БАҚ біз туралы

Төрт кемпір, бір шал...

Әубәкір Рахимов,

 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссері

14 қаңтарда М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының Кіші залында режиссер Әубәкір Рахимовтың қойылымындағы «Отыз ұлың болғанша...» спектаклінің премьерасы болады.
- Күні кешегі тарихқа көз жіберсек, М.Әуезов театрының сахнасында Файзидің «Башматем» комедиясын сәтті қойғаныңды білеміз. «Отыз ұлың болғанша...» спектаклін башқұрт драматургиясына деген ықыласыңның жалғасы деуге болама?
- Режиссер атаулының әр спектакльге келу жолы, себебі, алғышарты әртүрлі болса керек. Кей драмалық шығармаларды өзіндік қана дүниетанымын, кезеңдік өз тәжірибең негізінде қоясың және ондай дүниелер өзің үшін ерекше қымбат. Ал, кей пьесаларды бағыт тартысына сайлығы, театрдың репертуарлық саясаты немесе актерлердің көрінуі, сахналық өмірдің жандануы үшін қоятыны бар. Әрине бұдан спектакльдің маңызы кемімейді. Биылғы маусымдағы жаңа туындым – «Отыз ұлың болғанша...» мәтелдің жалғасын халық жақсы білетін шығар. Башқұрт драматургы Флорид Буляковтың бұл пьесасы Ресейдің біраз театрында қойылған, көтеретіні адамгершілік мәселе, демек, мәңгілік мәселе. Пьесаның оқиғасы бір қарамаққа күлкілі, бірақ, бұл – Ақлима (Ф.Шәріпова), Фатима (Н.Мышбаева), Салима (З.Шәріпова), Бибіхан (Ш.Жандарбекова) және Абдолла шалдың (С.Оразбаев) әртүрлі тағдырларына құрылған. Пысықай бастық (У.Сұлтанғазыұлы ) әр-әр ауылда жалғыз қалған солар үшін аудан орталығынан кәрілер үйін ашып, бәрін сонда жинаған, ал түпкі ниеті – олардың үйлерін өзінің пайдасына жарату. Бибіхан мүлдем қартайған, кәрі деседе болады. Ақлима өмірі тұрмысқа шықпаған жан. Кеңес одағы кезінде қоғамдық белсенді өмір кешкен, сондықтан да қазіргі күніне көндіккісі келмей, қарсыласып бағады. Сәлиманың күйеуі ағаш ұстасы болған. Фатима да кезіңде күйеуіне би, өзі белсенді болған, қазір жатақтың бастығы. Үшеуі мұңайып жүргенде кәрілер үйінің директоры Абдолла деген шалды ертіп келеді. Абдолла бір ауылда жалғыз өзі қалған, «мен көшсем бір ауыл картадан өшеді» деп ешқайда көшпей отырған жан. Ол келген соң кемпірлерге жан бітеді. Ол Горькийдің «Шыңырауындағы» Лука сияқты кемпірлердің көңілінде үміт отын жағады. Әңгімелесе-білісе келе Абдолланың мақтан етіп отырған үйін Сәлиманың күйеуі, пешін салған Фатиманың күйеуі болып шығады.
- Бір ауыл өшпесін деп көшпей отырған Абдолла шал жазушы Д.Әшімханұлының бір кейіпкерлерін еске салады екен. Дидіахметтің әңгімесінде әулет өшпесінге саятын идея бар. Спектакльде кейіпкерлердің жеке-жеке өмір мәні мен мазмұны туралы әңгіме жалпы өмірдің мән-мазмұны неде деген күрделі сауалға бастайтын сыңайлы. Белсенді шағы Кеңес кезеңіне келген кейуаналар сол кезеңнің қоғамдық адам идеясының «құрбаны» болғаны – спектакль айтар негізгі ойдың бергі қабаты ғана шығар.
- Әрине. Түп идеяға қоса шығатын өзге де идеялар болады. «Отыз ұлың болғанша...» спектакліңде кешегі кеңестік кезең идеологиясының бүгінгі «жемісі» - ешкімге керексіз болып қалған тағдырлар трагедиясы біздерді бей-жай қалдырмауы тиіс. Спектакльдің оқиғалары қалай бұрылып, немен аяқталарын, кейіпкерлер тағдырының тағылымын көрермен өзі келіп көрер, бағасын да өзі берер. Менің түсінуімше, бұл – көрермендік спектакль, жанры – мұңды комедия.
-Анықтамаңа қарағанда көрермендік емес те спектакльдер болатыны ғой.
- Қазір «фестивальдік спектакль» деген анықтамалар жиі естіледі. Көрермен үшін емес фестиваль үшін арнайы дайындалатын спектакльдер. Ал, спектакльді көрермен үшін қою керек.
-«Фестивальдік спектакль» дегеннің астарында меніңше, авторлық театр ұжымы бар. М.Әуезов театрындағы соңғы бірер жылдағы шығармашылық процесті және репертуарды тұтас қарастырғанда дәстүр мен жаңашылдықтың тым көзге ұрмастай бір тартысы сезілетіндей. Ал кейбір жекелеген спектакльдерде, мысалы, «Томиристе» дәстүр мен жаңашылдықтың өзара өзгеше бір «тартысы» байқалады. Бұл тұста мені тым идеяландырылған, сондықтан да функционалды міндеті мен мақсатты идеясы тым көзге ұратын (Спаргапис – Жетісудан табылған «Алтын адам» идеясы, ал Алтын адам Қазақстанның әр аймағынан табылғаны мәлім) спектакльге осы жалаңдау идеяшылдықтан келер нұсқаны айтамын. Театрдағы ең дәстүршіл режиссер ретінде бұл мәселелерге не дейсің? Және режиссер Рахимовтың дәстүрлі театр дегенге көзқарасы қандай?
- Өз әріптестерімнің спектакльдері туралы«олай да бұлай» деп пікір айту маған ыңғайсыз. Олардың қайсысының да өзіңдік бет-бағдар, ізденістеріне сыйластықпен қарауға тырысамын. Меніңше, дәстүр деген кезіңде қалыптасқан бір ұғым түсінікпен қатып қалу емес. Әр театрдың өзіндік стилистикасы бағдары болады. Мысалы, Әзекен, Ә.Мәмбетов кезіңде біздің театр романтикалық спектакльдер кезеңін бастан өткерді. Одан бері театр бағыты едәуір өзгерді. Ал, Ресейдегі МХАТ, Кіші театрлар эксперименттерге саналы түрде бармады. Мәскеуде оқыған кезімде Г.Марков, Н.Ровенскийдің «Кіші театр – тіл театры, Островскийдің үйі, сондықтан бет-бағдарын өзгертпеуі керек» дегенін естігенмін. Театр қандай режиссер келгенде де дәстүрін жоғалтпай, өз стилінде жұмыс істеп келеді. Шетелден келген қонақтар, өнер қауымы орыс театр мектебін көру үшін Кіші театрға барады. МХАТ – тың күні кешегі тарихын қарайық. О.Ефремов «Современникті» құрды, ал МХАТ-қа келгенде осы театр дәстүрін жалғастырды. Б.Любимов шетелге кеткен соң «Современникке» А.Эфрос келді, бірақ ол қанша мықты режиссер болғанымен театрдың бағы онша жанған жоқ. Демек, ең бастысы театрдың негізгі бағытын біржола анықтап және сол бағытта жұмыс істеу. Шығармашылық барда, сөз жоқ ізденіс керек, эксперименттер керек. Бірақ, жеке пікірімде, эксперимент театрдың түп бейнесін өзгертіп жібермеуі шарт. Сахнадағы басты тұлға актер екені ұмытылып, бірінші планға режиссер шығатындай жайлар қазір аз емес. А.Сүлейменовтің «Нағыз режиссура – жүрек сияқты, оның соққаны білінбейді» дегені бар. Меніңше, біздің театр да қанша эксперимент жасағанымен академизмге қайта келеміз. Бүкіл Еуропа, мысалы, Е.Гротовский, А.Вайда, П.Штайн, П.Бруктердің әлі жиырма жылдай эксперимент жасап-жасап ақыры академизмге оралды.
Әр нәрсенің өз уақыты болады. Уақыт өзгерген сайын сахналық кейіпкердің өмір сүру принципі өзгереді. Өйткені адамдардын бір-біріне деген қарым-қатынасы өзгереді, әр заман, дәуірдің құндылықтары өзгереді.
- Театрда ширек ғасырға жуық еңбек етіп келесің. Қай спектакльдеріңнің өзің үшін кезеңдік маңызы болды?
- «Үзілген бесік жыры» (Е.Аманша), «Ақымақ болған басым-ай!» (Мольер, аударған А.Сүлейменов) қойылымдарында таза экспериментке бардым. Өзім үшін қымбат спектакльдердің тағы бірерін атасам, олар – «Башмағым», «Мен сіздің әпкеңізбін», «Фархад – Шырын» және соңғы онжылдықты айтсам, М.Әуезовтің «Қилы заманы» (сахналық нұсқасын жазғам Н.Оразалин) және А.Сүлейменовтің «Ситуациялар» гриптюі. Ал, Асекен, Асқар Сүлейменов драматургиясы мен үшін үлкен мектеп болды.
- Несімен?
- Сүлейменов драматургиясынан жалпы драматургия туралы түсініктің озық үлгісін көрдім. Орыс әдебиетінде Чехов қандай болса, бізде А.Сүлейменов солай. Онын драмалары, МХАТ-қа дейін қойылмаған кезіңдегі Чехов сияқты, қойылмай кетуі де мүмкін. Автордың әр сөзінің астарындағы ой қыртыстарына үңілудің өзі қызық, Асекеннің уақыты әлі алда.
- Енді нендей күрделі туындылар қойғың келеді?
- Қорқыт туралы спектакль қойсам деймін. Өлімнен қашқан Қорқытты өнер ғана құтқарған. Оның бізге өнері жетті. Қолда бар құндылықтарды біртіндеп жоғалта бастаған мына кезеңде Қорқыт бейнесінің маңызы арта түседі. Қазір белгілі ақын, мәдениеттанушы Әуезхан Қодармен жұмыс жасап жатырмыз. Алдағы бір жоспар «Қамар сұлуды» сахналау. Пьеса авторы Шахимарден, қазір іштей дайындалып жүрмін.
- Ендігі әңгіме «Отыз ұлың болғанша..» премьерасы өткен соң болсын. Өзіңе, құрылғанына 75 жыл толып отырған театр ұжымына шығармашылық табыстар тілейміз.

                                                                                                                          Әлия Бөпежанова