Марко Поло – Орта ғасырларда Азия туралы аса бай географиялық және тарихи мағлұматтар қалдырған Италия саяхатшысы. 1271-75 жылы әкесі Никколо мен ағасы Маттеоға еріп, Қытайға саяхат жасаған. Жерорта теңізі, Палестина, Кіші Азия, Ирак, Иран, Памир тауы және Қашғария арқылы 3 жылдан аса жол жүріп, Пекинге жеткен. 1271-1275 жылы олар теңіз арқылы Кіші Азияның оңтүстік-шығыс жағалауына табан тірейді. Кейін Қытайға бет алып,17 жыл мекен етеді. Моңғол ханы Құбылайдың қарамағында болып, Қытайды аралайды. Қызмет бабымен Үндістанға жүзіп барып қайтады. Әр аймаққа орын ауыстыра жүріп, Құбылай ханға 15 жыл қызмет етеді. Оның еңбектері бүкіл Азия, Солтүстік Еуропа және бірқатар Африка елдерінің географиясы, тарихы және халқы туралы құнды мағлұмат береді. Бұл кітап орасан табысқа ие болды және XIV-XVI ғасырдағы теңізшілерге, картографтарға, жазушыларға көп көмегін тигізді. Еуропаның бірқатар елінің тіліне аударылып, Азия картасын жасауға негіз болды. Испан және португал экспедицияларын ұйымдастырушы-лар Азия құрлығы батыстан шығысқа қарай созылып жатқандығын білді. Сөйтіп Еуропаның батыс және Азияның шығыс жағалауы бір-біріне жақын, Еуропадан батысқа қарай жүзген саяхатшы Үндістан жағалауынан шығады деген қорытынды жасалды. Мұндай сенім Христофор Колумбтың Американы ашуына себеп болды. Марко Поло ұзақ жылдарға созылған саяхаты барысында Азия елдерінің дәстүрлі музыка өкілдерімен де кездескен. Армения, Иран, Қытай, Қазақстан, Моңғолия, Үндістан, Индонезия және басқа елдерді аралап, жергілікті жұртшылықтың музыкалық шығармаларын аса қызығушылықпен тыңдап, әсерлерін жазып отырған.
– Этникалық жоба Еуропа мен Азия елдерінде кеңінен танымал. Идея авторы әрі жобаның көркемдік жетекшісі Франция азаматы Алан Шарльз Серж Вебер, көркемдік кеңесші Судабэ Киа, композитор Греция музыканты Калаитзидис Кириякос. Фестиваль осыған дейін Тунис, Ливанда жүзеге асса, Азия елдерінің ішінде бірінші рет Алматы қаласында ұйымдастырылып отыр. Ғасырлар қойнауынан бастау алатын азиялық өнер мерекесіне әлемнің түкпір-түкпірінен дәстүрлі орындаушылар және музыка зерттеушілері шақырылған. Қазақстанның, Иранның, Үндістанның, Армения, Әзербайжан, Грекияның және қонақ есебінде Франция, Швейцарияның танымал музыканттары Алматыға жетіп үлгерді. Қазір қызу дайындық үстінде. Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі мен әр елдің дәстүрлі орындаушыларынан құрылған оркестр және жеке орындаушылар өнер көрсетеді. Сценарий желісінде италияндық саяхатшы Азия сапары туралы әңгімелейді. Бұл рөлді Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұңғышбай Жаманқұлов сомдайды.
Бір айта кетерлігі, басқа елден бір-бір орындаушы келсе, шара өз жерімізде өтіп жатқандықтан, біздің мемлекет атынан қатысатын артистер саны көбірек. Мәселен, қобызшы Саян Ақмолда, сыбызғышы Талғат Мұқышев, күйші Батыржан Мықтыбаев және жыршылар атынан өзім өнер көрсететін боламын, – дейді жыршы Ұлжан Байбосынова.
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
"Айқын" газеті