БАҚ біз туралы

Жүз жылдық махаббат

Астана. 21-қазан. Baq.kz – Бүгін Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жазушы-драматург Дулат Исабековтің Мағжан шығармашылығын арқау еткен «Жүз жылдық махаббат» пьесасын қойды. Басты рөлді сомдаушы «Серпер» Жастар сыйлығының лауреаты Алмас Шаяхметов.
 Мағжан – Алаштың біртуар азаматы. Ал, жаңа маусымның беташар қойылымындағы Мағжан рөлі, мен үшін, «маған бұйырып», менің орындауымда болғалы жатқан сүбелі рөлдердің бірі. Бейжай қарай салуға мүлдем келмейтін, өте күрделі образ. Осыдан біршама уақыт бұрын Алимжан Салимов деген Өзбекстандық режиссер біздің театрда «Ромео мен Джульеттаны» қойды. Сол кезде мен Бальтазарды ойнадым. Сондағы Жүргізушіні әуелде Құдайберген Сұлтанбаев, сосын Үсіпхан Сейтметов ойнады. Кейінерек Алма Кәкішева осы рөлді «сен алып шығуың керек» деп маған тапсырды. Қойылған талаптың және мақсатты ізденістің жемісі болуы керек, әлемге әйгілі осы туындыдағы бұл рөлді керемет әсермен ойнап шықтым – дейді басты рөлді сомдаушы Алмас.
Режиссердің қойған талабы тым жоғары болды. Алма Кәкішева маған «Осы рөлді сәтті шығарсаң келесі спектакльдегі негізгі рөл сенікі» деп еді. Еңбек демалысынан келген соң, тамыз айында Алма апай маған осы рөлді табыстады. Іштей: «Алма апай уәдесінде тұрған екен ғой»- деген ой болды. Басты рөлге «ие» болған қуанышыма «сенім үддесінен шыға алармын ба?..» деген қобалжу да қосылды дейді актер. Міне, актер мен режиссердің ойы бір жерден шыға білді. Ал Дулат ағамыз талай шығарманы сахнаға шығарғанымен, бұл жолы шынымен қобалуждамын деп сұхбат берген еді. 
Мен Мағжанды тек пъесадағы Мағжан етіп емес, Алма Кәкішеваның қиялындағы, өзімнің ішкі әлемімдегі Мағжанды – бәрін қосып көрсетуге тырыстым. Бұл спектакльде көрермен Мағжанды ақын ретінде де, үлкен қайраткер ретінде де көреді. Оның махаббаты, азаматтығы, бәрі-бәрі көрініс табады. Қалай болғанда да қайнауы жеткен іс болды деп ойлаймын деп сөзін түйіндеді актер Алмас Шаяхметов.



baq.kz