БАҚ біз туралы

Қазақтың Қыз Жібегі 70 жаста

Бүгін 25 ақпан 2021 жыл, қазақтың Қыз Жібегі, актриса Меруерт Өтекешова мерейлі 70 жасқа толып отыр.
Өнер жолын «Қыз Жібек» сынды үлкен картинадан бастаған актриса бар ғұмырын өнерге арнап келеді. Өнердегі төлқұжатына айналған Қыз Жібек бейнесі театр сахнасына жол ашып, өмірлік серігі Қ.Тастанбековпен жұптастырды, халықтың сүйіспеншілігіне бөледі. Сол арқылы бойжеткен Меруерт өзін актриса ретінде қалыптастырып, өнерге жолдама алды. Фарида Шәріпова, Сәбира Майқанова, Әнуар Молдабеков, Кәукен Кенжетаев, Асанәлі Әшімов, Ыдырыс Ноғайбаев, Гүлфайруз Исмаилова сынды қазақтың біртуар өнер иелерімен бір ортада жүру мүмкіндігіне ие болды.
Актриса театр сахнасын 1973 жылы Ш.Айтматовтың "Ана-Жер-ана" спектакліндегі Әлиман болып аттап, М.Әуезовтің "Қарагөзінде" Қарагөздің, "Еңлік-Кебек" дастанында Еңліктің, Т.Ахтановтың "Жоғалған досында" Ғайнидің, Д.Исабековтің "Әпкесінде" Гауһардың, Ә.Әбішевтің "Кәусарында" Кәусардың, А.Сүлейменовтің "Жетінші палатасында" медбикенің, С.Мұқановтың "Мөлдір махаббатында" Бәтестің анасының, Р.Мұқанованың "Мәңгілік бала бейнесінде" депутат Күләштің, Т.Нұрмағамбетовтің "Ескі үймен қоштасуында" ананың рөлін сәтті сомдады.  
Актрисаның туған күні қарсаңында қатарлас құрбысы, әріптесі, сахналық серіктесі Шамшагүл Меңдиярованың М.Өтекешова жайлы айтқан әңгімесімен бөлісу мүмкіндігі туып отыр:
«Қазақ елі Меруертті Қыз Жібек ретінде таныса, біз оны қарапайым, биязы мінезді, жан дүниесі де, сырт келбеті де сұлу келіншек ретінде, театр актрисасы ретінде танимыз.
Алайда, Меруерт туралы сөз қозғағанда өнерге келуіне себеп болған «Қыз Жібек» картинасы туралы айтпай кетуге болмас. Совет одағы кезінде кино түсіру ісінде көптеген шектеулер болатын. Ол жылдары кино түсіру, кино өнерінде жүру оңай емес еді. Кино арқылы танылып, халық көзіне түсу де, бағыңның жануы да қиын болатын. Жолы болғандар да саусақпен санарлық. Ы.Ноғайбаев, Ә.Молдабеков, А.Әшімов сынды актерлерді бағы жанғандардың қатарына жатқызар едім. Оларды тіпті, «Қырғызфильм», «Мосфильм» сынды киностудиялар шақырып та жататын. Осы орайда Ш.Аймановтың, «Қыз Жібек» фильмінің режиссері С.Қожықовтың үлесін айта кету қажет. Бұрын соңды қазақ даласында мұндай жетістік пен танымалдылыққа ие болған фильм болған емес десек те қателеспеймін. Осыған дейінгі түсірілген картиналардың да орны бөлек, әрине. Десек те, «Қыз Жібек» арқылы қазақтың бар байлығы, қазақы мәдениет пен салт-дәстүр, шеше мен қыздың, әке мен баланың арасындағы қарым-қатынас, отбасылық байланыстар, серілер дәстүрі сынды ұлттық құндылықтар жарқын түрде көрсетілді деуге болады. Фильмнің үздік саналуына сол кездегі актерлік құрам да әсер етті деп ойлаймын.
Меруерт те сол жолы болған бірегей арстистердің қатарында. 400-ден астам небір хас сұлу қатысқан кастингтен өтіп, рольге бекітілуі де тегін болмаса керек. Ол Қыз Жібектің бойындағы махаббатқа деген адалдықты, тазалықты, пәктікті дөп басып көрсете білді.
Меруерттің көзқарасы, өзін-өзі ұстауы, жай ғана тұрысының өзі тұнып тұрған сұлулық қой, шіркін. Мақтадай үлбіреген нәзік тұлғасы, әппақ, кіршіксіз маржандай жанары, тіпті, айтуға сөз жетпейді. Қазір ойланып отырсам, Меруерттен басқа ешкім ойнауы мүмкін еместей көрінеді. Сол уақытта Меруерт қана сондай болғандай елестейді көз алдыма.
Кейін таныса келе байқадым, Меруерттің бойында қазақ әйелдерінің майыстырса да сынбайтын қайсар мінезі бар. Тәрбиесінің әсері болса керек, болмысын, жаратылысын осындай қалыпта ұстап тұрған болаттай түп-негізі бары байқалады. Қазақ әйелдеріне тән асыл қасиеттердің барлығы бір бойында бар екендігіне бертін келе ұдайы көзім жетіп жүрді. Келбеті, ажары, жымиысы - тұнып тұрған Қыз Жібек. Жас кезімізде, сырттай қарап марқайып, «бекер Қазақтың Қыз Жібегі атанбапты ғой» деген ойға келетінмін. Әлі де мойындаумен келемін.
Құман мен Меруерттің жарастығы, көздерінде ұшқыны жалындаған жастық оты, екеуінің алыстан сезіліп тұратын тектілігі. Бұған тамсанбау мүмкін емес. Құманның жайдары мінезі, сабырлылығы фильмге тіптен тамаша әр беріп тұрғандай көрінетін. Шын ғашық болмай Жібек пен Төлегенді сондай жарасымды ойнау мүмкін емес те шығар. Екеуінің фильмдегі махаббаты, өмірдегі махаббаттары барша замандастарымызды тәнті ететін. Қызыға да қызғана да қарайтынбыз. Екеуі бірге жүргенде мән бермеппіз ғой, ал қазір Құман кеткен соң артқа көз жүгіртіп, ойлап отырамын. Мираның (құрбысы ретінде Мира деп атайды екен) сол рольге келіп, нәтижесінде екеуінің тағдыры тоғысуы, үлкен махаббаттың басталуы тегін емес екен. Мұның барлығы да Алланың бұйрығы. Екеуі қол ұстасып өнер жолынан өмір жолына қадам басты, отбасын құрды, отбасылық өмірлерін де, өнерлерін де абыроймен арқалап жүрді. Сол кездегі қыздар педагогикалық университетінің асханасында екеуінің тойы болғаны әлі есімде.
Кинодан көргеніммен ол кездері сырттай ғана таныс едім. Екеуінің қол ұстасқан жүрісін, жарасымдылығын, махаббатқа толы көздерін көргенде жасымыз да, кәріміз де қатты қызықтық. Оларға қарап біздің де ғашық болғымыз келетін, махаббатқа шөлдеп, оларға қараған сайын ойымызда өз махаббат оқиғамызды құрастырушы едік. Жұртты, Жібек пен Төлеген үйленді деген әңгіменің өзі тамсандыратын.
        Біз ол кездері тек театрда жүретінбіз. Қазіргідей кино көп емес. Шақыртулар да аз болатын. Ал кино әлемінде бағы жанған Мира 1973 жылы театрға келгенде таңданысымызды тіптен жасыра алмадық. Қыз Жібекті ойнаған әсем аруды театрға алмау мүмкін емес деп ойладық. Жақынырақ таныса келе, таңданысымыз сыйластыққа ұласты.
        Кейіннен театрымызда М.Әуезовтің «Қарагөз» қойылымындағы Қарагөзді ойнады.  Сол спектакльмен Мәскеуге де бардық. Көптеген көрермен өнерімізді тамашалап, телеарналар түсіріп те алды, ыстық ықыластарын жаудырғандар да көп болды. Халық Меруерттің сұлулығына, өнеріне ерекше тамсанып, ол туралы көптеген мақтау сөздер айтылды. Артынша, осы ролі үшін Мәскеудегі бүкіл одақтық жастар шығармашылығы байқауының лауреаты атанды. Бұл жаңалықты естіген біз, қатарластары - қуанып, құттықтап, тілек лебіздерімізді білдіргеніміз бүгінгідей есімде. Өнер адамдары арасында тілекші болу, бір-бірі үшін қуану деген жиі кездесе бермейді ғой. Алайда, біз бір-бірімізге қолдау көрсетуге тырысатынбыз.
Алғашқы ролі, Ш.Айтматовтың «Ана жер Анасындағы» Әлиманды керемет ойнады. Сол спектакльде бірге жүрдік. Репетицияларда бірге дайындалдық. Сол рольдің арқасында ішкі драматизмі мықты, ішкі көңіл-күйді дөп басып жеткізе алатын актриса екендігін көрсете білді деп ойлаймын. Екеуміз бір гримеркада отырамыз. Дайындық арасында әртүрлі әңгімелер айтылады. Сол сәттердің өзінде, қайраттылығына, сабырлы мінезіне, мейіріміне тамсана қарайтынмын.
        Құман екеуі жастар үшін адал, ақ махаббатың аққудай символы бола білді. Өнегелі өмір сүрді. Ұл-қыз өсірді. Амал нешік, Құман 70-ке қараған шағында өмірден өтті. Адамды жақсы танымаса да араласпаса да, сырттай тілекші болып, жағдайын сұрап, жанашырлық танытып тұратын асыл азамат еді.
Мира да өмірде биязы  мінезді, қарапайым, баласы үшін барын беруге дайын асыл ана, әже. Өнегелі келін. Үлкенге деген құрметінің өзі адамды сүйсіндіреді. Ата-енесін алақанына салып бағып, құрметтеді, ақтық сапарға абыроймен шығарып салды. Өнер жолында жүрсе де отбасын бірінші орынға қойды. Әлі күнге шейін, жан-жағына шуағын шашып, мейірімін төгіп жүреді. Бір кездегі аққұба, әсем ару, бүгінде жүзі мейірімге толы дана әжеге айналды. Кезінде,  Х.Бөкеева. С.Майқанова апаларымыз сырқаттанып жүрген кездерде жағдайларын жасап, көмектесіп, қолтықтарынан сүйеп жүретін еді. Сабақ берген ұстаздарына, басқа да үлкен жастағы кісілерге көмектесіп, ылғи да жанашырлық танытатын. Сондай сәттерде іштей риза болатынмын.
        Әркім өз заманын мақтайды ғой. Біздің жастық шақ осындай керемет адамдармен өтті. Серіктес болдық, сахнаға бірге шықтық, әзіліміз жарасып қатар жүрдік. Сол үшін де өзімді бақытты санаймын,  іштей қуанамын.»