БАҚ біз туралы

Әуезов театрында «Медея» трагедиясының тұсаукесері болды

Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Еврипидтің «Медея» трагедиясының тұсауы кесілді.
Бұл туралы Caravan.kz тілшісі осы өнер ордасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. О баста «Медеяны» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіпке арнап сахналамақпын» деген қойылым режиссері Алена Қабдешова «Шыны хайуанат» спектаклінен кейін сол актрисамен бірге жұмыс істеу ғанибет екенін айтқан еді. Ал әр актрисаның арманына айналған Медеяның ролін ойнаған Дәрия Жүсіп көрермен қауымға бүгінгі театр репертуарындағы Шахимарденнің «Томирисіндегі» сақ патшайымы Томирис, Қ.Ысқақ пен Шахимарденнің «Қазақтарындағы» Нигар ханум сияқты рольдерімен белгілі. Ал Медеяның сүйген жары Ясонның бейнесін актер Қайрат Нәбиолла сомдаған. Көне грек драматургі Еврипид жазған трагедияның оқиға желісі мынадай: Ясонға ессіз ғашық болған Медея оның алтын жабағыны иеленуіне көмектеседі. Ол тіпті сүйіктісі үшін әкесі мен бауырын сатып, Колхидадан Ясонмен бірге Грекияға кетіп қалады. Сөйтіп, күйеуіне екі ұл туып берген. Бірақ кейін сүйіктісі оны тастап, жас сұлуға үйленіп кетеді. Бұған ызаланған Медея Ясоннан кек алу үшін екі баласын өлтіріп тынады. 

Caravan.kz