БАҚ біз туралы

ҰЛЫ МӘРТЕБЕЛІ ТЕАТР СӨЗ АЛАДЫ (ІІ)

Қазақ театрлары - II Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінде

(екінші мақала)

Әлия Бөпежанова


Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан театрларының шетелдерге шығуы, фестивальдарға қатысуы қалыпты ахуалға айналды. Сахна ұжымдары мемлекетаралық мәдени байланыстар аясында және өз бастамаларымен республика сахна өнерін шетелдерге танытып жүр. Фестивальдар қатары өз елімізде де жыл санап көбейіп келеді. Өйткені «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында атап көрсетілгеніндей, «...біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз...». Алдағы мақсат – әлемдік мәртебелі, деңгейі биік фестивальдардың толыққанды қатысушысы болу. Әрине, бұл – қол жетпейтін арман емес, ал, әлемдік сахналық үдерістер ортасынан көріну үшін алда бірталай жұмыс бар екенін іштей бәріміз де іштей сеземіз. Осы үлкен жұмыстың салиқалы бастауы - елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі. Және бұл үлкен шара еліміздің Мәдениет тұжырымдамасында «2030 жылға қарай біздің еліміз кәсіптік шеберлікті жоғарылату мен шығармашылық өсудің халықаралық жетекші мектебіне айналуға тиіс» деп атап көрсетілген міндеттердің жүйелі түрде жүзеге аса бастауының көрінісі.
Биыл екінші рет өткізілген фестиваль, бірінші мақаламызда да айтылғандай, республика сахнагерлеріне белгілі бір деңгейде әлемдік театрлар сахнасын ашып, ондағы заманауи рухани-эстетикалық ізденістер, бүгінгі театрдың мазмұн, түр, форма байлығын көзбен көруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар шетелдік сахнагерлер, мамандардың қазақ сахна өнері туралы танымы кеңейді, білімі артты. Олай дейтініміз – Бүкіләлемдік «Астана» фестивалінде республика театрлары лайықты өнер көрсетіп келеді. Бірінші мақалада шетелдік театрлар туралы сөз қозғасақ, ендігі аз-кем сөз отандық қойылымдар туралы. Сонымен қатар оқырмандарға фестивальдің Сарапшылар алқасы құрамында болған шетелдік мамандар - театртанушы ғалым Б.Пикон-Валлен мен сыншы, өнертанушы Д.Шалис-Асатиани (Франция), есімі әлемге танымал көрнекті режиссер, Қазақстанда да бірнеше спектакль қойған Й.Вайткус (Литва), продюсер, режиссер Д.Папавалардың (Ұлыбритания) талқылау барысында, сондай-ақ жеке сұхбаттарымыз кезінде айтқан азды-көпті пікірлерімен де таныстырғанды жөн көрдік. Фестиваль шымылдығын еліміздегі ең жас сахналық ұжым ашты.

                     Ғ.Мүсірепов.Е.Брусиловский. «Қыз Жібек».
            «Астана-мюзикл» театры. Қоюшы-режиссері А.Маемиров.

 Соңғы екі-үш жылда қазақ лиро-эпосының жауһары «Қыз Жібектің» ұлттық сахналарда жолы болып тұр. Шеруді М.Әуезов атындағы академиялық драма театр бастап, еліміздің жас театры «Астана-мюзикл» қоштап, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында Республика Мәдениет министрлігінің «Жаһандық әлемдегі қазақстандық заманауи мәдениет» жобасымен өткен жылдың соңына қарай Еуропа елдерінде триумфалды турне жасап қайтса, эстафетаны жуырда ғана «Қыз Жібекті» Кореяда көрсеткен Астана Жастар театры жалғастырды деуге болады Өткен жылы жаңа «Қыз Жібегін» «Астана-опера» да ұсынды. Бұлай болар жөні бар, өйткені әлемік мәдени мұра тізіміне енгізілген бұл жыр - халқымыздың ұлттық рухани коды, мәңгілік махаббат символы!
        Халқымыздың ұлттық рухани коды «Астана-мюзиклдың» «Қыз Жібегінде» барынша танылады. Бұл қойылымда Ғ.Мүсірепов либреттосы шамалы ышамдалып, соңы өзгертіліп, Е.Брусиловскийдің халық шығармашылығына негізделген музыкасы жанрға сай өңделген. Ұжымның көркемдік жетекшісі, креативті идеялары мол талантты режиссер А.Маемиров қойылымын әу бастан-ақ жоспарлы түрде осылайша бағдарламалағаны көрінеді. «Астана-мюзикл» нұсқасындағы «Қыз Жібекте» режиссер ежелгі Дала театрын еркін реконструкциялайды. Қасиетті қобыз үнімен (қобызшы А.Омаров) басталатын мюзиклда Дала философы Абыз (жырау актер С.Қамиев) мәңгілік махаббат баянын жырлауға кіріседі. Сайын дала төсіндегі жарқын да жасампаз өмір. Махаббат, сұлулық, қызғаныш. зұлымдық, әулет мәртебесі, ұрпақ жалғастығы.        Үлкен сахнада -- ата-бабаларымыздың сонау ғасырлар қойнауынан жеткен психологиялық аскетизм, этникалық-этикалық контексті мол ұлы мәдениеті, түрлік-реңдік палитрасы бай өмірінің үлкен панорамасы. Музыкалық құрылымына «Астана сазы» ансамблі үлкен үлес қосатын мюзиклға кейіпкерлердің, жинақтап айтқанда халықтың жанын, рухани-адамгершілік әлемін танытатынның барлығы - жанды дауыста орындалатын әндер, жоқтау, қоштасу, айтыс өнері, би, бата, қарғыс, сондай-ақ көрікті көш, киіз басу, жамбы ату, қазақша күрес, киелі ағаш, түстегі аян, тағы да басқа салт-дәстүр жырлары, жоралғылары синтезделген. Халық өмір салты, ритуалдардың мәдени формасы мюзиклда жаңаша жарқырайды. Бас кейіпкерлер Қыз Жібек - И.Ризабекова, Төлеген - О.Игілік, Бекежан – Р.Усманов, сондай-ақ Төлегеннің айнымас досы, ақын Шеге – А.Амандықов пен анасы Қамқа - А.Бермұхамедовалардың дауыс әлеуеттері мен актерлік шеберліктері бір-біріне сай этно-мюзикл жасампаздық атмосферамен аяқталады.
        Бас кейіпкер Жібектің әдеттегінше суға секіруі қолындағы бір тал гүлін үзетін мәнді жестке айырбасталуы бекер емес. Жырда «...хабарсыз кетсең тым ұзақ Сансызбай шығар соңыңнан» делінетіндей, қойылым соңында лиро-эпостың өзге вариантындағыдай, Жібекті Төлегеннің інісі Сансызбай (актер А.Замзарханов) іздеп келеді. Оған бас киім кигізіліп, Жібек екеуі жараса қатар әулеттерімен тұрған соңғы сахна стоп-кадрдай - өмірдің жалғастығын, ұрпақ жалғастығын мағыналатады.
        Бос кеңістікте ойналатын қойылымда көп семантиканы кейіпкерлердің киімдері (киім суретшісі А.Сырбаева) береді. Әлеуметтік статусы жоғары басты кейіпкерлердің киімдері статусына сай бейне тапқан, көпшілік сахнасы кейіпкерлерінің киімдері де бай Бірер сахнада Қыз Жібектің, өзге де қыздар киімдеріндегі жалт-жұлт әшекейлер де байқалады (киім қазақтардың дәстүрлі дүниетанымының маңызды құрамдас бөлігі екені еске алғанда, мұның қаншалықты орынды екенін айту қиын.) Шағын сөздің соңында көркем этно-мюзиклдың шығуына қоюшы-режиссер А.Маемировпен бірге режиссер Е.Нұрсұлтан, хореограф Қ.Сиязбек, балетмейстер А.Садықова, хормейстер Г.Берекешев, дирижер Б.Ақтаев және киім суретшісі А.Сырбаева бар қойылым тобы үйлесімді де табысты жұмыс жасағанын айту орынды. «Қыз Жібек» этно-мюзиклы бүгінгі қазақ сахнасында жетпейтін басты бір буын - ұлттық салт-дәстүрлер театрының қаншалықты маңызды екенін және оның заманауи көркем болуының қажеттілігін көрсетеді және осы олқылықты толтырудың жақсы бастамасы деу керек. Мюзикл туралы шетелдік мамандардың пікірі өте жақсы.
Йонас Вайткус, көрнекті режиссер (Литва): - «Астана-мюзиклдың» «Қыз Жібегі» қазақ халқының рухани-мәдени мұрасы қаншалықты бай екенін көрсетеді. Осындай бай мұрасы бар халық мықты халық. Мен М.Әуезов театрында «Қорқыттың көрін» қою барысында қазақ мәдениетімен біраз таныстым, дегенмен де мюзикл арқылы байқалатын осындай бай руханилық, мағына, эстетика өзге мәдениет өкілдерінің үлкен қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Жас театрдың жас актерлерінің өз жанрларында үлкен қызығушылықпен, жалынмен, беріле жұмыс жасайтыны, ұшқырлығы сүйсінтеді және құрмет тудырады. Жас ұжымға және олардың басшысы, ұстазы Асхатқа үлкен шығармашылық табыстар тілеймін.
Д.Шалис-Асатиани, сыншы, өнертанушы (Франция): - «Қыз Жібек» этно-мюзиклын алғаш рет Францияда көрген болатынмын. Менің көрермендік тәжірибем бай десем мақтанғаным емес. Алайда өз өмірімде осындай спектакльді бірінші рет көрдім. Тілдік кедергелерге қарамастсан үлкен әсер алғанмын, бұл жолы да та солай. Осынша сұлулық! Қандай эстетика! Режиссердің халықтың мол қазынасына деген соншалықты ыждағатты да нәзік бір көзқарасы, талғамы байқалады. Мюзиклдың драматургиялық негізі жақсы. Мені ұлттық костюмдердің осыншалықты байлығы таң қалдырады. Мюзиклдан қазақ халқының мәдениетін сезініп қана қоймай, тарихынан да хабардар болдым. 

                              Ғ.Есім. Таңсұлу.
     М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық
                  драма театры. Қоюшы-режиссері А.Кәкішева.
Фестиваль кезінде Астанадағы гастрольдік сапарын табысты өткізген қара шаңырақ театрдың «Таңсұлуы» - мамандардан жақсы бағасын алған, көрермендер сүйіп көретін спектакль. Ғ.Есім әңгімесі бойынша қойылымға, тарихи деректерге қарағанда, 18 ғасырда өмір сүрген қазақ батырларының бірі Қожабергеннің жары, аса сұлу да ақылды Таңсұлудың тағдыры арқау болған. Жаугершілік замандағы ұрыста батыр мерт болып, қалмақтардың тұтқынына түскен Таңсұлу туралы туралы «Жапал батыр мен Таңшебер қыз» жырында (жыр мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасымен жарық көрген 100 томдық «Бабалар сөзі» сериясында бар) нақты жырланады. Құрсағындағы баласы үшін өзін мерт етпей, небір қиындық, азапқа көніп өмір сүрген Таңсұлудың ұлы - осы Жапал. Жырда ол өсіп-ержетіп, анасының ақыл-жігерімен еліне қайтып, жаудан кек алады. Ал, әңгіме негіз болған спектакльде де сюжет бірталай өзгеріске ұшыраған. Қайратты да намысшыл, ұрпағы үшін бәріне даяр қазақ әйелінің бейнесі режиссер А.Кәкішеваның қойылымында тарихи кейіпкер шеңберінен шығып, ұлы даланың жазылмаған заңы – тектілік пен намыстың символы Таңсұлу қазақ әйелінің жинақтық бейнесіне, Ана символы деңгейіне көтеріледі.
        Спектакль Бақсының (актриса Г.Жақыпова) кеңістік кезіп жүруінен басталады. Мұнда антикалық сюжеттерде де аз кездеспейтін тағдыр, қазақы танымда «жазмыштан озмыш жоқ» пәлсапасы бар. Сахна айқара ашылғанда далалық идиллияны, табиғат пен сұлулықта өмір кешкен бақытты отбасын көресіз. Халқымыздың өмірсалтын көркем бейнелеген сценография мен кейіпкерлер костюмдері (суретші Қ.Халықов), әсемдікті, табиғатпен үйлесімділікті паш ететін пластика (биін қойған Ш.Сапарғалиқызы), жан әлемін беретін музыка (композитор Ә.Омарова) актерлік шебер ойынмен жанданып, сахна сол кезең атмосферасына тұнып тұрады. Ана (актриса Г.Тутова) мен перзент жап-жас ару Таңсұлу (актриса А.Бақытжанова) арасындағы махаббат, ене мен келін (актриса Б.Қажынәбиева), қайынсіңлі мен жеңге арасындағы сүйінішті де нәзік қарым-қатынастар, қазақ отбасының моделін, ұлттық космосты танытады. Этноритуалдарға да саналы түрде басымдық берілетін спектакль тереңдегі ұлттық жадыны оятады, сүйініш, мақтаныш, сонымен қатар әлдебір сағыныш сезімдерін бастан кештіреді, демек, режиссердің түпмақсаты жүзеге асады. Алғашқы премьерасынан бері төрт жыл өткен «Таңсұлу» мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан бері аса өзекті болып отырған «ұлттық кодтың» сахналық көркем тілмен жеткізілуі. Фестиваль көрермендері қойылымдағы фикс-идеяны, ұлттық болмыс бояуларын жақсы қабылдады.
Көрнекті режиссер Й.Вайткус «Таңсұлуды» «авторлық спектакль» деді. Жаны бар пікір. Өйткені қойылым өмірлік тәжірибесі, рухани-көркемдік тәжірибесі мол және азаматтық үні айқын режиссердің қолтаңбасын танытады. Жақын тарихқа зер салсақ, кезінде бізде көрнекті режиссер Ә.Мәмбетов алып келген қойылымдық режиссура қазақ театрын жаңа сапалық белеске шығарған еді. «Таңсұлу», бір есептен, Мәмбетовтің шәкірті А.Кәкішеваның осы режиссурадағы заманауи көркемдік ізденістері, дәстүр жалғастығы.
        Спектакльдер әр жолы әртүрлі сезімде, температурада ойналатыны белгілі жайт. Фестивальдік «Таңсұлу» қызуқанды ойынымен ерекшеленді. Астанадағы Бейбітшілік және Келісім сарайының 1500 орындық үлкен сахнасындағы залындағы көрерменге посыл жасағаны ма - актерлер эмоционалдық температураны тым жоғарылатып, музыка мен жарықтың да мөлшерден асқан сәттері болды. Бұған қойылымды негізінен жақсы қабылдаған шетелдік сыншылар да назар аудартты.
        Йонас Вайткус, көрнекті режиссер (Литва): - «Таңсұлу», меніше, өте индивидуальды, авторлық спектакль. Режиссердің тарихқа, ұлттың өткеніне, әйелдің қазақ қоғамындағы роліне көзқарасы. Осы мақсатта көркемдік құралдарды барынша пайдаланған. Бояуы қалың, эмоциональды қойылым адам жанына әсер етеді. Сонымен қатар қойылымда музыка, жарықтың шамадан көп пайдаланылуының кері де әсері бар... 
        Б.Пикон-Валлен, театртанушы ғалым (Франция): - Өте қызғылықты спектакль. Әйел жаны туралы осынша терең шығарманы әйел режиссер ғана қоя алады. Әрине, менің ұлтым, мәдениетім басқа болғандықтан кей тұстарын түсіне алмағанымды жасырмаймын.. Дегенмен де Таңсұлудың өз сұлулығымен қоштасуын эстетикалық тұрғыдан басқаша беруге болар ма еді деген ой келеді. Еуропа театрына негізінен минимализм тән, содан да болар маған мұндағы би мен музыка көп сияқты көрінді.
                Д.Шавлис-Асатиани   сыншы, өнертанушы (Франция) - «Таңсұлу» – қазақ халқының этномәдениетін,ертедегі тұрмыс-тіршілігін көз алыңызға әкеледі. Таңсұлудың махаббаты, тағдыр теперішіне түскен өте ауыр өмірі. Қойылым эмоциялық тұрғыдан маған қатты әсер берді. Басты рольдегі актрисаның шеберлігі тәнті етті. Еуропалық мектептен шыққандарға мұндағы музыка мен жарықтың көп болып көрінуі заңды шығар. Әр режиссердің танымы, тақырыпты көруі, сахналық бейнесін табуы әртүрлі болады. Бұл – әйел жанын терең білетін әйел режиссердің туындысы. Өкінішке қарай, бүгінде әлемдік театрда әйел режиссерлер саусақпен санарлық. Меніңше, қазақ театрлары классика мен ұлттық қойылымдарды бірдей жоғары деңгейде алып келеді. Сіздерде «аристотельдік театр» деуге болатын бағыт бар. Бұл классикалық театр. Көп адам мұны түсінбеуі мүмкін. Өйткені мәтінді жоғары эмоциямен айтуды патетика деудің орны жоқ.«Таңсұлуды» бәлкім құрылымын сәл өзгертіп, шетелдерде ұялмай көрсетуге болар еді. 

                           У.Шекспир, аудармасы М.Әуезов. Отелло.
                  Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық
                 музыкалық драма театры. Қоюшы-режиссері Т.Теменов.
 Қай театрдың да репертуарында Шекспир шығармасы болуы, ал үлкен фестивальдарда Шекспирден спектакль көрсетілуі мәртебе. Бүкіләлемдік I «Астана» фестиваліне «Отеллоны» былтыр Оңтүстік Кореяның «Мулькель» театры алып келсе, биыл Қ.Қуанышбаев театры ұсынды. Қазақ сахнасында сиректеу қойылатын «Отеллоны» режиссер Т.Теменов қызғылықты интерпретациялаған.
        Жалпы рухани тынымсыз, көркемдік ізденістер аясы кең, әдеби багажы мол Теменов классиканы өзінше интерпретациялап (әдебиетті қашанда театрдың қайнаркөзі деп білетін, осы фестивальға Ф.Кафка бойынша спектаклі қатысқан Э.Някрошюс ойға оралады), өзгеше бір мағыналар ұсынуға шебер режиссер. Шығармаларында ізгілік пен зұлымдық табиғатын зерттеуге ұмтылатын режиссер. Оның Ғ.Мүсірепов театрындағы «Ай-Қарагөз» (М.Әуезов. «Қарагөз»), «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» (Ш.Айтматов), «Кармен-сита» (П.Мерименің «Кармені» желісімен), Қ.Қуанышбаев театрындағы «Аққудың көз жасы» (Ш.Айтматов. «Жәмилә», «Боранды бекеттегі» Раймалы мен Бегімай туралы аңыз) спектакльдерінің бәрі де өзіндік, теменовтік интерпретациялар. Режиссер жаңа сахналық шығармасы «Отеллода» әдеби нұсқадағы біраз эпизодты қысқартып, көріністерді ықшамдаған, мұның өзі оқиғалардың негізгі желіден еш ауытқымай, экспрессивті түрде дамуына жол ашқан. Финалдық эпизодты өзгерткен, Ягоның болмысын визуализациялаған.
        Махаббат пен ғадауат трагедиясы әлем-ғаламдық кеңістікте өтіп жатқан сияқты. Симметриялық тікбұрыштар принципімен бірнеше планға бөлінген сахна кең панорамалы. Негізінен қара мен қызыл және ақ түстер батыл контрастта алынған («Кармен-сита» ойға оралады). Агрессивті саналатын қызыл түс қара түспен үйлесімі табылып қолданылмаса кері эффект беретіні белгілі. Мұнда суреткерлік өлшем бар, барлығы үйлесімді (қоюшы-суретші Қ.Мақсұтов). Яго бастаған әскерилердің киімі қара, Отеллоның киімі де, шаш қоюы да бөлек, бөтен екенін айқындайды, ал, ақ түс Дездемонаның еншісі (киім суретшісі Ш.Елембаева). Темпоритмі бір төмендемейтін спектакльде кейіпкерлердің қым-қиғаш қарым-қатынастары сөз сайыс, күш сайыстардың бәрінде әдемі айқындалған. Байқап қарағанда театрдың жас буыны түгелдей дерлік қатысатын күшсайыс, семсер шайқастар бетпе-бет емес, жанаспасыз ұрыстай. Кейде кинокадрлардай қимыл-қозғалыс пластикасы таза (сахна сайысы М.Вишневский). Белгілі сюжет біріне бірі жедел жалғасатын оқиғалар күмәнсіз (Дездемона) және екіұдайлы (Отелло, Яго) сезімдер ағынында кернеуі жоғарылай түсіп, соңы трагедияға ұласады да күтпеген финалға шығады.
        Отелло - актер Қ.Қыстықбаев түр сипаты келіскен, ержүрек әскербасы, сонымен қатар бір басында комплексі де жетерлік адамның бейнесін толымды жасаған. Түр-сымбаты келісті, сезімі аппақ қауырсын Дездемонаның (актриса А.Танабаева) еріне деген махаббаты еш дүдамал тудырмайтындай сенімді (екі кейіпкер, әсіресе Отелло орамал сахнасында ептеп мелодрамаға бой алдыратынын айтпағанда). Табиғатынан таза, сенгіш, әлемге тек өз призмасынан қарайтын ерлі-зайыптылар өмірі трагедиямен аяқталады.
        Қойылымдағы өте қызғылықты трактовка Яго - актер Н.Өтеуілов жасаған образ. Оның кеңістіктегі бүкіл оқиғаны «басқарып» отыратын кейіпкері ақылды, мақсаткер, коммуникациясы мықты, психолог, тек мұның бәрі жамандыққа қызмет етеді. Ол өзінің бақай есеп үстемдігінен ләззат алады. Қойылымда Ягоның альтер-эгосын көреміз. Біз жоғарыда атаған кореялық «Мулькель» театры қойылымында Отеллоның жанында (экранда) көлеңке - қара сайтандар айналып жүретін. Отеллоның көңіліне күдік кірді болды, экрандағы сол қара сұлбалар оған анталай тап беретін. Ал, Теменов спектаклінде акцент Ягоға жасалған, оның альтер-эгосы (актриса А.Әділгереева) өзі үшін шешуші деген сәттерде үнемі қасынан табылады. Қойылымда Дездемонаны да, өзін өзі де өлтірген Отелло емес, Яго болып шығады. Ал, сенгіш болсын, аңғал болсын мейлі, өз еркін өзі билей алмайтын, бүкіл әлемге тек өз призмасынан қарайтын Отеллоны жеңу қиын еместей. Сондықтан да ол финалда Шекспирдегідей әшкереленбейді, керісінше өліп жатқан Отелло мен Дездемонаның төсегінде, миығынан күліп, алма кесіп жеп отырады (бұл «бүлік алмасынан» ниеті бұзылғанда өзге кейіпкерлер де жегенін еске алайық). Жауыздық салтанат құрады. Отеллолардың бейсана еріксіздігін пайдасына жаратып отырған бүгінгінің Яголары осындай - зұлымдық атаулы өңі өзгеріп, респектабельді қалып алып отыр... Белгілі шекспиртанушы А.Бартошевичтің «Шекспир - қандай да труппаның кәсіби әлеуеттілігі мен толысқандығын анық көрсете алатын лакмус қағазы» дейтін пікірі бар. Ойналған сайын көркемдене түсері хақ «Отелло» театрдың, режиссер Т.Теменовтің шығармашылық үлкен табысы деу орынды.
        Йонас Вайткус, көрнекті режиссер (Литва): - «Отелло» өте ауыр пьеса. Бұл қойылым режиссурасы өте қызғылықты, актерлік құрам да күшті, олардың пластика мықты. Яго кейіпкерін көрерменге өте қызықты етіп ұсынады. Режиссер трагедияны өзіндік көзқараспен, кинематографиялық стильмен шынайы алып шыққан, ірі пландарды жақсы пайдаланған. Спектакльдің энергетиксы залға беріледі, режиссер көрермен залын да үйіріп алады. Ескеретін нәрсе - қойылым музыкасы тым қатты болып кететін тұстар баршылық. Сонсоң сөз, дауыс қуатындағы айырмашылық жағына назар аударылса артық болмас еді.
        Б.Пикон-Валлен, театртанушы ғалым (Франция): - «Отелло», меніңше, мюзикл принципімен қойылған. Отеллоны сомдаған актердің шеберлігіне еш шүбә жоқ, бірақ, мен үшін акцент Ягоға қойылғаны қызғылықты көрінді. Отеллодан гөрі Яго туралы, оның қолынан келетін зұлымдық туралы көбірек ойландырды. Режиссер кино принциптерін ұтымды пайдаланған. Оқиғалар бірінші план, екінші план, үлкен план арқылы беріледі. Мұның өзі қойылымға объем береді. Қойылымда музыкалық әдіс де ұтымды пайдаланылған. Әу баста қатты музыка менің де жүйкеме тиді, бірақ қойылым принципінен алғанда қабылдадым. Маған қойылымдағы грим ұнады. Театр көрерменін күйініш-сүйінішке түсіруі шарт десек, мен спектакль бойы осы күйініш-сүйінішті бастан өткердім.   
        Д.Шавлис-Асатиани,  сыншы, өнертанушы (Франция):- Мен спектакльден өте үлкен әсер алдым. Ягоның жанында жүретін әйел ғажап. Қойылым соның шығуымен басталады. Мұнда үлкен мән бар. Режиссер «Отелло» тақырыбына өзіндік көзқараспен келген. Басты кейіпкер Яго. Ол - бүгінгі адамзаттың болмысын көрсететін ең заманауи кейіпкер. Қойылымның костюмдері керемет, талғам жоғары. Мен мұны стилист, костюмдер тарихын зерттеуші ретінде айтамын. Ұжымға үлкен табыс тілеймін.