БАҚ біз туралы

ТАҒДЫРДЫҢ ЖАЗУЫ

Есмұқан Обаев,
Қазақстан Республикасының халық әртісі
Кешігіп қалыппын
Сонымен, Алматыға да келдік. Май тасушы ағам Оразәлінің үйі мынау үлкен қаланың «Малая станица» деп аталатын жағында екен. Бұрын әпкем де, ағам да осында жатып оқыған. Енді міне, мен келіп тұрмын. «Кеудесінде оты бар, өнерлі бала» деп, Оразәлі ағам мақтап, үй ішіне таныстырып жатыр. Біраздан соң ҚазПИ-дің төртінші курсында оқитын туған ағам Сәкен келді мені іздеп. «Ой, жігіт боп қапсың ғой!» дейді құшағына қысып.
Екеуміз көшеге шықтық. Алматы расында да, сәнді, сұлу қала екен. Ең алдымен оны көшедегі жұрттың киім киісі мен жүріс-тұрысынан-ақ анық байқайсың. Сөйтесің де, өзіңнің үсті-басыңа қарап ұялып, ыңғайсызданасың.
Олпы-солпы, өмірі үтік көрмеген көйлек-шалбар. Аяқта Кегеннің шаң-топырағынан көз ашпай, кеңірдегіне шейін көміліп жүретін қытайдың қызыл бәтіңкесі. Мына түріммен консерваторияға оқуға түсем деп келген менде де ес жоқ шығар-ау, сірә.
Кегенге қайтып кеткім келеді. Өзімнен өзім намыстанамын. Тіпті, бір әке, бір шешеден туған ағамның қасында жүруге ұялам. Ол болса, қалаға әбден үйреніп, бауыр басып қалған. Кеудесін тіп-тік ұстап, еркін жүреді. Еркін сөйлейді. Күлкісі келсе, күле салады. Қысқасы, ол менің қалаға келгеніме өте қуанышты.
«Консерваторияға емтихан тапсырып, сынақтан өтіп, түсетін балалар түсіп қойды. Енді тек әншілерді ғана қабылдап жатыр» деген әңгімені біз көшеде келе жатып естідік.
Енді қайттік?!. Ағаларым менен бетер абдырап, асып-сасып қалды. Биыл қыста бізді ауылға іздеп келіп, Алматыға шақырып кеткен сусар бөрікті кісі түсті есімізге. Мұнысы қалай? Өзі айтып еді ғой…
Енді салып ұрып, сол кісіні іздей бастадық. Онымен таныс-біліс, тіпті, туыс-жегжат боп келетін ағаларымыз да бар боп шықты. «Асекеңе құр қол бармайық. Бұрын көрмеген босағамыз ғой» деп, ескілікті қазақылық дәстүр бойынша ауылдан бір қой алдыртты. Оны сойып, етін қапқа салып алдық.
Міне енді, Асекеңнің үйін бетке алып, Малая станицадан қала орталығына қарай жаяу тартып келеміз. Әлгі қабы құрғыр, менің иығымда. Жас еттің салмағы зілдей. Шамасы, 24-25 кило болып қалады-ау. Ішімнен: «Әй, осы консерваторияда нем бар еді? Бүйтіп азапқа түскенше, арқамдағы қапты лақтырып тастап, қаша жөнелсем бе?!» деген бір тентек ой кеудемді түртеді. Бірақ… Қашқанда қайда барам? Бәрібір осы Оразәлі ағамның үйіне келем ғой.
Астында «Академкнига» деген дүкен орналасқан, Фурманов пен Калинин көшелерінің қиылысындағы бес қабатты қызыл үйге келдік. «Сен осында күте тұр» деп, мені сыртқа қалдырып, ағаларым подъезге кіріп кетті. Шамасы, Асекең бізді қабылдай ма, қабылдамай ма? Қабылдай қалған күнде мына етті ала ма, алмай ма деген бір күдік бар-ау іштерінде.
«Алмаса қойсын!» – деймін мен көше жиегіндегі ағаштың түбіне сүйеп қойған қапқа қарап. – Консерваториясы өзіне… Ертең азанда Кегенге қарай тартам да кетем!».
Бір кезде ағаларымның біреуі бесінші қабаттағы балконнан төмен қарап: «Әй, Жұқатай, бері кел!» – деп қолын бұлғады. Ырсылдап жоғары көтеріліп, иығымдағы қапты босағаға қоя бергенім сол екен, үй иесі – Асекең мені танып: «Өй-и, бұл сен бе едің? – деп көзі шарасынан шығып кете жаздады. –Қайда жүрсің? Бәрі бітіп кетті ғой! Сен немене, әлгі соқырдың түгін қалдырмай балағаттап, осы күнге шейін тырқыратып қуып жүрдің бе?!».
Менде үн жоқ.
Ән айтасың ба?
Ертеңіне сағат онда Асекеңді консерваторияның алдында күтіп тұрдым.
У-шу. Тарс-тұрс. Ың-дың… Бірі келіп, бірі кетіп жатқан жұрт. Консерваторияның ашық тұрған терезелерінен біреудің даусын созып, ышқынып ән салғаны, біреудің пианиномен сүйемелдегені, тағы біреу­лердің баян, сырнай, домбыра тартқаны қосыла, қабаттаса естіледі.
Жан-жағыма алақтап, Асекең көрінбей ме деп, мойнымды созып қараймын. «Мынандай ығы-жығы халықтың ішінен мені қалай табады? Жай әншейін айта салған сөзі шығар?..» деген күдік оянады ішімде.
Сағат тілі он мен он бірдің ортасын көрсеткен кезде Калинин көшесі жақтан келе жатқан таныс кісі көзіме оттай басылды. Үстінде аппақ көйлек. Ақ шалбар. Қолында сән үшін ұстаған қызыл таяғы бар. Алыстан қарағанда қап-қара толқынды бұйра шашы дода-дода боп көрінеді екен.
– Ассалаумағалейкүм, – деп алдынан жүгіріп шықтым.
– Әликсалам, – деді Асекең қабағын шытып. – Болар іс болып, бояуы сіңіп кеткен кезде жеткен сабаз! Мені осы жерде күт. Тапжылма.
Сөйтті де, консерваторияның ішіне кіріп кете барды. Бір сағат өтті. Екі сағат өтті… Әне шығады, міне шығады деп күтумен-ақ шаршадым. Консерваторияның алдындағы арықта сылдырап су ағып жатады екен. Жас шамасы мен қатарлы үш-төрт бозбала бәтіңкесін шешіп тастап, соған аяғын салып, рақаттанып отыр.
– Қай оқуға келіп едің? – деп сұрады бергі шетте отырған тарамыс денелі, ашаң жүзді бала.
– Режиссер боласың деп шақырған…
– Е-е, онда сен кешігіп қалдың! Қазір әншілерді ғана қабылдап жатыр. Сен өзің қалай, былай… Ән айтушы ма едің?
Мен басымды изедім.
– Ендеше, соған тапсырып көрмейсің бе?
Қайдан білейін дегендей иығымды қиқаң еткіздім.
– Олай болса, жүр, – деді ол орнынан жылдам көтеріліп. – Бұл жерде босқа уақыт өткізбе. Түссең, түсіп кетерсің, түспесең, ешкім де сенің аяғыңдағы қызыл бәтіңкеңді шешіп алып қалмайды. Ха-ха-ха!
Оның жанындағы қабағы түксиген қара бала да күліп жатыр.
Мен де езу тарттым.
Сөйтіп, аяқ астынан өзіме жақын, жанашыр достар тауып, бірінші қабаттағы әншілер класынан бір-ақ шықтым.
Репертуардағы қателік
Нақ төрде бір кісі отыр. Аудитория­дағылардың бәрінің назары сонда. Баста десе, бастайды. Тоқта десе, тоқтайды. Басын шұлғып, құптаса қуанады. Ал енді… басын шайқап, жаратпай жатса, әнші боламыз деп келген балалардың салы суға кетіп, көздеріне мөлтілдеп жас үйіріледі.
Бір қызығы, әлгі бастық-ұстаздың даусы жіңішке екен. Шаңқ ете қалады. Тез сөйлейді.
Ол кісінің әйгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Ұлы Отан соғысының ардагері, аты аңызға айналған ұстаз, профессор Бекен Жылысбаев екенін кейін білдік қой.
Ал ол кезде: «Шық» деді. Шықтық ортаға. «Не айтасың?» деді сынай қарап.
Не айтушы ек?.. Кегенге келген әнші­лерден, көбінесе радиодан естіген біраз әндер бар қоржынымда. «Әй, мүмкін, орысша айтсам, өтіп кетермін» деген бір ой сумаң ете қалды санамда. Бастап кеп жібердім.
Небо синее,
Облако лебединое,
И пройду, и найду-у!..
Төрде отырған бастық-ұстаз басын шайқап кеп қалды. Артынша: «Әй, тоқта! – деді даусы шаңқ етіп. – Басқа нең бар?!».
Қап! Мүлт кеткен сияқтымын. Әліме қарамай, орысша ән айтып нем бар еді. Ал, олай болса…
Түнгі самал,
Егін басын тербейді…
Даусымды өзім күнде радиодан естіп жүрген Абдуллиндердің даусына барынша ұқсатып шырқай жөнелдім. Бірақ, мұны да ә деп бастағаннан жаратпаған бастық-ұстаз: «Болды! Болды, әй!» деп тоқтатты. – Бара бер!».
Есік алдында мені манағы екі досым күтіп тұр екен. Қастарына тағы бір бала қосылыпты.
– Қалай болды?
– Не деді? –деп жатыр үшеуі бірдей ентелеп.
– Әй, білмеймін, – деймін қолымды сілтеп. – «Бара бер!» деді.
– Қап, әттеген-ай!.. Бірақ, сенің даусың жақсы сияқты. Біз мұнда, терезенің түбінде тұрып тыңдадық. Тәп-тәуір айтады екенсің, — деп қояды тарамыс денелі, ашаң жүзді бала.
– Иә, – дейді оның жанындағы жазық маңдай, қасы қалың, қабағы түксиген қара бала да басын шұлғып.
Кенет оларға кейіндеу қосылған үкі көз, томпақ бала:
– Меніңше, сен репертуардан қателес­тің, – деп бір басалқалы сөз айтты. – Ол кісі күнде радиодан беріліп жүрген мұндай әндерді ұнатпайды. Халық әндерін айтуың керек еді.
Иә, бұл енді, жаны бар сөз сияқты. Үшеуміз де соны іштей мойындағандай үнсіз қалдық.
Ол бала кейін Бекен Жылысбаевтың үздік шәкірттерінің бірі атанып, өнер жолында талай-талай жетістіктерге жететін әнші, Қазақстанның халық әртісі Ғафиз Есімов еді.
Ал көп ұзамай-ақ консерваторияда бірге оқып, бір үзім нанды бөліп жеп, тай-құлындай тебісіп өсетін тарамыс денелі, ашаң бала бүгінгі профессор, режиссер, Қазақстанның халық әртісі Маман Байсеркенов, оның жанындағы жазық маңдай, қасы қалың қара бала ұлттық режиссураның ірі өкілі, Қазақстанның халық әртісі атанатын марқұм Қадыр Жетпісбаев болатын.
 «Әй, тоқта!». Бұл – тағдырдың жазуы екен
 Сонымен, әншілер конкурсына қатысып шығып, үлкен бір іс тындырғандай екі алақанымды ысқылап, консерваторияның алдында Асекеңді күтіп жүрмін. Сағат тілі үшке таяп қалды. Мана, сағат он жарымда: «Күте тұр!» деп ішке кіріп кеткен Асекең әлі жоқ.
Кім білсін, мені ұмытып та кеткен болар. Мына құмырсқадай құжынаған абитуриенттер кімнің де болса миын шағып, қолына бермей ме.
Әлде, мен әншілер класында бағымды сынап жүргенде шығып, үйіне кетіп қалды ма екен?
Кенет ұзын дәліздің бойымен шашы дода-дода боп, сонадайдан көзге ұрып келе жатқан таныс тұлғаны көріп, жүрегім лүпілдеп қоя берді. Асекең де мені байқап, қабағын түйіп, бұрқылдап ұрсып келеді екен.
– Өзіңнен көр! Кеш қалдың! Ауылда шалқайып жата бергенше, ертерек келмей­сің бе қалаға?!
Жүрегім мұздап кетті. Жалт бұрылып, шығатын есікке қарай беттедім.
– Әй, тоқта! – деді кенет Асекең даусын көтеріп. – Осында оқуға түскен балаларға қосылып, стипендия алмай оқи бересің. Қыста емтихандардың бәрін беске тапсырсаң, тізімге қосыласың! Қалай, келісесің бе?!
«Апыр-ай, – деп ойлаймын қазір. – Сол бір: «Тоқта!» деген дауыс мені Ұлы өнер әлемінде қалдырды-ау. Мүмкін, Тағдыр дегеніміз осы шығар…».
Жалғасы бар.

Әңгімені әзірлеген – Нұрғали ОРАЗ

"Алматы ақшамы" газеті.