясы арқылы талантқа баға беруі болып табылады. Ал енді, өнерді, талантты бағалауға тиісті мамандарға не жоқ…
Қозы мен Баянның арасындағы махаббаттың қадыр-қасиетін түсіну үшін Қарабай образының, Абайдың жарқын бейнесін аша түсу үшін Оразбай бейнесінің, Ана – Жер-ана­ның басынан өткен қасіретті жеткізу үшін Жекшенқұл бейнесінің қандай рөл атқарып тұрғанын оларға айтып, түсіндіріп жатудың өзі артық емес пе.
Өкінішке қарай, сахнада осы Қара­бай, Жекшенқұл, Жаппасбай секілді жағымсыз, екінші пландағы кейіп­керлерді сомдайтын Рахметолла Сәл­менов секілді дарынды актерлердің еңбегі өте кеш бағаланып жататыны ақиқат.

Асекең неге күрсінеді?..

Қазақ өнерінің алыптары атанған Қ.Жандарбеков, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмір­зақов, С.Қожамқұлов, Қ.Бады­ров секілді бір топ ақсақал­дарымыз баяғыда театрға әдеттегіден бір сағат бұрын келіп, фоэдегі диванда әңгі­мелесіп отырушы еді.
Бірі ойнаған рөлді қалғандары міндетті түрде көріп, бағасын беріп, өзара талқылап жататын. Мақтау естісе – семірмейтін, сын айтылса – қабақ шытпайтын.
Спектакль аяқталғаннан кейін де бәрі бір бөлмеге жиналып, Шәкен ағамыз бастаған көңілді топ бір-бірін құттықтап, әзіл-қалжыңға ерік беріп, ән салып, күй тартып, өз орталарында тағы да бір спектакль қойып жат­қандай әсерге бөлейтін.
Театр олардың қара шаңырағы, театр – олардың ортасы, театр – олар­дың өмірі екенін біз айқын сезінетінбіз.
Ал қазір…
Бүгінгі театрдың ақсақалдары атанған Асекең – Асанәлі Әшімов екеуміздің кабинетіміз жетінші қабат­та. Құдайға шүкір, біз үшін мұнда қу жанымызға керекті нәрсенің бәрі жасалған. Жастар алдымыздан жүгі­ріп шығып, сәлемдесіп жатады. Қал­жыңдасып, күліп алатын шақ­тарымыз да жиі болып тұрады.
Олар бізден ақыл сұрайды. Пікір сұрайды. Кейде, тіпті, ақша сұрайтын кездері де бар. Біз әйтеуір, қолы­мыздан келгенінше көмектесуге, көрген-білгенімізді айтуға, көңілге түйгенімізді жеткізуге тырысамыз.
Кей күндері… спектакль біткен соң жетінші қабатта екеуден-екеу ғана қалатын кездеріміз болады. Себебі, бүгінгі жұрт асығыс. Спектакль бітер-бітпесте әлдеқайда, әлдекімдерге телефон шалып: «Қазір барам, күте тұрыңдар! Міне, шықтым! Құс боп ұштым!» деп, әрқайсысы өз машина­сына отырып алып, зымырап бара жатады.
Біреу үйге, біреу тойға, енді біреу қала шетіндегі бір думанды ортаға қарай асығады.
Ал біз, жетінші қабатқа лифтімен көтерілген соң, алдымен менің кабинетіме бұрыламыз.
–Ал, Асеке, келіңіз, – деймін.
Ол кісі аз-кем ойланып, асықпай басып ішке енеді. Театр ғимаратында жым-жырт тыныштық. Ашық тұрған терезеден көшедегі машиналардың ғана гуілі естіледі.
Кабинеттегі креслолардың біріне жайғасып отырған Асекең «үһ» деп, ақырын ғана күрсінгендей болады. Ал мен оның жүзіне таңдана қарап: «Қазақ өнеріндегі ең биік шыңдардың бірі – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, ел құрметіне бөленген Асанәлі Әшімов неге күрсінеді?» деп ойлаймын.

Алыптардың қалжыңы

Соны сезгендей ол:
– Әй, бұ не боп барады өзі? – дейді демін терең алып. – Баяғыда осы, спектакль біткен соң бәріміз жиылып, әңгіме-дүкен құрып, ой-пікірімізді ортаға салып, әзіл-қалжың айтып, арқа-жарқа боп отырушы ек. Ал қазір…
– Иә, қазір бәрі басқаша…
– Уақыт өзгерді, заман өзгерді деп жатамыз. Ал шындығында, адам ғой өзгерген!
Содан соң ол басын шайқап, ойға батады. Екі арада біраз үнсіздік орнайды. Кенет Асекең мырс ете қалады.
– Неге күлдіңіз, Асеке?
– Есіме Қаллеки ағамыздың бір қалжыңы түсіп отырғаны. Әңгіме болсын…
– Құлағым сізде, Асеке, – деймін мен мына кабинеттегі жым-жырт тыныш­тықтан құтылуға асыққандай оған ықыластана қарап.
– Баяғыда, – деп бастайды Асекең әңгімесін, – осы театрда дәулескер күйші Әбікен Хасенов ағамыз жұмыс істеді емес пе. Ол өзі бір, көп сөзге әуестігі жоқ, біртоға, сабырлы кісі еді. Әне, сол ағамызды сөйлетпек болып бір күні сөзге шешен, қылжақбас Қаллеки Қуанышбаев ағамыз қасына барып, тізе түйістіріп отыра қалмай ма.
Сөйтеді де, Әбекеңе қарап, мұң шаққандай боп:
– О, Құдайдың құдыреті-ай, осы күні асқа түк тәбетім жоқ, – дейді.
– Е, не боп қалды? – деп Әбекең оған қарап мойнын бұрады.
– Кеше үйге Қарқаралыдан бір тайдың еті келген екен, – дейді Қалекең әңгімесін бастап. – Соны бүгін Қайзия қазанға салып, балбы­ратып асты. Жас еттің исі танауымды қытықтап, сорпасы бұрқ-бұрқ қайнап жатқанда, әй, осы қалай болар екен деп, сапар кесеге толтырып құйып алдым да, тартып кеп жібердім. О, тоба, түк тәбетім жоқ!.. Сонсоң, ет әбден бабына келіп, былбырап піскен кезде шыдай алмай, қазанда тұрған жерінен қалыңдығын бір елідей қып мүйіз сапты үлкен пышақпен кесіп алдым да, бір асап кеп жібердім. О тоба, тағы да тәбет жоқ!
Одан кейін Қаузия етті түсіріп, буын бұрқыратып ағаш астаумен алып келді. Уысымды толтырып, қазы-қартасымен қоса ары асаймын, бері асаймын. О Құдайдың құдыреті-ай, әлі тәбетім жоқ!
Ал сонсоң, жайпақ кесемен ыстық сорпадан және бір тартайын. Бәрібір тәбет жоқ…
Содан Қаузия бір табақ нарын жасап алып келді. Енді соны ішіп отырып, тайдың қазысынан тағы да біраз кертіп-кертіп жедім. Ой, тоба-ай, түк тәбетім жоқ!..
Осы кезде Әбекеңнің шыдамы әбден таусылса керек. Манадан бері «іштім-жедім, бірақ, түк тәбетім жоқ» деп мылжыңдап отырған құрдасының бетіне тыжырына қарап:
– Әй, Қаллеки, сен енді Қаузияның өзін қазанға салып асып жемесең, тоятын уақытың болды ғой! – деген екен.
…Асекең екі иығы селкілдеп, қарқ-қарқ күліп отыр.
Мен де мәзбін.
«Қайран, алыптардың әзіл-қалжыңы-ай!» деймін іштей риза болып. Сол сәтте қазір өзіміздің де Қаллеки ағамыздың өмірдегі жасынан асып бара жатқанымыз есіме түседі…

Қаллекидің қоштасуы

Қаллеки аға кенеттен инфаркт алып, ауруханада жатқанда Шәкен Айманов шет елде – Англияда гас­троль­дік сапарда жүр екен. Елге келген соң жастайынан тай-құлындай тебісіп өскен құрдасының жайын біліп, көңілін сұрауға асығады.
Палатаның есігін ашып, ішке кіре бере:
– Әй, Қаллеки, мұның қалай? – дейді Шәкен аға. – Мен алыста жүргенде асығыс-үсігіс жиналып, кетіп қалайын деп жатқаның ба? Жо-жоқ! Олай болмайды. Болмайды!..
Бұл кезде Қаллеки тілден қалған екен. Өмірде де, өнерде де үзеңгі қағыстырып қатар жүрген жан досына қарап, жүзі нұрланып, ақырын ғана қолын көтеріп қоштасқандай болыпты да, ақтық сапарға аттанып кете барыпты.
Міне, олардың артында қалған аңыз-әңгімелердің бірі осылай дейді…

Әңгімені әзірлеген – Нұрғали ОРАЗ

"Алматы ақшамы" газеті.