"Үйде отырыңыз! Дәл қазір қауіпті індеттің жаппай таралуына жол бермеудің жалғыз амалы осы. Үйде отыру – үйдей пәледен сақтану ғана емес, үйіліп қалған біраз шаруаны тындыруға зор мүмкіндік емес пе?! Осындай оймен карантин кезінде немен айналысып жатқанын сұрап, есімін ел танитын азаматтарға хабарласқан едік",- деп жазады "Түркістан" газеті. Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстан және КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: Естеліктер жазып жатырмын
– Қазір үйден шықпай отырғаннан басқа қолдан келер қайран жоқ. Барлық әлемді жаулаған дерттің алдын алудың және таралмауының жалғыз жолы – оқшаулану. Бұл індет ұлт таңдамайды. Қазір барлық халықтың тілеуі де, жағдайы да бірдей. Тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Бұрын жасай алмай, жаза алмай жүрген естеліктерім бар еді. Қазір үйде соны жазумен айналысып жүрмін. Студенттеріме де телефон арқылы тапсырма беріп жүрмін, карантин кезеңі аяқталған соң олардан берген тапсырмамды сұрап, емтихан аламын деп отырмын. Қанша қиын болса да, ағайын-туыс, дос-жаранмен телефонмен ғана хал-жағдай сұрасып отырмыз. Көппен көрген – ұлы той. Әлем елдеріндегі жағдай тым ауыр, індеттен көз жұмғандар мен ауру жұқтырғандар саны күннен-күнге артып жатыр. Тезірек осы індетті жеңсек деген тілеуім бар. Талай қиыншылықты бастан кештік, бұл кезеңнен де өтетін боламыз. Халқыма жақсылық, аманшылық тілеймін. Ел аман, жұрт тыныш болсын!