Таңертеңгісін журналистер үйінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатына келген қазақ кино және театр өнерінің тарланы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі, Еңбек Ері Асанәлі Әшімов пен Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының директоры Асхат Маемеров, Талдықорғандағы Бикен Римова драма театрының директоры Ғалия Темірбаева журналистерге театр фестивалі жайлы әңгімелеп берді. – Халықаралық фестивальдің мақсаты – театр өнерін халыққа кеңінен насихаттау және Орта Азия елдеріндегі өнер ұжымдарының өзара ынтымақтастығын арттырып, тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету. Мәртебелі халықаралық шара үшін Талдықорған бекер таңдалған жоқ. Алматы облысындағы Бикен Римова атындағы драма театрдың бүгінге дейін жеткен жетістіктері баршылық. Облыс басшылығының көркемөнерге деген қамқорлығы ерекше. Осыдан екі жыл бұрын жаңа драма театр ғимаратының қазығын қағуға қатысқан едім. Енді, міне, жаңа театрдың ашылуына келіп отырмын. Жаңалықтың халықаралық фестивальге, қазақ өнерінің, оның ішінде театр өнерінің дамуына үлкен еңбек сіңірген, бастауында тұрған Темірбек Жүргеновтың 120 жылдығына орайлас келуі де бекер емес, – деді баспасөз мәслихатының беташар сөзінде Асанәлі Әшімов.
Мұхтар Әуезов атындағы драма театрдың директоры Асхат Маемеров пен Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрының директоры Ғалия Темірбаева халықаралық театр фестивалі жайлы жан-жақты айтты. Қандай өнер ұжымдарының келгенін, қойылымдардың қашан, қай уақытта болатынын, оларға кірудің тегін екенін жұртшылыққа жеткізуді өтінді.
Түстен кейін Бикен Римова атындағы драма театрдың шаңырағынан шуақ шашылған аса сәулетті жаңа ғимараты ашылды. Жаңа шағын аудандағы соңғы жылдары салынған, бірінен-бірі өтетін нысандардың ортасында оқшауланып тұрған драма театр алдындағы алаңға жиналған халықта есеп жоқ. Жаңалықтан алдын ала құлағдар болған талдықорғандықтар мен қонақтар түгел осы маңда жүр. Көпшілік асыға күткен салтанатты шақ та басталды. Бірінші болып сөз алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жиналғандарды Талдықорғандағы таңғажайып театрдың пайдалануға берілуімен құттықтады.
– Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Талдықорғанға келген кездерінде облыс орталығының алға жылжыған жылдармен бірге көркейіп, келбеттеніп келе жатқанына оң баға беріп кететін. Сол ұмытылмас жүздесулер барысында біздің әрбір қадамымызды құптап, қолдау көрсететін. Бүгін ашылып отырған театр ғимараты да Елбасының мақұлдауы мен қолдауы арқасында дүниеге келді. Енді біз жаңа әрі ерекше театрымызбен мақтанатын боламыз. Рухани жаңғыру театр өнерінен басталады десем, артық айтқандық бола қоймас. Қуаныштарыңыз құтты болсын. Бүгінге дейін жеткен биіктері біраз болған драма театрымыз алдағы кезде де толайым табыстармен қуантатындығына сенемін, – деген облыс басшысы өңірдің өсіп-өркеюіне де тоқтала кетті.
Асанәлі ағамыз бастаған қонақтар да өздерінің тілектері мен құттықтауларын жеткізді. Содан соң құрметті қонақтар мен фестивальге қатысушы театрлар ұжымдары қызыл кілем арқылы өтіп, театр табалдырығын аттады. Сәні мен салтанаты келіскен театр сахнасына көтерілген, арасында Асанәлі Әшімов, Талғат Теменов сынды атақтарынан ат үркетін өнер тарландары өздерінің лебіздерін білдірді. Сол жерде биылғы «Серпер» жастар сыйлығының иегерлеріне марапаттары тапсырылды.
Жаңа театрдың шымылдығы Мұхтар Әуезовтың «Айман – Шолпан» драмалық комедиясымен ашылды. Аптадан астам уақытқа созылатын халықаралық фестиваль барысында талдықорғандықтар жаңа театр сахнасынан Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Түркия елдерінің театрларының қойылымдарын тамашалай алады.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы