БАҚ біз туралы

«Бейбарыс сұлтан»

Талантты прозашы, белгiлi драматург Рахымжан Отарбайдың “Бейбарыс сұлтан” атты тарихи драмасының тұсаукесерi өттi. Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында. Қойылымның режиссерi – Ю.Ханинга-Бекназар.
Қазақ қоғамына қазiргi күнi жетпей жүргенi не? Әрине, отаншылдық. Отаншыл патриотизм. Рахымжан Отарбай да өзiнiң тарихи драмасымен осы олқылықтың орнын толтыруға тырысқандай.
Мемлекетiмiз ақшасын төлеп, шетелдiң беделдi-беделдi деген жоғары оқу орындарында бес жыл бойы оқытқан жастарымыздың 35 пайызы Қазақстанға қайтпай қалды. “Бұлар бiлiктi маман болып оралып, Қазақстанымызды өрге сүйрейдi...” деген әу бастағы қиялымыздың күл-талқаны шықты...
Таяуда ғана тәуелсiз ғалымдар биылғы жылы орта мектептi бiтiрген жастарға сұрау салған ғой, “Сенiң қай елде тұрғың келедi?” деп. 100 баланың 10-15-i ғана “Қазақстанда тұрғым келедi” деген. Қалғандары ше? Қалғандарының Парижде, Мәскеуде, Санкт-Петерборда, Лондонда, Женевада, Римде, Токиода және басқа да жерлерде тұрғысы келедi екен.
Ал ендi тағдырдың жазуымен сонау Мысырдан бiр-ақ шыққан Бейбарыс сұлтан өзiнiң туған топырағы, туған елi Қыпшақ даласын бiр сәтке де ұмытпайды. “Жайығым! Ақ Жайығым... Жайықтың жалбызы мен жусанының иiсiн аңсадым! Шiркiн-ай...” дегенде, Бейбарыстың көкiрегi қарс айрылады...
Бейбарыс ештеңеден кенде емес. Атақтан да, ақшадан да, әйелден де, құрметтен де. Бейбарысқа жетпейтiнi – жусанның иiсi. Туған жердiң топырағы мен түтiнi. Обалы не керек, актер Азамат Сатыбалды да Бейбарыстың рөлiн жақсы сомдаған. Актер Е.Дайыров ойнаған Қалауынның, А.Шаяхметов ойнаған Құтұздың бейнелерi де көптiң көңiлiнен шықты.

Ю.Ханинга-Бекназар, қойылымның режиссерi:
– Тарихи драманы мейлiнше отаншылдыққа қарай бейiмдедiк. Сонымыз дұрыс болған сияқты. Қазiргi қазақ жастары ойлансын дедiк. Олардың санасына да ой түссiн дедiк. “Елiм, жерiм...” деп зарлап өткен Бейбарыс сынды асылдың iсiн, тiрлiгiн, өнегесiн көрсiн дедiк.

Есмұхан Обаев, Қазақстанның халық әртiсi:
– Жалпы, бiздiң Әуезов театры уақытша, науқандық қойылымдарды қоймайды. Өнегесi бар, айтары бар, елге берерi бар спектакль­дердi қояды. Бiр күн қойылып, ертеңгi күнi сахнадан түсiп қалатын арзан спектакльдерге жоламайды. Бұл – Әуезов театрының ұстанған принципi. Мәселен, “Томиристi” алыңыз. Сахнадан түспей келе жатқанына, жаңылмасам, дәл жиырма жыл болды. Рахымжан Отарбайдың “Бейбарыс сұлтаны” да – ұзаққа шабатын, ұзаққа баратын қойылым.

Дулат Исабеков, жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты:
– Мен өзiм ертеден Рахымжанның әңгiмелерiн қадағалап оқимын. Сөз жоқ, талантты прозашы. Ал ендi “Бейбарыс сұлтанға” режиссер тым көп қол тигiзген сияқты. Сезiлiп тұр. Сонымен бiрге спектакльде би көп. Және тым көп. Би керек, бiрақ орнымен болуы керек қой. Ю.Ханинга-Бекназар алдағы уақытта осыны ескергенi жөн.
Әрине, Бейбарыс сұлтан туралы жазу қиын емес. Бейбарыс туралы деректер де, шығармалар да мол. Рахымжан осы деректердi өзiнше, өзiндiк қолтаңбамен сөйлете алған. Ең керегi де – осы!

Әмiр Нұртайұлы

"Жас Алаш" газеті.