СМИ о нас

ҰЛТТЫ СҮЮДІҢ ҰЛЫ БАҒДАРЫ

Оқыған сайын жаңарып, терең мағынасы ашыла беретiн классикалық шығарманың бiздiң өмiрлiк серiгiмiз болудан айнымайтыны қандай оңды. Қазақтың М. Әуезов атындағы Мемлекеттiк Академиялық драма театрының «Қилы заман» пьесасына қайта оралуының сыры да осында жатқан шығар. Премьера жазушының туғанына 115 жыл толуымен тұспа-тұс келiптi. Ал төрт жылдан соң 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерiлiсiне 100 жыл толады.                          Театрдың бүгiнгi қадамын осы айтулы датаға дайындықтың нышаны деп бiлдiк. Тарих тереңi сүңги бiлген жанға көп ой айтады, рухтандырады. Бiз «Қилы заман» қойылымына келген көрерменнен осы рухтану мен серпiлудi байқадық...

Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
– Өткен ғасырдың елең-алаң басында – 1927 жылы жазылған «Қилы заман» повесі ұлы жазушының отызға дейінгі туындыларының ішіндегі ең күрделісі. Қазақ өмірін әлемдік контексте карастыра отырып, белгілі бір тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалардың өмірін, ащы тағдырын шыншыл суреттеуге қарша­дайы­нан қалыптасқан суреткер қаламы Қарқара топырағында болған қанды оқиғаны әдейі таңдап алғаны еш күмән тудырмаса керек.
1916 жылғы қазақ жерінің қиыр-қиы­рын кең қамтып, Ресей самодержа­вие­сінің ойын қалтыратқан ұлт-азаттық кө­те­рілісінің халық өміріне қалдырған табы қалың. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, осы тұстағы көтеріліс сал­қы­ны­ның ел өміріне қалдырған ізі адам сен­гісіз. Ауыл-ауылдары мен елді ме­кендері тығыз орналасқан, жартылай отырықшы, жартылай көшпелі үлгіде жаңа ғасыр бо­сағасын аттаған көрікті, көр­кем өлке – Жетісудан осы жылы Қы­тайға қарай 300 (үш жүз) мыңдай адам үрік­кен. Үш жүз мыңның екі жүз елу мың­дайы қазақ, елу мыңнан астамы қыр­­ғыздар... Ойланып көріңізші... Үш жүз мың тағдыр. Анау-мынау кіші-гірім бір ұлттың саны. Бергі беттегі көтерілістің өрті жайылған тау-тасында көмусіз қал­ған, өлген-жіткен қандастарымыз қаншама?!
1916 жылғы Қарқара мен Қарақол, Пішпек пен Тоқмақ, Қастек пен Жаркент, Қапал мен Көксу, Әулие Ата мен Созақ, Торғай мен Ырғыз, т.т. өңірлерде болған ұлттық-азаттық сипаттағы жал­пы­халықтық көтеріліс ошақтарының бірінен саналатын Қарқара көтерілісі туралы өз басым бала күнімнен естідім.
Қазандағы сүтін сапырып отырып, қоңыр күртелі әжем – ұлы әжем – Ора­залының шешесі, әкем Мырқасымның әжесі – Мақтым әңгіме айтушы еді...
Әжемнің әңгімесі маған бір түрлі төркініне қайғы-мұң ұялаған қазақы сарын­дағы көне-көне күндердің көнер­мес әніндей болып естілетін.
1984 жылы жолым түсіп Қарақолға бардым...
            Қарақол көшелерінен сұрастырып жүріп, ана ғасырдың басында салынған ескі түрмені таптым. Мұсылман ме­шіті­нің (кейін салынған болуы мүмкін) қасына орналасқан орыс пат­шасының ескі түрмесі бұзыла қоймаған екен. Ұлы Мұхаңның «Қилы заманында» тұрған­дай орнында тұр... Әлі түрме көрінеді... Соны естігенде жүрегім селк еткені есімде.
Мешітке кірдік. Адам аз екен. Көңіл­ге алған үлкен парызды орындадық. Садақа, пітірді адал төлеп, мешіттің молдасына құран оқыттық. Өзім білетін арғы-бергі аталарым мен әзиз жүректі аналарымның қатарына Қарқара көтерілісінің Жәмеңке, Ұзақ, Жаңабай, Құрман, Тұрлықожа, Нүке, Біләл, Әубәкір, Диханбай, Кәрбоз, Қазыбек, Жан­пейіс, Серікбай, Дәмен, Хасен секіл­ді есімін білетін ел қадірлілерін қос­тым. Рухтарының ел жадында жаңғыруын тіледім. 
Сол жылы Мұхаңның мен сахнала­ған атақты повесі академиялық театр­дың репертуарына екінші рет кіріп, тағы да қойылмай қалды.
             Пьесаның жазылуына тікелей себепкер болған Асекең – марқұм Асқар Сүлейменов пен пьесаны сахнаға шы­ғар­ғысы келіп шырылдаған Әубәкір Рахимов ренжіп-ренжіп қойды. Пьеса­ның алғашқы нұсқасы 1979 жылы дүниеге келіп еді. Екінші нұсқасы 1981 жылы Пицундада жатып, қайта жазылды. Қойылған жоқ. Осы нұсқа (екінші) өзіме ұнайтын. 1987 жылы марқұм, талантты режиссер Қадыр Жетпісбаев осы нұсқаны қолына алып, білек сыбана кірісті. Өкінішке орай, спектакль қызу дайындық кезінде тоқтатылды. «Қа­зақ ұлтшылдығының» қайнап тұр­ған кезі... Неге тоқтатылғанын ешкім айтпады... Ұлы суреткердің 90 жыл­ды­ғына бағышталған классикалық дү­ние­­нің сахналық үлгісі орта жолда тоқта­ды.
«Қилы заманның» 1928 жылы авторымен қоса жауапқа тартылып, түрмеге қамалуы аттай 44 жылға созылса (1972 жылы «Новый мир» журналының 6 санында Шыңғыс Айтматовтың алғы­сөзі­мен жарық көргенге дейін), оның сахнаға барар жолы да 18 жылға созылды. Қалың жұрт сарыла күткен атақты шығарманың алғашқы сахналық қойылымын жүзеге асыру пьесаның алғашқы нұсқасынан бастап, барын салып жүгірген Әубәкір Рахимовтың мандайына жазылыпты.
1997 жылы ұлы суреткердің 100 жыл­дық мерекесі кезінде М.Әуезов атын­дағы академиялық драма театры­ның сахнасында қойылған спектакль премьерасы ел жадында болар деп ойлаймын?!
Міне, араға 15 жылдай уақыт салып, бас театрымыздың сахнасынан тағы да сол қойылымды жаңғырған, толыққан, тереңдетілген күйде қайта көріп отырмыз. Сол режиссер, сол композитор, сол сценограф. Тек актерлер ғана бөлек. Тү­гелге дерлік жаңа құрам. Театр ре­пер­­­туа­рының алтын арқауындай болған классикалық дүниелерден бастап, ұлттық драматургияның озық-озық үлгілерінің бәрінде ойнап жүрген дарынды жас буынның сахна төрінен қау­лап көрінгеніне қуандым. Режис­сер­дің сол 1997 жылғы шешімін сақтай отырып, жас буын актерлермен табанды жұмыс атқарғаны ұнады.
Сахна шындығының жарқырап кө­рінуі – көбіне актер ойынындағы шын­шылдық пен кәсіби шеберлігіне байланысты. Әрбір шағын мизансценалардан бастап, кесек-кесек сахналық құбылу­ларға жалғасып жататын өрісі кең өрім­дер зал мен сахнаның тылсым сырлы жұм­бақ байланысын орнықтыруға жұ­мылуы тиіс. Спектакль бойынан мен осындай байсалды, байыпты көркем өмірді көрдім. Қасірет пен қайғыға батқанымен, өмірге, ертеңге деген сеніміне шаң қондырмай, ұрпақ амандығы үшін бәріне бас тігуге бекем бел байлаған ел басшыларының кесек тұлғаларынан кемелдік әрекет көрдім.
Ұстамдылық, ұлттық әдет-ғұрып пен халықтық ұстанымдарға деген адалдық – бүгінгі жаһандану жағ­дайында тамырынан айырыла жаздап жүрген жас­тары­­мызға ауадай қажет құндылық. Бұл – ұлттық сипаттарымызбен қатар, адам­­шылық асыл қа­сиеттеріміздің де жойылып кетпеуіне ықпал етер дүниелік құбылыстың жемісі. Таным мен тәрбие дейтін ұлт рухының биіктеуіне қызмет етер селкеусіз көркем шындық спектак­ль өмірін ұзарта түсеріне кәміл сене­мін.
                   Спектакльді көріп отырып, бір жүйе мен бір үлгіге бағынған көп дауысты музыкалық оркестрді тыңдағандай күй кештім. Екі құрамдағы актерлер жақсы мағынадағы шығармашылық бәйгеге қатар түскендей әсерге бөлейді. Мұны спектакльдің жетістігі деп бағалауға болады. Сахнадан өз міндеттерін барынша терең түсініп, жан-жүректерімен орындап жүрген, бірін-бірі көзбен көріп, көңілмен ұғар жарасты партнер­лік әдептілікті, жүйелі бірізділікті сезіндік.
                Екінші план, текст астарын ашу секілді сахналық мәдениеттің үлгісі мен өнегесін танытар тас-түйін қолтаңба Әубәкір Рахимов қойылымы­ның үлкен жетістігі дер едім.
Табиғаттың ұлы кескіні мен адам­дар­дың ұлы мінез-қалыбын тұтас­тан­дырып жіберетін сценографиялық ше­шім де сахналық кеңістікті емін-еркін игеруге көмектесіп тұр. Сах­надағы стильдік тұтастық пен орга­никалық үйлесім осы айтқа­нымыздың жемісі. Терең мазмұнды ұлттық сарын­дағы музыкалық әрлеу спектакльге ерекше эмоционалды сипат береді. Көрермен­нің тамырын байлаған ереуілді дәуірдің мінезі мен болмысын танығандай боламыз. 
                «Алашым» деп бастарын жадыға қойған қайран ата-бабаларымыз-ай!
Бекжан Тұрыс сомдаған Жәмеңке мен Ерлан Біләл сомдаған Ұзақ батыр ойындарын көріп отырып, жаңа буын актерлердің өзгеге ұқсамайтын өзіндік ойлау, өзгеше сөйлеу машығы мен мәне­рін еркін игергенін айқын аңғар­дық. Жан-дүниелері жанталас күрес пен азапты арпалыстардың майданына түскен трагедия кейіпкерлерінің қай-қайсысы туралы да осындай әділ бағаны ойланбай айтуға болады.
               Иә... Спектакль бір тұтас көркем туынды биігіне көтерілген. Шығарма ұлттық рухты асқақтатар бояу мен рең­ке бай. Ой мен сөздің, әрекет пен қи­мыл­дың, қасірет пен қайғының құнда­ғында тербеле отырып, аталмыш туындының 62 тамырында атқақтаған өмір, дәуір шындығы қатал заманның қайырымсыз мінезін таразылауға, тарихтың ащы сабақтарын талқылап, талдауға, содан қорытынды шығаруға жетелейді.
Пьеса авторы ретінде менің спектакль туралы айтар алғашқы әсерім мен қысқа қайырып айтар ойым осы.
              Қара орман қазақтың басына талай келіп, талай кеткен көзсіз бақтың 1916 жылы ел көңілі мен санасынан қатты үріккені ақиқат. Бақ елден үркіп қана қоймай, елдің өрісі тарылып, өзегі өрте­ніп, кіндік қаны тамған қасиетті туған жері­нен, туған топырағынан үдере көш­кен кезеңі жайлы шығарма жазу бүгін жеңіл болып көрінуі әбден ықтимал. Өз кезінде өзегін өрт болып шалған 1916 жылдың өмір ақиқатын жазу бас бермес «асауды жуасытумен» бірдей болғанын несіне жасырамыз.
                   Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманы» – осын­дай қатпары қалың, жүгі ауыр оқиға жайлы жазылған батыр шы­ғарма. Жанын шүберекке түйіп, өзін құрмал­дыққа арнаған батырлар мен батылдар жайлы басқаша жазу мүмкін де емес еді.
                Арғы-бергі дәуірлер көшінде талай шаң қауып барып, ойын түзеп, бойын тіктеген ұлтымыздың ұлы тарихында ел абыройын аспандатып, рухын биікке көтерген, алаш жұртының арқасын аяздай қарып, айбынын жаныған ұлы оқиғалардың бірі жайлы жазылған бұл туынды қай дәуір, қай кезеңде де ұлтты тану мен сүюдің, ұлт үшін қайғыру мен мұңаюдың, ұлт үміті мен сенімін аялау­дың мәңгілік бағдар жұлдызы болары даусыз.
«Қилы заман» спектаклі театр репертуарынан өзінің лайықты орнын алып, әмісе өнердің адал биіктерінен көрінеді деген үміт пен сенім үстінде­мін.

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
               – Академтеатр көрермендерін тағы бір қойылыммен – М. Әуезовтің аты-шу­лы «Қилы заман» хикаятының сахна­лық нұсқасымен қуантты. Ұлы жазу­шы­ның шырғалаң тағдырлы шы­ғар­масын сахна тіліне түсірген белгілі драматург Нұрлан Оразалин. Режиссурасы Әубәкір Рахимовтікі. Алаш-орда партиясының идеолог­тарының бірі болған жас Әуезов бұл шығармасын қазақ даласындағы 1916 жылғы оқи­ғаның қанды шаңы сейілмей тұрып жазғаны аян. Ол тұста орыс отар­шыл­дығын оңдырмай тоқпақ астына алған бұндай «ұлтшыл» шығарманың баспадан шығуы мүмкін емес еді. Шық­са жазушы басы кетер еді. Осы ретте алаш үшін басын бәйгеге тіккен жас жазу­шының батырлығына бас шайқай­сың. Қазақ қанын сүліктей сорған отаршылдар июнь жарлығымен енді оның жанына қол салғанда Жетісуда, оның ішінде Қарқара жәрмеңкесінде бұрқ еткен халық қаһары қарулы көте­ріліс­ке ұласып еді. Осы пікірді жазар ал­дында біз ұлы жазушы шығармасын қайта шолып шықтық. Әуезов прозашы мен Әуезов драматург бөле-жарғысыз бір тұлға екеніне тағы да көз жеткіздік. Яғни, шығарманың драматургиялық белтемірі нық орнатылған.                                 Экспозиция 16 жыл оқиғасын тудырған Патша жарлығын жәрмеңкеде жариялаудан басталады. Оны жариялаған Ақжелке осы жәрмеңке иесі немесе осы өлкедегі отаршылдар өкілі, бет қаратпас билік өкілі. Қарсы келген қазақты қара жерге қағады. Драматург Нұрлан Оразалин ұлы жазушы шығармасының шымыр да ұтымды осынау экспозициясын сахна тіліне қысқартып аударған. Сахна тілі ол әрине проза тілі емес. «Қилы заман» қаншалықты драматургиялық белтемірі мықты құрылым болса да оны сол күйінде сахнаға шығару мүмкін емес екені аян. Проза тілі пьеса тіліне ауда­рылуы шарт. Шығарма кейіп­керлерінің образын, оқиға маз­мұнын сақтай отырып, бүгінгі заман­ның актері дауыстайтын диалог бәрібір қайта жазылуға тиіс. Басқаша болуы мүмкін емес. Сондықтан, драматург Оразалин Әуезов рухына сүйене отырып диалогтар денін қайта жазған. Егер, осы шы­ғар­масын ұлы жазушы көзі тірісінде сахналауды қолға алса, сөзсіз, ол да яғни, драматург Әуезов те прозашы Әуезовтің диалогтарын қайта жазған болар еді. Сахна стихиясының қатал заңына жүгінген болар еді. Өйткені, шығарманың бір жанрдың тонын тастап, екінші жанрдың тонын киюі өзгеріс. Үлкен өзгеріс. Бірақ, ішкі мазмұнның емес, сыртқы түрдің өзге­рісі. Классикалық прозаны сахна­лау­дың бұл шартына драматург те, режиссер де зәре­дей қиянат жасамаған. Керісінше, сахнаға ғана тән мол мүм­кіндікті ұтым­­ды пайдаланған, шығарма болмысын тамаша тірілткен. Прозада көзге көрінбейтін батыр Ұзақ, данагөй Жәмеңке, озбыр ұлық Ақжелке, Аяулы Бәкей қыз, жылпос тілмәш, мекер болыс, мейірбан орыс дәрігер, қарулы Хлы­новс­кийлер сахнада көз алды­мызға тіріліп шыға келді. Бұның эффекті бөлек еді... Театр құдіреті де осында. Өйткені, актер ойынымен сахнада текетіреске түскен тағдырлар сізді қазақ бастан кешкен осы бір қанды оқиғаның көзкуәсі етеді. Көрермен алдына шыққан Әуезов кейіпкерлеріне драматург Оразалин «жанқалтасынан алып» бір ғана кейіпкер қосыпты. Ол – қандыбалақ Хлыновский, ақырған Ақжелкелер қатарында оларға мүлдем ұқсамайтын мейірбан, интел­лигент орыс дәрігері.                    Бұл дәрігердің ауызымен драматург отаршыл­дар жүзеге асырып жатқан оспадарлықтың қоспасыз қылмыс екенін айғақтайды. Ақжелке мен Хлыновский мал ретінде қарайтын қазақ­тардың да кәдімгі адам екенін мейірбан орыс отаршыл орыстың бетіне айтады. Алайда, дәрігердің гуманизмге толы мәлім­демесі аяқасты қалды. Бақылау­сыз билікке мас болған Ақжелке мен Хлыновский бір ел бетке ұстаған батыр Ұзақ пен Жәмеңкені жәрмеңкенің абақты­сына тоғытты. Албанның осы басшыларын түрмеге тығып қойсақ, қосшылары қайда кетер дейсің, деген шолақ шешім жасады. Өйткені, бұлар көз ашқалы албанды «жүндеуге жақсы жуас түйе» деп келген еді. Жынына тисең, жуас түйенің тапырақтайтынын білмеген еді. Қазақ қозғалса қатты қозғалатынын көрмеген еді. Халық қаһары дегенді білмеуші еді. Жүндеуге жақсы жуас ел албандар кенет ел жақсысы Жәмеңке түрмеде уланды дегенде жиналып келіп абақтыны жапырып кетті. Атқан қаруға тоқтамады. Ақжелке мен Хлыновский қазақтың каһарын енді көрді. Бұлар өлгенін білмейтін ел екен. Алдын атып жатсаң, оққа қарсы арты ұмтылады. Алматыдан әскер алдыртты. Пулемет орнатты. Сол пулеметпен оққа қарсы ұмтылған қалың албанды шыбындай қырды. Бірақ оғы таусылса да қанына қарайып алған көтерілісшілер таусылмады. Мылтықты солдатты шекеден ұрып, шоқпармен шоңқайтты. Кектенген қазақтар сөйтіп, жастығын ала жатты. Содан кейін ел ауды. Ата жұртпен аңырап қоштасты. Ақырған аюмен алысқан алаш қытай ауып бара жатты. Ақырған аю құша­ғынан құтылғанша асықты. Бірақ, байғұс ел алдында ауызды кең ашып айда­һар жатқанын қайдан білсін... Қайран халқым-ай деп күрсінді көрер­мен ...көзіне жас тұнып ... Табысты қойылым үшін көрермен драматургке де, режиссерге де, актерлерге де алғысты сезіммен қол соқты. 

Мұрат Әуезов, мәдениеттанушы: 
– Биыл М. Әуезовтің дүниеге келгеніне 115 жыл толды. М. Әуезов атындағы академиялық театрдың «Қилы заманды» сахналауы осы датаға сәйкес келіпті. Шығармашылық ұжымның бұл датаны негізге алмауы да мүмкін, қалай болғанда да бұл шығар­маны сахналауды қолға алғаны дұрыс шешім болған. Біз «Қилы заманның» құндылығын дұрыс бағалауымыз керек. Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» пен «Хаджи Мұраты» болса, Әуезовтың шоқтығы биік шығар­малары ретінде біз «Қилы заман» мен «Абай жолын» айтамыз. «Қилы заман» 1928 жылы Қызылордада басылып шыққан соң 44 жылдай «қамауда» жатты. Кейінірек Шыңғыс Айтматовтың алғысөзімен «Новый мир» журналына жарияланып, халқы­мыз­ға жетті.                Алаштанушы-ғалым Тұрсын Жұртбаев­тың айтуына қара­ғанда, бұл шығарманы алғаш Ахмет Байтұр­сы­нов оқыған екен. Жалпы, Алаш азаматтары 1916 жылғы көтеріліске өте үлкен мән берген. «Қилы заман» – ұлттың рухын көтеретін ауқымды тақырып. Режиссердің қойылымға үлкен дайындықпен келгені көрініп тұр. Ал бұл – азаматтық пози­цияның жемісі. Актерлер де, қоюшы-суретшілер де азаматтық рухы бар спектакльді нанымды қоя білді. Жас актерлердің ойнауы олардың азаматтық тұрғыдан қалып­тасуына үлкен әсер етеді. Әсіресе, рух беретін аталы сөз­дерді залдағы көрер­менге қарата айтып отырғандығы көрер­меннің рухын көтереді. Біз Мәскеуде оқып жүр­генде Әзірбайжан Мәмбетов «Қарагөзді» қойды. Сондағы Қарагөздің соңғы айтқан «Оян серпіл, шеш тіліңді, қазақ» деген сөзі біз үшін қанатты сөз болды. Ол кезде қазақ тілінің жойылып бара жатқан кезі еді. Мен «Қилы заманды» көргенде тура сондай әсерде болдым. Бұл қойылым рухты оятады. Қазақтың бір ұлы ретінде мен бұған қуанып отырмын. М. Әуезов жап-жас кезінде осындай өміршең шығарма жазған. Бұл жалғыз албан баласының көтерілісі емес, ол күллі қазақ халқы­ның ашынуы. Повестің өзінде негізі түрікшілдік идеясы бар, көрші қырғыз-өзбекке де ортақ трагедия. Спектакльге қатысты режиссерге түрмедегі тұт­қынның бірі қырғыз болса немесе қазақ әнімен қатар, қыр­ғыз әнін қоссаңыз, деген ұсыны­сымды айттым. Прозалық шығарманы пьесаға айналдыру үшін үлкен еңбек пен табандылық керек. Бұл тұрғыда Нұрлан Оразалиннің еңбегі зор. 
                    Әрине, премьера болғандықтан актерлердің шеберлігі әлі де шың­далады деген ойдамын. Мұндағы басты идея адамзаттық рух пен оның өмір­шеңдігі. Біз оны спектакльден көрдік. Демек, қойылымның ғұмыры ұзақ болатынына сенімім мол. 

Әубәкір Рахимов, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
              – Бұл спектакльге біз екінші рет қай­та оралып отырмыз. 1997 жылы алғаш қойғанда, ұрпақ тағдыры мен ұрпақ амандығын басты назарға алғанбыз. Ал, бұл жолы ұлттық рух тақырыбын қамтуға тырыстық. Еліміздің тәуелсіздік алғанына жиырма жыл болды. Бүгінгі жас ұрпақ қазақ халқы үшін тәуелсіздік­тің қаншалықты бағалы ұғым екендігін түсіне бермейді. Ел басына туған қилы кезеңдерде рухы биік батыл азаматтарымыз ұрпақтың сағын сындырмай аман алып қалу, елдіктің рухын сақтап қалу жолында қандай қадамдарға барғандығын байыптай бермейді. Ал патриоттық сезім дегеніңіз елдің өт­кені­мен жақсы танысқанда, халықтың арман-мұратын анық сезінгенде ғана қалыптасады. Біз осы қойылым арқылы бүгінгі жас ұрпаққа ұлттық рухты сезіндіруді мақсат еттік. Тәуелсіздік үшін күрес арғысын айтпағанның өзінде Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Махамбет пен Исатай, Жанқожа батыр сынды батырларымыз бастаған ұлт-азаттық көтерілістерден бері жалғасты. Одан кейінгі 1916 жылғы июнь жарлығына қарсылық, үшінші 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Осылардың барлығында қаншама қан төгіліп, қанша батырларымыз көз жұмды. Демек, тәуелсіздік бізге тегін келген жоқ. Сондықтан, біз оның бағасын терең түсініп, кейінгі буынға ұғындыруымыз керек. 
              Таразы басында ұрпақ тағдыры тұрған аласапыран заманда біздің қандастарымыз өздерінің жеке бастары мен мал-мүлкі үшін емес келешек ұрпағын, болашағын аман алып қалу үшін арғы бетке асты. Ұрпақ аман болса, атамекенге қайта оралатын күн туар деп өзге елге қоныс аударғандарды халық жауы деп айыптап жатқан тұста М. Әуезов осы шығармасын жазды, оның ұлылығы да осы. Бұл шығармасы үшін жазушы тұтқындалды, қамауда жатты. Бірақ осы шығармасы арқылы өзінің азаматтық, адамгершілік парызын өтеп, ұлтына деген адал көңілін айқындап кетті. Әуезовтің «Абай жолына» барардағы үлкен еңбегі осы «Қилы заман». 
                1916 жылғы көтерілісі туралы деректер көбіне бұрмаланып келді. Мысалы, Торғайдағы көтерілістің бастаушысы ретінде біз Амангелді Имановты танимыз. Бірақ, Сәмеке, Кейкі батыр сынды батырларымыз атаусыз қалды. Ескісін білмеген ұрпақ ертеңін болжай алмайды. Байқаған болсаңыз, қойы­лымға, әсіресе, мектеп оқушылары көп келді. Әдеби шығармаларға қызық­пайтын балалар оның сахналық нұс­қасын көріп, тарихи шығарманың ең болмағанда сюжеттік линиясы мен айтар ойын ұғынып қайтады. Бұл пьесадан тек 1916 жылғы көтерілісті ғана емес, қазақ елінің басына түскен көп қиындықты көруге болады. 1979 жылдан бері бұл пьесаны бүге-шігесіне дейін зерттеп келемін, архивтік материалдармен танысып, ондағы мәлімет­тердің кейбірін пьесаға қосымша материал ретінде енгіздік. Саяси сауаты жоғары ұрпақ өз халқының өткен тарихын жақсы білгенде ғана халқының мүддесіне жұмыс істей алады. Бұл спектакльді қойғандағы мақсатымыз да бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпаққа қазақтың қилы тағдырын ұғындыру еді. 
               Қойылымды алғаш дайындап жатқанда Ағажай-Алтайдай жер қайда әнін қосуды жоспарлағанбыз. Марқұм Ермұрат Зейіпхан Қытай асып бара жатқандағы ән деп, осыны ұсынды, ал екінші шумағын Халифа Алтайдың кітабынан алдым. Қазақ­тардың қы­тай­лар­дан қуғын көріп, тибет, тибеттен ары үнді асып бара жат­қандағы әні екен. «Дәм бұйырып өзіңе қайта оралсам, табам ба әке-шеше топырағын», – дейді. Бұл біздің шетке кеткен күллі қандас­тарымыздың мұң-зары. Өзге халықтар қай жерде жақсы тұрмыс болса, сол жерде тұрақтап қала береді. Ал біздің халықта ондай ұғым жоқ, қазақ үшін туған жер ұғымы өте биік. Спектакль соңында қара жау­лықты ана сынған бесікті етегін жыртып байлайды. Бесік – ұрпақтың, Қарғаш – баланың ұғымын беріп тұр. Үдере көшкен елге ол, мен анамын, осында қалам, рухы бар елдің бола­шағы бар, сендер қайта оралыңдар мен сендерді күтемін, деген сөздер айтады. Спек­такльдің өне бойындағы рух бүгінгі жас көрерменнің кеудесіне дарыса, біздің үмітіміздің ақталғаны. 

Дайындаған Назым Дүтбаева

"Қазақ әдебиеті" газеті.