БАҚ біз туралы

ТОЛҒАНДЫРҒАН «ТУҒАН КҮН»


Жақында М.Әуезов атындағы ұлттық академиялық драма театрында қатарынан төрт бірдей қойылымның тұсауы кесілді. Соның бірі – «Туған күн» монодрамасы. Жаңа туындының жай-жапсары жөнінде біз қойылымның режиссерімен Ерлан Кәрібаевпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Ерлан, монодрама болғандықтан қобалжу болған шығар?
– Моноспектакльде ойнау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Актер өзінің белгілі бір деңгейге жеткенін іштей сезінуі керек. Осы белесті ала аламын-ау деген кезде моноспектакль жайлы ой туындайды. Өзіне сенімді емес актер ол туралы ойлаудан да қорқады. Ал негізгі персонаж Назгүл Қарабалинаның бұл жанрды игеруге шеберлігі жетті деп ойлаймын.
– Жалғыз адаммен жұмыс істеу қиынға соқпады ма?
– Маған актердің ішкі жан-дүниесімен жұмыс істеген ұнайды. Сондықтан аса бір қиын болды деп айта алмаймын. Ол актердің кәсібилігіне де байланысты. Үлкен спектакльдерді бір немесе бір жарым айда сахналап жатады. Ал бұл қойылымды шығару үшін бір адаммен екі айдан аса дайындалдық. Н.Қарабалина – театрда 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан талантты актриса. Сондықтан оның кәсібилігіне арқа сүйеуімнің, ал оның маған режиссер ретінде сенім артуының нәтижесінде аталмыш туынды жарыққа шықты.
Қойылымның көркемдік деңгейі – бөлек әңгіме. Бірақ «елімізде драматургия нашар, режиссер жоқ» деген сынға жауап ретінде серпіліс жасадық деп ойлаймын. Осы спектакльден кейін резонанс болатынына кәміл сенемін. Қарапайым идеядан ғана бастау алған спектакль сырына үңілген актерлар қазақ театрының қоржынына әлі талай монодрамамен толтырады деп сенемін. Әрине, бәрінің бірдей көңілінен шығуы мүмкін емес. Әртүрлі көзқарастар болып жатыр. Театрға дайындықсыз, бірінші рет келіп тұрған көрерменнің қабылдауына ауыр тиеді. Сондықтан бұл спектакльдің өз көрермені бар. Бұл туындыны мен кәсіби актерлерге әдістемелік құрал ретінде ұсынар едім.
– Сахнадағы жалғыз орындықтың астарында қандай мән бар?
– Шығармашылық адамның тілімен айтқанда, бұл моноспектакльде актер жалаңаш күйде халықтың алдына шығады. Ешқандай қызылды-жасылды костюмсіз, ырғақты әуенсіз, көмекші құралсыз тек жалғыз орындыққа арқа сүйей отырып, көрерменнің назарын ұстап тұру деген нағыз кәсібилікті көрсетеді.
Ал орындықтың түпкі астарына келетін болсақ, барлығымыз бір орындықтың ғана айналасында отырғанымыз жасырын емес. Бір жерді шыр айналған күйде өмір өтіп жатырмыз. Бұл жылы орнымыздан жай ғана тұрып кетуге, жылжуға әрекет етпейтінімізді көрсетеді.


Айкерім АБДУАҚАСҚЫЗЫ, көрермен
Ең сорақысы – санадағы қайыршылық

Жастайынан балалар үйіне түсіп, ата-ананың қамқорлығын көрмей өскен, тағдырдың тауқыметін тартудан әбден шаршаған, жаны нәзік, бірақ өте қайсар әйел туралы қойылым маған ұнады. Кейіпкер «Мен дұрыс өмір сүрейін дедім» дейді. Алайда, оны түсінетін, қабылдайтын ешкім болмады. Қайда барса да оның жетім екенін, балалар үйінде тәрбиеленгендігін бетіне салық қып баса берді.
Балалар үйіндегі алғашқы махаббаты, ол балаға деген тап-таза, пәк сезімі сүйсіндірді. Сүйген адамның сатқындығы жанына қатты батты. Бүкіл әлемде оның жанын түсінген адам табылмады.
Санамда ерекше қалғаны – кейіпкердің «Дүниедегі ең сорақы қайыршылық – санадағы қайыршылық» деген сөзі. Шынында да, рухани кедейміз бе, баймыз ба? Ақылымызды күнделікті қоректендіреміз бе? Қоректендірсек, ол үшін не істеп жатырмыз?! Осы сұрақтар мені қатты толғандырды. «Туған күн» менің көңілімнің кірін жуғандай қойылым болды. Рухани тазарып, жаңарып қалғандаймын.
Әңгімелескен Айым НҰРМАН.